Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5227 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО ӘКІМІ ДІНИ КОНФЕССИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

18 қазан – Рухани келісім күні. Осы күнге орай облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов өңірдегі діни конфессиялардың басшыларымен кездесті, - деп жазады kazrabat.kz. Ислам, православие, католиктер, елуіншілер, пресвитериандар, жаңаапостолдық және тағы басқа конфессиялардың өкілдері жиналған кездесуде Бейбіт Бәкірұлы барлық келушілерді осынау атаулы күнмен құттықтады. «18 қазан – Рухани келісім күні – Қазақстанның мерекелер күнтізбесіндегі ерекше күн», деп атап өтті. Кездесуді облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы ұйымдастырды.

Рухани келісім күні біздің елімізде 1992 жылдан бері аталып келеді. Сол жылы Оңтүстік астанамыз Алматыда Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін Рухани келісім күні — қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні, деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Міне, содан бері жыл сайын жер-жерлерде дінаралық қарым-қатынас мәселелері хақында отырыстар өткізіледі. Діни конфессиялардың жетекшілері еліміздің түкпір-түкпірлеріне сапарлап, жұртшылықпен кездеседі.

Ахметжан Керімбек, облыстық мешіттің бас имамы

Ахметжан Керімбек, облыстық мешіттің бас имамы:

– Алла тағала халқымыздың пейіліне қарай басшы беріп отыр. Жан-жағымыздағы жағдайлардың әсерін сезінбей, тып-тыныш өмір сүріп жатырмыз. Ұлттық, діни, қай-қай жағынан да әлемге үлгі боларлықтай жайымыз бар. Осы бағыттан айнымай, дами беруді қалаймыз. Мұсылмандар өзгеге дос бола біледі. Өзгелердің достығын қабыл ете біледі. Астана қаласында дүниежүзілік діндер съезінің өтуі де біздің елдігімізді көрсетеді.

Отырыста әкімнен кейінгі сөз кезегін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек алды. «Рухани келісім туралы айту – мұң болып жатқан елдер де бар. Яғни, рухани жағынан тұрмақ, қай-қай жағынан болсын дағдарысқа ұшырап жатыр. Біздің еліміз осыдан аман-есен. Бұған шексіз шүкір етуіміз керек» деп бір тоқтады.

Бас имамның сөзін Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралық соборының приходы жергілікті діни бірлестігінің діни қызметшісі Александр Могилевский жалғастырды. «Барлығын да осынау Рухани келісім күні мерекесімен құттықтаймын. Біздің елімізде қуаныш пен шаттыққа толы мейрамдар көп. Ал, бұл Рухани келісім күні бәрінен де ерекше. Өйткені бұл атаулы күн – өзара келісімге құрылған. Елімізде әралуан ұлттар, әралуан діни көзқарастар, әралуан материалдық жағдайдағы адамдар тұрады» деп демін басқан Александр әкей: «Біздер тіпті футболды да әртүрлі ойнаймыз» деп әзіл қосты. Александр әкей бұ жерде Рухани келісім күніне облыстағы діни конфессиялардың арасында шағын футболдан өткен турнирді меңзеген еді.

Андрей Шаталов, «Агапе» Інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі

Андрей Шаталов, «Агапе» Інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі:

– Рухани мәдениетті сақтап, қастерлей білу қажет. Себебі адамзаттың бар байлығы, осы – рухани мәдениет. Осы мәдениет болмаса, ешбір салада алға жылжу жоқ. Рухани келісім күні – барша халықтың басын біріктіретін мереке. Біздің қоғамның тыныштығының кепілі, ол – халықтардың бірлігі. Қазіргі үнемі өзгеріп, сапырылысып жататын әлемде ел бірлігі мен өзара келісімнің маңызы үлкен. Сондықтан да ел билігіндегі кісілер: Ұлттық идея – стратегиялық таңдау, деп айтып келеді. Діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім – Тәуелсіз Қазақстан дамуының іргетасы.

