ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫ: ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ЖҮЙЕГЕ ҚОЙЫЛҒАН
Соңғы уақытта еліміздің дамуына байланысты қабылданған индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша бірнеше қажетті жобалар іске асырылуда. Соның ішіндегі «Жеңіл өнеркәсіп» саласына мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Бұл саладағы атқарылған жұмыстарға байланысты еліміздің ең жас ғалымы, жеңіл өнеркәсіп саласының маманы, академик Сүндет Смаханұлы Каримовты сөзге тартқан едік.
‒ Сүндет Смаханұлы алғашқы сұрақты жеңіл өнеркәсіп, мақта, тоқыма саласының дамуынан бастасақ. Осы саланың дамыту, ілгерілету мақсатында мемлекет тарапынан қандай шаралар жасалуда?
‒ Тәуелсіздік алған жылдарда еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы оның ішінде мақта, тоқыма өндірісі біраз тұралап қалғаны рас. Қазақстан Республикасында 1992 жылға дейін «Жеңіл өнеркәсіп» жақсы жұмыс істеген. Бұл саланың бүге-шігесімен өкімет айналысқан. Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикалық жағдайларға байланысты жіпті өз елімізде иіріп, матаны өз елімізде тоқып, теріні өз жерімізде илеп, киімді де өз жерімізде тіккеннен гөрі, көршілес елдер мен алыс-жақын шет мемлекеттерден сатып алған тиімді деген түсінік болды. Осышайша түрлі сылтаулар мен тағы басқа да желеулер бұл саланың қызметін тоқтатып, қолда бар өндіріс орындарын, зауыттар мен фабрикаларды жеке-меншікке өткізуге жол берілді. Сол кезде жеңіл өнеркәсіп орны қазіргі Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 50-ші үйде болатын.
Кеңес уақытында бұл салада бір Қазақстанның өзінде 402 000 адам жұмыс істеген. Одаққа белгілі Жамбылдағы жеңіл және тоқыма өнеркәсібі институты мен оның филиалы ретінде ашылған қазіргі Алматы технологиялық университетінде жас мамандар даярланған. Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарын бірден бір дайындайтын оқу орны М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Ал республика көлемінде бүгінде барлық жоғары оқу орындары осы сала бойынша жылына үш мыңға тарта маман дайындайды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жеңіл өнеркәсіп саласын жаңғыртуда үлкен көрегендік танытып келеді. Қазіргі таңда заман талабына сай ел дамуына қажетті инновациялық бағдарламалар қабылданып, іске асырылып келеді. Қазақстан Республикасындағы «Арнайы экономикалық аймақтар» туралы 1996 жылы 26 қаңтарда қабылданған заңға сәйкес шитті-мақтаны қайта өңдеу, тоқыма өндірісі мен тігін өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құру жөнінде ұсыныс қабылданған. 2006 жылдың 6 шілдесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекітіліп, маңызды құжатқа қол қойылды.
Аталған экономикалық аймақтың негізгі мақсаты мынадай:
- тоқыма өнеркәсібіндегі дайын бұйымдарды өңдеп дамыту;
- ҚР экономикасының әлемдік жүйесіне кіруін жандандыру;
- елімізге дайын тоқыма өнімдерін өндірушілерді тарту;
- жоғары техникалық өндірістер құру және өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту болып табылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет «Тоқыма кластерін» дамыту жоспарын бекітті. Сонымен қатар «Мақта саласын дамыту» туралы заң әзірленді. Бұл жоспардың, заңның негізгі мазмұнында шаруалардың мүддесін қорғау, фермерлер мен шитті-мақтаны қабылдайтын зауыттардың арасындағы байланысты айқын және әділ белгілеу, шитті-мақтаны теру кезіндегі шаруалардың басты мәселесіне айналған бағаны тұрақтандыру қамтылған.
Еліміздегі шитті-мақта шаруашылығының ауқымдылығы, жай-күйі туралы не айтасыз? Осы шаруашылықтармен айналысатын өндіріс орындары жеткілікті ме?
