МЕКТЕП – САЯСИ БИЛІКТІҢ АСПАБЫНА АЙНАЛДЫ
Қазақстандағы білім беру: Реформалар мен стандарттар
Иә, бізде Қазақстанда білім беру саласында реформалар жүргізілді. Соншалықты жедел де жемісті болмаса да, құптарлық жақтары да болмай қойған жоқ. Алайда бәрі қисынды жеріне жете алмады. Жоғары оқу орындарында басталған жаңаша енгізулер кейін беталды ағысқа жіберілді. Мәселені орта білім беруге қатысты алып қарағанда, ахуал старттық нүктеден жылжығанымен, мұратты мәреге жетпей, салақтап қалғандай күйге түсті.
Дәлірек айтқанда, бұлар тек құрылымдық реформалар болып шықты. Білім контенті бұрынғыша қалып қойды. Өйткені білім берудің құрамы мен мазмұнын айқындайтын ғылыми сарабдал тұжырымдама болған жоқ, ол қазір де жоқ.
Бір жағынан, игерілмейтін академиялық білімдермен балалардың басын қатыратын, екінші жағынан – оларды қоғамның саяси-құқықтық шынайылығынан ажыратып тастайтын, ескі знаниеценристік жүйенің салдарынан құндылықтар төңкеріліп түсті, ұлттық мәдениет тығырыққа тірелді, өсіп келе жатқан ұрпақтың мақаулануы жалғасын табуда.
Знаниецентризм туралы сөз болғанда, аттап өтпеуге болмайтын бір ұстанымды нәрсе бар. Ол – білім беруді реформалаудың басты компоненті – базистік оқу жоспарын құру.
Қазақстандық бiлiм стандарттары мазмұны жағынан ғана емес, мемлекеттiк құжатты дайындау процедурасы мен әдiстерi жағынан да ресейлiктердiкiне ұқсас болды. Қазақстандық педагогтар үнемі ресейлік әріптестерінің құжаттарын (кейбір арнайы ерекшеліктерін ескере отырып) көшіріп алумен айналысып келеді.
Реформалар мен стандарттар жөнінде РБА академигі А.Новиков былай деген еді: «Дәстүрлі білімдік тұрғы (знаниецентризм – Автор) туралы әңгімелерді қорытындылай келе, өкінішпен былай деуге болады: барлық мектеп «реформалары» мен «жартылай реформалар», реформаға талпыныстар соңғы қырық жылдан астам уақыт ішінде бірдей құрылып келеді. Алдымен «реформаның» жалпылама, күңгірт және нақтыланбаған мақсаты қойылады, сонан кейін оқу жоспарының «тоқашын» бөлу, демек, «пән мамандарының» қайткен күнде оқытуға бөлінген сағаттарды мейлінше көбірек қамтып қалу әрекеті басталады. «Тоқаш бөлісу» аяқталған соң, оқу курсы бұрынғыдай, ұстанымды ешқандай өзгерісі жоқ, ескі мазмұнмен толтырылады. Соңғы онжылдықтарда жүргізілген мектеп реформаларының тығырыққа тірелуінің түпкілікті себебі осылармен түсіндіріледі» [А.Новиков. Содержание общего образования: от школы знаний к школе культуры // Народное образование, 2005, № 1. 41-бет].
Өзінше ойлап, әрекет етуді үйренбегендігін тағы дәлелдеген қазақ педагогтары 2002 жылғы қабылданған білім беру стандарттарын да Самарадан «қазақ әріптестеріне көмекке арнайы келген» профессор Е. Коган басқарған ресейлік педагогтардың қолына ұстата салған болатын. Шығармашылық еріктің орнына әдеттер мен таптаурындар меңдеген олар тағы ресейліктердің ескі жолының шаңын бұрқыратып кете барды. Пәндерді оқытуға бөлінген сағаттарды жобаны дайындау үдерісін басқарғандар «пышағы бар сүйгенін жейді» ұстанымымен өздеріне икемдеп бөліп алды. Олардың дені жаратылыстану-математика циклінің өкілдері болғандықтан, стандарт автоматты түрде знаниецентристік сипатта болды да шықты.
***
Білім беру үдерісі
қалай басқарылады:
педагогика қағидаларымен бе, әлде саяси айлалармен бе?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның білім беру кеңістігінде салауатты ойлау шеңберіне сыймайтын бірқатар оғаш құбылыстар болды. Олар рухани даму заңдылықтарымен таныс адамның жағасын ұстататын, ешбір салауатты саясатшы, ой кеше білетін философ, балаға жаны ашитын педагог бара алмайтын бірқатар антипедагогикалық әрекеттер ретінде сипат алды. Олардың бәрі білім беру жүйесінің жұмысын ұйымдастыруға институционалдық өзгерістер енгізумен байланысты көрініс берді.
