Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 24425 0 пікір 6 Шілде, 2015 сағат 03:59

АБАЙ – ДАНЫШПАН БА? АБАЙ ЖӘНЕ ДІЛ МӘСЕЛЕСІ


Діл, менталитет – адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтардың және іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым. Діл мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты. Адам баласы тумысынан құндылықтар жүйесін (отбасылық, топтық, этникалық, мемлекеттік, өркениеттік, т.б.) көбінесе, бәз қалпында, дайын күйінде қабылдайды. Еркін таңдау қабілеті, негізінен, шығармашылық қарымы, жасампаздық дарыны мол тұлғаларға тән.

Діл «біз және біз емес» деген ажыратушы оппозицияға негізделеді. Діл әр түрлі адамдардың дүниедегі заттар мен құбылыстарды біркелкі таңбалар мен рәміздер арқылы бейнелей алу қабілетімен ерекшеленеді. Осы біркелкілік адами қоғамдастықтардың ортақ табиғи-тарихи ортада қалыптасуымен де, мәдени сабақтастық нышандарымен де тікелей байланысты болады. Мысалы, еуразиялық Ұлы Даланы қоныстанған көшпелі халықтар ұрпақтарының ділінде көптеген ортақ белгілер бар (1).

Ділге берілген анықтама бойынша «біз және біз емес» деп қарайтын болсақ, ұлттар арасындағы ең алдымен көзге түсетін және басты ерекшелік – әр халықтың өзіне тән ана тілі болмақ. Екінші ерекшелік сол ұлттың ұстанатын дінінен көрінеді. «Діл мәдени бірегейленумен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты» деген тұжырымға келсек, жаңа туған бала ортасына қарай қолданыстағы дінді еріксіз қабылдайтын болады. Өйткені дүние есігін енді ашқан сәбиді әлі ақыл-ойы толмай тұрғанда-ақ ата-анасы өздері ұстанатын дін негізінде тәрбиелей бастайды. Осыдан көрінетін ой: ділді қалыптастыратын негіздер – тіл және дін деп ойлауға әбден қақымыз бар сияқты.

Ана тілі туралы, нақтылап айтсақ, қазақ тілі туралы айтылған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, ойлар мен пікірлер, толғаныстар мен тебіреністер, сүйініп айтылған, күйініп айтылған әр алуан лебіздер баршаңызға жақсы таныс деп ойлаймын.

Сондықтан біз осы мақалада тіл мәселесін кейінірек қоя тұрып, ділді қалыптастыратын, дамытатын және орнықтыратын факторлардың бірі ретінде дін жайында сөз қозғамақпыз.

Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов: «Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. ...қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ – мұсылман атты дінді құрайды. Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла мен тәңірге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары – қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілерімен қоса, мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған,»- деп жазған екен (2).

«Бірінші Тұлға (Алла) абсалюттік мағынада ең сұлу, ең сәулетті, ең көрікті болғандықтан және Оның өз мәнін пайымдауы неғұрлым жетілген пайымдау, ал оның білімі ең жақсы білім болып табылатындықтан, Бірінші Тұлғаның (Алланың) бастан кешіретін рахаты біз өзіміз мәніне жете алмайтын рахат болады,»- депті «әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама Әл-Фараби бабамыз (3).

Діл жайында «Адам баласы тумысынан құндылықтар жүйесін (отбасылық, топтық, этникалық, мемлекеттік, өркениеттік, т.б.) көбінесе, бәз қалпында, дайын күйінде қабылдайды. Еркін таңдау қабілеті, негізінен, шығармашылық қарымы, жасампаздық дарыны мол тұлғаларға тән» деген тұжырымға сүйенсек, ділдің сақталуына, дамуына жеке тұлғалардың тікелей қатысы бар болып шығады. Осы орайда қазақ халқының менталитетіне Абай қалай әсер етті деген заңды сұрақ туады.

