Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 9578 0 пікір 4 Қараша, 2015 сағат 13:34

"ОРАЛМАН" СӨЗІНІҢ ОРНЫНА ҚАНДАЙ ТЕРМИН ҚОЛДАНАМЫЗ?

Оралман» терминінен бас тарту керек. Сенатор Икрам Адырбековтің бұл пікірі елді елең еткізді.

«Егер бізде бір ұғым, қандай да термин пайда болса, соған аяғына дейін байланып қаламыз. Қазіргі күні бізде «оралман» терминінің өзі біршама кері түсінік тудырып жүр. Азаматтық алғандар өздерінің мәртебесін ауыстырып, «оралман» мәртебесінен айырылады деп жатыр. Мен бұған келіспеймін. Өйткені, басынан бастап оған «оралман» дегендіктен ол ауылдастары үшін де, сол өңір үшін де оралман болып қала береді», –  дейді сенатор.  

Бұл пікірге қатысты қоғам өкілдері, саясаткерлер, зиялы қауым не дейді екен?. Abai.kz қысқаша сауалнама жүргізген еді.  


Ауыт Мұқибек, ақын:

Сенатор Икрам Адырбеков ағамыздың бұл ұсынысын естіп, кәдімгідей елеңдеп, қуанып қалдым. «Оралман» деген сөздің құлаққа түрпідей тиетіні рас. Негізі бұл атауды Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да жек көреді. Анау бір жылы төрт-бес журналистті арнайы қабылдаған сұхбатында «Осы атау маған ұнамайды! Өзгерту керек!» дегенін бүкіл дүниежүзі естіді. Елбасы сөзінің неге атқарылмағанын білмеймін. Мемлекет басшысының өзі де таяу жылдардан бері «Оралман» деген сөзді қолданып жүрген жоқ, ылғи да «Қандас», «Қандастар», «Қандастарым» деп жүр... Оның үстіне, міне, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауына барды. Бұл көші-қон заңының тиімді тұстары өте көп. Қазақ көшінің екінші кезеңі басталайын деп тұр. Осындай бетбұрыс кезеңде «Оралман» атауын өзгертіп, алыстан келген ағайындарымызға Елбасы айтатын «Қандастар» деген термин қолданғанымыз өте дұрыс болар еді.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Жалпы, шет елден келіп жатқан қандастардың статусын білдіретін саяси термин болғаны дұрыс. Егер де оралман деген сөз ұнамай жатса, оның орнына басқа саяси термин енгізу қажет. Мысалы, дүниежүзінде «репатриант» деген термин бар. Әлем елдері тарихи отанынан оралған азаматтарды «репатриант» деп атайды. Мен өз басым осы халықаралық терминді пайдаланған дұрыс болар деп ойлаймын.  


Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

– Шындығында да, оралман атауын өзгертетін уақыт жетті. Өйткені, бұл сөз шеттен келген қазақты бөлектеп тұрады. Мұның сыртында қазір түрлі жағдайлар себебінен, бұл атауға қатысты негативті көзқарас қалыптасып үлгерді. Ғылыми тілде «репатриант» деген термин бар. Біз сол секілді ешкімнің көңіліне тимейтін атау тапқанымыз жөн. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 1 млн. қандасымыз елімізге көшіп келді. Сол миллион азаматтың талабын ескеріп, «қандастар» деген секілді ұлтты біріктіретін атау қойғанымыз жөн. Қойылатын ол атауды ғалымдар, саясаткерлер, қандастар, жалпы қазақ болып талқыға салып, шешім шығарған дұрыс. Өйткені, қазір оралман деген сөз өзгелерді былай қойып, өз қазағымыздың арасын екіге бөліп отыр. Ауылға барсаңыз, қарапайым халықтың өзі «ой, олар оралмандар ғой» деп сыртқа тебеді. Біз қазақтың бір-бірін бауырластыратын идеология жүргізуіміз қажет. Әйтпесе, әлеуметтік проблемаларға жол беріп қоюымыз ықтимал.


Сайын Борбасов, саясаттанушы:

– Меніңше, «оралман» деген жаман сөз емес. Бұл атау бастапқыда әлеуметтік статус беру үшін қолданыла бастаған болатын. Мұны кемсітудің құралы деп ойлауға болмайды. Бірақ, шеттен келген ағайынға бұл атау ұнамайды екен. Олар бұл статусты төмендету, бөлу деп қабылдайды. Атауда тұрған ештеңе жоқ. Егер де солай дейтіндер болса, «шеттен келген ағайындар» деп атайық. Яки, ешқандай анықтауышсыз-ақ «ағайындар» деп атап, бұл сөзді әлеуметтік статус ретінде бекітейік.


Дәурен Бабамұрат, саясаттанушы:

– Оралман атауын өзгертуді қолдаймын. Себебі, соңғы кезде осы бір атауға қатысты ішкі күштер түрлі негативті пікірлер қалыптастырып жіберді. Қазақ қайда болса да, қазақ. Бір-бірінен анау айтқандай айырма жоқ. Оларды жерге, мемлекетке қарап, бөлшектеуге, оларды шымкенттік, алматылық, қытайлық, моңғолиялық деп бөлуге құқығымыз жоқ. Шеттен келіп жатқан ағайын – біздің бауырларымыз. Сол бауырларымыздың көші саябырсып қалып еді. Мемлекет қазір заңды қайта қарап, азаматтық алудың жолдарын жеңілдетіп жатыр. Осындай кезеңде қандастарымыз елге көптеп ағылу үшін «оралман» сөзін қолданыстан алып тастаған жөн.

Дайындаған Шәріпхан Қайсар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320