Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11041 1 пікір 19 Қараша, 2015 сағат 07:58

АҚИҚАТҚА ҚАЛАЙ ЖЕТЕМІЗ?

Құранда, ежелгі Тауратта баян етілген пайғамбарлар Ыбрайым, Смағұл, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Дәуіт, Сүлеймен, Нух, Лут, Мұса, Иса туралы әңгімелер қайталанып, ежелгі ғұламалардың барлығы осы пайғамбарлар есімдеріне Қазіреті (сөз түбірі, өз түбі, атасы Аз (Азия), Қаз (Қазақ)) деген ата-тегін қосып отырады. Демек, Құран мәтіні тұнып тұрған тарих. ШАРИҒАТ, ТАРИХАТ, АҚИҚАТ сатыларынан өтпеген жандарға құран сырларының есігі мәңгі жабық болмақ. Жаратушы жалғыз Алланы мойындамай, ұлы аталарымыздың тарихын (жақсысын да, жағымсызын да) білмей, Ақиқат делінетін үшінші сатыдан өтіп Мағрипатқа (ғылым мен білімге) жете алмайсың.

Құран – білімнің қайнар бұлағы. Ғалымдардың шамалауынша, қазірге дейін Құран мәтінінің небәрі 10 пайыздайының ғана мәні ашылған, қалған 90 пайыздайы өз уақытын күтіп жатыр.

Неге бұлай? Бар мәселе Алланың хақтығында және оның елшісі Мұхаммед пайғамбар  арқылы қасиетті Құран Кәрімнің бізге жетуінде.

«Құран» деген сөздің өзі де «оқу» деген мағына білдіреді. Алла тағаладан Мұхаммед (ғ.а.с.) арқылы бірінші түскен Алақ сүресінің өзі «оқы» деген сөзден басталады:

«Жаратқан иенің атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің тәңірің – ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін білдірді» (Құран Кәрім, Алақ сүресі. 1-5 аяттар).

Алла тағала адамзатты он сегіз мың ғаламның қожасы, иесі етіп жарата отырып, бұларды игеруге шақырады. Құран Кәрімде көрсетілген табиғи құбылыстар, әртүрлі ағымдағы ілімдер, көзқарастар, ойлар адамдардың ғылымды игеруінің нәтижесінде химия, физика, математика, астрономия, биология, тағы сол сияқты ғылым салалары болып бөлінген. Ислам дінінің бір ғана Орта Азия мен Қазақстанда орнығуы осы өлкелерден дүниежүзіне танымал Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари,  Әбуғали ибн Сина (Авиценна), әл-Бируни, Новайи, Низами, Жүгінеки, Әл-Хорезми, Жүсіп Баласағұни, Бекет Ата  т.б. көптеген ғұлама-ғалымдардың шығуына жол ашты.

Бүкіл әлемде өзге діндегі сан мыңдаған ғұлама-ғалымдар мен оқымыстылар, әдебиет пен өнер қайраткерлері Ислам дініне беріліп, Құран-Кәрімді оқып, оның таңғажайып ғибратына таң қалып, соның негізінде шығармалар жазды. Құран Кәрімнің бір аятында былай делінген: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады». (Қ.К.Әл-Әнкабут сүресі, 43 аят). Хадистерде: «Пенделердің ішінде Алладан шын мәнінде ғалымдар ғана қорқады» делінген.

Бұл жағдайларды қазақтың ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Иасауи атамыз былайша толғаған:

«...Өтті ғұмырым шариғатқа жете алмадым,

Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.

Хақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым,

Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар» (Диуани Хикмет). Өздеріңіз көріп отырғандай, Алланың хақ жолындағы жандардың өтуіне Ұлы Жаратушымен  мүмкіншілік берілген адами қасиеттің сатылары: Шариғат, Тарихат, Ақиқат және Мағрипат деп, реттік жүйемен беріліп және ол пір (ұстаз)  арқылы іске асады делініп отыр.  

