ҚАЗАҚТАР ЕГЕМЕН ЕЛ БОЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙТІН СИЯҚТЫ
Осы қазақтар өздері өз алдына жеке егемен ел болғысы келмейтін сияқты.
Себебі: 1. Ана тілін үйренгісі келмейді. 2. Қазақша білгені де орысша сөйлейді. 3. Үйінде орысша сөйлейді. 4. Балаларын орыс балабақшаға береді. 5. Балаларын орыс мектепте оқытады. 6. Телеканалдардың бәрі орысша. 7. Кинотеатрда қазақ тіліндегі кино көрсетілмейді. 8.Мемлекеттік қызмет орыс тілінде жүреді. 9. Мемлекет қызметкерлерінің барлығы орысша сөйлейді. 10. Елді мекен аттарының дені әлі орысша немесе өлген орыстардың атында. 11. Көше аттары орысша. 12. Рекламалар орысша. 13. Бұқаралық транспорттың атауы мен аялдамалар орысша жарияланады. 14. Дүкендерде орысша ғана сөйлеседі. Көшеде адамдар бір-бірмен орысша жөн сұрасады. 15. Және ең бастысы осы күнге дейін адамдардың аты-жөні, ататегі орыс сарында (ов, ев) жазылады. 16. Елбасы орысша сөйлейді. 17. Парламент талқылаулары орыс тілінде жүреді. 18. Үкіметтің ісі орысша. 19. Халықаралық қатынаста орыс тілі ғана қолданылады. 20. Елдің атын шет тілдерге орысшасынан аударады.
Қазақстан-орысша-Казахстан, ағылшынша-Kazakhstan. Бір "қ" неге орысша "к", ағылшынша "к", келесісі орысша "х", ағылшынша "kh"? Қазақ тілінің жалғыз дыбысының өзін осынша бұрмалайтындай қазақ тілінде не өш-қастары бар? Орыс тілінің туын көтеріп, қазақ тілін аттап басып, аяққа таптап жүргендердің бәрі-сол қазақтардың өздері. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мойындамайтындар да - қазақтар. Қазақтың намысын жер қылып орысқа жығып беріп жүргендер де - қазақтар. Қазағы да, орыстілдісі де қазақша сөйлесе ешкім шек қоймас еді. Заңы да солай. Орыстар қазақты бопсалап қана аңысын аңдып отыр. Отаршыл орыс пен келімсек орыстілділер заман ағымын қазақтан жақсы біліп отыр. Қазақ өзі қазақ болуға құлықсыз. Әйтпесе биліктегілерге талап қойса қазақ боп кету қалам ұшында ( нақтап келсе тілдің ғана ұшында, ниетте) тұрған мәселе. Әлде қазақтар өздерін адам құқына ие субьект деп есептемей ме? Әлде Қазақ елі әлі Ресейдің отары ма? Демография мен уақыт көбін орнына келтірері сөзсіз. Бірақ соған дейін мына биліктегілеріңіз отаршылармен қосылып ап қазақты қайтадан құлдыққа қуып тығуға айналды.
Самат Насыр
Facebook-тегі парақшасынан