Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8361 0 пікір 26 Қазан, 2015 сағат 13:39

ТӨЗІМІ ТҮННІҢ СӨГІЛДІ, СЕЗІМНІҢ ЕСІ АУЫСЫП...

Ерік берсе, жыр жазар ем көз ілмей,

Алғаш рет ақын болған кезімдей.

Ей, тәкаппар! Ей, аяулы қарт-ғасыр,

Болмысымнан жүрмін әлі безінбей.

 

Жыр жазар ем, жұрттың бәрін таң қылып,

Тауларды да, бауларды да ән қылып.

Қазанымды айырбастап қаламға,

Кетер едім ен далаға қаңғырып.

 

Өлең шіркін, болар ма едің, тым аппақ,

Кетсек пе екен, көшсек пе екен, жырақтап.

Соңғы демде сөйлермісің сезім боп,

Жүрегімде қалармысың тұрақтап.

 

Ошағыма жарды тастап, баланы,

Құшағыма-ап кетсем бе екен даланы!

Жарты жолдан, бұрылам ғой, о, тоба,

Ақын етіп жарата ма Ананы!

 

Күндіз-күлкі, жаныңды арбар жалған-бақ,

Мені қойшы, өлең қалай қорғанбақ?

Ағыл-тегіл жылап алды ол, бүгін,

Аспан жақты жалғыз өзі армандап...

 

***

Қала мені шамдарымен арбайды,

Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.

Жарықтардың жанарына мұң сіңген,

Жанымды бір шарықтата алмайды.

 

Бұл қалаға керек екен махаббат,

Сезімім жүр суық қарды аралап.

Бір досым кеп, сезімімді жылатты,

Бір досым жүр тағдырымды табалап.

 

Адамдарға тән болған соң жаңылу,

Жүректерде болады екен жабығу.

Бұл қалаға керек екен мен құсап,

Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!

 

Керек екен бұл қалаға жылылық,

Дала туған, ана туған ұлылық.

Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,

Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.

 

Ал, көктемдер серік болса күзге ше?

Жылы жаз кеп, желтоқсанды іздесе.

Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,

Біздің тағдыр сондықтан да өзгеше.

 

Біздің қала содан болар суықтау,

Сіздің қала содан болар тұйықтау.

Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,

Қиялымды керек шығар құлыптау...

 

***

Саусақ пен саусақ сөйлесіп,

Дене мен дене үйлесіп.

Тереңге кеттім шым батып,

Шыға алмай ғажап күй кешіп...

 

Көзіңмен көзім сырласып,

Түсіндік іштей "ымдасып"...

сұраса біреу айта сал:

"қыз емес маған, жыр ғашық"!

 

Ерніме ернің еркелеп,

Ебін бір тауып өртемек.

Əуен боп қалқу үшін де,

Адамға аздау шер керек!

 

Үнсіздігіммен алысып,

Мұңымды жұттың тауысып.

Төзімі түннің сөгілді,

Сезімнің есі ауысып!

 

Жүрек пен жүрек ұғысып,

Суынып кетпей тұр ысып...

Гүлденіп жатты апыр-ай,

Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп...

 

Тие алмай жерге табаным,

Желменен жүйткіп барамын.

Тартылып барам теңіздей,

Жарыққа сіңіп жанарым... ...

 

Дидары жердің нұр екен,

Түсім ғой деймін...тірі екем...

Сұлулығым қағып кірпігін,

Ғаламды сүйіп тұр екен!

 

***

 

Періштелер құлап жатыр аспаннан,

Əр тамшының иығына асылып...

Жер бетінде жаңа өмір басталған,

Кешегісін батқан күнге жасырып...

 

Жаңбыр... жаңбыр... төсеп тұрмын жүзімді,

Қытықтайсың алақанда еркелеп...

Құшақ-құшақ ақ армандар үзілді...

Біреулер жүр "сен келді деп" өкпелеп...

 

Тіршілік тұр бір нүктеде қарайып,

Тыныштықтың құшағына тығылған.

Қолшатырсыз Күзді қарсы алайық,

Жапыраққа серік болып жуынған.

 

Жалғандықтың көз арбайтын көйлегін,

Тамшы біткен нұрмен сəндеп береді.

Жаңбыр болып жыр ішінде биледім...

Жерге емес, гүлге қонғым келеді...

 

Күз боп қарсы аламын ба таңдарды,

Күн-көзінде көктем кетті-ау алыстап...

Ол соңғы рет жуды ма екен талдарды,

 жапырағын жер қойнына табыстап...

 

Біз мезгілге мейірім боп келмедік,

Аялдауды, аялауды кеш ұғып...

Табиғат пен үндес шығар пенделік,

Мезгіл бітсе, қаламыз-ау кешігіп...

 

***

 

Ақылыңды айырбастап сезімге,

Жаңбырменен жан ұшырып мені ізде!

Көп нүкте боп сөйлеп бара жатамын,

Қара жолдың көзінде...

 

Бара жатам белгісіздеу мекенге,

Сенсіз күнді өткізе алмай бекерге...

Жүрегіңді шашып таста алдыма,

Тіршіліктің тамшы мұңын көтерме!

