Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 32537 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 11:07

КСРО НЕГЕ КҮЙРЕДІ?

«КСРО неге құлады» деген тақырыпта қазір зерттеушілер көп еңбектеніп жүр. Өйткені, «әлеуметтік әділетті, материалдық құндылықтарды әркімнің еңбегіне қарай тең бөлетін, ғылыми-техникалық жетістіктер капиталға монополиялық үстемдік ететін «шағын топтың» емес, барлық қоғамның игілігіне пайдаланылатын, халықтарға еркіндік беретін, нағыз демократияға қол жеткізетін, тұрмыс-ахуалын жақсартатын, болашаққа деген сенімін арттыратын» әлемдегі «ең әділетті» қоғамның күйреуі не себептерден болды деген сауал туа береді.

Зерттеушілердің негізгі бөлігі КСРО-ның күйреу себебін М.Горбачев заманының қайшылықтарынан көреді. Әсіресе, оның экономикалық мәселелерді шешудің орнына саяси реформалар жасаймын деп алабұртқан қадамдарын сынайтындар көп. Дегенмен КСРО-ның құлау себептері тек Горбачевке байланысты емес, әріде болатын. Төменде шамамыз келгенше соған сарап жасап көрелік.

Экономикалық құлдыраудың басталуы

1970 жылдың қорытындысына қарағанда КСРО 433,4 млрд. доллардың ішкі өнімдерін шығарыпты. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің 12 пайызы. Сол жылы ІЖӨ бойынша әлемде бірінші орында тұрған АҚШ-тың көрсеткіші – 1 трлн.75 млрд-қа жетіп, КСРО-дан 2,5 есе артық кеткен. Бірақ КСРО-ның барлық түкпірі өнім өндіруден дүниежүзінде екінші орынға шықтық деп алақайлағаны анық. Енді бір секірсек Американы да артқа тастаймыз деп кеуделерін соққандар көп болды.

Ал үшінші орындағы ГФР 215 млрд. доллармен КСРО-дан екі есе төмен еді. Сондай-ақ өнеркәсіптері барынша дамыған Жапония – 209 млрд., Франция – 148,9 млрд., Италия – 113,1 млрд. доллармен КСРО-дан әлдеқайда артта жатты.

Бірақ жан басына шаққандағы ІЖӨ КСРО-да осы жылы 1790 доллар болып, жоғарыда айтылған дамыған елдердің бәрінен төмен болды. Нақтылай кетсек, бұл жылғы жан басына шаққандағы ІЖӨ АҚШ-та – 5126., Францияда – 2872., Германияда – 2712., Италияда – 2120., Жапонияда – 2016. доллар-тын. Дегенмен, бұл да жарайды, өйткені КСРО әлі құлдыраудан аман тұрған. Көршілес мемлекеттермен салыстырар болсақ КСРО-ның жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі тіпті қарқынды деп те айтуға болатын. Мәселен, ол Түркиядан (703), Румыниядан (625), Польшадан (850), Үндістаннан (111), Қытайдан (112) әлдеқайда артық еді.

Осы жылдары КСРО-ның әскери шығындары біршама азайтылып, Н.Хрущев салып кеткен жолмен келе жатты. 1955-58 жылдары Кеңес одағының әскери шығындарын ол 1 млрд. долларға дейін қысқартқан. Сол кезең үшін бұл өте үлкен қысқарту. Әскер мен флоттағы жауынгерлер саны 1,2 млн. адамға, ал әскери кешенде қызмет ететіндер саны 3 млн. орынға дейін кемітілген. Нақ осы жылдары ғана  Кеңес одағы мемлекеттік бюджетінде әскери шығындардың ІЖӨ-дегі үлесі төмендеген кез болды. Басқа тарихында мұндай жағдай ешқашан болып көрген емес. Ол кездегі әскери-өнеркәсіптік кешен де Кеңес одағы басшылығының сыртқы саясатын анықтайтын саяси салмаққа қол жеткізе алмаған. Соның өзінде ӘӨК шығындары мембюджет шығысының 14-15 пайызына жетіп тұрған еді.