 «...Әнбиялардың ақыры

Расулы Мұхаммед

Абзалы артық нұр өткен,

Артынан келіп төрт имам

Шариғат жолын күзеткен,

Пәруәр пірдің басшысы

Қожа Ахмет Яссауи (Иассауи атамызды жай ғана пір емес, сол пірлердің де пірі (ұстазы) деп отыр.

Түркістанда бұ да өткен

Туына жұртты түнеткен

...Айтқаны зікір-салауат

Қашсын деп шайтан маңымнан. (Зікір айтылған жерге шайтан жолай алмайды. Қазіргі кейбір зікірді жамандағыш «білгіштердің» бәрі шайтани жолда жүрген болып тұр).

...Пірлерден ізгі дұға алып

Жамағаттар, құралып

Ораза, намаз тұталық

Ақиқат Хақтан сұранып, (Ақиқатты Алладан сұрап)

Құдай жалғыз, Құран шын,

Ақиқат рас ол анық.

Ахиретті ойламай,   (шариғат, тарихат, ақиқат және мағрипаттың соңынан ахирет (ана дүние) келеді деп отыр).

Ақылы қысқа пендеміз

Дүниеге жүрміз жұбанып.

...Хазіреті ишаннан

Шариғаттың жолында

...Шариғат айтқан тыңдатып,

Азаннан тұрған ыңлатып,

Тағлым, таспих, салауат,

Зікір айтқан түн қатып. (Аталарымыз түн қатып зікір салған болып отыр).

...Пайғамбар айтқан Хадисте:

«Құрметтесең ғалымды

Сүйікті маған үмбет» деп,

Мойнымызда әртүрлі

Ойласақ, борыш міндет көп.

Шарғыда баян етулі – (Шариғатты айтып отыр).

Ең әуелі пендеге

Иманды дұрыс білмек деп,

Парыз дейді ғалымға

Бұқараға көрсетіп

Шариғат жолын үйретпек.

Алладан келген хабар бар:

Әмірімді істемей

Тәрк етсеңіз, махшарда

Тартарсың ғазап-бейнет» деп.

Астана халық ішінде

Білімге терең жүйрік көп,

Шайтан деген зор дұшпан

Адастырып біздерді

Басқа жолға сүйретпек.

...Зікір етіп Аллаға

Тәуекел етіп Тәңірге

Шариғат жолдан таймады.

...Тәуекел етіп Тәңірге

Тарихат жолдан таймады,

Сескенткендей серпіліп

Шайтанға болды айбары. (Тарихат жолындағылар ешқашан шайтанға арбалмаған. Жат жолға түсіп, жат ағымға ермеген. Шайтани жолдағылардың тарихаттан зәресі ұшатындарының сыры осы болса керек).

...Ысрафил сүргін үрген күн

Жан-мақұлық қырылмақ,

Күнәһәрлар сол күнде

Отқа түсер шырылдап.

Тамұққа түсіп қалғандар,

Шырылдап отқа жанғандар-

Бұларды кім деп сұрасаң,

Әмірін Хақтың тәрк етіп

Біреудің хақын алғандар,

Аузына харам салғандар. (Ұры-қары, парақорлар, жебір-жемқорлар, яғни кісі хақын жегендердің бәрінің баратын жері тозақ деп отыр).

Орын алар жәннәттан

Бірлігіне Алланың

Ақиқат кәміл нанғандар. (Иманы кәміл адамдардың орны ұжмақта).

Ұжмақтан үміт етсеңіз

Ізгіліктен танбаңдар,

Жандарыңды шыбындай

Өлмей тұрып қамдаңдар (Иманды адам баласы тек қана жақсылыққа жарысуға тиіс).

...Бұрынғы шайхы, имамдар

Жүргізген екен жұртына

Шариғаттың хүкімін,

Ұстаған діннің бүтінін.

