КЕЛІМБЕТОВ КЕТТІ. НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Сенатына Ұлттық банктің төрағалығына Данияр Ақышевтың кандидатурасын қарауды тапсырды. Бұл туралы abai.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметінің «Твиттердегі» аккаунтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жоғарғы палатаның пленарлық отырысына Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллин қатысып, Елбасының тікелей пәрменімен Ұлттық банк төрағасы лауазымына Данияр Ақышевтың кандидатурасын мақұлдауды тапсырған. ҚР Сенатына жолдаған үндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінде Банкке және ұлттық валютаға сенім кеміп отыр. Мұндай төменгі көрсеткіштерді жою бағытында жұмыс істеу керек. Ақышевтің білімі мен тәжірибесі оған осы тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді деп сенемін» деген.
Ал, пәрменсіз Парламенттің сенімнен айырылған Сенаты Ақышев туралы Президенттің ұсынысын бір ауыздан мақұлдады.
Сонымен Қазақстанды қаржылық қиындықтан құтқару үшін Келімбетовті тағынан тайдырған Ақышев кім, қандай лауазымды қызмет атқарған? Сірә, Президенттің пәрменімен қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы тұсынд Ұлттық банкті басқаруға келген бұл Ақышев тегінде бекер адам болмаса керек-ті.
1976 жылы Алматы қаласында туған Данияр Ақышев Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы – экономист, банк саласында бірқатар қызметтер атқарған. Орталық Азиядағы қор биржасында жетекші экономист болған. 1996-2007 жылдары ҚР Ұлттық банктің статистика департаментінде қызметте болған. 2007-2014 жылдары ҚР Ұлттық банк төрағасы орынбасары болған. ҚР Президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономика бөлімінің меңгерушісі, 2015 жылдан бастап ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін уақытша атқарып келген.
Ақпан девальвациясы мен тамыздағы теңгені таргеттелі тек қарапайым қазақстандықтардың ғана емес, Келімбетов пен Мәсімов Үкіметіне де соққы боп тигені жасырын емес.
Сонымен, Қазақстанның қаржы саласында өтірік уәдесі мен әрі алаңсыздығымен танымал болған Келімбетов қазақстандықтардың есінде несімен қалады?
- 2013 жылы қаржы нарығындағы жағдайды қалыпқа түсіру үшін Қайрат Нематұлы Сенаторлардың сенімінен шығып, бір ауыздан қолдауларына ие болып, Елбасының ұсынысын қабыл алған болатын. Сол кездің өзінде «Теңге құнын жоғалтпайды» деп уәде берген Келімбетов мырза айналдырған екі жылдың ішіенде Қазақстан вальютасының құнын қара бақырға пара-пар етіп жіберді.
- «Ресей рублінің бағасы қандай болады? Еуропа мен Қытай экономикасының өсуі қандай болады? Мұнайдың бағасы қандай болады? Бұған қарап отырудың қажеті шамалы, бізде барлығы бізде ойдағыдай болды. Сондықтан 3-5 жылда ешқандай өзгерістер болмайды» деген Келімбетов сол күннің ертеңінде Үкіметтің теңгені құнсыздандырып жібергенін бір-ақ білді.
- Әуелі доллар бағасы 150-ден 182-ге бірақ ыршыды.Тіпті, сол кездің өзінде баға – 220-ға дейін көтерілуі мүмкін деген қауесеттің болғаны рас.
- Алайда бәрін бақылауда ұстаймын деген Қайрат мырза «ұйықтап жатқанда» билік девальвация жасап үлгерді.
- 2014 жыл қазақстандықтардың Келімбетовті отставкаға жіберуін талап етумен есте қалды. Бір емес, бірнеше мәрте Алматы қаласындағы Ұлттық банк ғимаратының алдына жиналған нөпір қауым Қайрат Нематұлы «тағынан» тайдырмақ болды. Тіпті, алаңға әйелдердің іш киімін бастарына киіп шыққандар да табылды.
- Иә, биыл да Бас банкир ешқандай девальвация болмайтынын ескертіп, елді тыныштандыру саясатын мықтап қолға алғандығын көрсетті. Мәсімов мырза пәрменімен төраға Келімбетов қараша халықты тағы да алдап соқты.
- 2015 жылы бір емес, екі бірдей девальвация жасады.
- Ақпан айында девальвацияның алғашқы толқыны соққанда, қазақстандықтар Келімбетовтің отставкаға кетуін талап етіп, пикеттерге шыға бастады. Алайда бұл ақылдасқан түрде жасалған мәжбүрлі девальвация болған соң, Мәсімов Үкіметі Келімбетовті орынтағында сақтап қалды.
- Сонымен 2015 жылы тағы да теңге девальвациясы орын алды! 20-тамыз күні кешке айырбас бағамы – 255,5 болды. Бір күннің ішінде халық теңгелей ақшасының 35-40 пайызынан айырылып қалды. Теңге еркін айналым бағасына шықанға дейін Н. Назарбаев айтқандай, екі жылдың ішінде ұлттық қордан $28 млрд жұмсалыпты. Яғни теңгені бұдан екі жыл бұрын еркін айналым бағамына жібергенде сол $28 млрд қоржынымызда қалар еді.
10. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында біздің кейіпкеріміздің беделі беа тиынға дейін түссе керек, БАҚ-та Қайрат Келімбетовтің орнына лайықты кандидаттарға болжамдар жасала бастады.
Тіпті, Келімбетовтің келісімінсіз, оны отставкаға жібергендер де болды. Алайда ҚР Президентінің өзі бастап, Келімбетовке сенетінін айтты (http://ult.kz/?p=790).
«Ұлттық банкке сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, қазіргі өткір кезеңде түрлі арандатулар, өсек-аяңдар, пәлеқорлықтың барлығы пайда әкелмейді. Біз оларды жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз» деп тоқталған Президент, ҚР Ұлттық банктің төрағасы теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу бағытындағы қабылданып жатқан шаралар жайында баяндағанын атап өтті.
Егер Келімбетов басқарған Ұлттық банк Қазақстандағы экономикалық жағдайлардың қиын болатынын, қыржылық қиындық Қазақстанды қос бүйірден қысатынын, теңгенің құнсыздануы мен экономикалық жағдайдың нашарлайтынын ашық айтқан болса, қалай болар ма еді?! Қысқасы, осыдан екі үш жыл бұрын отставкаға кетуі тиіс Келімбетовті қызметінен «кетіріп» тындық ақыры. Тек қанша девальвация жасалғанымен, бар салмақ, ауртпашылық халықтың қалтасына түскені рас.
Естеріңізде болса, Григорий Марченко да Елбасының селтиген серкелерінің бірі еді. Гриша кетті, Келімбетов келді. Келгенімен түк бітірмеді. Ақыры сүйкімсіз кейіпімен кетіп тынды. Енді Ақышев... жазған құлда шаршау жоқ, сеніп көрейік. Әйткенмен де, Ұлттық банк те, Үкімет те халықтың сенімінен шыққалы қашан? Данияр мырза, Билік деңгейінде жасалатын «девальвациядан», «алдап соғудан», «алаяқтықтан» Халықтың әбден қажығанын ескере жүрерсіз...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
abai.kz