Әрине, КСРО дамудың үшінші санатындағы елдерге қорғаныс өнеркәсібі саласының өнімдерін сатып тұрды. Бірақ бұл сауданың экономикалық тиімділігінен гөрі «социализмді әлемге таратуды» көздеген саяси құрамдас бөлігі басым болды. Сондықтан да төлем қабілеті төмен Солтүстік Корея, Лаос, Мысыр, Алжир, Йемен, Вьетнам, Сирия, Камбоджа, Бангладеш, Ангола, Мозамбик, Эфиопия, Ауғанстан, Никарагуа елдеріне шығарған қару-жарақ және басқа да көмектер олардың КСРО алдындағы қарызын 31,6 млрд. долларға жеткізді.

КСРО-ның соңғы жылдарында академик Н.Шмелев қорғаныс саласына бөлінетін 10-15 млрд. сомды азайтып, нақты экономикаға салатын болсақ дағдарыстан шығатынымызды дәлелдеген. Бірақ бұл кезде КСРО саясатының негізін анықтайтын ӘӨК бұл азайтумен  келіспеген. Ал жоғарыда айтылған 31,6 млрд. доллар 60 жылдардан қалыптасып, 90-шы жылдарға жеткен пассив, демек оның әлеуеті 90-шы жылдардағы қаражаттың әлеуетінен әлдеқайда зор. Егер осынша қаражат КСРО-ның экономикасына құйылған болса, дағдарыс бәлки болмас та  еді.

1980 жылы КСРО ІЖӨ-сі 940 млрд. долларға жетіп, 10 жылда 2,1 есе өскен. Бірақ бұл жетістік аса қуанта қоймайды, өйткені, салыстырмалы түрде айтқанда, экономиканың дамуы үшін қолайлы болған осы онжылдықта «бәсекелестеріміздің» ІЖӨ-сі тіпті шарықтап кетті. Соның ішінде АҚШ экономикасы 2,6 есе артып, 2 трлн. 862 млрд. долларға жетті. Бұрын төртінші орында тұрған Жапонияның экономикасы тіпті бес есе артып, екінші орынға бір-ақ көтерілді. Үшінші орында тұрған Германияның экономикасы 4,4 есе артып, бұрынғы орынын сақтап қалды. Ал КСРО екінші орыннан төртінші орынға сырғыды. Сөйтіп, өсім болғанымен бұл құлдыраудың басы еді.  Айта кететін жайт, осы онжылдықта лидерлердің қатарында жүрген Франция экономикасы 4,7 есе, Италия экономикасы  4,2 есе артқан. КСРО-ның жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі бұлармен салыстыруға да келмейді.  Ал өзіміз тәріздес дамушы елдермен салыстырсақ, ол бізде 3549 доллар болғанда Түркияда – 2106, Румынияда – 1626, Польшада – 1627, Қытайда – 311, Үндістанда – 264 доллар.

КСРО экономикасы үшін 1990 жылғы жағдай тіпті кісі аярлық. Бұл онжылдықта экономика өсудің орнына құлдырап, 778,4 млрд. долларға түсіп кеткен. Әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 3,4 пайыз. Сөйтіп, «кемелденген социализмге» жеттік деп кеудемізді қағып жүргенде кемеміз қайраңға тұрып қалыпты. Ал ең басты қарсыласымыз АҚШ-тың экономикасы бұл кезеңде 2,1 есеге артып, 5979 млрд. долларға барған. Бұл КСРО-ны 7,7 есе орап алады деген сөз. Екінші орындағы жапон экономикасы 2,8 есе артып, 3 триллионнан асыпты. Оның өзі КСРО экономикасын 4 есе орап алады. Осы онжылдықта үшінші орынға Италия экономикасы жетіп, 1 триллион 177 миллиард доллардың ІЖӨ-сін шығарған. Ал Германия мен Франциянікі одан сәл төмендеу болғанымен бұлардағы өсім де 2 еседен кем емес. Осы дамыған елдердің бәрінде ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 20 мың доллардың үстіне шығып кеткенде КСРО-нікі 1980 жылғы 3549-дан 1,3 есе азайып, 2696 долларға түсіп қалған. Бұл әлемдегі 85-ші орын деген сөз. Дамушы елдердің қатарындағы Түркия да оны басып озып, 3751 долларға жетіпті.

