ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫН НЕГЕ ОРЫНДАМАЙДЫ?
Мемлекеттік органдар Президенттің отандық өнім өндірушілерді қолдау туралы тапсырмасын орындаудың орнына заңнан мұндай түсінікті мүлдем алып тастады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасын талқылаудың екінші оқылымында мәлімдеді.
«Ақ жол» ҚДП заңға отандық өнім өндірушілер және қазақстандық мазмұн деген ұғымды қалпына келтіруді ұсынады. Бірақ үкімет пен жұмыс тобы қарсы болып, Қазақстанның ДСҰ және Евразия экономикалық одағына кіру келісімшартында бұл ұғымды алып тастаған. Яғни, бұл өз елімізде мемлекеттік сатып алу кезінде қазақстандық бизнесті қолдау және ынталандырудан бас тарту деген сөз. Халықаралық талаптарды сөзсіз орындаймыз.
Естеріңізде болса 2012 жылы 3-қыркүйекте Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазір қазақстандық мазмұндарды барлық жүйеде қолдау - әсіресе, қайта өңдеу өнеркәсібінде, ауылшаруашылық кешенінде бәсекеге төмен салаларда өте маңызды. Барлық елдерде өз өндірісін қолдайды. Бұл тәжірибе бізге өте маңызды.
Үкіметке «Самрұқ - Қазынамен» бірлесеіп әлемдік тәжірибені талдай отырып және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың өзіндік модельін құрастырып шығаруды тапсырамын» - деп айтқан болатын. Ал біз бұл тапсырманы қалай орындадық? Заң жобасынан қазақстандық мазмұн мен қазақстандық өнім деген ұғымды мүлдем сызып тастадық, сонда Елбасының тікелей тапсырмасын орындамағанымыз ба? Сонымен қатар, Азат Перуашев мемлекеттік сатып алу туралы заңға шағын және орта бизнеске жеңілдік жасауды бекітуді ұсынды. Мәжіліс отырысының қорытындысы бойынша, А.Перуашевтың 20 – дан астам түзетулері қабылданды, ал дауыс беру нәтижесінде 9 түзету қабылданбады. Сөйте тұра, «Ақ жолдың» қабылданбаған түзетулерін басқа фракцияның депуттары қатарынан 14 адам қолдады.
Aбай-ақпарат