Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 7732 0 пікір 23 Қараша, 2015 сағат 08:20

ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫ ҚАРАЛАУДЫ ТОҚТАТАТЫН МЕЗГІЛ ЖЕТТІ


Әбілқайыр Мұхамбет Қазы баһадүр хан 200 жылға созылған Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізілген Отан соғысының шешуші айқастарына Бас қолбасшылық жасап жеңіспен қорытындылады. Еліміздің Батыс шекарасын Патшалық Ресейден жанын сала қорғап, көзінің тірісінде басқыншыларды қазақ жеріне кіргізбеді.  

Күні бүгінге дейін орысшыл тарихшыларымыз сатқын етіп көрсеткен Әбілқайыр бұл жарық дүниенің ешқандай қызығын көрмей, 40 жыл бойы аттан түспеген, барлық өмірін орыс империясымен соғыста өткізген, көзінің тірісінде қазақтың тырнақтай жерін де бермеген, керісінше қазақ жерін орыс-казак, қалмақтардан тазартып, қазақ шекарасын Ойылдан Жайыққа ысырған ұлы қолбасшы болып табылады. «Ол (Әбілқайыр хан) қазақтың Жайықтан өзен суы сарқылғанша айрылмайтынын мәлімдеп, «Орынбор өлкесінің 1 Петрі» Неплюевтің «жеке дұшпаны» және орыс патшасының «қас жауы» атанды. (Бейбіт Қойшыбаев жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты).

Содан бері үш ғасырға жуық уақыт өтсе де басында патша чиновниктерімен, кейіннен солардың жолын қуған «ізбасарларының» аузымен Әбілқайыр атамыздың атына әр түрлі жалалар жабылып, жаңсақ пікірлерге жол беріліп келеді.

Міне тәуелсіздік алғанымызға да ширек ғасырға таяп қалыпты. Осы жылдары тарихымызды түгендеуде тарихшы-ғалымдарымыз біршама келелі істер атқарыпты. Зерттеу қорытындылары Әбілқайыр атамызды қаралап жүргендердің пікірлерінің негізсіз екендігін айқын көрсетуде.

Әбілқайыр атамызды өз заманы қарғаған да, қаралаған да жоқ. Олар оны қазіргі кейбір «білгіштер» айтқандай емес, керісінше жасады. Осы күнгі айтылып жүрген «қаралаулардың» алдын алу үшін Әбілқайыр атамыздың есімінің сыртына К-700 бульдозерімен итерсең де, ең мықты зеңбірекпен, тіпті ядролық қарумен атқыласаң да құламайтындай етіп «қорған» салып кетті. Ол Әбілқайыр атамыздың атына тіркеліп айтылатын «Қазы және баһадүр хан» деген сөз. Ол бұл атақтарды ешкімнен сұрап, не сатып алған жоқ.

Сол сияқты, Ұлы Аталарымыз оның атын Арқадағы ұзындығы ұланғайыр аймақтағы «Қалмаққырылған» деген жер атауына, соның үстімен ағатын «Әбілқайыр өзенінің» атауына, Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» атауына, тағы осындағы екі «Қалмақ қырылған» деген жер атауына, Қаратау қойнауындағы «Әбілқайыр бұлағы» атауына, Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауына және Тараз облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы бір елді мекенге «Әбілқайыр» елді мекені деп, мәңгі өшпестей етіп жазып кетіпті. Оған бұл атақтарды да, сол жердегі ел, жер-су атауларында сол кездегі халық берді.

Бұл «қорғанды» құлату тек қана Ұлы Жаратушы – Алладан болмаса адам баласының қолынан келмейді. Мен Сіздердің бәріңізге осыған тоқтағандарыңызды қалар едім.

Мынау неше қабат «қорған»:       

1. Әбілқайыр даласы

2. Әбілқайыр өзені

3. Әбілқайыр бұлағы

4. Әбілқайыр тауы (Атам Қазақ соңғы мыңжылдық та тау атын тек қана екі адамға берген. Біріншісі Шыңғыс тауы – қазақтың ұлы қағаны Шыңғысхан атамызға, екіншісі Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы осы Әбілқайырға ханға. Бұл ең мықты «қорғандардың» қатарына жатады). Атам Қазақ та тау атын иемденуден артық ұлықтауды жоқ десе де болады.

5. Әбілқайыр елді мекені

6. Әбілқайыр хан

7. Әбілқайыр бас қолбасшы. Кез келген мемлекетте Елбасынан басқа адам бас қолбасшы бола алмайды. Күні бүгінде де бас қолбасшымыз Елбасымыз емес пе? Әсіресе, соғыс жағдайында бар билік тек қана бір басшының қолында болатынына қандай дау бар.

