САРАПШЫ: 2016 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА КИІК ҚАЛМАЙДЫ
Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылы ақбөкендер қазақ даласынан мүлде жойылып кетеді. 2014 жылдың басында Қазақстандағы ақбөкендердің саны 256,7 мыңнын үстінде болған. Бүгінде бөкендердің саны бар-жоғы 31 мыңнан аспайды. Бұл туралы 365info.kz сайты жазады.
2015 жылдың қазан айының аяқ шенінде Ташкент қаласында киіктер популяциясын зерттеп, олардың өсу, көбею және кему заңдылықтары бақылаумен айналысатын, бөкендерді қорғау туралы халықаралық меморондумға қол қойған халықаралық сарапшылардың кеңесі өткен болатын. Өкінішке орай Ташкендегі техникалық кеңеске қатысушы киік қорғаушылар мен эколог мамандар қазақ даласындағы киіктердің жаппай қырылуының ортақ себебін анықтай алмаған(http://365info.kz/2015/11/sajga-v-kazahstane-ischeznet-v-2016-godu-ekspert/).
Американың NBC News сайты Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы жайлы жариялаған мақалада «төрт күнде 60 мың ақбөкен қырылып қалды, бірақ мұның себебін әлі ешкім білмейді» деп жазған.
Ал Ұлыбританияның Express газетінің жазуынша, қазақ даласындағы 140 мың бас киік екі аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде әлдебір айқын себепсіз қырылғаннан кейін әлемдегі киік саны екі есеге азайған.
Мысалы, британиялық биолог Ричард Кок «Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуына ауадағы беймәлім бактериялар мен қолайсыз ауа-райы себепкер болуы әбден мүмкін», дейді(http://kstnews.kz/news/man-and-nature?node=26436). Британиялық сарапшының айтуынша, үстіміздегі жылы Қазақстанда 210 мыңнан астам киік қырылған. Жаһандық жылыну салдарынан ауадағы зиянсыз бактериялар мен микроорганизмдер жануарлар үшін қауіпті болған. Тағы бірқатар сарапшылар, биылғы жылдың мамыр айында Қазақстандағы ауа температурасы күрт ысыған. Ал жазық даладағы ыстық жел ауадағы залалсыз бактерияларды қоздырған. Ал бұған бөкендердің иммундық қорғанысы шыдамаған. Салдарынан қазақ даласындағы 250 мыңнан астам киік 31 мың басқа дейін кеміген. Енді қазақстандық экологтар үшін осы қалған 31 мың бас ақбөкенді аман сақтап қалу қиынға түсетіні сөзсіз. Қазақстандық сарапшы, Қазақ био алуан түрлер қорғау ассоцациясының төрағасы Сергей Скляренконың айтуынша, биылғы қыс – үлкен жұт болуы мүмкін. Себебі, Қазақстанның жазық далаларында аяздың шектік өлшемі -45º С-тан төмен болмайды деп күтілуде.
Ал Ресей территориясында киіктердің жалпы саны 4,5 мыңнан аспайды екен.
Қазақ даласы бөкендердің қырылуының себептерін анықтай алмай жатқанда ҚХР, Шыңжаңда құқық қорғау қызметкерлері киік мүйізін заңсыз тасымалдаған контрабанда мүшелерін құрықтаған. Тұтқындау барысында күдіктілер құны 160 миллион юаньды құрайтын 5300 бас киік мүйізін шекарадан заңсыз алып өтпек болғандығы анықталған (http://news.21cn.com/domestic/difang/a/2015/1105/13/30237697.shtml ).
Құрықталған топ мүшелері киік мүйіздерін Қырғызстан аумағынан алып өтпек болған. Мамандардың айтып айтуынша, Қырғыз даласында бірде-бір киік қалмағанын ескерсек, бұл мүйіздер Қазақстаннан жеткізілген болуы әбден мүмкін.
Рас, біз бір күнде жүздеген киіктің ешбір себепсіз қырылып қалғанына бас қатырып жүргенімізде, броконерлер бөкеннің бағалы мүйізін кесіп, жануарды аяусыз өлтіріп жатқаны жасырын емес.
Мысалы, 2015 жылдың 15-қазаны күні Қарағанды облысында 36 бас киікті атып алған броконерлер қолға түскен. Сондай-ақ, Аөтөбе облысы территориясынан 100 бас киіктің мүйізін тиеген екі жеңіл көлікті орман қорғаушылар құрықтап, құқықы қорғаушыларға тапсырған.
Ал ҚР АШМ ақпараттарына сүйенсек, соңғы 2 жылда Қазақстанда қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін бөкен атқыш броконерлерге қатысты 139 қылмыстық іс қозғалған.
Құқық қорғаушылар құныққан броконерлерді қанша құрықтағанымен, киік атқыштар саны бұдан азаяр емес. Мүмкін, біздің елде броконерлерге қолданылатын заң жеңіл ме? ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілгендей, сирек кездесетін киік атқыштар бар болғаны 3000 АЕК айыппұл төлеу арқылы құтылып кетеді(http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31575252). Алайда, аңшының мылтығы, дүние-мүлкі, тұтқындалу кезіндегі көлігі т.б. тәркіленбейді. Аталмыш баб бойынша, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы әлі қолданылмаған.
Жоғарыдағы Ресейдің өзінде киік аулаушыларға қолданылатын жаза бізден әлде қайда ауырлатылған. Иә, Ресей территориясында бір киікті мерт қылсаң 7 жылға темір торға тоғытыласың. Сондықтан болар, РФ-дағы бөкендерге табиғи апаттар мен экологиялық қатерлерден өзге адами факторлық қастандық тіркелмеген.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz