Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 9238 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 11:48

АТАТҮРІКТІҢ АРМАНЫ

28 қазан — Түркия Республикасының күні

«Неде болса туған топырақта қаламыз. Қасиетті отанның әр шоқысы – бізге қорған. Мемлекетіміздің қиыр түкпірінде байрағымыздың түбінде өлеміз!» деген Кемал ұраны тұтас елді сақтап қалды

Дүниеде  Тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Сол тәуелсіздікті үш күн ғана  тойлап, оны ұстап тұра  алмаған елдер де  бар. Оның бетін әрі қылсын. Бүгін – Түркия мемлекетінің Республика  күні. Түркия Республикасының қазіргі қол жеткен табыстары ұлт болып ұйысу жолындағы азапты жылдардың жемісі. Түрік халқы бұл күнге оңай жете қойған жоқ. Ол жолда қаншама бауырымыздың қаны төгілді. Бұл күнге үш жыл бойы жүргізілген аяусыз әрі қанды соғыс арқылы қол жеткізілді. Бұл соғыс ұлт болып ұйысу мен мемлекет болып қалыптасудағы қасиетті соғыс болды.

Тарихи дамудың шындығы Анадо­лыны шет ел интервенттерінің жаулап алуынан құтқару оқиғасына, осы бағытта Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық кү­рес­тің жеңіске жетуіне алып келді. 1923 жы­лы 29 қазанда ұлттық идея жеңіске жетіп, бұрынғы діни-монар­хиялық мемле­кеттің орнына зайырлы Түркия Рес­пуб­ликасы пайда болып, ол ұлт өмірін түбірі­мен өзгертті. Түріктердің бірігу идеясына не­гіз­­делген түрікшілдік қозғалыс түрік­тердің ұлттық идеясына айналып, ол дүние­жүзілік саяси картада жауынгер Түркия ұлттық мемлекетінің пайда болуына жол ашты. 1923 жылы 29 қазанда Түрік Республикасы құрылды.

Түрік Республикасы 1923 жылы 29 қазанда жарияланады. Жас республи­каның тұңғыш президенті болып маршал Ғази Мұстафа Кемал сайланады. Мем­лекет пен халық алдындағы еңбегі үшін Мұстафа Кемалға 1934 жылы 24 қарашада «Ата­түрік» тегі беріледі.

Халық билігі мен республика негізде­рінің ең маңызды кепілі ретінде елде әртүрлі тіл, дін және салт-дәстүрге ие болса да, жүз­деген жылдар бойы бір тағдырды бөліскен халықтардың мәдени одағы барлығына сенеді. Осының негізін құру мақсатымен түбегейлі реформаларды іске асырады. Ол, ең біріншіден, дін мен мемлекет істерін бір-бірінен айырды. Халықаралық өлшем бір­лік­тері, жаңа күнтізбе және латын әліппесін енгізді. Мұсылман елдері арасында тұңғыш рет әйелдерге сайлау және сайлануға құқық берілді. Ататүрік реформаларды іске асыруда жастар мен ұлтжанды азамат­тарға иек артты. «Республика жастарға аманат» деп ұран тастады. Себебі, жастардың жа­ңалыққа ұмтылатынын білді. Ол, осылайша Түркияны қазіргі заманға жеткізетін жолды көрсетіп берді.

Ол Түркия территориясын талан-та­ражға түсіп, бодан болудан құтқарды. Ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясы ұлтшылдық ілімінен қуат алды. Ағарту­шылық реформасын жаңа идеялық сатыға көтеріп, рухани ренессанс кезеңіне екпін түсірді. Экономикалық дамуда этатизм (республикашылдық) жолын таңдады, яғни, жалпы ұлттық экономика үшін жауапкер­шілікті мемлекеттің өз мойнына жүктеді.

Осылайша 1923 жылы 29 қазанда кеш­кі сағат 20.30-да Мәжіліс респуб­ликаны жариялады. Арада 15 минут өткесін, яғни, 20.45-те республика президенті сайланды. Республика туының көтерілуімен әлемдік қауымдастық­тар­дағы барлық мемлекеттер­ге бұл жөнінде ақпараттар берілді. Түн жа­рымында республиканың құрылу құрметіне жүз бір рет зеңбіректен оқ атылды.

Түркия президентін сайлауға 158 адам қатысты және 158 мүше бірауыздан халық депутаты Мұстафа Кемал пашаны прези­дент етіп сайлады.