Саланың жұмысын ұйымдастыруға институционалдық өзгерістер енгізу «Білім туралы» заңның 3-бабы бойынша мектеп ашу, жабу, оған директор тағайындау, босату, кадр қабылдау істерінің білім министрлігі құзіретінен алынып, жергілікті атқарушы биліктің қарауына берілуінен көрініс тапты. Бұл практика бұдан былай білім беру мекемелерінің жұмысы педагогиканың қағидаларымен емес, саяси амалдармен басқарылатынын, мектептің атқаруға тиісті функциясы маңыз аларлықтай өзгеретінін көрсетіп берді.
Осыдан кейін мектеп аспап рөлін атқаратын режімнің («инструментальная власть» терминін Батыс постмодернистері жиі қолданады. Ол билікті иемденіп алғандардың оны аспап – инструмент ретінде пайдалануы дегенді білдіреді) бір буыны болып шықты. Мектеп білім және тәрбие берушілік қызметінен екінші қатарға ысырылып, бағдарламадан тыс әрекеттермен айналысуға көбірек тартыла бастады. Мұғалімдер билік тарапынан өткізіліп жатқан саяси сипаттағы шараларға көбірек жауапты болатын болды. Мектеп оқушыларын ата-аналарды «дұрыс» дауыс беруге, демек, жергілікті билік ұсынған тізімдегі кандидаттарды қолдап шығуға көндіруге жұмсады. Тәуелсіз ұйымдар саяси шара өткізуге тапсырыс берген алаңға олардан бұрын келіп алып, түрлі жарыс немесе өзге бір «мәдени» шаралар өткізген болып, ол ұйым мүшелерін алаңға жібермеу міндетін атқарды. Мұғалімдер әскер қатарына шақырылушылардың тізімін жасауға, тұрғындар санағын өткізуге қатысты. Бұған қоса, мұғалімдерді газеттер мен журналдарға сыртынан жаздыру, жергілікті илеуден өткен артистердің концерттеріне қатысуды міндеттеу орын алды. Оқушылар мен студенттер түрлі шараларға қатысушы көпшіліктің рөлін ойнады, стадиондарды, алаңдарды, залдарды толтырды. Осылай білім беру мекемелері биліктің саяси ойын элементіне айналып шыға келді. Жаңа «жұмыс берушінің» нұсқап отырған міндеттерін орындамауға мұғалімдердің қауқары болмады.
Білім беру жүйесінің жұмысын басқаруға арнайы институционалдық өзгеріс енгізіп алмай, жергілікті әкімшілік мектептің білім беру үдерісіне араласа алмас еді, оны бағдарламадан тыс мақсатты шараларға жұмсай алмас еді. Институционалдық өзгерістерден кейін мектеп іс жүзінде Білім және ғылым министрлігі жүйесіндегі иерархияларға бағынбайтын болды. Аудандық, қалалық, облыстық білім департаменттеріне берілетін есеп формалы сипат алды. Жергілікті билік иелері өздері тағайындаған директор арқылы мектепті уысында ұстап отырды.
Мектеп оқытудың сандық көрсеткіштерін ғана қамтамасыз ететін мекемеге айналды. Енді мектеп әкімшілігінің өзі емтиханға жіберген оқушылардың ҰБТ тапсыру нәтижелері білім мекемесі жұмысының сапасын бағалаудың жаңа критериіне айналды.
***
Мектептің білім және тәрбие беру функциясының өзгеруі саланың қызметіне үлкен залалын тигізді. Алдымен ондағы кадрлардың ұсақтауына әкеліп соқтырды. Өз ісін тыңғылықты атқара алатын, осы кәсіпке жүрек қалауымен келген, балаға білім мен тәрбие беруге кәсіпқой қызығушылығы бар мұғалімдер мектепке керексіз болып қалды. Олардың жастарға білім мен тәрбие беруге ізгі ниетті ұмтылысына сұраныс болмай қалды.