Байқап отырғанымыздай, Ислам діні қазақ даласына ІХ-Х ғасырдан бастап қанатын біртіндеп жайды дегеннің өзінде өте баяу таралғанын көреміз. Оның себебі, біріншіден, этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов атап көрсеткендей қазақтың дінге қырсыздығының белгісіндей әрі шамандықты, әрі мұсылмандықты қатар алып жүруінен көрінсе, екіншіден, Әл-Фараби бабамыз таңбалағандай, терең білімсіз Алланың хикметін сезу, түсіну адам баласына оңай еместігінде, ал Алланың шексіз құдіретіне көз жеткізуге адам баласының санасы жете алмайтындығында жатыр. Сондықтан да қазақ халқының ділі мәселесінде Ислам дінінің тікелей әсері болғанмен, дінді терең пайымдау қазақ даласында Абайға дейін болған жоқ деп айта аламыз. Себебі Абайға дейінгі Алланы мадақтаған, дінді насихаттаған әдеби туындылар Аллаға сену жайында жырлағаны болмаса, Алланы тану жайында нақ Абайдың деңгейінде, Абайша тереңдеп бара алған жоқ. (Сенім мен танымның екі басқа дүние екенін Сіздер бағамдап отырған боларсыздар деп ойлаймын, әрине). Құранды арабша түпнұсқадан түсіне отырып, тереңіне бойлай отырып оқыған Абай –  мұсылманшылықтың бес парызбен шектелмейтінін, мұсылманшылық дегеніміз өмір сүру салты, өмірлік тозбайтын адамшылық қалпы екенін жан-тәнімен түсінген, соны барынша қопара зерттеп, айқын да түсінікті етіп жазып кеткен ғұлама. Хакім – рухани кемелдік сатысына көтеріліп, бақи  мен фәнидің сырын ұққан, Алланың хикметін көңіл көзімен барлай білген, барлық ғылымның негізі, ақиқаттың көзі – Жаратушы Алла екенін түсіне білген адам. Қоғам қайраткері Бекболат  Тілеухан бір сұхбатында: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым,»- деген Абайдың өз сөзін келтіре отырып, Абайды  хакім деп бағалайды.

Қазақ халқы – мұсылманшылықты қатты ұстанбаса да, негізгі өмір сүру салты имандылыққа құрылған халық екені баршаңызға аян. Сәулетті мешіттер салып, күңірентіп құран оқымаса да, ата-бабамыз «обал» және «сауап» деген екі ұғымның аясында өмір сүргені шындық. «Алаштың алмас қылышы» атанған атақты жазушы М.Мағауиннің жазуы бойынша, «ІІІ Түркі Қағанатын құрған, кейінгі Қазақ Ордасының негізін салып, Түркілік ділдің өшіп кетпеуіне өлшеусіз қызмет еткен Ерен Ер Шыңғысхан» заманынан бері қарай адамшылық, арлылық, әділдік қасиеттерін ардақ тұтқан, елін-жерін қорғау, ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, арып-ашып келген құдайы қонаққа астындағы жалғыз атын мінгізіп жіберетін мәрттік пен жомарттық секілді асыл мінезге ие қазақ халқы орыс империясының «бөліп ал да, билей бер» саясатымен уланып, ру-руға бөлініп, Абайша айтқанда «бас-басына би болған өңкей қиқымның» заманында дүниеге құл болып, байлық пен мансап қуып, өзінің табиғи болмысынан, сан ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ділінен ажырай бастағаны ақиқат.

Данышпан Абай өзінің «Қырықыншы сөзінде» қазақтың қанына сіңіп, діліне айналып бара жатқан жағымсыз мінез жайында былай дейді: «...Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?

Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?

Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ тату бола қалатыны қалай?

Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны қалай?

Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп, ұқпай тынбайтұғыны қалай?»- (4) деп келеді де, «Қырық бірінші сөзінде»: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек.

Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек....

...Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек... Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсе өндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!»- (5) деп түңіледі.

«Отыз сегізінші» сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды,»- (6) деген екен. Біз, көбінесе, қазір жұрттың бәрі сауатты, мектеп қабырғасын көреді, демек, біздің ішімізде надан адам жоқ деп ойлаймыз. Шындығында мүлде олай емес! Надандықтың белгісі, ең әуелі, он сегіз мың ғаламды жаратқан бір Алланы танымау деп білемін. Хакім Абай «Отыз сегізінші» сөзінде: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат, дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білім үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады,»- (7) деген. Яғни, «жәліб мәнфағат» - кіріс кіргізу, пайда алумен қатар, «дәфғы мұзаррат» - залалдыдан қашуды айырса, баладан үміт етуге болады дейді.