Тарихаттың жолынан

Аудармай көңіл пікірін

Қоймаған дәйім зікірін» Демек, Ұлы Аталарымыз «Алла һай» зікірін ешқашан ауыздарынан тастамаған. Ал оны естіген балалар өз қуаныштарын «Алақай» деп білдіретін болған. (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы -1996. 253-265 беттер).

Түсініктеме: Сәттіғұл Жанғабылұлы (1876-1966) – Маңғыстаулық ақын, ата-тегі Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары болып таратылады. Бұл рудан соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы деп бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) мойындалған Шыңғыс қаған шыққан. 


«...Осыларды үлгі еткен

Кереметті пір де өткен.

Жеті зікір тәмәмдап,

Тарихат жолын үлгерткен,

Шариғат жолын үйреткен.

Шариғат пен тарихат,

Ақиқатты бірге еткен-

Мағрифатқа қол жеткен» (Ыбырайым ахун Құлыбайұлы). Түсініктеме: Маңғыстаулық Ыбырайым ахун Құлыбайұлы (1886-1982). Ислам дінінің ұлы ғұлама, шежірешісі. Ата-тегі:  Адай – Келімберді – Тобыш – Көпес - Еділ – Қараш болып таратылады. Бұл баяғы Ү ғасырдағы бүкіл әлемді билеген әйгілі Еділ (Аттила) патшаның тікелей ұрпағы. Бұл әулеттен (Тобыштардан) Еділ патшадан да басқа бүкіл әлемді билеген Алып Ер Тобыш (лақап аты Афрасиаб, бұдан 2700 жылдар бұрын Баласағұн қаласын салдырған, бүгінгі Европадағы Алып (Альпі) тауы сол аталарымыздың атынан қалған), әйгілі Оғыз (Өгіз) қаған, әйгілі Орақ батыр, Ер Мамай (бүгінгі Ресей жеріндегі Мамай қорғаны сол атамыздың атында), Қарасай, Қази атты қос батырлар (бұлардың бәрі қазақтың «Батырлар жырының» басты кейіпкерлері), парсының Кир патшасын талқандаған Тұмар ханым (Томирис), ұлы дін ғұламасы Қожа Ахмет Иассауи, қой мен қойшының пірі Шопан Ата т.б. шыққан.

Бұл жайлы Адайдың «бес жүйрігі» атанған жыр дүлділдерінің бірі Ақтан Керейұлы (1850-1912) былайша жырлаған:

«Әулие Бекет пірімнің

Оғыландыда ошағы –

Жалыны шалқып шақырған.

Шариғаттың жолында

Баспаған қадам ғапылдан.

Тарихаттың жолында           

Саһардан саба сапырған.

Мүриті қойдай маңырап,

Соңынан еріп қапылған.

Ертелі-кеш еңіреп,

Зікір айтып аһ ұрған.     

Дәріс айтқан ұстазы –

Хиуада Бақыржан.

Үйренген үлгі жолы бар

Құл Қожа Ахмет тақсырдан,

Алласы қалап әуелде,

Уәлилерге бас қылған. (Пірлердің пірі деген мағынада).

Миғражда нұрын көрген соң,

Хақ Расуллі паш қылған.

Арыстан баптай досына

Аманат-құрма тапсырған...

Солардың үлгі жолымен

Бекетім шықты дін түзеп,

Көкірек көзін аштырған...»

Демек, тек «тірі жан» болмай, нағыз адам, яғни Қазақ болу үшін:

Кәпір емес мұсылман болып, шариғатқа (Ислам) жүгініп, оның қағидаларын толық орындауымыз керек екен. Ата-бабаларымыз ең алғашқы Алынша ханнан бері Мұса пайғамбардың жолы мұсылмандықты мойындаған. Ешбір дінді мойындамайтындарды «кәпір» деп атаған (бірақ бұл ұғым кейіннен өзгеріске ұшыраған, яғни ислам дініне өтпей қалғандарды да солай атаған).

Ата-бабаларымыздың өткен тарихы мен шежіресін білуіміз қажет. Қазақта бұл жайлы «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер; Жеті атасын білмеген, құлағы мен жағын жер» делінеді. Тарих болғанда, қазіргі тарихшылардың айтып та, жазып та және ең басты мақсат етіп қойып жүргендеріндей, тек қана соғысты уағыздау емес (қазіргі заман тарихы соғыстан басқа ештеңе жазбайды, бұл тарихты оқып отырып адам баласы мына өмірге тек қана соғысып өлу үшін келгендей болып сезінері хақ), сонымен қатар  ұлы аталарымыздың туған немесе өлген күндері емес, олардың бүгінгі әлем мәдениетіне қосқан үлестерін және олардың аты-жөндерін біліп, ел үшін еткен ерен еңбегін ұлықтап, солар үшін мақтана да білуіміз шарт. Келер ұрпақ сол ұлы аталарының ізгі істерін алға жалғастырып, солардан үлгі алып, соларға ұқсап бағуға тиіс.

Қазіргі көптеген құран оқитындардың Құранды түсінбей жүргендерінің басты себебі, олардың тарихатты мойындамайтындығында жатыр. Ал, Құран болса тұнып тұрған нағыз тарих пен ғылым. Онда адам баласының 70 000 жылғы тарихынан хабар беретін қаншама деректер келтіріліп, қаншама пайғамбарлардың, ұлы ғұламалар мен ұлы патшалардың атқарған игі істері мен есімдері және Алланы мойындамай, халыққа қиянат жасағандардың да қиянат істері мен есімдері қоса аталады. Демек тарихатқа жүгініп, оны білмесең Құранды ешқашан түсіне алмайсың.

Тарих тағлымы: Ата-баба тарихының жақсысын да, қателескен жерлерінде білуге тиіспіз. Бұл бізге аталарымыз жіберген қателіктерге ұрынбай, жақсысын жалғастыру үшін қажет.

Құдай мен Құранды мойындамай, ата-бабаларыңның тарихын білмей адам баласының көзі ешқашан АҚИҚАТҚА жетпейді. Әрқашанда ақиқатты біліп, ақиқатқа жүгінген адам ғана Алланың сүйген құлы. «Алланың жолы ақиқат» делінетіні де осыдан. Шындығында да, жер бетінде ақиқат пен әділетті іздемейтін адам жоқ. Тіпті өмір бойы Алланы мойындамай, адам баласына жақсылық жасап көрмеген, ең әділетсіз адамның өзі басына іс түскенде әділет іздейтіні кім-кімге де белгілі емес пе?! Демек, жоғарыда аттары аталған үш сатыдан (ШАРИҒАТ, ТАРИХАТ, АҚИҚАТ) өту әр бір қазақ азаматы үшін парыз, міндет болып табылады.

Осы жоғарыда көрсетілген үш сатыдан өткенде адам баласының алдынан «МАҒРИПАТ», яғни ғылым мен білімге кең жол ашылады. Адам баласы өз жанынан ғылым шығара алмайды, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезеді, көзбен көріп, ақылмен біледі. Яғни, тек қана Ұлы Жаратушыға аян дүниелерге көзі жетеді.    

Үш сатыдан (шариғат, тарихат, ақиқат) өтіп жасалған ғылым халыққа қызмет жасайды. Олар ешқашан адамзатты апатқа ұрындыратын әрекетке бармайды. Ал бұл сатылардан өтпей жасалған ғылым оның бәрін керісінше жасайды. Мысалы, ядролық, химиялық, бактерологиялық қару жасаушылар. Біріншілерінің атын ұрпақтары ұлықтап, мәңгі бақи атын ауыздарынан тастамайды. Екіншісіне қарғыс айтылады.

Барлық Маңғыстаулық әулиелердің «тарихат» жолын ұстанушылар екеніне назар аударсақ, 360 әулие атауының да өткен тарихқа қатысты екені дауға жатпаса керек. Себебі, адам баласын «әулие» дәрежесіне жеткізетін төрт сатысының (шариғат, тарихат, ақиқат пен мағрипаттың) екінші сатысы осы тарихат. Мағынасына қысқаша шолу жасар болсақ, бірінші шариғатты (ислам дінін) мойындауың, екінші ата-бабамыздың рулық шежіресі мен  тарихын білуің шарт. Осы екі сатыдан өткеннен кейін алдыңнан Алланың ақ жолы «Ақиқатқа» жетесің, яғни  Әділеттің не екенін түсінетін боласың. Сосын соңғы саты ғылым мен білімге де кең жол ашылады.  Әулие атанғандардың барлығы да осы төрт сатыдан өткендер. Өйтпеген де ше? Олардың адам жанын зерттейтін «Хал ілімі (Ар ілімі деп те аталады)» мен Адам ата ұрпақтарының шежіресін сонау Адам атадан бастап тарататынын Маңғыстаулық ақын-жыраулардың барлық шығармаларынан табамыз. Шындығын да «ғылым мен білімнің» төресі, бүгінгілер айтып та, жазып та жүргендей «ракета» жасау емес, Адам жанының мүмкіншіліктерін зерттеп, шынайы махаббат пен шын бақыттың мәні мен мағынасын сезіндіру ғой. Бұған айғақ іздеп, алысқа ат айдаудың қажеті жоқ. Кейбір батыс елдері мен солардың жолын қуған елдер маймыл сияқты жалаңаштанып, еркекке еркек, әйелге әйел үйленіп, жезөкшелікке салынып, бірін – бірі сыйлаудан қалып, ата-аналарын қарттар үйіне тапсырып,  «бақыттан» басы айналып, өмірден түңіліп, өзін-өзі өлтіріп  (суицид) жатқанда, тарихат жолын ұстанушылар да бұндай әрекеттер болмақ түгілі, ондай түсінік те болмаған.

Тарих тағлымы: Адам Атаның қарашаңырағынан шығып, Тарихат жолын ұстанған Әулие-сұпылардың жеткен ғылыми жетістіктеріне Адам-адам болғалы жан баласы жете алмаған, жете де алмайды. Қазіргі кейбір «білгіштердің» бұл жолға қарсы болып, үнемі ғайбаттап жүретіндерінің сыры осы.

Ежелгі жыр-дастандардың бәрінде де, тіпті күні бүгінгі жергілікті Маңғыстау халқының сөзінде  осы түбекті  мекендеген 360 әулиенің ішіндегі ең ерекше қастерлісі  «Әз әулие» делінеді. Күні бүгінгі сөздік қорымызда да «Ол не соншама, Әз әулие ме?», «Тасташы, әрі Әз әулие қылмай» немесе «Неге сен оны соншама, Әз әулие қылып отырсың» деген сөз тіркестері бар. Демек, Манқыстауды мекендеген 360 әулиенің ең біріншісі де, ең ұлысы да, ең ардақтысы да  Қазақ деген атпен бүгінгі күнге жеткен осы елдің негізін қалаған, түп атамыз осы Әз әулие. Сондықтан да, Қазақта күні бүгінде де осы түп атамыздың аты данышпан, әзиз (аяулы) жан деген мағына да қолданылады.

Қазақтың асыл ұлдарының өздерінің тегі етіп жазып алған немесе халық құрметтеп берген лақап (мадақ) аты осы «ӘЗ»  атамыз болып табылады. Мысалы, Әз Наурыз, Әз Түрік,  Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Әзіреті Сұлтан (Қожа Ахмет Яссауи), Әзіреті Расул (Мұхаммед Пайғамбар ғ.а.с.), Қазіреті Әбу Бәкір, Әзіреті Әли, Әзіреті Оспан, Әзіреті Омар, Баба Түктінің әкесі  Шашты Әзиз, Алаша ханның әкесі Керемет Әзіз,  Әбдул Әзиз Баб, Қарабура Әз әулие (Бурахан Әзі), Қазіреттің Қаратауы, Қазіреттің Алатауы т. б. болып жалғасып кете береді. Осы Әз деген сөздің орнына өздеріңіз көріп отырғандай Қаз-да, Қазіреті деп қолданыла береді.

Ақиқаттың атасы Қазақ. Ақиқаттың түбірі (атасы) «Ақтың» Қаздың соңына жалғанып Қаз-ақ атанып жүргеніміздің сыры осы. Бүгінгі Қазақ халқының ежелде біресе Қазан (Қаз Маннның атасы), біресе Қазар (Қазақ Ардың атасы), біресе Қазақ (Қазақ Ақиқаттың (шындықтың) атасы және тағы бір мағынасы Қазақ әлем елдерінің ағасы) атанып жүргенінің сыры осы.

Нұқ пайғамбар кемесінің тоқтаған жері Қазық жұрт (Қазығұрт) тауы деп аталса, Перғауын (Египет Фараондары) әскерлері де «Қазық» деп аталған. Киелі Құран Кәрімде де осылай жазылған. Қазық пен Қазақ синоним. Қаз деген елдің атауы сөздің түбірінде тұр. Ал, «Ықтың» мағынасы су (мысалы. Құдық – құт су, Жайық – жай ағатын су, қайық – су кебісі, сұйық, суық, арық (қолдан қазылған су ағатын ор) т.т. болса, «Ақ» сөзі жоғарыда айтқанымдай, Ақиқат пен Аға деген мағына береді. Яғни Қазақ ақиқаттың атасы және сонымен қатар бүкіл әлем елдерінің ағасы дегенді білдіреді. Сақтың  сөз түбірі Ақ болатыны осыдан. Қаз Сақ және Қазақ дегеніміздегі Қаздың Аға мен Ақиқаттан және Сақтан бұрын аталатынының сыры осы. Демек, Қаздың шығу тегі Сақ аталарымыздан да әрі  жатыр. Еске ұста! Қазақтың сөз жасау қағидасында ұрпағының аты атасынан, әкесінен және ағасынан бұрын аталмайды.  

Тарих тағлымы: Ата-бабалардан қалған ұлы қағида, Әз (Қазақ) ата ұрпақтары өз тарихын бір ауыз сөзбен жазған. Оны толықтай түсінуің үшін кемел адам дәрежесіне көтерілудің төрт сатысынан (шариғат, тарихат, ақиқат, мағрипат) өтуің қажет. Алланың жолы Ақ (ақиқат) екеніне сонда ғана көзің анық жетеді. Ақиқатқа көзі жеткен адамды бұл жолдан ешкім тайдыра алмайды.

Құран таза қазақ сөзі.  Ұр, Құр, Ан деген біріккен сөздерден құралып, Құран болып шығады.  Сөз түбірінде тұрған Құр деген сөздің өзі де Қу және Ұр деген екі біріккен сөзден құралған.

 Адай Ата шежіресінде «Қу» - Адайдың екі ұлының үлкені Құдайке (Қу Адай әке) есімімен берілген. Алғашында Адамдар аталарын осылай таныған. Мына солтүстіктегі көршілеріміздің «во имя отца, сына и святого духа» (Әкенің, баланың және олардың киелі рухының атынан) деп сыйынып жүргендерінің сыры осы. Біздің сөздік қорымыздағы Қу түбірінен жасалатын Құдай, Құда, Құдағай, Қу адам (баламасы қу түлкі), Қуман, Қурай, Құрайыш, Құз (шың), Құқық, Құс, Құт  т.т. ұғымдардың шығу тегі осы.

Ал «Ұр» түбірінен ежелгі шумерлердің Ұран тайпасының есімін және олардың ұрпағы бүгінгі Түркі жұрты атанған елді көреміз. «Ұр» мен «Үр» синоним. Құранның тағы бір түбірі «Ұран» болатыны да осыдан.