Ауғанстан сияқты «соқырішек» болмаса алапат соғыс жоқ, бейбіт заман, берекелі ғалам, ғылыми-техникалық прогресс алға өрлеп тұрған дейтін кезде КСРО экономикасы неліктен құлдырады. Енді соның себептеріне келейік.

Қайырсыз қаруланудың қасіреттері

КСРО-ның кезінде бізді басқарып отырған адамдардың бәрін ақылды, көреген, дарынды деп санайтын едік. Олардың шығарған шешімдерінің бәрі ғылыми сүзгіден өтіп, дұрыстығына әбден көз жеткен соң ғана қабылданатын шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек КСРО-ны басқарған адамдардың көбі ақылсыз, дүмбілез, тіпті надан адамдар болған екен-ау. Енді ше...

КСРО 1949 жылы-ақ АҚШ-пен ядролық паритетке қол жеткізді. 1957 жылы құрылықаралық баллистикалық зымырандар шығара бастады. Олар ядролық бомбаларды соғыс басталған жағдайда АҚШ қалаларының төбесінен тастай алатын. Хрущевтің «мен сендердің желдеткіштеріңнен бомба тастай аламын» деп жүргені сол.

АҚШ ядролық соғыста ешкімнің де жеңімпаз болмасына көзін тез жеткізіп, 50-ші жылдардың аяғында ядролық қаруды жаппай көбейтуді кілт тоқтатып, оның шығыстарын минимумға дейін азайтады. Қалған "жетістіктердің" бәрі тек кейбір зертханалық деңгейде жасалған қаруларымен КСРО-ны қорқыту, алдау ойындары. «Қырғи-қабақ соғыс» болған соң оларды күмпілдетіп жариялап та жатты. Ал Кеңестің дүмбілез басшылары олай ойлаған жоқ, ядролық соғыста жеңімпаз болуы мүмкін емес дегенді олар қаперіне де алмай, тек оны жаппай жетілдіре берді – жетілдіре берді. Олар тек «бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайындал» деген қағидатты ғана білді.

1981 жылы АҚШ өкіметінің басына келген Рейган осыны көріп, «мен оларды өздерінің көрін қазғанша қаруландырамын» деген. Сол сөз шындыққа айналып, «Зымыранға қарсы қорғаныс» (ПРО), «Стратегиялық қорғаныс инициативасы» (СОИ) (немесе Рейганның «жұлдызды соғысы» деп аталады) дегендерді ойлап тауып, Кеңес барлаушыларына олардың «құпия жетістіктерін» жеткізіп, бастарын  жалған ақпараттармен қатырып тұрды.

Өткен жолы «Егеменге» шыққан «Мемлекеттік құпия» атты мақаламызда КСРО-ның жеті қабат жер астындағы құпиясында отырған сатқын генерал Поляковтың америкалықтардан алған жалған ақпараттарды үлкен жетістік ретінде жоғарыға жеткізіп отырғанын айтқанбыз. («Е.Қ», 30.09.2015 ж.) Осындай сатқындар көп еді. Олар «Нейтрон бомбасы», «Американың Ауғанстанға «Першингтерді» орналастырғалы жатқаны» сияқты өздеріне жеткізілген жалған ақпараттарды онсыз да көрінгеннен үркіп, күмәнданып отырған басшыларына күмпілдетіп жеткізіп жатты. Сөйтіп, КСРО өзінің көрін қазғанша көзін жұмып қарулана берді, «Ауғанстан батпағына» да батып, экономикасын әлсіретуімен қатар бүкіл әлемнің алдындағы бейбітсүйгішпіз дейтін беделінен де жұрдай болып айрылды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына да 65 мемлекет байкот жариялады.

Ядролық бомбасы бар елге соғыс ашуға болмайтынын, өйткені радиоактивті заттар бүкіл әлемге тарап, соның ішінде өздеріне де зиянын тигізетінін америкалықтар бірден болжағанда кеңестік кеңкелес бастықтар оны көбейте беруді ғана ойлағаны нағыз ақымақтық еді. Осы күні АҚШ Солтүстік Кореяға қанша тісін қайрап, оның кейбір қылықтарын қатты сынаса да оған басып кіруді ойына да алмайды. Өйткені... Оларда шағын болса да ядролық қару бар. Ал ядролық қарудың зияны жер талғамайды, ашық теңіз арқылы Америкаға да жетіп, жауып кетері сөзсіз... Сондықтан «аш құлақтан тыныш құлақ» дейді. Ал ядролық арсеналы өзінен, тіпті бүкіл НАТО мүшелерінікін қосқандағыдан да көп болған КСРО-ға АҚШ ешқашан да басын сұқпас еді ғой.

КСРО-ның ядролық қуаты туралы төмендегі шағын деректерді  де келтіре кетелік. Стратегиялық мақсаттағы зымыран, дәл сондай мақсаттағы зымыраны бар сүңгуір крейсерлер және алысқа ұшатын стратегиялық авиацияның құрамында 1989 жылы 10 мыңға жуық ядролық оқтұмсықтар болған. Бұлардың әрқайсының қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан үш есе күшті. Соның ішінде құрылықаралық баллистикалық зымырандар саны 1398 болып, олар 6420 ядролық оқтұмсықты ілген. Зымырандардың 308-і әлемдегі ең қуатты «Сатана», яғни «СС-18» екен. Осының өзі ғана әрқайсының қуаты 500 килотонна болатын 10 оқтұмсық алып ұшады. Осынша салмақты бір құрылықтан екіншісіне жеткізу үшін қанша қуат керек екенін салмақтай беріңіз.

Ядролық оқтұмсықтары бар зымырандар шахтадан ғана емес, теміржолдар және қара жерлерде қозғалатын кешендерден де ұшырылады. Соның ішінде РС-22 теміржол арқылы жүрсе, «Тополь» кешені МАЗ-547 мәшинесінің негізінде жасалған 7 белдікті құрылғымен жәй жерде жүре алады. 80-ші жылдардың аяғында осындай 50 РС-22, 250 «Тополь» болған.

Ядролық оқтұмсығы бар зымырандар ұзындығы 170 м, ені 25 метрлік «Акула» (НАТО классификациясы оны «Тайфун» деген) атты алып сүңгуір қайықтан да ұшырылатын болған. 1989 жылы осындай алты «Акула» болған. Сонымен қатар 1985 жылы КСРО-да 5 миллионнан артық адам қару ұстап тұрды, 65 мың ауыр танкілер (бүкіл НАТО елдерін қосқандағыдан 6 есе көп), 200-ден артық стратегиялық бомбалаушы ұшақтары, 60-тан артық сүңгуір зымырантасығыш қайықтары («Акуладан» басқа) болды. Осының үстіне химиялық және биологиялық қарулары ғаламшарды түгел жабуға еркін жететін.

Егер осының бәрін соғысқа қолданса КСРО жалғыз Американы емес бүкіл дүние жүзін өзімен қоса құртып тынар еді. Олардан ешқандай экономикалық тиімділік болуы мүмкін емес. Ендеше осынша қаруланудың керегі бар ма еді?

Сол жылдары құрғақтағы әскерлердің бас қолбасшысы болған Валентин Варенников: «Бізде зымырандардың бірнеше түрлері болды. Соның ішінде баллистикалық, стратегиялық және т.б. бар. Ал бір торпедоның ғана 24 түрі болды. Соның бәрі неменеге керек еді?» дейді.

Осының үстіне КСРО-ның әскери-өнеркәсіп кешені жұмысын бір минөт те тоқтатпастан жаңа қарулар жасай берді. Оларды дамыған елдерге сата алмағандықтан жоғарыда айтылған үшінші санаттағы елдерге өткізіп отырды. Бірақ олардың төлем қабілеттері төмен болғандықтан борышқа кіргізіп, есесіне әскери базаларын сол елдерде орнатып отырды. Бұл да КСРО бюджетіне қосымша шығын болып, онсыз да жыртық қапты және бір жерден тесіп жатты. 

Ресейлік Д.Киселев бастаған журналистер бірнеше сериялы «КСРО-ның күйреуі» атты деректі фильм түсірді. Соның үшінші сериясында КСРО-ның 1985-1990 жылдардағы премьер-министрі болған Н.Рыжков: «Егер біз бір ғана сүңгуір крейсерді жасамаған болсақ, оның орнына «джинси» тіге алатын 5-6 фабрика сатып алуға болушы еді. Бұл кеңес жастарының сұранысын толық қамтамасыз етіп, бюджетке де қомақты түсім келтірер еді» дейді.

Енді неге солай істемепті, қолында билік болды емес пе? Сөйтсе әскери-өнеркәсіптік кешеннің бірігіп алып жасайтын қысымына төтеп бере алмаған. «Қырғи-қабақ соғыс» басталған жылдардан бері құрылған ӘӨК-ге  Қорғаныс  және Қорғаныс өнеркәсібі министрлігінен басқа Жалпы машина жасау, Орта машина жасау, Авиация өнеркәсібі, Кеме жасау өнеркәсібі, Радиотехникалық өнеркәсіп министрліктері мен Мемлекеттік қауіпсіздік, Атом қуатын қолдану комитеттері, Мемлекеттік материалдық резервтер және Сыртқы экономикалық байланыстар Бас басқармалары қараған.  Егер Министрлер кеңесінде қорғаныс мәселесі туралы бір сұрақтар талқыланатын болса, осылардың бәрі де қатысып, өз ведомстволарының мүддесі үшін бір дәлелдерді айтып, ӘӨК-ге бөлінуге тиісті қаражатты азайтуға өре түрегеліп, қарсы шығып отырған.

ӘӨК тіпті ұлан-байтақ КСРО аумағын түгел қамтып, елдің барлық түкпірлерінде атомдық және ядролық қаруларға қажетті шикізаттар іздеген, артиллериялық қарулардың, танкілердің ұшақтар мен тікұшақтардың өндірістерін ұйымдастырған. ӘӨК-нің өнімінің мемлекетке, халыққа түсіретін пайдасы аз, тиімділігі тіпті жоқ деп айтуға болады. Әрине, олар телевизор, кір жуатын мәшине, тоңазытқыштар және т.б. халық тұтынатын тауарлар да өндірген, алайда олардың сапасы сұраныс деңгейіне сай емес, төмен болды. 

1989 жылы КСРО-ның әскери шығыны 74,3 млрд. сом болғаны жарияланды. Алайда бұл цифр толық емес. М.Горбачев әскери шығынның 104 млрд. сом болғанын мойындайды. Ал КОКП ОК хатшысы болған тарих ғылымдарының докторы В.Фалин Брежневтің соңғы кезеңінде әскери шығындар ІЖӨ-нің 22-23 пайызына жеткенін айтады.  Егер 80-ші жылғы ІЖӨ 940 млрд. доллар екенін еске алсақ, бұл 216 млрд. доллар...

КСРО өзінің жаман алданып, бәленбай миллиард долларды жаңа қарулар шығаруға желге шашқанын 1987 жылы бір-ақ білген. Сол жылдың аяғында Вашингтон қаласында М.Горбачев пен Р.Рейган орта және шағын қашыққа жететін зымырандарды жаппай жою туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұған орта қашықтық бойынша КСРО жағынан «СС-20», «СС-4», «СС-5» және «Слингшот» атты қанатты зымырандар,  АҚШ жағынан «Першинг-2» пен «Томагавк» енгізілді.  Ал шағын қашықтық бойынша КСРО-дан «СС-12» мен «СС-23», АҚШ-тан «Першинг-1А» зымырандары қамтылды. 1991 жылдың маусымында бұл келісімшарт толығымен іске асып, АҚШ жағынан барлығы 846., ал КСРО жағынан барлығы 1846 зымыран жойылды. Яғни, КСРО жағынан жойылғандар 2 есе артық. Неге?

Өйткені, КСРО-ның барлаушылары берген мәліметтерде АҚШ-тың зымырандарының саны екі есе көп көрсетілген. КСРО біз де соған жеткіземіз деп таңы айрылғанша тыраштанған. Сөйтіп, бір мың зымырандық кешенді артық шығарған. Ал енді жаппай жою жөніндегі келісімшартқа қол қойылып, америкалық 300 зымыран бар деген жерден 150, 100-і бар деген жерден 50 шыққанда орыстар сандарын бір-ақ соққан. Көптеген генералдар біз екі есе артық зымырандар жойып,  ұтылыс жасадық деп бұл үшін Горбачевті айыптайды, іс жүзінде өздерінің жалған ақпаратқа малданып келгенімен шаруасы жоқ.

Артық зымыранның өзі ғана жуық шамамен бір миллиард доллар. Ол кездегі бір миллиард қазіргіден анағұрлым салмақты екенін ескерсек КСРО өтірікке алданып, шығынға шым бата берген...

Ядролық зымырандармен жарысу сөйтіп екі елдің де миллиардтаған қаражатын күл қылып, желге ұшырды. Бірақ АҚШ өзінің қарсыласын шығынға екі есе артық батырып, бұл теке-тіресте біржақты жеңіп шықты. Барлаушыларға жалған ақпарат беріп, оның үстіне лабораториялық деңгейдегі қару-жарағын ашық сериялық өндіріске шығарғандай жарнамалап, теледидардан, кинотеатрлардан одан  үрей тудырып, өзінің қуатын асыра көрсетіп жатқан америкалық қу мүйіздер КСРО-ның өздеріне қарсы ешқашан ядролық соғыс ашпасына сенімді еді. Оның үстіне Л.Брежнев те 1977 жылы «Ядролық қаруды Кеңес одағы ешқашан бірінші болып қолданбайды» деп жариялады. Бұл АҚШ-тың іздегеніне сұраған болды. Осыдан әрі ол КСРО-ның ядролық және басқа да қаруының босқа арта беруіне барлық мүмкін болған әрекеттерді жасап бақты. 

Кеңестің орта және шағын қашықтағы жойылған зымырандарының бағасы ешқайда көрсетілмегенімен АҚШ-тың «Томогавкінің» бағасы 1,450 млн. доллар екені белгілі. Ендеше, КСРО-ның зымырандары да одан арзан болмауы керек. Сондықтан КСРО тек осы зымырандармен ғана 2,7 миллиард сомын аспанға ұшырып жіберген. 1980 жылғы ІЖӨ – сі 3 триллион долларға жетіп қалған АҚШ үшін 1,2 млрд. доллар (1450 млн. х 846) айтарлықтай шығын да емес еді. Ал сол жылы 940 млрд. доллардың төңірегінде ғана ІЖӨ-сі болған КСРО-ға 2,7 млрд. сом ауыр салмақ. Мұның КСРО халқының әл-қуатын қаншалықты арттыратынын шамаламақ үшін 1987 жылғы бюджетте білім мен ғылымға бөлінетін жылдық қаражат 12,5 млрд. сом ғана болғанын айта кетейік. Егер желге ұшырылған қаражат осы салаға бөлінсе жүздеген мектеп, балабақша, оқу ғимараттары, кітапханалар, жатақханалар артық салынып, мыңдаған ғылыми бағдарламалар іске аспас па еді...

 «Ауғанстан батпағы»

1985 жылдан бастап «қаруландыру бәйгесімен» КСРО-ны құлату мүмкіндігі төмендеп қалғандықтан Рейган енді мұнай бағасын құлату амалына көшті дейді ресейлік зерттеушілер. Бұл да ащы шындық.  Рейганның ОББ директоры Билл Кейсиге құпия тапсырма беріп, Сауд Арабиясы, Кувейт, Араб Әмірліктері және т.б. келісіп, рынокқа мұнайдың орасан мол қорын шығарып, бағаны күрт төмендету жөнінде тапсырма бергенін сол кездегі АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі халықаралық экономикалық байланыстар департаментінің директоры Роджер Робинсон «КСРО-ның күйреуі» сериялын жасаушыларға айтып берді. (1 серия). Мұнай бағасы 1970 жылы 110 доллар болса, осы операцияның нәтижесінде 1985 жылы ол 26 долларға дейін түсіп кеткен. Ал 1989 жылы ол 19 долларға дейін құлдыраған. Осы Р.Робинсонның қызметі КСРО бюджеті түсім бөлігінің 80 пайызын мұнай, газ және т.б. ресурстар ғана құрайтынын ескеріп, Рейганға оның бюджетін құлдыратудың бір амалы осы екенін айтқан. Осының кесірінен КСРО бюджеті 80 млрд. доллардай түсім жоғалтқан. Бұрын мұндайда социализм лагеріндегі елдер мұнай бағасын тұрақты ұстайтын болса, енді олар да бұл жүйеден секіріп түсіп жатты.

«Жұт жеті ағайынды» деген емес пе, экономиканың құлдырауына сыртқы факторлар осылай әсер етіп жатқанда Горбачевтің көрсоқыр командасы аяқ астынан «Алкогольге қарсы кампанияны» да бастап кетті. Бұрын бюджеттің түсіміндегі әрбір алтыншы сом арақтан түсіп тұрған. Енді мына кампанияның кесірінен КСРО бюджетінің түсім бөлігі 15-20 млрд. долларды жоғалтқан. Онымен қоса токсикомания, есірткі саудасы дегендер де қызып, қылмыстың жаңа түрлері пайда болды. Ал «самогон» айдау дүкен сөрелерінен қантты мүлде құртып жіберді.

Енді осылардың үстіне «Ауған батпағының» шығындарын қосыңыз. Осы соғыстың өзіне КСРО алдаумен тартылғанын бұрынғы мақалаларымызда жазған болатынбыз. Еске сала кететін болсақ, «Америка мен Англия бірлесіп Ауғанстанға «Першинг» зымырандарын орналастыруды көздеп отыр, бұрын Америкада оқыған Х.Аминді ОББ сол кездерде-ақ өз қатарына тартып алған» деген өтірікті «сенімді көздер» арқылы таратып, ақыры КСРО-ның 40-шы армиясын шекарадан өткізуге мәжбүрледі (Е.Қ.,14.02.2014 ж.) Бұл операцияны АҚШ Президентінің сол кездегі кеңесшісі З.Бжезинский Американың үлкен табысы болды деп мақтанғанын да жазғанбыз.