Әлемде шитті-мақтаны өндіретін жетпістен астам ел бар. Біздің елде шитті-мақта егу, талшығын өңдеу жұмыстарымен Оңтүстік Қазақстан облысы ғана айналысады. Яғни шитті-мақтаға қатысты барлық өндіріс орындары сол аймақта орналасқан. Жоғарыда атап өткеніміздей ел дамуына байланысты қабылданған шешімдерге сәйкес шитті-мақта саласы да қарқынды дамуда. 2010 жылдан бері егілген шитті-мақта талшығын өз елімізде өңдеп келеміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған фабрикаларда «Меланж», «Ютекс», «South Textilene, Oxy Textile, Хлопкопром-целлюлоза» жылына 10 мың тоннадан артық мақта талшығынан жіп иіріп мата тоқиды. Шығарған дайын бұйымдар Франция, Италия, Балтық жағалауы мемлекеттеріне экспортталады.
Елімізде егілген шитті-мақтаның көлемі өңдеуші фабрикалар үшін жеткілікті. Жұмысшылардың айлық жалақысы 90-120 мың теңге көлемінде. 2005 жылдан бері өндіріс орындары мен фабрикаларды, шаруаларды қорғау мақсатында мемлекеттік бюджеттен он милиард теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Мақтарал ауданында соңғы технологиямен жұмыс жасайтын жылына 78-80 мың тонна шитті-мақтаны өңдейтін зауыт салынған. Жылына 7-8 мың тонна сапалы ұрық дайындайтын мемлекеттік кәсіпорын іске қосылған.
Еліміздегі шитті-мақта өндірісінің қарқынды дамуына байланысты 2005 жылы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қарамағында қажетті зертханалар, ғылыми зерттеу бөлімдері, түрлі эксперименттік орталықтары бар. Ғылыми институттың зерттеуі нәтижесінде жаңадан шығарылған шитті-мақта сорттары аймақтағы егіс алқаптарында егілуде.
Еліміздегі шитті-мақта сорттары туралы айттыңыз. Жалпы, Оңтүстікте қандай сортты талшық түрлері егіледі, олардың қандай қасиеттері бар?
Әлем елдерінде шитті-мақта сорты өте көп. Талшықтың үш түрі бар. Олар ұзын талшықты, орта талшықты және қысқа талшықты болып бөлінеді. Осының ішінде Оңтүстікте орта талшықты Өзбекстанда бұрыннан келе жатқан АнБауят-8, С-4727 секілді шитті-мақта сорты тоқтаусыз отыз жылдан бері егіліп келеді. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты іздену нәтижесінде алынған жаңа сорттар ПА-3031, ПА-3044, М-4005, М-4077, М-4011 қазіргі таңда көп аудандарға жерсіндіріліп егілуде. Өнімнің көлемі, талшықтың сапасы, шығымдылығы бойынша Өзбекстанның ескі сорттарына қарағанда артықшылықтары жетерлік. Орта талшықты отандық өнімнің шығымдылығы -41,7%, үзілу ұзындығы -28,4мм, беріктігі -5,1кг, талшықтың ұзындығы -42,7мм. Гектарына өнімділігі 32-35 центнер. Осындай көрсеткіштердің арқасында еліміз шитті-мақтаны өңдеп өндіруден әлем елдерінің ішінде 13-15 орындарда келеді. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қазіргі таңда көптеген зерттеу және шитті-мақтаны дамыту жұмыстармен айналысуын жалғастырып келеді.
Соңғы жалдары шитті-мақта бағасына деген шаруалардың реніші жиі байқалатыны жасырын емес. Биылғы жиын-терін кезінде бұл мәселенің шешімі қалай болмақ?
Сұрағыңыз өте орынды. Шитті-мақта шаш етектен жұмыс күшін қажет ететін өнім. Суғару, гербицидтер мен пестицидтерді сатып алу, түрлі өңдеу жұмыстары тағы басқаларын қоспағанда әдепкі шығын шаруаның қалтасына түсері анық. Бұл көп қаржыны талап етеді. Биылғы жылдың бірінші терімі шаруалар үшін жаман емес. Қабылдау пункттеріндегі шитті-мақтаның тоннасы 100-105 мың теңгеден басталды. Жылдағы зерттеу жұмыстары бойынша терімнің соңына қарай 135-145 мың теңге көлемінде болады деген болжам бар. Шитті-мақта бір қар жауғанша теріле береді, күннің көзі ашық болса болғаны, қауашағы ашыла береді. Әрине, шаруаларға барынша бағаның көтеріңкі болғаны тиімді. Биылғы баға жылдағыдан салыстыра қарағанда жоғары деп айтуға болады.
Расында бұл сала үлкен өндірісті қажет ететіні белгілі. Бұл ретте шитті-мақта саласында әлі де түйіні шешілмеген қандай мәселелер бар деп білесіз?