 

Мұстафа Кемал осыған орай Мәжілісте сөз сөйледі:

«Қымбатты достар, дүние жүзінде маңызды және таңғажайып оқиғалар болып жатқанда, біздің қымбатты халқымыздың зеректігі мен саналылығын көрсететін құнды құжатқа айналған Конституцияның кейбір баптарын нақтылау үшін құрылған арнайы комиссияның сіздерге ұсынған заң жобасын қабылдау арқылы Түркия мемлекетінің онсыз да бүкіл әлемге аян маңызы халықаралық мәр­тебеге ие болды. Мұның табиғи қажеттілігі ретінде бүгінге дейін сіздер мені Мәжіліс төрағалығына отырғызып келдіңіздер. Енді, міне, тағы да президент ретінде сол до­­сыңызға міндет жүктеп отырсыздар. Осылайша қазірге дейін маған көрсеткен сүйіс­пен­шілігіңіз бен адалды­ғыңызды және сенім­деріңізді тағы да бір дәлелдеп, кісі қадірін білетіндіктеріңізді көрсеттіңіздер. Осыған орай, барлықтарыңызға шын жүрек­тен алғысымды білдіремін.

Мырзалар, қаншама ғасырлардан бері шығыста әділетсіздік пен зұлымдыққа ұшырап келген түрік халқы шындығында да тексіз, жоғарғы қабілеттен жұрдай деп есептелетін.

Соңғы жылдары халқымыздың көр­сеткен қабілеті мен саналылығы өзі туралы жаман ойлап келгендердің шындықтан алыс, құр сыртқы көрініске алданған адамдар екендік­терін жақсылап дәлелдеп берді. Халқымыз өзіне тән қасиеттерін және беделін үкі­меттің жаңаша атаумен өркениетті әлемге оп-оңай таныта алады. Түркия Республикасы дүние жүзі мемлекеттері арасында өзіне лайықты орны бар екендігін дәлелдейді.

Бауырлар, осындай тамаша режімді дүниеге әкелген түрік халқының соңғы төрт жыл ішінде жеткен жеңістері осыны көрсетеді. Мен адамдардың маған деген сеніміне лайық болуы үшін өзім өте маңызды деп есептейтін бір қажеттілікті айта кетуге мәжбүрмін. Ол қажеттілік – сіздердің маған деген сүйіспеншілік­теріңіз, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыздың жалғасуы. Тек сонда ғана Тәңірдің қолдауымен маған жүктеген және жүктейтін міндет­теріңізді мүлтіксіз орындап шығамын деп үміттенемін.

Әрдайым қымбатты достарыммен бірігіп жұмыс істейтін боламын. Әрқашанда халықтың махаббаты мен сеніміне сүйене отырып, бәріміз бірге алға басамыз. Түркия Республикасы бақытты, тәуелсіз және жеңімпаз болады».

Республикалық идеяны қолдағандар да болды, қолдамағандар да болды. Олар сұлтандық дәуірден республика дәуіріне өту жолында психологиялық сырқаттарға тап боламыз деп қорықты. Сондықтан жаңа ояну дәуірінде ұлттың санасын оятып, тарихи жадын қалыптастыруда уақыт сынынан өту қажет болды. Республика отауынан қауіп­теніп, оны құруға бар қабілетін салушыларды баспасөзде сынаушылар да табылды. Ұлт көсемі ондай кертартпа жандарға арнаған бір сөзінде: «Біздің жұмыс тәсіліміз «өрке­ниет әлемінен хабары бар, оқыған, зерттеген және мемлекет басында тәжірибе жинақтаған адамдардың ақыл-ойының, парасатты­лықтың, естіліктің нәти­жесі» емес екен деп ақылмен жауап берді.

Республиканың жариялануын Мәжіліс­тің қол соғып тұрып қабылдауын, халық­тың зеңбірек атып тойлауын сынағандар да болған. «Республика қол шапалақтаумен, дұ­ғамен және көңіл көтеріп қуанумен, сән­деп, әшекейлеумен өмір сүрмейді», «Рес­публика бойтұмар емес. Ұлттық Мәжілісте бір сиқыр жасалды. Осыдан кейін барлық нәрсе жөнделіп, барлық дерттің дауасы өз-өзінен табыла салмайды» деп өрекпеушілер де болды. Оларға да сөз табылды.

Мен республиканы жақтаймын деген­дердің республика жарияланған күні қаламынан шығатын сөз осылай болуы керек пе еді? Ең жоғарғы басқару формасы республика деп айтып жүргендердің енді келіп республика сөзіне «пұтқа табын­ғандай табынбаймын» деп айтуының астарында нендей мағына жатыр, олар нені меңзеп айтып отыр? – деді ұлт көсемі өз Жолдауында.