Солай бола тұра, кәсіпқой мұғалімдер мектепті өзінің имманентті функциясынан ажыратып тастаудың білім мен тәрбиенің сапасына кері әсері болатынын, білім беру үдерісінің формалылыққа ойысып бара жатқанын айтып, наразылық білдіруді жалғастыра берді. Олар жергілікті билік өкілдерінен мектептің атқаруға тиісті төл міндетіне – білім мен тәрбие беру ісіне кедергі жасамауды, бағдарламадан тыс шараларға қатыстыруды тоқтатуды талап етті. Тоқсаныншы жылдардың ішінде олардың дауысы алыстан болса да естіліп жататын.
Талапшыл кадрлар біртіндеп мектепті тастап кетіп жатты. Олардың орнын өзге түсімді жұмыс таппаған соң, білім беру жүйесіне еріксіз келген адамдар басты. Олар бала оқытып, тәрбиелеуге әуестігі мен қызығушылығы болмаса да, жоғарыдан келген нұсқауды талқыламай, сөзсіз орындап отырды. Бұдан кейінгі кезеңдерде кадр құрамы толығымен сүреңсіз педагогикалық планктонмен ауыстырылған соң, талапшыл мұғалімдердің үні өшті. Қазір мұғалімдік қызметті жүрек қалауымен, әуестігімен таңдап алған, барын салып бала оқытқысы келетін, кәсіпқой мұғалімдер мектептерде жоқтың қасында.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ
kzhukesh@mail.ru
(«Тіл философиясы» атты кітаптан)
Comments. Abai.kz
Мұғалімдер – қазіргі биліктің құлдары. Ол құлдар мектепте тура өздері сияқты билікке адал қызмет ететін, «шүкіршіл», «тәубешіл» құлдарды дайындап шығарады.
Мұғалімдерді сыйламай, осылай құл қылып қойған биліктегі көзқаман-мәңгүрттер мектепте оқығанда екіліктен көздері ашылмаған кеще-топастар болса керек ?! Ақыл-есі дұрыс адам мұғалімдерді бұлай қорламаса керек еді!
Мұғалiм, дәрiгерлер, «менттер», мемқызметшілер – олар өкіметтiң малдары ғой: кайда айдайды – сонда барады! Немiстердiң мұғалiмiне солай айтшы, көзiне көк шыбын үймелетсiн!
Концертке билет алатын да – мұғалім;
Қоқыс жинап, жағатын да – мұғалім;
Жиналысқа баратын да – мұғалім;
Ең аз табыс табатын да – мұғалім;
Сайлау десе шабатын да – мұғалім;
Қарызға көп бататын да – мұғалім;
Ұстазыңды қадірлей біл, қазағым!
Обалдары жоқ, о баста мойынға мінгізіп нелері бар, бір мінген екен, енді есекше салпытып екі құлақтан теуіп, өлдім десе де түспес.
Мектептің директорлары оқу бөлімдерінің қарғыбаулы иттері сияқты. Қарамағындағы мұғалім-қойларды овчарка сияқты айдап, иіріп отырады. Мектепті әкелері мұра ғып тастап кеткендей шіренеді... Біздің қоғамның ең бір іріп тұрған, көзге көрінбейтін рак сияқты ауруы – осы.
Құрметті ұстаздар! Өзіңізді өзіңіз құтқармасаңыз, сіздерді ешкім құтқара алмайды! Қолбала-құлдан кім оңайлықпен ажырасын? Өзіңізді құтқару үшін, сіз өз мамандығыңыздың нағыз шебері болып қана қоймай, ҚР заңдары мен өз мекемеңіздегі еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауларыңыз қажет! Яғни, басшыларыңыз сізді бопсалауға мысқалдай да мүмкіндік қалдырмауға тиістісіздер. Олай болмаған жағдайда, құл болғаныңыз – болған!
Бұл пікірлер біздің қоғамдағы ащы шындық. Былай қарағанда, мұғалімдер түгелдей дерлік жоғары білімді, көзі ашық, абзал жандар. Еліміздің болашағына жауапты білімді шәкірттер даярлайтын негізгі тұлғалар. Ендеше неге өз құқықтарын аяқ асты еткізеді? Саяси тапсырысты орындайтын ұстаз қай уақытта бала оқытады? Қай жерде жүріп, шығармашылықпен айналысады? Міне, осыдан кейін мектептерде қандай білім сапасы болуы мүмкін? Қысқасын айтқанда, еріксіз түрде ұстаздар білімі төмен, ар-намысты білмейтін, өзін-өзі сыйлай алмайтын шәкірттерді тәрбиелеуде. Бұл біздің қоғамның айықпас дертіне айналғалы қашан?!
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №37 (308) от 29 октября 2015 г.