28 ПАНФИЛОВШЫ : АҚИҚАТ ПА, АҢЫЗ БА?
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 28 гвардияшы-панфиловшыларға байланысты Ресей мемлекеттік мұрағатының кешелі-бүгінгі ақпараттары дүниені дүрбелеңге салайын деп тұр. Мұны біреу дұрыс десе, екінші біреу дұрыс емес дейді. «Дұрыс емес» дейтіндердің көпшілігі әлбетте, аталған мұрағат құжаттарына сілтеме жасайды. Тағы біреулер мұны солтүстік көршіміздің астыртын саясатының әлдеқайлау бір «құпия жүрісі» деп ойлайды. Енді біреулер мұрағат құжаттарының түпнұсқа екендігіне күмән келтіреді. Қысқасынан қайырғанда, болжам көп те, бір ізге түскен... бір ізге түсіп – осынау дүрбелеңнің дымын өшіретін, сөйтіп әділеттің ақ-қарасын ажыратып беретін ештеңе болмай тұр әзірге. Ал біздің нақты білетініміз мынау: ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы мен Қырғыз Советтік Социалистік Республикасының астаналары Алматы және Фрунзе қалаларында 316-шы атқыштар дивизиясы соғыстың алғашқы жылында-ақ генерал-майор Иван Панфиловтың жетекшілігімен құрылған. ХОШ дейік.
Соғыстың екінші жылы, дәлірегі – 1942-ші жылы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезі маңында неміс фашистерімен болған ұрыс кезінде ерекше ерлігімен көзге түсіп, қайсарлықпен қаза тапқан гвардияшы-панфиловшы 28 жауынгерге Совет Одағының Батыры атағы берілген. Осыдан келіп шығатын тағы бір ой мынау: егер Ресей мемлекеттік мұрағатының кешелі-бүгінді келтіріп отырған 1948-ші жылғы СССР әскери Бас прокурорының анықтама-баяндамасы нақты құжаттар деп есептелетін болса, 1942-ші жылғы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы нақты құжат деп есептелмей ме? Қызық мәселе! Сондықтан осынау «қызық мәселе» де – басты ауыртып, балтырды сыздататын қып-қиын мәселе. Сұрақ көп әзірге, бірақ жауап та жоқ әзірге.
Марат МАДАЛИМОВ.
ABAI.KZ