ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ
Шымкент тұрғындарға жайлы және таза, қауіпсіз, әрі кәсіпкерлік дамыған, заманауи да ерекше ғимараттарымен келбетті қала болуы қажет. Қаланың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасын дайындау барысында да осы сынды мәселелер негізге алынғаны анық. Барлық сала қамтылып, ауқымды да айқын, жан-жақты жоспарланған жоба жұрттың ертеңге деген сенімін нығайта түсіп, өзге өңірлердің қызығушылығын тудырды.
Бүгінде бұл құжат тұрғындарға жан-жақты түсіндіріліп, талқылануда. Үшінші мегаполистің бүгіні мен ертеңі екшелген құжатта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың жай-күйіне салыстырмалы талдау жасалынып, қаланың 2020 жылға дейінгі перспективалары көрсетілген. Сондай-ақ, даму тұжырымдамасында Шымкенттің республикадағы үшінші ірі қала мәртебесіне лайықты болуы, тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруі және қоршаған ортаны қорғау мәселесі көзделген. Орындалуы алдағы 5 жыл уақыт мерзіміне белгіленген аталмыш құжат ҚР Президенті
Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы басым бағыттары негізінде дайындалған. Концепцияның түпкілікті мақсаты - Шымкент қаласын тұрғындарға ыңғайлы және қонақтарға тартымды етіп көрсететін республикадағы заманауи мегополиске айналдыру. Ең алдымен, қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, қала тұрғындары мен қонақтарына қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру, қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау және инвестиция көлемі мен туристердің санын арттыру - қала әкімдігі үлкен басымдық беріп отырған міндеттер.
Инженерлiк-инфрақұрылым жаңартылады
20-11-2015«Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы» жобасының қалай жүзеге асырылатыны көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырғаны мәлім. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов үй комитеті төрағалары мен көше комитеттері өкілдерінің басын қосып, «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Онда қаладағы инженерлік-инфрақұрылымдық, коммуналдық қызмет саласының түйткілді мәселелері мен ертеңі кеңінен сөз болды.
Қазіргі таңда қалада ең өзекті мәселенің бірі – тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлердің бүгінгі ахуалы. Кеңес өкіметі дәуірінде бой көтерген ғимараттардың бүгінгі жағдайы сын көтерер дәрежеде емес. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары үй комитеті төрағаларын мемлекеттік тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы шеңберінде бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Шымкент қаласының «Даму» әлеуметтік картасы шеңберінде барлығы 42 елді мекенді сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары межеленген болса, өткен жылы 5 елді мекенде трансформатор жүйелері жаңартылыпты. Биыл тағы 10 елді мекен тұрғындары сапалы электр жарығымен қамтылып отыр.
Қала аумағын табиғи газбен қамту жұмыстары да бүгінде белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, күні бүгінге дейін қаладағы 81 елді мекеннің 36-сында «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары аяқталып, тұрғындарға толық қуатында қызмет көрсетілуде. 34 елді мекенде тұрғындар табиғи газбен тек ішінара қамтылған болса, 11 елді мекенге әлі жетпеген.
Қала тұрғындарын жылумен қамту жұмыстарында бүгінде айтарлықтай түйткілді мәселелердің бары байқалады. Бастапқы жоспар бойынша, қала аумағында 82 мың пәтерді орталықтандырылған жылумен қамту меже етілген. Дегенмен, 17 мың пәтер иесі, яғни, бастапқы көрсеткіштің 20 пайызы жылуды автономды қазандықтан алғанды жөн көруде.
Қаланы сапалы таза ауыз суымен қамту бағытында да өзекті мәселелер жетерлік. Бүгінде тек, 57 елді мекен тұрғындары сапалы таза ауыз суын пайдалануда. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары қаланың даму тұжырымдамасы жобасы шеңберінде аталған мәселелердің барлығы алдағы 5 жыл уақыт мерзімінде толық шешімін табатынын жеткізді.
Abai.kz