Абайдың топшылауында адамның білімділігінің белгісі алдымен Алласын танымақтық, содан кейін өзін танымақтық, осы екеуінен кейін барып дүниені танымақтық екендігін көреміз. Адамды қор қылатын үш нәрсенің біріншісі надандық дегенде, «қор болу» дегенді біз, негізінен, бұл дүниедегі қорлыққа қатысты қабылдаймыз. Шындығында, ең үлкен қорлық Алланың алдына надандықпен бару, яғни өзін жаратқан Алласын танымай, мойындамай бару болмақ. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі: «Білгенге – маржан,

Білмеске – арзан,

Надандар бәһра ала алмас,»- (8) дегені осы болмақ.

«О да құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің

Тәңірінің құрған тезіне?!» (9) дегенді Абай ақиқатқа көзі жеткесін айтқаны рас.

Ділдің қалыптасуы уақытпен, ғасырлармен, дәуірмен жүзеге асады деп санасақ, қоғамды жасайтын адам болғандықтан, жекелеген тұлғалар қоғамдағы өзгерістерді, санадағы сілкіністерді туғызатыны және рас. Әр заманның, әр халықтың ерекше құбылысы болып келетін, ортасынан, уақытынан озып туған дара пенделердің өмірде көп болғанын білесіздер. Қазақ халқы үшін даналықтың асқар шыңы іспетті дара тұрған данышпан Абай өз тұсында ұлтымыздың діліне қатты әсерін тигізген, ұлттық менталитеттің оң бағытта дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірден-бір ұлы тұлға екені даусыз. Абайдың ізін басқан шәкірттері, інілері, балалары; Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов сияқты Алаштың біртуар асылдары Абай тәлімімен ілім іздеу, ұлтқа қызмет ету, елдің болашағын жоспарлау секілді ірі іс-қимылдар барысында Ислам дінінің негізгі қағидаларын еш уақытта естен шығармаған болатын. «Әлхамдиллаһ, алты миллион қазақпыз» дегенде ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов Аллаға мадақты білместікпен айтқан жоқ, «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деген ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин де Алласыз бала оқытуға кіріспеген екен.

Біздің сорымызға қарай, қанқұйлы Совет заманында Алламызды ұмыттырып, асылдарымызды өз ұлтының қамын жегендері үшін ғана аяусыз оққа байлап, ұлттық діліміздің ұстыны болып тұрған Ислам дінін аяққа басып, өзімізді-өзіміз танымастай етіп қазақи санамызды өзгертіп жібергені бүгінгі таңда ешкімге құпия емес. Сонау ХІХ ғасырда Ресей патшалығының әкімшілік кеңсесінде «Қырғыз-қайсақ ордасын христиан дініне енгізу керек пе, әлде ертелік ете ме?» деген екі бағытта айтыс болғанда, миссионер отец Сергий деген Мәскеулік поп Семейде Абаймен жолығып, тартысқа түсіп, Абайдың біліміне көзі жетіп, дін тақырыбында жеңіліп қалған соң, қазақ даласында «Абайдай ғұламаның көзі тірі тұрғанда орынсыз баса-көктеп, ашық зорлыққа бара алмайсың» (10) деп, қазақ даласына христиан дінін енгізу мәселесін кейінге қалдырғаны туралы жазушы Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» деген романында келістіріп жазады.

Ұлы жазушы, ғалым М.Әуезов Абай мұраларын зерттеу барысында Абайдың дінге қатысты өлеңдеріне баға бергенде: «...Біз Абайдың аузында алла менен оның арабша айтылған сипаттары қанша болса да, ақынның мұсылманшылығын шартты түрдегі мұсылманшылдық деп білеміз,»- (11) дейді де, соған тиянақты дәлел ретінде Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,» деген өлеңін келтіреді. Біз ұлы Мұқаңның Абай туралы жазған «Абай жолы» атты ұлы еңбегінің қандай қиындықпен, қысастықпен жарыққа қалай шыққанын жақсы білетіндіктен, бұл арада жазушы дінге қатысты Абайдың көзқарас-ұстанымын өте жақсы түсіне тұра, заманның ыңғайымен амалсыз басқаша қорытынды шығарып, «Абайдың мұсылманшылығы – шартты түрдегі мұсылманшылдық» деп баға берген деп ойлаймыз. Әйтпесе, жоғарыда келтірілген өлең Абайдың жаратылыс сырын түсінген, Алланың шексіз құдіретін шынымен таныған сипатын білдіретін өлең деп білемін.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңшең білмес,»- (12) дегенде Ислам дініндегі үлкен ақиқат – адам жанының мәңгілік екендігін әйгілейтін қуатты жырды Абай білместікпен шығарды деу әділдікке жатпайтыны анық.

«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,»- (13) деп данышпан Абай көрегендікпен айтқандай, отаршыл саясаттың заңды жалғасы болған, сорымызды қайнатқан Совет кезінде айрылған тілімізді, дінімізді, ділімізді әлі күнге дейін өз биігіне көтере алмай келеміз. Абай шығармашылығындағы:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас,»- (14) деп келіп, соқырға таяқ ұстатқандай анық етіп таратып берген Ислам дінінің құндылықтары мен ақиқаттарын санамызға сіңіріп, зердемізге тоқымағандықтан, дінімізге адал да берік бола алмағандығымыздан, ділімізге ақау түсіп, сыртқы рухани экспанцияға жауап беру иммунитетіміз төмендеп, ұлтсыздануға бой ұрып бара жатқанымыз өтірік емес.

«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

...Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық, Абайға, жүр, баралық!»- (15) деп Абайдың шәкірті, ғұлама ақын Шәкәрім қажының айтқаны бүгінгі күні де бар қазақ баласын Абай мұраларын талмай зерттеп, санамен салмақтап, қайта-қайта оқып, Абай жырларының тылсым тұңғиығына тереңдей түсіп, тұнығынан қана ішуге шақырып тұрғандай. Абайдың тапсыруымен (16) Шәкәрім Құдайбердіұлының Ислам дінінің ақиқатын мойындаған, сол үшін өз ортасынан тепкі көріп, шіркеуден қуылған орыстың ой алыбы Л.Н.Толстойға хат жазуы, қажылық сапармен ілім іздеп жолға шығуы Абайдың дінге қаншалықты мән бергенін көрсетсе керек. Обалы қане, Совет заманында ақын Абайдың жырларын  мектеп қабырғасында оқытып, насихаттауда толымды жұмыстар көп атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Әттең, Абай шығармаларының тәрбиелік мәні мен көркемдік құпиясын тамсана талдағанмен, қазақ баласы үшін аса маңызды болуға тиіс, ақиқатты тануға бірден-бір жол салып беретін, дін жайында ой толғап келіп, ұлтымыздың асыл ділін сауықтыруға бағытталған хакім Абайдың ойлы өлеңдері мен қара сөздерін мектеп қабырғасында талдап түсіндіруге атеизмнің салдарынан жол берілмеді. Осы орайда менің санамда мынадай бір сұрақ туады: «Абай данышпан ба, әлде данышпан емес пе? Егер Абайды данышпан десек, немен дәлелдейміз? Жалпы данышпандықтың белгісі неде?»

Жауап «Абай – данышпан!» Немесе «Абай – данышпан емес!» деген тұрғыда үзілді-кесілді болу керек. «Жартылай данышпан, жартылай данышпан емес» деген сияқты солқылдақтыққа жол жоқ.

Таратып көрейік.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларымен танысудың толық курсы жалпы орта білім беретін мектептің 10-сыныбында жүргізілетінін білесіздер. Абайдың шығармаларын талдауда өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі  мен тәрбиелік мәні қарастырылып келеді де, Абайдың шын дана екенін көрсететін, ақиқатты терең танытатын шығармалары жайлы мүлде сөз болмайды. Сондықтан мен төмендегі шығармалардың оқу бағдарламасына енгізіліп, арнайы қарастырылуын ұсынамын: «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»,  «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдері мен 12,13, 16, 27, 28, 34, 35, 36, 38 және 45-қара сөздері.

Жалпы, Абайда тәңірі, құда, құдай, алла деп келетін, шариғат қағидалары, ахирет және өмір мен өлім жайында айтылатын жекелеген сөздер мен сөз тіркестері, ойлар көп кездеседі. Бірақ біз шариғат жайын жеке тақырып етіп алған еңбектеріне  ғана тоқталмақпыз. Біз Абайды, көбінесе, ойшыл ақын деп қана танитынымызды мойындауымыз керек. Дана, данышпан, хакім Абай дегенді ауызбен айтамыз, бірақ іс жүзінде сол пікірдің өзіне мән бермейміз. Абайды дана дегенде неге сүйенеміз? Әрине, ақиқатты айта білгені үшін, ақиқат жолымен өмір сүргені үшін айтқан болуға тиіс едік. Өкінішке орай, менің шамалауымша, олай емес! Бұны мен «әзірше» деп ойлаймын. Бірақ бұл «әзірше» қашанға дейін созылады – ол Сіздер мен Біздердің қолымызда сияқты. Ойымызды дәлелдеп көрейік:

«Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңде:

...Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа* мақлұқ ақылы жете алмайды,            (халиқ – Жаратушы)

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі*.                 (дәһрі – дінсіз)

...Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан*,   (лә мәкан – мекенсіз, орынсыз)

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?- дейді Абай.

Бұл жолдардағы негізгі ой, яғни өзінің жаратылысы туралы білгісі келу, адам баласының санасы толыққан кезде өзіне-өзі қоятын ең үлкен, ең маңызды сұрағы деп білемін. Өзінің түп иесін іздеу, қайдан келдім, қайда барам деп толғану пенденің саналы адам деңгейіне көтерілгенін көрсетсе керек. Ақын Абай:

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңшең білмес,»- деп адам жанының мәңгілік екендігін қуаттайды. (Адам қайтқанда қазақ: «жан өлді» демейді, «жан шықты» дейді).

Адам жаны мәңгілік болғандықтан, мәңгілік тозақ, мәңгілік жұмақ деген ұғымдар пайда болатыны көрінеді.

«Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде:

...Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.

«Мен» өлмеске тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе – өлсін, оған бекі.

...Адам ғапыл* дүниені дер «менікі»,     (ғапыл – өтпелі дәурен)

«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі?- деп жанның мәңгіліктігін тағы еске салады.

«Алла» деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл –

Өзгесі хаққа жол емес.

...Ақылға сыймас ол алла,

Тағрипқа* тілім, аһ, қысқа!          (тағрип – түсіну, білу, анықтау)

Барлығына шүбәсіз,

Неге мәужүт* ол куә,- (мәужүт – бар нәрсе) деп келесі бір өлеңінде алланың адам санасы жете алмайтын шексіз құдіретін айта келіп, аллаға таза ниетпен, шын көңілмен мойын бұруды насихаттайды.

Жоғарыдағы дін жайын сөз еткен өлеңдерінің түйіні іспетті 1902 жылы жазған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын көлемді жыры ислам дінін өте қысқа түрде, айқын да анық етіп тұжырымдап берген, танымдық мәні аса жоғары өлең деп білемін. Бұл өлеңде алланың хақтығы мен пайғамбарлар туралы, Исламның парыздары мен шынайы мұсылмандықтың қалай болуы керектігін айта келіп, әсіресе:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жолы деп әділетті.

...Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен, татымды бермес жеміс,- дегені және осы айтылған ойларды Абай өзінің өмірлік кредосына, мызғымас қағидасына айналдырып өмір сүргені оның шын данышпандығының, шын хакімдігінің айғағы деп білемін. Расымен-ақ, адам баласын соншалық мейірім-махаббатпен жаратқан алласын сүймеу, жалпы адамзатқа қас болу және әділетті қолдамау пенде баласының хас надандығының бірден-бір белгісі болса керек.

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Бендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү'мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!- дегені ғылым-білімді игерген әлемдік масштабтағы ғалымдардың озық технология мен жетілген техниканың арқасында ғаламның жаратылысы мен құпиясын тереңдей зерттеп, Қасиетті Құранда айтылған алланың хикметтерінің сансыз сырларына көз жеткізіп отырған ХХІ ғасырда кей адамдардың, әсіресе кей қазақтың әлі күнге дейін Ислам діні – дүниенің жаратылуы жайындағы кезекті бір болжам немесе молдалардың ғана шаруасы, әйтпесе еріккен шалдардың ермегі, кейде елді ұстаудың құралы ғана, болмаса адамдар арасындағы қатынасты реттейтін заңнамалық құрал деп қарайтын таяз түсінігін сынай отырып, бізге жасаған алдын-ала ескертпесі сияқты.

Дін мен ғылым мәселесінде Біз осы жерден екіге жарылатын сияқтымыз: біріншіден, Алланың хикметін түсініп, бізге таратып айтып кеткен Абайды шынымен данышпан деп немесе Абай данышпан емес, өйткені дін жайында айтқандары ақиқатқа жанаспайды, себебі дүниенің жаратылу құпиясы әлі ашылған жоқ деп қараймыз.

Егер Абайды шынымен данышпан дейтін болсақ, онда орта мектептерде оқытылып жатқан жаратылыстану пәндеріндегі «дүние кездейсоқ жаратылған» және «адам баласы эволюция жолымен пайда болған» деген жалған ілімнен бас тартуымыз керек.

Керісінше, дарвиншілдікпен жүретін болсақ, Абай данышпан емес, бар болғаны ойшыл ақын ғана деп бағалауымыз керек. Осыдан 150 жыл бұрын ұсынылған Дарвин ілімінің қазіргі күнгі нанотехнологияны айтпағанда, қарапайым палеонтология ғылымы тұрғысынан да ешқандай сынға төтеп бере алмай, Дарвиннің ілімін қуаттаушы ғалымдардың өзі тығырыққа тіреліп, табиғи сұрыпталу дегеннің мүлде қисынсыздығын мойындап отырған кезде, біздің елімізде әлі күнге дейін түкке алғысыз болып қалған дарвинизммен және атеистік көзқараспен жазылған оқулықтар бойынша оқушы санасына жалған ілім негізін қалап жатқанымыз түсініксіз. Сөйте тұра жастарды имансыз, адасып жүр, басқа дінге еніп жатыр деп кінәлаймыз. Кінә жастарда емес, олардың басын қатырып қойған бізде – мектепте,  нақты айтсақ, оқулықта деп санаймын. Абайды данышпан дейміз де, жаратылыс сыры туралы, өмір сүрудің мәні мен өлімнің мағынасы жайындағы қандай терең ойларын, бұлтартпайтын дәлелдерін қаперге алмаймыз. Осынымызбен өзімізге-өзіміз қарсы келеміз.

Сондықтан мен болашақта қазақ мектептеріне арнап жаратылыстану пәндері оқулықтарын қайта жазуды және дүниенің жаралуын қазіргі ғылыми дәлелдемелерге сәйкес алланың жаратқанын мойындап, эволюция заңы дегенді ұмытып, жер бетіндегі жан-жануарлар, өсімдіктер һәм адам баласының бір сәтте, толық түрде аса көркемдікпен, асқан шеберлікпен әрі ерекше махаббатпен жаратылғанын оқытуды ойластыратын кез келді деп ойлаймын.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы – ретін танымақтық,

Иман білмей, тағатты қабыл демен,- деп дана Абай айтқандай, істің ретін білмей, құр долбармен, қисынмен жүру бізді адастырып келді және адастыра бермек.

Распенен таласпа мү'мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!- деген хакім Абайдың сөзін есте ұстап, әдебиет пәні мұғалімдері ұлы ақынымыз Абайдың еңбектерін қайта бір зерделеп, алла маңдайымызға берген шын хакім ақынымыздың даналық сөздерін ұрпақ бойына имандылық негізін қалыптастыруда тиімді пайдаланайық дегім келеді.

