Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 15096 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 16:41

ӨЛІМ – ТОРҚАЛЫ ТОЙ ЕМЕС...

Иә, тіршілік бар жерде қаза бар екендігі хақ. «Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деген халқымыз марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға ерекше көңіл бөледі. Бұл ата-бабамыздан, дінімізден келе жатқан салт-дәстүрлер.

Хакім Абай атамыз:  

Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады ол?, деген.

Расында, ата-анасы, туған-туысы қайтыс болған жан ол қайғылы адам. Қалай десек те қайғы адамның жүрегіне салмақ түсіреді.

Жақын араласатын мешіт имамының жұбайы қайтыс болған еді. Сол азамат бір кездескенде, «Қазалы үйге сабыр айтып жатамыз ғой. Дегенмен де, қайғының не екенін өз басыңа түскенде ғана түсінеді екенсің» деген еді.

Ажал болжаусыз. Біреу жол апатынан, біреу кәріліктен қайтыс болып жатады. Әсіресе, тосыннан келген қаза отбасына көп қиыншылықтар түсіреді. Бірінші күні қайғыдан қабырғасы қайысып отырған үй иесі асқа соятын семіз жылқы, тарататын  киім, дастархан мәзірін іздеп базар аралап кетеді.  Сонымен қатар, мәйітті оң жаққа жатқызып қойып, кешкісін мейрамханада қонақ асын береді.

Бір досым айтады: – Әкем қайтыс болған күні кешінде асын бердік. Асқа  шамалы адам жиналар деп ойлағанбыз. Қарасақ, 150-ден астам кісі жиналыпты. Сасқанымыздан ертеңгі асқа дайындаған жабдықтарымызды әкелуге мәжбүр болдық, дейді.

Мәйітті   жерлемей тұрып, ас беру қай дәстүрімізде немесе қай  шариғатымызда бар?

Біздің бала кезімізде ауыл ақсақалдары түнімен мәйіт күзететін. Сол түнде  көрші-қолаңы, достары ас-су әкеліп, қаралы үйдің адамдарын тамақтандыратын немесе алыстан келген ағайындарға шағын дастархан жайылатын. Бұл жақсы үрдіс  әлі күнге дейін кейбір  ауылды жерлерде сақталған.

Мәйітті жерлеп келгеннен кейін, тағы 250-300 адамға дастархан жайылады. Ас берілсін оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Мәселе сол дастарханның аста-төгінде. Тәттінің неше түрі, жеміс-жидек, тіпті салатқа дейін қойылатынын көріп жүрміз. Біз бұл арада  қаралы қазаны  торқалы тоймен шатастырып алғандаймыз. Бұл бар адам үшін түкте емес, ал жоқ адам үшін қасіреттің үстіне үлкен ауыртпалық түсіреді және ысырапшылдыққа жол беріледі. Жалпы, дінімізде  ысырапқорлық – үлкен күнә болып саналады. Қаралы дастарханды бәсекеге айналдырмайық, ағайын!

Тағы бір айтатын мәселе кейбір үлкендеріміз  кешегі кеңестік заманның әсері болар  жаназа үстінде жаздың аптап ыстығына, қыстың қақаған суығына қарамастан  сүйекті  көлденең жатқызып қойып, ұзақ  қаралы митинг өткізсе, ал ас үстінде ұзын-сонар сөйлеп, қажетсіз әңгімелерді айтып, көпті ығыр қылады.  Жұбатып, көңіл айтқан дұрыс шығар, дегенмен әр нәрсенің орны болуы керек.

Сөз соңында айтарым, ел ішінде етек ала бастаған осындай келеңсіз жағдайларды тоқтатуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, мешіт  имамдары, елағалары  белсене араласып,  осы мәселені бір ретке келтірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Осыған дейін ҚМДБ-ның пәтуасымен жаназадағы көптеген бидғат әрекеттер тыйылды ғой. Аллаға шүкір, бүгінде  халқымыз дінге бет бұрып, дін қызметкерлеріне бойұсынып,  құрметпен  қарайды. Сондықтан,   бұл арада  тек   мешіт  имамдары тарапынан  пәрменді насихат керек сияқты.

Дәулет Тілеубердиев,Семей қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502