Мәселе деген барлық салада бар, бірақ көзге көрінбейтін дүние. Ең біріншіден, шитті-мақта өндірісін қарқынды дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама жасап, шаруаларға субсидияның мөлшерін көбейту қажет. Екіншіден, мемлекеттік қабылдау пункттерін көптеп ашып, шикізаттың тоннасын шаруаның межелеген бағағасына дейін жеткізсе, онда бұл үлкен көмек болары сөзсіз. Шаруа мен мемлекет жылда өзгермелі экономикаға байланысты баға мәлелесінде бір шешімге келсе дейміз. Өйткені қабылдау бөлімдері шаруаның шығынын ескермей, бағаны өздері белгілейді. Жасыратыны жоқ, жылда өнім алатын топырақтың сорлануы мен егістік алқаптарды құнарландыру бойынша шаруаға техникалық көмек көптеп қажет. Жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, мол өнім жинап жатқан шаруаларға бір реттік датация беру қарастырылса да артық етпейді.
Өзіміздің елде егіліп-жиналатын шитті-мақтаның мөлшері жеткілікті. Өз шикізатымызды қазір Қытайға тасымалдаймыз. Алайда басты мәселенің бірі – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл да оңтайлы шешімін табар еді. Айталық, жеке-меншік қабылдау бөліміндегі жұмыс мерзімі 3-4 ай болса, қалған мерзімде олар жұмыссыз. Егер мемлекеттік өндірістерді ашатын болсақ жыл он екі ай адамдарға да тұрақты жұмыс табылар еді.
Ара-тұра тоқыма фабрикалары да тоқтап қалады. Себебі шикізаттың жоқтығы. Өз жерімізде егілген шитті-мақтаны шет елдерге сатуды тоқтатып, елімізде орналасқан кәсіпорындарда өңдеп, дайын бұйымды көптеп шығарсақ Қытай мен Түркияның, Еуропаның қымбат тауарларынан біршама тәуелсіз болуға жол ашылады.
Сөз жоқ, Оңтүстіктегі жоғарыда аталған фабрикалар қолғап, шұлық, көрпе тыс, сүлгі, т.б. түрлі өнімдерді өндіруде. Бірақ оған еліміздегі сұраныстың аздығынан, сапалы тауар, шет елдерге шығарылып, сатылуда. Міне мұндай өнімдердің өз жерімізде өндірілетінін барша жұрт біле бермейді. Сондықтан тапсырыс мөлшері тым аз. Осындай өнімдерге еліміздегі ауруханалар, интернат үйлері, қарттар үйі, жоғары оқу орындарының жатақханалары, демалыс орындары мен Қазақстан темір жолы, т.б. ірі-ірі компаниялар мен ұжымдар көптеп тұтынса өнімнің қолданыс аясының да кеңеюіне септігін тигізер еді. Бұл өз кезегінде өнімнің мөлшері артып, жұмыс орнының да тұрақтылығына алып келетін болады. Мұндай мәселелерді шешу үшін сөз жоқ, мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік бақылау бүгінгі таңда аса қажет.
Тоқыма саласында біраз қиыншылықтар барлығы белгілі. Ал жаңадан құрылып жатқан өндіріс орындары аяқтан тұрып кету үшін бүгінгі таңда қандай шаралар жасалу қажет?
Бүгінгі таңда елімізде тоқыма саласымен Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы тоқыма кәсіпорындары ғана айналысады. Алматыдағы химиялық талшықтан оның ішіндегі жасанды және синтетикалық талшықтан жасалатын бұйымдар өндірілсе, Жамбылдағы кәсіпорындар негізінен жүн талшығынан жасалған жіптер мен одан тоқылған маталарды, дайын бұйымдар шығарылады. Ал Оңтүстіктегілер шитті-мақта талшығынан жасалған күнделікті тұрмыста қолданылатын көптеген бұйымдарды жасап шығаруда. Бұл кәсіпорындардың барлығы да жеке меншіктің иелігінде. Жасаған дүниелерін ел тұтынады. Кәсіпорындағы машиналардың барлығы дерлік шетелдік станоктар. Өз елімізде мүлдем шығарылмайды. Соңғы инновациялық технологиямен жасалған стоноктардағы өнімдер өте сапалы шығады. Бүгінде біз өз елімізде авто көліктерді құрастыра бастадық. Бұл жақсы экономика, ал осындай өндірістік зауыттық өнімдерді құрастырсақ ел экономикасына тигізер пайдасы зор болары сөзсіз. Шетелдің өндірістік машиналар шығаратын «Рейтер, Труслер» фирмаларының филиалдарын өз елімізден ашсақ, онда алдағы уақытта индустриалды-инновациялық даму жолына түскен Орта Азия мемлекеттерінің көшбасшысына айналар едік.
