Сенбі, 23 Қараша 2024
Дей салдым-ау 6061 0 пікір 11 Қараша, 2015 сағат 16:31

МЭР КИІМІҢДІ ШЕШ ДЕГЕН ЖОҚ ҚОЙ, СЭР!


Алматы қаласының әкімі (мэрі) Бауыржан Байбектің сөзін  көше бойында жасыл кеудеше киіп алып, көліктерге ыңғайлы орын тауып беретін елу теңгелік «парковщик-сэрлер» құлағына ілмей ме? Білдей әкімнің бұйрығы неліктен орындалмай жатыр?

Иә, естеріңізде болар қала әкімдігі 1 қарашадан бастап жол жиегіндегі "парковщик-сэрлердің" болмайтынын айтып, сүйінші сұраған еді. Сол кезде «шілденің шіліңгір ыстығына шыжып, қаңтардың қақаған аязына тоңып, елу теңге үшін денсаулығынан айрылып, нәпақа айырып жүрген қазақтың қара балалары жұмыссыз қалатын болды-ау» деп уайымдап едім.

Соның арасынша тағы бір ой киіп кетті. «Неге біздің қара балаларымыз қайыршыға ұқсап, әр көлікке алақан жаюы керек. Қазақтың жігіті өз елінде «есектің артын жуып жүргені» үшін намыстануы керек қой. Бауыржан Байбек бәлкім қазақ жігіттерінің осындай халін көргісі келмейтін шығар». Кім білсін! Әйтеуір «парковщик-сэрлерді» алып тастаймын» деді. Оларды алып тастаса да, алып тастамаса да маған, бізге – бәрібір.

Бәрібір емес екен-ау! Күнде осыларға өз еркіммен елу, кейде жүз, яки екі жүз теңге беремін. Өйткені, ертеден кешке дейін жұмыста қамалып отыратын мен бейбақтың жан адамға жақсылық жасауға уақытым жоқ. Уақытым ғана емес, тиыным да санаулы... Ал, мына жігіттерге «садақа» берсем, біреуге теңдессіз пайда тигізгендей марқаятыным бар. Бұлар да маған әбден үйреніп алды. Мен келе жатсам, ағалап, емен-жарқын амандасып, туысын көргендей қуанып қалады. Кейде әзілдесетініміз бар.

– Сэр, қай уақытта қайтасыз? – дейді қутілді біреуі.

–  Мэр, рұқсат еткенде, – деймін мен.

Мэр дегенім бастығым ғой. Екеуміз езуіміз құлағымызға жеткенше күлеміз. Сосын мен: «Бауырым, мені «сэр» деуіңді қой. Нағыз «сэр» сен болуың керек. Қазақтың жігіттері «парковщик» болмауы керек» деймін. Жүрегіне от салғым, намысын жанығым келеді ғой, баяғы. «Екі балам бар еді, соларды асырау керек» дейді ол. Екеуміз де үнсіз қаламыз. Өз елімізде жүріп, құл-құтанның жұмысын істейтінімізді, қайыршыдай алақан жайып күнелтетінімізді ойлап тұрып, темекінің түтінін бұрқ-бұрқ еткіземіз де, ауыр күрсінеміз. Манағы күлкі зым-зия...

Кеше кешкісін үйге қайтпақ  болдым. «Парковщик-сэрім» жүгіріп келді. Үстіндегі жасыл кеудешесі жоқ. «Сені көлден айырған, Лашын құстың екпіні» деп жырлаған Махамбет есіме түсіп, «Сені киімнен айырған, Байбек батырдың екпіні ме?» дедім күліп...  

– Иә, аға! Бастығым шешкізіп тастады, – дейді.

Үйге қайтып келе жатып, жол жиегіне қараймын. Баяғы жасыл киімділердің бірі жоқ, бірақ қарапайым киімдегі «парковщиктер» жүр.

Бауыржан Байбек дәп бір «парковщиктердің киімін шеш» деп бұйрық берген сияқты елестейді екен.

Қош! Адам болған соң, ойлаймыз. Ойлаған соң, ақиқатқа бір табан жақындай түсеміз. «Алматы қаласының әкімдігі «парковщик-сэрлермен» неге айқасып жатыр? Бұл сұраққа жауап оңай табыла кетті.

«Қаладағы зерттеу жүргізілген 42 автотұрақтан 1 сағат ішінде 305 мың 500 теңге түскен. Ал тұрақта 4 мәрте ауысқан автокөліктерден 1 тәулік ішінде жиналған ақша көлемі – 1 млн. 222 мың теңге болмақ. Енді есептей беріңіз, егер автотұрақ 1 тәулікте дәл осылай ақша табатын болса, ол 1 жыл ішінде 446 млн. 30 мың теңге жасайды деген сөз. Ал бұл қаражаттың қанша бөлігі қала қоржынына түседі?! Ол бір Аллаға ғана аян», – деп жазыпты «Алматы ақшамы» газеті.

Бәсе, бәсе! Мәселенің түйіні қаланың бюджетін толықтыруға келіп тіреледі екен ғой. Демек, аз уақытта қала көшелерінде әуежайдағыдай терминалдар орнатыла бастауы мүмкін деген сөз. Дәл батыстың қалаларындағыдай...

«Парковщик-сэрге» ақша шығындамайтын болдық» деп қуанған тұрғындар, дайындала беріңіздер!

Қаланың бюджетіне көмек көрсетесіздер...

Бүгін "парковщик-сэр" киімін шешті, ал біз бұған дейін белгісіз біреулерге "шалбарымызды шешіп беріп" жүріппіз...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394