Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 6374 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 18:23

ҚАЗАҚСТАН АФРИКА ЕЛДЕРІНІҢ САПЫНДА... КІМ КІНӘЛІ?


ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк бір-ақ күнде шешім қабылдап, теңге бағамын еркін айналымға жібергеніне немесе қазақстандықтардың қалтасына 50 пайыздық шығын келтірген теңге девальвациясы мен қаржылық дағдарыстың басталғанына да екі  ай болды. Осы екі ай ішінде Қазақстан әлемнің ең кедей мемлекеттерінің қатарына қосылып (дамыған 30 елді қиялдап жүргенде), тұтыну жәшігінің көлемі әлемнің ең кедей Чад және Африка елдерімен теңескен.

Үкілеген үкіметіміз бағаны бақылауда ұстауға уәде еткенімен, гарантикалық жүйе әсте ырыққа көнсін бе? Қазақстанның қалаларындағы азық-түлік бағасы күн санап көтеріліп жатыр.  «Баға тұрақты болады» деп бебеулеген Мәсімов мырзаның уәдесі қайда?

Қаржылық қиындық қазақстандықтарды қос өкпеден қысқанда абдырап қалған халық есін енді жия бастағанда, күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы да бірсыдырғы қымбаттап бара жатқаны жасырын емес.

Мысалы, 1 литр күнбағыс майының бұрынғы бағасы 300 теңге болса, қазір бұл 440 теңгеге дейін көтерілген. Сұйық майдың 5 литріне орташа баға 1 300 теңгеден 1 800 теңге, 25 келілік ұнның бағасы 2 600 теңгеден 2 800 теңге, қант 30 теңгеге, сүт 20 теңгеге, күріш бағасы 30 теңгеге, ал 500 граммдық шай ұнтағы 50 теңгеге  артқан.

Иә, сүт те, қант та, күріш те өзімізде өндіріледі дегенімізбен, импортталатын тауарлардан кем емес.

Ал ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, 2015 жылғы қыркүйектегі баға былтырғы жылғымен салыстырғанда жармаларға 20,1%, алкогольді ішімдіктерге – 9%, кофе, шай және какаоға – 8,2%, балық және теңіз өнімдеріне – 7,2%, тоқаш және ұн өнімдеріне – 7%, кондитерлік өнімдерге – 6,5%, нанға – 5,7%-ға, қантқа, сүт өнімдеріне – 3,6%-дан, макарон өнімдеріне, жемістер мен көкөністерге – 3,4%-дан,  ұнға – 3,3%-ға өсті. Бағаның төмендеуі май және тоң майға 0,2%-ға байқалды. Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 0,3%-ды құрады. Шұжық өнімдеріне баға деңгейі 5,8%, шошқа етіне – 4,5%-ға жоғары болды, ал құс етіне – 8,6%, қой етіне – 0,9%, сиыр етіне – 0,2%-ға төмен болған.

Осының алдында айтқанымыздай, бүгінде табиғи минералдарға және қазба байлықтарға бай мемлекет – Қазақстан әлемнің ең кедей мемлекеттерінің қатарына қосылған. Қазақстаның қазіргі тұтыну жәшігінің көлемі әлемнің ең кедей Чад және Африка елдерімен теңескен.

Ал қазақстандық экономистердің пікірінше, күнделікті тұтынатын тауарлар шетелден тасымалданатын болса немесе Қазақстанда өндірілетін, бірақ шетелдік компоненттер қосылған тауарлар ғана баға өсіруге тиісті. Ал біз күнделікті тұтынатын азық-түліктердің 70 пайыздан астамы елімізде өндірілетін болғандықтан, бағаның шарықтауына еш негіз жоқ еді.

Ал Ұлттық банктің  төрағасы Қайрат мырза Келімбетов баяғы жырын қайта бастаған.

16 қыркүйектен бастап бір доллар үшін 300 теңге бойынша мәмілелер тіркелгеннен кейін, Ұлттық Банк бір миллиард АҚШ долларынан астам қаражатқа Қазақстан қор биржасында бірқатар валюталық интервенциялар жасаған. Ол өзі келіп, теңге бағамына қатысты пікірін білдірген.  Әдетте, Қазақстан экономикасындағы өзгерістерден бейхабар жүретін немесе ұйықтап қала беремін деп ақталатын Қайрат мырза қайратына мінген екен. 1 миллиард долларды интервенциялауға да шешім керек қой.

“Біз бүгін таңертең болған 277 теңге шамасындағы бағамды қазақстандық экономикаға тиімді тепе-теңді бағам деп санаймыз”, - дейді Қайрат Нематұлы.

Ал бағаны бақылауда ұстауға уәде берген премьер-министріміз үшті-күйлі жоқ болып кеткен. Дәлірек айтсақ, ол соңғы кездері БАҚ-тан таса жүруге шешім қабылдаса керек. Уәдесі де жоқ, өзі де...

Айтпақшы, дүйсенбі күні Мәсімов мырза Президенттің алдында есеп берген болатын. Айтыпты, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы, мемлекеттің негізгі жобаларының іске асырылуы туралы т.с.с. Айтпақшы, Мәсімов мырзаның есебінен кейін түйгеніміз бар. Қазақстанда әлемдік дағдарыс дегдіген кездің өзінде, ауылшаруашылық саласында ілгерілеу байқалған.  Иә, рас, мемлекет қазынасына түсетін кіріс мөлшері 40 пайызға кеміген. Сондықтан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәсімов мырзаға Қытай, АҚШ және Ресейлік әріптестермен келіссөздерді жүргізуді тапсырыпты. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің антикризистік жоспары да дайын емес көрінеді. Бұл туралы қазақстандық БАҚ жазуда. Сондықтан болар, Кәрім Қажымқанұлының қолы бос емес қазір.

Ал демогогтар басқаратын билік жүйесінде анти-дағдарыстық жоспар дайындалып болғанша сәл шыдай тұрыңыздар. Дағдарыстың басталғанына небәрі екі-ақ ай. Мәсімов мырза 5 жылдық дағдарысты уәде еткенін білесіздер. Сол бес жылға дейін Үкіметіміз бір рет болсын тұяқ серперіне сенейік...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір