СЕНАТОР О ДҮНИЕДЕГІ ІБІТАНОВҚА ҰЗАҚ ҒҰМЫР ТІЛЕДІ
Естімеген елде көп деген. Сенатор Лаззат Тұрлашов о дүниеге хат жолдапты. Нақтырақ айтсақ, сенат депутаты 2009 жылы дүниеден озған белгілі ақын Еркін Ібітановты 80 жасымен құттықтап, хат жолдаған екен. Бұл туралы фэйсбук әлеуметтік желісінде танымал журналист Ерік Рахым жариялады.
«Сенесіз бе, сенбейсіз бе, патша көңіліңіз білсін. Естігенімді емес, көргенімді айтайын: сенатор Лаззат Тұрлашов бұ дүниеден о дүниеге хат жолдады. Сенатор жақында 80 жылдық мерейтойы Қарасазда аталып өткен Еркін ағамызды «шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр» тіледі. Енді ол әлгі хатын кімнен беріп жіберсем екен деп бас қатырып жүр деседі. Бәлкім, кейінірек өз қолымен табыс етер… Күлейін бе, жылайын ба?!», — деп жазды ол өз жазбасында.
Хаттың толық нұсқасы мынау:
Құрметті Еркін Жұмаділұлы
Сіздің «80 жас» мерей тойыңызға орай, шын жүректен құттықтауларымды қабыл алыңыз!
Қамқорлықты, адамгершілік пен адалдықты, өмірлік қасиет тұтқан өзіңізді айын-туыс пен ел-жұртыңыз әрдайым құрметтеуде, адамгершілік асыл қасиетіңіз, жайсаң мінезіңіз Сіздің нұр тұлғаңызды одан әрі биіктетсе, ұзақ жылғы жемісті еңбегіңіз үлкен абырой-атаққа кенелтіп отыр.
Өнер майталмандарын таң-тамаша қалдырып, шығармаларыңыз өнер ортасынан ойып тұрып өз орныңызды ала білдіңіз. Қандай биіктерден көрсеңіз де арттарыңызда Сізді қолдаушы әрі мақтан етуші еліңіз бар.
Арайлы әр таң шаңырағыңызға шаттық сыйласын. Осы бағыңыз баянды болып, шаңырағыңыздан шаттық арылмай, жадырып күліп жүзге де жетіңіз деп тілеймін.
Сізді тағы да шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, ұзық ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін.
Ізгі ниетпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Лаззат Махатұлы Тұрлашов
Ult.kz
Түп-нұсқадағы тақырып: СЕНАТОРДЫҢ О ДҮНИЕГЕ ХАТЫ