 

Айтқызбай-ақ, аңсарымды оқып-ап,

Отыр мені ой ішінен бақылап...

Сен келді деп, Күз де шуақ төгеді,

Сен келді деп сыбырлайды жапырақ....

 

Сен келді деп тағдыр теріс қарасын,

Ақ қараның ажыратпа арасын!

Сәуле едім ғой қызыл күннен үзілген,

Түнге сіңсем қалай іздеп табасың?!

 

Кірпігімді аршып алшы тамшыдан,

Гүлге айналып, кеудеңе кеп жаншылам.

...Қайда мені апарады бұл жолдар,

Қайда сені апарады бұл-шыдам?!

 

***

Қара жер де жүр ме мені кешірмей,

Неге кеттім өз-өзімді түсінбей.

Бір ауыз сөз қалатындай айтылмай,

Бір ұрттам су қалатындай ішілмей.

 

Сені сүю мендік сырдың құны ма?

Сені сүю тар ғұмырдың шыны ма?

Мен өмірге бара жатсам жұтылып,

Сен жүректің шығып алдың шыңына!

 

Бір сен үшін жаратқандай көркімді,

Елесің кеп, ұрлап алды еркімді.

Бір-ақ жұтым ауа жетпей тұрады,

Өзің келіп емдейтіндей дертімді...

 

Бір-ақ қадам алға баспай тұрамын,

Жарық ғалам, сөндірердей шырағын!

Кінəм менен күнəм кетті күрмеліп,

Сен шығарсың бұл өмірде сынағым...

 

***

Жалған да жалған, жалған мұң,

Жырымды немен жалғармын.

Сүйіп те тұрып алдандым,

Сүйікті болып тоңғанмын.

Қарақат көзді сөйлетіп,

Қап-қара мұңды билетіп,

Өлердей сүйіп қалғанмын.

 

Жел қонып, кенет шашыма,

Иығына кеткен асыла...

Өбе алмай өзім қалғанмын.

Көне алмай сонда арман-жыр,

Бұлқынып, симай қалған-бір.

Сүйілмей кеткен беу-өмір,

Толқытып тағы толғандыр!

Басылмай құмар кеудемнен,

Даламен, түнмен емделгем,

Содан соң барып, Күн күлген,

Көкіректің көзін кім білген...

Сөйлейтін сөзден жаңылып,

Махаббат даусын сағынып,

Қызыл тіл сонда күрмелген.

Құлап бір кетсе жұлдыз-күн,

Күлкімді гүлге сүйгіздім.

Сөнбес деп жүрек қайғымен,

Мұңымды Жерде сүргіздім!

 

***

Ұмыту деген ұғым бар ма екен,

Ұғым бар ма екен жүректе?

Сенсіз шынымен ғұмыр бар ма екен,

...Бар болса маған керек пе?

 

Керек пе менің күліп жүргенім,

Мағынасы мәнсіз тірлікте...

Жақсы ғой сенің түңілдіргенің,

Қуантып тұрып бір сәтте...

 

Жалғыздығыма кез қылғаның ба?

Құладым жардан алып шық!

"Мықтысың ғой" деп жазғырғаның ба,

Жете алмай тұрсам талықсып.

 

Аңсаған жандар келмейді ме екен,

Сағынуға ғана жаралып.

Сен барда тәнім сөйлейді екен,

Денемнен демім таралып...

 

Үндемей іштей өкпелегенім,

...Қызғансын деп ем тек мені...

Сенсіз -ақ күндер өткерер едім,

Жігерім неге жетпеді?!

 

Өшіре алам ба жоқ-қып есімін,

Керек пе осы күй-бөтен?

Тағдырдың келіп қақтым есігін, ...

Аяулыларым үйде екен...

 

Күлкімнен мұңым сырғанап жатты,

Жасымды жұттым байқатпай...

Жүрегімді даусың жұлмалап жатты,

...Жүремін мен де тіл қатпай!....

 

***

Бұрын мені сүймегендей жан адам,

Ой ішінен сезім таппай оралам...

Көңілімді қыс кетті ме суытып,

Кім болды екен, тонаған?

 

Бұрын мені құшпағандай бір адам,

Сезім қалды су бетінде жылаған...

Толқынменен тербелгенім есімде,

Ол кім еді ұнаған?

 

Үмітіңді нұр етеді үн деген,

Мен ешкімді тәріздімін сүймеген.

Бір құшаққа құлап барып қурайтын,

Бақытты ма гүл менен?

 

Махаббаттың маздаттым ба шырағын,

Қашан, қай кез, кімге арналды бұл әнім.

Гүлді адамдар бақытты деп ойлайды,

Бөліп алып сыңарын.

 

Көкіректің көзін ашып күн көрер,

Табиғат та тілін жұтып сенделер.

Жұп болуға міндетті екен тек қана,

Жер бетінде пенделер!

 

Тау секілді кеудемізде орман-құз,

Бұл жалғанда, бір арманға қорғанбыз.

Сыздататын, мұздататын сыр бермей,

Әр жүректе жылап жытыр бір-Жалғыз...

Динара Мәлік

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060