Қазіргі таңда барлық мемлекеттердегі басты мәселе өндіріске қажетті машиналар, стоноктар, басқа да керек жарақтар шеттен тасымалдануда. Бұл шығарылған өнімнің өзіндік құнын тым жоғарылатып жібереді. Шетелдіктер бізге өз машиналарын лизингке бермейді, мемлекетаралық келісімдер жоқ. Тасымалдайтын делдалдар өте қымбат бағамен әкеледі. Осы мәселені жүйелі түрде мемлекет шешсе біраз шаруаның басы қайырылған іс болар еді.
Осы орайда жеңіл өнеркәсіп саласындағы ғылыми жетістіктер қай деңгейде? Олардың өндірістерде қолданылу жай-күйі қалай? Осы мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шитті-мақта сортының жаңа түрлерін жасаумен, сапалы талшық өндіру жұмыстарымен, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін шығарумен ұдайы айналысып келеді. Алматы ғалымдары негізінен мата, киім саласына көбірек ден қойған. Жамбылдағы ғалымдар жүн маталарын зерттеп қажетті киімдерді жасаумен, сонымен қатар тері илеу, былғары, аяқ киімдермен айналысады. Мұнда жақсы цехтар, фабрикалар баршылық. Нарыққа жақсы тауарларын шығарып жатқан жайлары да бар. Оңтүстік ғалымдары жіп жасау, мата тоқу, киім тігу, машиналардың механизмдерін жетілдіру сияқты т.б. жұмыстарды дамытуды қолға алған.
Барлық ғалымдар да өндіріске инновациялық жаңалықтарын енгізумен шұғылданады. Жоғарыда аталған жетістіктер ғылыми ізденістердің арқасында болып жатқан дүниелер. Ғалымдарды қолдау мемлекетте жақсы жолға қойылса өндіріс орындарының экономикалық әлеуеті, техникалық жағдайы өте жақсы болар еді. Ғалымдардың еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына тигізер пайдасы өте зор.
Енді осы салаға тиісті болған өзіңіз айналысатын ғылым жайлы сөз етсек. Сіздің айналысқан ізденістеріңіз, қандай зерттеу жұмыстары жүргізілді, өзіңіздің еңбектеріңіз туралы айтсаңыз?
Ғылымның техника саласы бойынша жұмыстар жасаймын. Оның ішінде механика және машина жасау, математика бағытындағы ізденістер. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы машиналардың механизмдері мен теориясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземін. Ғылыми зерттеулерім шитті-мақта талшығының құрамындағы ірі қиқым-қоқыстарды тазалау, шитті-мақта талшығын алғашқы өңдеу машиналарын жетілдіру, шитті-мақтаны тазалау процесінің динамикасы және тағы басқаларды зерттеуге арналған.
Өнертабыстық жұмыстар бойынша Германия, Ресей, Украина, Белорусия, Эстония, Латвия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікістан сияқты мемлекеттерден алынған бірнеше өнертабыстық, инновациялық, еуразиялық патенттер, 100-ден астам ғылыми мақалаларым бар. Халықаралық конференцияларда, Томсан Рейтерстің импакт-фактор журналдарында бірнеше мақалаларымды жарияладым. Үш инновациялық зерттеулерім жаңалық ретінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс орындарына енгізілген. Бүгінде нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Болашақ мамандар үшін «Шитті-мақта талшығын алғашқы өңдеу әдістерін жетілдіру», «Энергосберегающие автомобили» деген монографиялар мен «Тоқыма өндірісінің материалтануы», «Конструкциялық материалдар технологиясы» атты оқу құралдары жарық көрді.
Қолым босай қалғанда әдеби туындыларды да жазатыным бар. «Қылыштың жүзінен де өткір өмір», «Арпалысқан дүние», «Өткен күннің белгісі» атты шығармашылық кітаптар да баспадан жарыққа шықты.
Сұқбатыңыз үшін үлкен рақмет. Алдағы уақыттарда да жас академик ретінде сізге ғылыми табыс, біліміңіздің артып, шығармашылық ізденістеріңіздің де шыңдала беруіне тілектеспіз.
Сұхбаттасқан – А. Мұқабай