АҚШАҢЫЗДЫ ЗАҢДАСТЫРЫП, ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАҢЫЗ!
«Мемлекет осы жылдардың ішінде сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Біз бай азаматтар тұратын ел құрғымыз келеді. Ондағы ойымыз – бай азаматтар дамыған бизнесімен өзіне де, мемлекетке де көмектеседі деп ойладық. Ендеше бүгінгідей сын сағаттарда мемлекетке көмектесіңіздер! Ауқатты болдыңыздар! Жақсы газеттердің бетіне шығып, миллиардер, миллионер болғандарыңызды көрсеттіңіздер. Құтты болсын барлығы. Бақытты болыңыздар. Енді міне мемлекеттің, елдің алдында жауап беретін кездерің де келді. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысып, ақшаларыңды заңдастырып, ашық жұмыс істеңдер!»,- деп үндеу тастады мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 қарашада Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде.
Елбасы ақшасын шетелдерге жасырған кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға оны Қазақстанға әкеліп, үш жақсы нәрсе жасауға болатынын айтты. «Барлық ақшаларыңды шетелдің арғы жағына тыққыламай, елге әкеліңдер! Ешкім тыққылатпайды. Швейцариядан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше-елдердің барлығы бір апта бұрын шетелдік азаматтардың активтерін ашып тастайтыны туралы қаулы қабылдады. Тетіктерді ашып тастаған соң, барлығы белгілі болады. Тек қана Қазақстанға әкелген ақша өздеріңдікі болады. Ешкім оған тиіспейді, себебі мемлекет қорғайды. Ол ақшаларыңды елге әкеліп, үш жақсы нәрсе жасайсыңдар: біріншіден, ол тұрақты табыс табудың жолы, екіншіден, халыққа жұмыс бересіңдер. Үшіншіден, салық төлеп, мемлекетке көмектесесіңдер. Осылайша халықтың рахметін, ризашылығын аласыңдар»,- деп түсіндірді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы ақша мен мүлікті заңдастыру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғанын еске салды. Ақша мен мүліктің заңды айналымға қайтарылуы үшін қосымша ынталандырулар қабылданғанын, бұған қоса, құпиялылық пен соттың қудалауынан сақтандыру шаралары сақталатынын қадап айтты. Мемлекет басшысы Парламент палаталары мақұлдаған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын хабарлады. Сондай-ақ, Үкіметке заңдастыру талаптарын тағы бір талдаудан өткізіп, қажет болған жағдайда қатысушы тараптарға кепілдіктерді күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізуді тапсырды. «Бұл сендердің ақшаларың керек болғандықтан жасалып отырған шара емес. Ешкімге қылмыстық іс қозғалып, босқын құсап қашып жүргенін қаламаймыз. Ақшаны заңдастырып, тыныш ұйықтаңдар!» деді кәсіпкерлерге арнаған сөзінде Президент.
Алайда қазақстандықтар өздерінің шетелдердегі активтерін заңдастыруға асығатын емес. Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлағандай, 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі кезеңде құны 16 132 669,8 мың теңгені құрайтын 4069 нысан заңдастырылған. Құзырлы органның мәліметінше, 2015 жылдың 2 желтоқсанына дейінгі ахуал бойынша, Астана қаласындағы мемлекеттік кірістер органдарына Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан мүлікті заңдастыру бойынша ешқандай өтініш түспеген.
Әмірлан Әлімжан
Abai.kz