Сенбі, 23 Қараша 2024
Үміт пен күдік 7221 0 пікір 20 Қазан, 2015 сағат 11:28

ДҮНИЕ НЕ БОЛЫП БАРАДЫ?..

...Шын мәнісінде жоғарыда не болып жатқанын мен түсінбедім...

Қазақ теңгесі теңкиіп қалғанда, жалпы қаржы атаулының не екендігін жете түсінбейтін Бақыт СҰЛТАНОВ деген Қаржы министрі 1 АҚШ доллары – 300 қазақ теңгесіне жетсе де, «ешкім қиналмайтын болады» деп міңгірледі...

Мұрты қалың үкімет басшысы Кә­рім МӘСІМОВ әдеттегідей «азық-тү­лік пен басқа тауарлардың бағасы өс­пейді» деп жаттанды өтірігін айттты...

Ал, бұрын «халық қалаулылары» атанған қос палатаның депутаттары қазақ азаматының төлқұжатына Елбасының қанатты сөздерін «жазып», мысалы, кісі өлтіріп, 25 жылдан кейін түрмеден шыққан қылмыскер жаңа төлқұжат аларда Елбасына адал болатындығы жөнінде ант беруі керек деген мәселемен әлек болып жатты...

Қазақ топырағындағы қазақ ұлтына жандары жарым грамм ашымайтын кейбір орыстілді баспасөз арнайы тапсырмамен «Елбасының күйеубаласы Тимур Құлыбаев кеңейтілген отырыстарда неге жоқ?» – деп жалған мүләйімсіді де, келесілері «Премьер-минстрдің орынбасары болған Дариға Назарбаева тақ мұрагері ме?» – деген қолдан ұйымдастырылған өсек-аяңның жалынын лаулата түсті...

Осы кезде еліміздегі қалалар мен ауылдарда азық-түлік, киім-кешектің, тіпті, күллі сауданың бағасы 30-50 пайызға қымбаттап шыға келді. Әлгі әңгіме-өсек елдің назарын басқаға бұру үшін әдейі жасалды...

Елдегі шын жағдай мынадай еді: алдымен, Елбасы батыс өңірлерінің әкімдерін жинап, «мұнай іздеп, табың­дар!» деген тапсырма бер­ді. Яғни, біріншіден, біздегі мұнай қоры таусылуға таяу немесе Қарашы­ға­нақты қытайлар, орыстар не американдықтар түгелдей алу үшін келісіліп қойды. Демек, бюджетті алдарқатуға шұғыл жаңа мұнай кендері керек...

Балаларының бәрін Ресейге апа­рып, лауазымды қызметтерге орна­лас­тырған қазақтың Энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК Қазақ­стандағы бензин бағасының көрші­лермен салыстырғанда (мысалы, Ресеймен, Белорусьпен) арзан екендігін айтты. Бірақ, ол бензині сутегін біздің тағы бір көршіміз Түркі­менстанды әдейі «ұмытып кетті»...

Владимир Школьник тіпті Қазақ Еліндегі бензин бағасының ресей рубльіне тікелей қатысты екендігін ашық айтты. Бұл не: сауатсыздық па, әлде, саяси сатқындық па?!.

...Шынында жоғарыда не болып жатқанын түсіну қиын...

Орыс билігі Сирияны әуеден бомбылады...

АҚШ пен Еуропа есеңгіреп отыр...

Түркияның басшысы Кремль­ге дос­тықты сақтап қалу үшін Сирияға ша­буылды тоқ­тату керектігін қатаң ескертті...

Астанаға өржірек украин жұртының серкесі келді...

Артынша, орыстың тыңшы-басшы­сы да Арқаның ауасын жұтты...

...Қымбатшылық қыса түсуде, өндіріс өліп жатыр, қолма-қол ақшаның аясы тарылды, американ доллары жарау аттай бас алдыратын емес, кәсіпорындар жабылуда, жұрт жұмысынан айырылуда, батыс өңірінің басшылары Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Алик АЙДАРБАЕВ, Нұрлан НОҒАЕВ, Бердібек САПАРБАЕВ Елбасының тапсырмасын әлі орындауға асығар емес: жаңа мұнай кендері табылып-ашылған жоқ...

...Дүние не болып барады?..

Күлеміз бе, жылаймыз ба?..

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435