Адамның ар-ұжданын ашу-ыза, кек жаулап алған кезде, ол адамның аузынан қандай сөздер шығады? Осыны білгілеріңіз келе ме?

Өздерінің тойымсыз құлқынының құлы болып келген лидерлер ешқандай да ұлттық партия құрып, ұлттық идеяларды көтере алмайды».

«Келешекке үмітпен ұмтылған жастар тап-таза, кіршіксіз пәк жандарын пида етті. Мемлекетті азат ету үшін! Мемлекетті өздерінің қара басы мен қызықтарынан басқа ештеңе ойламайтын саясатшы­лардың ойыншығы ету үшін емес!».

Біздің жүзіміз әрқашан таза және пәк болатын. Әрқашан да таза және ақ болып қала бермек. Жүздері жиіркенішті, ар-ұжданы лас біреулер біздің отансүйгіш ұжданымыздың тазалығы мен намысқой әрекеттерімізді өздерінің жиіркенішті қылықтары кесірінен жиіркенішті етіп көрсеткісі келіп отыр.

Көріп отырғандарыңыздай, біз әрбір құралды бір ғана негізгі көзқарасқа сүйене отырып пайдаланамыз. Ол көзқарас мы­нау: түрік халқын өркениетті әлемде өзіне лайық дәрежеде көтеру, Түркия Респуб­ликасын мызғымас іргетасымен қоса одан сайын күшейту… және сол үшін де жеке билік (деспотизм, тирания) туралы пікірді тұншықтыру…

Ұлт көсемі осыған байланысты бола­шақ ұрпаққа өз аманат-өсиетін арнауды да өзіне парыз санады.

«Қымбатты мырзалар, бірнеше күннен бері сіздердің уақыттарыңызды алған Жолдауым, енді, міне, тарихқа айналды. Егер осы Жол­дауымда халқым үшін және келешек ұрпақ үшін пайдалы, олардың көзін ашатын мәселе­лерді көрсете білсем, өзімді бақытты санаймын.

Мырзалар, осы Жолдауым арқылы өз болмысын жоғалтып, жойылып бара жатқан үлкен бір халықтың өз тәуелсіздігіне қалай қол жеткіз­гендігі, ғылым мен техниканың соңғы негіздеріне сүйенген ұлттық және заман талабына сай мемлекетті қалай құрғандығы жөнінде айтуға тырыстым.

Бүгін қол жеткізген жетістігіміз – бір­неше ғасырдан бері халқымыздың тартқан азабының нәтижесінде пайда болған зерек­тіктің жемісі мен қасиетті Отанның әрбір бұрышын суарған қанның өтеуі.

Осы жетістікті түрік жастарына аман еттім.

Уа, түрік жастары! Бірінші міндетің – түрік тәуелсіздігін, Түркия Республикасын мәңгі қорғау және сақтау.

Болмысыңның және келешегіңнің басты негізі осы. Бұл негіз сенің ең қымбат қазынаң. Келешекте де сені осы қазынадан мақұрым еткісі келетін ішкі және сыртқы жауларың болады. Бір күні тәуелсіздігің мен республи­каңды қорғауыңа тура келсе, міндетіңді орындау үшін басыңа түсетін жағдайды, мүмкіндіктер мен шарттарын ойланып жатпа! Бұл мүмкіндік пен шарттар сен үшін өте қолайсыз болуы мүмкін. Тәуелсіздігің мен республикада көзін сұққан дұшпандарың, әлемде теңдесі жоқ жеңімпаз болуы да мүмкін. Күшпен және айламен қасиетті Отанның барлық бекіністерін басып алуы, бүкіл теңіз арсеналдарына кіріп алуы, бүкіл армияның ыдырап кетуі, мемлекеттің түкпір-түкпірі іс жүзінде жау қолында қалуы мүмкін. Бүкіл осы шарттардан да қорқыныш­ты­сы және сұмдығы сол, елдегі билік басын­дағылар арасында ашықауыздар, тайғанақ жандар, тіпті сатқындар да болуы мүмкін.   Тіпті, осы билік басындағылар жеке баста­рының пайдасын, мемлекетке шабуыл жасау­шы­лардың саяси әрекеттерімен бірлестіріп жіберулері мүмкін, халық кедейлік пен жоқшылықтан әлі құрып, құлауы мүмкін.