Құр – құр тұру (бос тұру), құр қалу (бос қалу), құр жүру (бос жүру), құр тұрмас (бос тұрмас) т.т. болып, бұл сөздің негізгі мағынасы іші қуыс, бос тұрған дүние болып тұр. Бұл сөз сонымен қатар білімсіз қуыс кеуде, іші бос тұрған үңгір, іші қуыс ыдыс т.т. сияқты балама ұғымдар ретінде қолданыла береді.

Ал «Ан»-ға келсек, бұл сөз өзіміздің Ман атамыздың сөз түбірі және сонымен қатар Ана деген қасиетті ұғымымыздың да түбірі болып, адам деген ұғымымызға балама мағына беріп тұр.

Демек, Құран дегеніміз шариғатпен бірге тұнып тұрған шежіре мен тарих. Онда (Құранда) қаншама пайғамбарлардың, ұлы ғұламалардың, ел билеген дана мен данышпандардың; сонымен қатар Алланың да, адам баласының да қарғысына ұшырағандардың аттары аталады. Демек, тарихатты (шежіре мен тарихты) мойындай алмасаң, Құран Кәрімді де түсіне алмайсың.

Қазіргі кейбір азаматтарымыздың Құранды түсіне алмай, әр түрлі ағымдарға еріп, ата салтымыздан, дәстүрімізден, дінімізден безіп, жаңсақтыққа ұрынып жүргендерінің негізгі себебі, шариғат пен тарихаттың біртұтас дүние екендігін түсінуге білімдері жетпей,  бөліп қарағандықтарынан болып отыр. Демек, әрбір адам баласы өз  санасын осы екі іліммен қатар толтырулары керек. Сонда ғана адам баласының көзі ақиқатқа айқын жетіп, әділет деген ұғымның не екенін бағамдап, адами қасиеттің үшінші сатысы Ақиқатқа өте алады.

Егер де сол құр (бос) тұрған кеудеңді (жүрегіңді, жаныңды) Қасиетті Құран білімімен толтырып, шариғат, тарихат, ақиқат атты үш сатыдан өте алмасаң, ол жерге (құр тұрған жүрегіңе)  шайтан ұя салады.

 Ішіне шайтан ұя салғандардың бәрі Адам Атамыздың  шежіресі мен тарихына (тарихатқа) қарсы шығатын болады. Біз қазір тура осы жағдайларды басымыздан өткеріп жатырмыз. Кейбіреулеріміздің «Адам маймылдан (айуаннан) жаратылған», «Біздің атамыз маймыл» деп шапқылап жүргендеріміздің сыры осы.

       Демек, Ұлы жаратушы – Алланың Адам баласына жіберген ең ұлы сыйы қасиетті Құран Кәрімнің ішінде тек қана шариғат емес, оның ішінде тарихатта, ақиқатта және мағрипатта (ғылым мен білім) бар. Атам Қазақтың сөздік қорындағы Құранның түбірі «Құр»-дан жасалатын «құранды» (бірнеше саланың бірігіп, бір мақсатқа жұмылдырылуы), «құрама» (құрама елдер, бұл да сол мағынада) деген ұғымдардың болуы осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.

Атам Қазақтың «Мәдине де Мұхамбет, Түркістан да Қожа Ахмет, Маңғыстау да пір Бекет» деп осы аталарымыздың аттарын әспеттеп, ұлықтайтындықтарының сыры осы. Діннің «теориясы араб та, тәжірибесі қазақ та» деген тұжырымды ғалымдарға мойындатқандар да осы Ұлы Тұлғалар. Қазақ халқы осы «тарихат жолы» арқылы Исламды алғашқылардың бірі болып қабылдады.  

Тарих тағлымы: Тарихатты даттап жүргендер жеңілдетіп айтқанда қазаққа дос емес. Шариғаттан тарихатты бөліп тастаған елдің келешегі болмайды.

ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ - АЛЛА ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БӘРІҢІЗГЕ ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391