 Осы соғыста КСРО 14 мыңдай адамынан айрылды, 50 мыңға жуық жаны зардап шегіп, мүгедек болды.  Ал соғыстың толық экономикалық бағасын есептеп шығару әлі күнге мүмкін болмай келеді. Өйткені, көптеген шығыстар тура аталмай, әртүрлі басқа баптармен белгіленген. Соның ішінде ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, білім мен ғылым, құрылыс және құрылыс материалдары және т.б. министрліктер мен ведомстволардың шығыстары нақты Ауғанстанға барғаны жөнінде жазылмай, түрлі әдістермен жасырылып келген. Анықталған деректерге қарағанда КСРО-дан 109 әскери ұшақ, 322 тікұшақ, 147 танк, 1314 БМП мен БТР, 432 зеңбіректер мен минометтер, 11370 автомашиналар шығын болған. Ауған соғысынан 10 жылда 525 мың әскерилер, соның ішінде 60 мыңға жуық офицерлер мен 100 мыңға жуық парашютшілер өткен. Ал қаржылай шығын шетелдік барлаушылардың есебі бойынша жуық шамамен 70 млрд. доллардай.

Міне, осындай соққылар КСРО-ны экономикалық тұрғыдан қатты қалжыратып, ақырында үлкен дағдарысқа ұшыратты. Бірақ осы мәселелердің өзін түзетіп әкетуге болушы еді. Өйткені, КСРО-ның алтын, күмістен басқа аса бағалы металлдар, соғыс жағдайына сақтаған ұзақ жылдық ресурстық запастары ұтымдылықпен қолданылса экономикалық дағдарысты еңсеріп кету мүмкіндігі туатын. Егер Ю.Андропов тағы да 3-4 жыл қызмет істеген болса, ол экономиканы біршама түзетер мүмкіндікті жасаған болар еді дейді сарапшылар. Ол сол кездегі КСРО-ның ең әлсіреп, жібі үзілуге шақ қалған нәзік мәселесі – тәртіпті түзетуді, заңның сақталуын қатайтуды, сыбайлас жемқорлықты тыюды, жоғары билік жүйесі мен шенеунік аппаратындағы деградацияны жоюды қолға алды. Нақ осы мәселелердің түзетілуі экономика ес жиюының алғышарты болатын. Бірақ өкінішке орай, (немесе көптеген халықтардың бақытына деп те айтуға болады) оның орнына келген М.Горбачев бұл мәселелерді ойлауға өресі жетпей, экономикалық жағдайды түзетудің орнына саяси реформалармен айналысып, құрылымның күре тамырын өз қолымен қиып жіберді. Нақты айтқанда, жүйені ұстап тұрған коммунистік партияның рөлін жетік бағалай алмай, одан бас тартты. Оның үстіне ұлтаралық қатынастарға барынша үстірт қарап, бұрын күшпен бұқтырылып келген кикілжіңдерді демократиялық ашықтық саясатының салдарымен шектен шығуға жеткізді. Халықтың қалың ортасына от тастаған ашық жиындар, конференциялар мен съездер жұрттың экономика емес, жаппай саясатпен айналысып кетуіне жағдай туғызды. Осының бәрін Горбачев демократиялық ашықтықтың арқасында халықтың қол жеткен табысы деп бағалап жатқанда, екінші жақтан күйреу оты көселіп жатқанын сезбеді. Сондықтан да «зұлымдық империясының» (Р.Рейган) жойылуына М.Горбачевтің «сіңірген» еңбегі зор екенін ешқашан естен шығармау керек. КСРО-ның жоғары билігінде ұзақ жылдар болған санаулы ғана ақылды адамдардың бірі В.Долгих еді. Міне сол кісі: «КСРО-ның күйреуі үшін биліктің ең жоғарғы сатысында Горбачев сияқты жалтақ, ерік-жігері төмен адамның отырғаны жеткілікті болды» дейді. Бұл кісінікі де рас шығар, бірақ империя атаулының бәрі де жер бетінен қандай да бір себептермен жоғала беретіні де рас. Сондықтан оның жойылғанына біз ешқашан өкінбейміз, керісінше төл республикамыздың өркендеп, қыран құстай қияға самғай бергенін қалаймыз.      

 

Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406