Толеранттылық пен бейбітшілікті мансұқтаған жиында сүбелі сөздердің тығыны ағытылды. Діні бөтен болғанымен, өмір сүрген ортасы бір діни жетекшілердің арман-тілегі бір арнада тоғысты. Олардың барлығы: бейбіт өмір – ел дамуының кепілі, – дейді. Қай-қай дін болмасын, бәрі де бір нәрсені, елдің амандығы мен бейбітшілікті қалайды.

Кездесу соңында «Рухани келісім күні» аясында өткізілген шағын футбол турнирінің жеңімпаздары марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, діни конфессиялар арасындағы футбол турнир: осы жылдың 10 қазанында ұйымдастырылған еді. Б. Саттарханов атындағы спор мектебінде өткен турнир жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Қатысушылар болса, шағын футбол жарысының тартысқа толы болғанын айтады.

Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы: «Футбол ойнау туралы идея айтылғанда, мен қуандым. Біздерді біріктіріп, шаттық сыйлайтын керемет идея. Футбол халықтарды біріктіреді. Алдағы уақытта жалпы жұртты біріктіріп, басын қосатын осындай іс-шаралардың қатарын көбейтеміз», – деді.

Турнирде бірінші орынды ислам конфессиясының «ОҚО мешіті» командасы алса, екінші орынға «Әлеуметтік бастамалар орталығының» «Бәйтерек» командасы ие болды. Үшінші орын пресвитериандар конфессиясының «Титан» командасына бұйырды. Жүлделі орын иегерлерінің бәріне спорт Кубогы, мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Александр Могилевский, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралық соборының приходы жергілікті діни бірлестігінің діни қызметшісі

Александр Могилевский, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралық соборының приходы жергілікті діни бірлестігінің діни қызметшісі:

– Өзара келісім — біздерді бір қоғам, бір халық, бір үлкен отбасы ретінде сезінуге жағдай жасап, септігін тигізеді. Тарихқа қарасақ, сонау қуғын-сүргін, репрессия жылдарында қазақ даласы осында жер аударылған көп халыққа құтты мекен болды. Қазақ халқы қанында бар қонақжай кеңпейілдігімен барша келушілерді үйіне сыйдырды. Менің ата бабаларым да осында жер аударылды. Қазақ жұрты олармен қолында бар соңғы нанын бөлісіп, аман алып қалды. Міне, сол бір жәрдемнің арқасында мен осы күнге жетіп отырмын. Өзімізді үлкен бір отбасы ретінде сезіне отырып, отбасы үшін ең маңыздысы — өзара түсіністік екенін айтқым келеді. Біздің елімізде осы бар. Бұдан келіп елімізде бейбітшілік орнаған. Егер бейбітшілік болмаса, ештеңенің де қиюы келіспей, бәрі де кері кетеді. Ел аумағында көптеген қазба байлықтары бола тұра, бейбітшілік болмаса бәрі бекер. Бұған сонау Таяу шығыс елдеріндегі жағдай дәлел.

Сондай-ақ, облыстағы діни конфессия жетекшілерінің барлығына, атап айтқанда: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбекке, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралық соборының приходы жергілікті діни бірлестігінің діни қызметшісі Александр Могилевскийге, «Шымкент қаласының Евангелдік хрис-тиан Баптистерінің шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Альберт Горбатыйға, «Агапе» Інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Андрей Шаталовқа, «Вефиль» Шымкенттік христиандық пресвитариан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Игорь Цайға, «Сәби Исаның – Әулие Терезасы» атындағы Рим-католик приходы» діни бірлестігінің жетекшісі Ирина Колодийге, «Шымкент қаласының еврей қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Зелик Мурдухаевқа, «ОҚО Баһаи қауымдастығы» жергілікті діни бірлестігінің өкілі Файзильхак Назиповқа, «Шымкент қаласындағы Жаңа Апостолдық шіркеу» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Юрий Гимрановқа, Шымкент қаласындағы жергілікті «Голгофа» Ізгі хабарлық-Мәсіхшілдік қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Зинаида Анға, «Шымкент Евангельдік христиандық «Сун Бок Ым» шіркеуі» діни бірлестігінің жетекшісі Батырхан Ахметовқа алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Жәнібек НҰРЫШ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435