Сенбі, 23 Қараша 2024
Сүйінші! 9144 1 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 11:33

МЫСЫРДА АБАЙДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛАДЫ

Жақында қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші Мысырдың Каир қаласында орнатылатын болады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметеріне сүйенсек,  қазақ ақынының ескерткішін ашуға Мысыр астанасының басшылығы бастамашылық етіп отыр. Бұл туралы abai.kz  порталы Total.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға сүйенсек, Абай Құнанбайұлының ескерткіші 2016 жылы Мысыр астанасы Каир қаласындағы «Бостандық және достық» саябағында орнатылады деп жоспарланған.

Жақында Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын мырза Каир қаласының басшысы Ғ.Мұстафа Мұаммед Саидпен кездескен.

Кездесулер барысында екі  ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-туристік қарым-қатынастар жағдайлары талқыланған.

Сонымен қатар, 1999 жылы қол қойылған Мысыр мен Қазақстан арасындағы достық келісімшарттары негізінде,  екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері де сөз етілген.

Өз кезегінде  Каир қаласының басшысы Ғ.М.Саид мырза Қазақстанның осы уақыттар аралығында жеткен жетістіктерін сөз етіп, алдағы уақыттары Қазақстанмен қарым-қатынастарын нығайтуға ниетті екендіктерін жеткізген.

Соның алғашқы көріністері ретінде, келер жылы Каир қаласында орналасқан «Бостандық және достық» саябағында қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу туралы келісімге қол қойып, уәдесін берген.

Биыл - қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл. Осы айтулы датаға байланысты республикамызда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Рас, Каирден жеткен бұл хабар көңілімізді марқайтып тастады бір. Десе де, Каир қазақ ақынына ескерткіш қойған алғашқы қала емес.

Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Абай ескерткіші

Мысалы, 1988 жылы Киев бір көшенің атын Абай Құнанбаевтың атына берді. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.  

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды. Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында да, тіпті Үндістанның астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.

2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің  «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. 

2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. 

Ал 2011 жылы желтоқсан айында Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбаевтың атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2013 жылы маусым айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші ашылды.

2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды.

2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz  

Деректер ҚазАқпараттан алынды

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406