Қысқасы, жаратылыстану оқулықтарын жаңаша жазу керек деймін. Әйтпесе, дүниенің құпия сырлары жайындағы әлем ғалымдарының ғылыми-танымдық еңбектері мен дәлелдерін ғаламтордан қарап отырған ұрпақ алдында өзіміздің кейін қалған қараңғылығымызды көрсетеміз, оның үстіне ғылымның аты – ғылым, жас ұрпаққа жүйелі түрде, белгілі бағдарламаға негізделіп берілген таным-түсінік мешіттерде айтылатын имамдардың құтпаларынан, уағыз-насихаттарынан әлдеқайда өтімді болатыны даусыз. Сонда біз «екі жеп, биге шыққан» боламыз: ұлтымыздың мақтанышы, қазақтың ой алыбы, дана Абайдың еңбектерін түбегейлі зерттеп, оқушы санасы мен өмір сүру салтына терең сіңіре отырып имандылыққа тәрбиелейміз, әрі дұрыс ғылыми дүниетаным қалыптастыру арқылы, хакім Абай былай айтқан, Дарвин олай айтқан деп оқушының басын қатыратын дін мен ғылым арасындағы өзара қайшылыққа тосқауыл қоямыз.

Қорыта айтқанда, сөзге, діни бостандыққа еркіндік берілген мынау заманда:

ділімізді батыстық үлгімен бүлдірмеу үшін;

жастарымыздың дін мәселесінде адаспауы үшін;

надандықтан өздеріне-өздері қол салмас үшін;

күндердің күнінде елімізде қызтекелер мен еркекшоралардың некесі қиылатындай заң шығарылып, ұлтымыздың тамырына, халқымыздың діліне балта шабылмауы үшін, Абайдай хакімнің «Лай суға май бітпес», «Өлсе өлер табиғат»,  «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдері мен 12,13, 16, 27, 28, 34, 35, 36, 38 және 45-қара сөздерін әдебиет сабағында арнайы оқытылса және бұл тақырыптарды таратып түсіндіре алатын дін ғұламалары мен арнайы зерттеген ғалымдардың талдау еңбектері әдістемелік құрал ретінде берілсе деймін. Сөйтіп, оқулықтарды Дарвиннің «Эволюция теориясынан», «адам маймылдан жаратылды» деген жалған ілімінен тазартсақ қана хакім Абайдың данышпандығын мойындаған боламыз. Әйтпесе Абайды ұлықтауымыздың бәрі – бекер!

Нұрлан Есей

Библиографиялық тізім:

1. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 2001 ж, 3-том, 320-бет.

2. «Қазақтар» анықтамалық, Алматы, 1998 ж. 4-том, 358-бет.

3. «Қазақтар» анықтамалық, Алматы, 1998 ж. 4-том, 355-бет.

4. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж. 211-бет.

5. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж. 212-бет.

6. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж. 207-бет.

7. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж. 189-бет.

8. Абай. «Қалың елім, қазағым» Алматы, 1995 ж. 69-бет.

9. Абай. «Қалың елім, қазағым» Алматы, 1995 ж. 34-бет.

10. Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» роман, Алматы, 1999 ж. 717-бет.

11. М.Әуезов «Абай Құнанбаев» Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. Алматы, 1995 ж. 159-бет.

12. Абай. «Қалың елім, қазағым» Алматы, 1995 ж. 136-бет.

13. Абай. «Қалың елім, қазағым» Алматы, 1995 ж. 25-бет.

14. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж. 111-бет.

15. Шәкәрім. «Шығармалары», Алматы, 1988 ж. 31-бет.

16. Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» роман, Алматы, 1999 ж. 702-бет.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 2001 ж, 3-том.

2. «Қазақтар» анықтамалық, Алматы, 1998 ж. 4-том.

3. «Абай» ІІ том, Алматы, 1995 ж.

4. Абай. «Қалың елім, қазағым» Алматы, 1995 ж.

5. Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» роман, Алматы, 1999 ж.

6. М.Әуезов «Абай Құнанбаев» Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. Алматы, 1995 ж.

7. Шәкәрім. «Шығармалары», Алматы, 1988 ж.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377