8. Әбілқайыр Қазы (а. Қазақ атамның атына лайық ұлы тұлғасы (Оған да Әз Жәнібек, Әз Тәуке сияқты лақап (мақтау) есім берген); ә. Билік айтушы (қазылық етуші).

9. Әбілқайыр баһадүр (Ел билеуші, батыр адам).

Қазақ тарихында бүкіл қазаққа әйгілі  баһадүр хан атағын алғандар саусақпен санарлықтай.  «Баһадүр» термині Атам қазақ та негізінен әскери лауазым, әскери атақ, жаужүрек батыр қолбасшы мағынасында қолданылады. Мысалы:

-  Осындай атақтар аты әлемге әйгілі  Шыңғысханның әкесі Есугей бахадүрге;

- Алшын Жалаңтөс бахадүрге; Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі. Жалаңтөс Сейітқұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. Салқам Жәңгірге көмекке баратын осы атамыз.

- Соғыс өнерінің қас шебері, Азияның қас тарихшысы, Азия елдері тілдерін өте жақсы меңгерген "Түрік шежіресі" атты аты әлемге әйгілі кітаптың авторы, Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Әбілғазы баһадүр ханға;

- Әйгілі «Жеті Жарғыны» дүниеге әкеліп, ел ішіне «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнатқан Әз Тәуке баһадүр ханға;  Әз (Аз) қазақ деген атпен бүгінгі күнге жеткен Ұлы елдің түп атасы. Бұндай мадаққа ие болғандар  саусақпен санарлықтай: Әз Наурыз, Әз Түрік, Әз Захир (Бейбарыс сұлтан), Әз Жәнібек т.т.

- Тағы бірі осы біз әңгімелеп отырған басты кейіпкеріміз басында Кіші жүз ханы, кейіннен аға хан атағын алған, көз ашқаннан бері қазақтың сол замандағы барлық жауымен жағаласып, орыс, башқұрт, түрікпен, хиуа жорықтарында жаужүрек мінезімен, жекпе-жекте қарсы келгенді ер үстінде қалдырмайтын әбжілдігімен, найзагерлігімен һәм мергендігімен даңқы тарап, дарынды қолбасшы ретінде танылған  Әбілқайыр ханға  берілген. Сол заманның адамдары оны аса құрметтеп, оған Әбілқайыр Мұхамбет қазы баһадүр хан деген мадақ ат берген. Әбілқайырға (қазақ сарбаздарының бас қолбасшысына) баһадүр деген атақпен бірге "Қазы" (Әз бен Қазы синоним сөздер), яғни Қазақ атамның бел баласы деген мадақ атақты да қосып берген.  Өздеріңіз көріп отырғандай мұндай атақты иемденгендер де саусақпен санарлықтай. Бас қолбасшы, бұл қазіргіше айтқанда Елбасы деген сөз.

Есугей дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс қағанның әкесі болса, Әз Жәнібек хан, Әбілғазы баһадүр хан,  Әз Тәуке баһадүр хан,  Әбілқайыр Мұхамбет қазы баһадүр хандар Шыңғысханның тікелей ұрпақтары болып табылады.  

10. Әбілқайыр Аға хан

11.  Осы өңірлерлегі «Қалмаққырылған» деген жер атаулары.

12. Еліміздің көптеген елді мекендерінде Әбілқайыр хан атында көшелер, мұражайлар, ескерткіштер  т.т. бар.

 Бұрын-соңды қазақ та (сол Әбілқайыр заманынан бері) бір адамға мынадай құрмет көрсетілуі болып көрген емес.

Тарих тағлымы: Тарихи тұлғалардың еңбегін әділ бағалау үшін, сол заманның көзімен қарағанымыз ләзім.

Қазақтың орысқа бодан болғанына Әбілқайыр хан кінәлі емес. Найза, қылыш, айбалта, шоқпар, садақ, ішінара «жарты сағатсыз атылмайтын» білтелі мылтықпен қаруланған Қазақ қолының, зеңбірек және винтовкамен қаруланған Патшалық Ресей әскеріне  қарсы тұрар қауқары болмады. Жалпы, жеңістер мен жеңілістердің негізгі себебін «ғылым мен білімнен» іздесек дұрысы осы болады. Сөз түсінетін жандар үшін бұл дауға жатпайды.

 Тарих тағлымы:  Мұны Ұлы Аталарымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген мақалмен өсиет етіп кеткен.  Бүгінгі ұрпаққа осы өсиетті басшылыққа алу ләзім.

 ӘБІЛҚАЙЫР МҰХАМБЕТ ҚАЗЫ БАҺАДҮР ХАНДЫ қаралауды тоқтататын уақыт жетті.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы,

Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371