Уа, түріктің келешек ұрпағы! Міне, осындай жағдай мен шарттарда да сенің негізгі міндетің – түрік тәуелсіздігі мен рес­публикасын сақтау болмақ! Саған қажетті құдырет тамыр­ларыңдағы асыл қанда!».

Баба аманатына адал ұрпақ күні бүгінге дейін ел шетіне жау тигізбей, ұлт мұратын өрге сүйреп келеді.

Түрік Республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүрік тәуелсіздігіне қол жеткізе алмаған басқа түрік дүниесінің хал-жағдайын өте жақсы білді, барлық қиындықты жан-тәнімен сезді.

Ататүрік – Анатолы түріктерін азат еткен қолбасшы ғана емес, ол өз пікірлері арқылы күллі түркі халықтарының тағдыр тұтастығын басты мақсат етті.

Ол дәл осы қиын сәтте өзге аймақ­тардағы түрік дүниесін де ұмыт қалдыр­мады. Ол туралы ойын айтып қана қойған жоқ, кейінгі ұрпақ­тарына аманат етіп қалдырды. Ол өз сөзінде: «Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Осы одаққа мұқтажы­мыз бар. Алайда  оны ертең не күтіп тұрғанын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия – Венгрия империялары сияқты бөлшектеніп,  ұсақталуы ғажап емес. Бұрын жұдырығынан жібермей ұстаған халықтар алақаннан шығып кетуі әбден мүмкін. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы тиіс. Осы досымыздың қол астында тілі, діні, тағдыр-тауқыметі бір бауырларымыз бар. Оларға қол созуға әзір отыруымыз қажет. Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып. Тіл – бір көпір… Сенім – бір көпір… Тамыр-тегімізге оралып, сан-қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызда түгенделуге тиіспіз. Олардың (сыртағы түріктер) бізге жақындауын күте алмаймыз. Біз оларға жақындауымыз керек», —деді.

Ұлт көсемі болашақты сезе білді. Түркі халықтарының азаттық идеясын тұншық­ты­рып отыратынын, «пантүркизмге» қарсы күрестің ұзақ жылғы нәтижесі оларды бір-бірінен өгейсітіп тастайтынын, шекара ұғымы мен «жеке халықтар» идеясының мықтап орныға­тынын мүлтіксіз сезе білді. Ежелгі дәстүр-салты қалыптасқан түрік­шілдік идеясы жалғасын тапты. Түрікшіл­дік ақыл-ой парасаты тұтас бір саяси-әлеуметтік құбылысқа айналды. Бертін келе түрікшілдік идеясы саяси өмірдің айқын көрінісіне айналды.

… Тамырымызға оралып, сан оқиға­лармен бөлінген тарихымызда бүтінделуге тиіспіз. Олардың бізге жақындауын күте алмаймыз. Біздің оларға жақындауымыз керек!» Көреген қайраткер Ататүріктің осы арманы араға жарты ғасыр салып іске асты.

Бүгінгі өркениет көшінің бел ортасында келе жатқан Түркия мемлекетін іс жүзінде шет елдердің құрсауында қалып, ту-тала­пай бөлініп кеткен жерінен қайта бірік­тірген Ататүрік болатын. Итальяндар мен ағылшындардың, гректер мен француз­дардың, армяндардың «жемтігіне» айналған түрік елінің басы біріге­тініне күмәнмен қарағандарға: «Неде болса туған топырақта қаламыз. Қасиетті отанның әр шоқысы – бізге қорған. Мемлекетіміздің қиыр түкпірінде байрағымыз­дың түбінде өлеміз!» деген Кемал ұраны тұтас елді сақтап қалды. Осы ұран түрік ұлтын бір тудың астына жиналуға негіз жасады.

ХХ ғасырдың соңында Кеңес одағы тарқағаннан кейін түркі әлемінің тарихи-саяси тағдырында жаңа кезең туды. Саяси аренада тәуелсіз бір топ түркі мемлекеттері пайда болып, өз Туларын көтеріп шықты. Сөйтіп, қоғамдық-саяси кеңістігіміз кеңіді.

Түркия – Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындап, оны мемлекет ретінде таныған алғашқы ел. Қазір екі ел арасында мәдени-экономикалық қарым-қатынастар жан-жақты дамып келеді.

Кеше  Республика  күніне орай, Түркия Республикасының Қазақстан Республика­сындағы Елшілігінің Алматыдағы Бас консу­лы Рыза Каган Йылмыз мырза мере­келік  қабылдау жасады.  Оған Алматы­дағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ермек Жұмахметұлы

Дереккөзі: "Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052