Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 7933 0 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 12:49

ТАҚ СЫҢАРЫ – ЕЛ ҚАМЫ

Қырық кісінің ақылын иеленген хан не ойлап, не сезінбек... Қыр астында жатқан қауіпті аңдап, қайғырар, сірә?! Қате басса, обалға қалып, тарих алдында масқара боларын ескеріп, мазасы қашатын шығар?! Сәл-ақ сыр берсе, өзіне арқа сүйеп отырған елдің сенімі шәйін матадай сетінеп кетерін біліп, түнере түсер?! Осындай ойлар қаумалап, қара басының қамын ұмытатын да шығар... Ұлы империя тараған тұста тұрмыстық, тілдік, ділдік ерекшеліктерге байланысты қазақ болып бөлініп шығып, қарашаңырақты ұстап қалу үшін жылдар, ғасырлар бойы айқасқан қазақ хандарының көркем шежіресін оқып отырып, осылай пайым жасайды екенсіз. Және де заман өзгеріп, өркениет дамығанмен қауіп-қатер адам баласы тірі тұрғанда сейілмейтініне көзіңіз жетіп, тек елдік мүдде ғана өзіңе ғана тиесілі құндылықтарды сақтап қалудың кепілі болатынына нана түсесіз...

Керей мен Жәнібек
Жәнібек пен Керей үш-төрт жыл өтпей-ақ жазғы жайлауын ойлай бастады. Қыруар елді, өсіп келе жатқан бықы­ған малымен, қайда апармақ? Рас, біраз жұрт осы уақытқа дейін Шу мен Таластың жоғарғы бойын өрлей Қошқар, Жуанарық өңіріне көшіп келді. Кей ауылдар Көкше теңізінің маңына да барды. Енді бүйте беруге болмайды. Сонда жайлауды қайдан табады? Наурыз бітпей, биыл Көкше теңіз үстімен солтүстікке шығып алған Жәнібек ауылдары, көп ұзамай Мойындықұм маңайында қалған қалың елге келіп қосылған. Бұл кезде Жәнібек пен Керейдің қарамағындағы ел үш жүз мың үйге жеткен. Әбілқайырдың құрығы бұрын да мойнына түсе қоймаған Көкше теңіз маңындағы ел Жәнібекке тегіс бағынған. Әулиеата, Мерке маңындағы Дулат пен Қоңыраттар да қос сұлтанның жарлығына мойын ұсынған.
Міне, осы кезде жазғы қамын ойлаған елдің ақсақал, би, батырлары жиналып, екі мәселені шешті. Бірі – жасының үлкендігін сыйлап, Рабиуыл айының басында, ақ кигізге көтеріп, Керейді Қазақтың ханы сайлады. Екіншісі – жазғы жайлауы етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап, Ұлытау, Арғанаты тауларының бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл, Барақ көлді ала отырып, сонау Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болды. Малына жайылым, өзіне пана керек жұрт «Әбілқайыр берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз», – деп атқа қонды. Қазақ руларының бұнысы көк шалғынды, саумал көлді, ежелгі қонысын ел болып қайтадан өзі билеп, өз төстеудегі алғашқы қадамы еді. Бұған Әбілқайыр қарсы тұра алмады. «Қазақ елін құмға қашырып, қырып тастаңдар», – деп жіберген он мың лашкарларының қолынан ханның бұйрығын орындау келмеді.  
...Әскерінің қалай жеңілгенін естіген Әбілқайыр бір кезде бүкіл Дешті Қыпшақты, Мәуреннахр, Қорасанды бағындырған лашкарларының енді масқара боп, мінгесіп қайтқанына жаман қорланды. Ашудан бір орнында отыра алмады. «Тірі жүрсем, Жәнібек сұлтан, осы істегеніңді алдыңа келтірмесем, Әбілқайыр атым құрысын» деп ант берді. Бірақ антын орындай алмай өтті. Қарашыңның қолын жеңуі – жас арыстан қазақ елінің жауына айбарын алғашқы көрсетуі еді. Енді ол жылдан жылға есейе түсті. Тағы үш жылдан кейін Керей қайтыс болып, Жәнібекті хан етіп, ақ кигізге көтергенде, қазақ рулары бастары бірігіп, Шу, Талас, Сарысу, бүкіл Көкше теңіз бойын, Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі Есіл, Нұра, Тобыл өзендеріне дейін тегіс алып болған еді. Осы жердің оңтүстігін қыстауы, солтүстігін жайлауы етті. Елдің елдігін, ердің ерлігін көрсететін заман енді туды. Тек осы шағын жерде көшіп жүре берсе, бір күні өзінен күшті Әбілқайыр секілді бір ханның қалың қол шығарып, қайтадан басып алатынын Жәнібек жақсы ұқты. Өзің күшті болсаң, өзгемен көшің қатарлассын. Ал күшті болу үшін, енді қазақ біржолата руға бөлініп бытырап жүруды тыйып, айбынды мемлекетке айналуы керек. Ұшы-қиыры жоқ далада малының әуенімен әр руы өз алдына көшіп, тарап жүрген қазақтың, Иран, Үндістан, тіпті қала берді, тұрғын ел Мауреннахрдай тастай берік мемлекет болуының қиын екенін Жәнібек бұрыннан да жақсы түсінетін. Әйтсе де кәсібі бір, нәсілі бір, тілі бір бүкіл қазақ руының басын бір жерге қоса алмаса да, сол өзінің мал шаруашылығына тән көшпелі тіршілігіне ыңғайлы хандық құруға болатынына ол сенетін... Осы ойдың бәрін – ел бірлігін күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді, жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып, құртып кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады. Әрине, ондай басы біріккен, мол әскерлі елді мемлекетке айналдыру үшін, Ақ Орданы қайта тұрғызып, бүкіл Дәшті Қыпшақ жері мен Түркістанды өз қарамағына алу өте қажет. Алғашқы екеуі қазақ руларының берекесімен, ауыз бірлігімен байланысты болса, үшіншісі ұзақ тартыссыз, әсіресе Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырмен қан майданда кездесіп, аянбай қан төгіспей шешілмейтін тілек еді.
(І.Есенберлин, «Көшпенділер»).

Қасым мен Хақназар
Хандық іс – ол кезде әскер ісі, кім де кімнің әс­кері күшті болса, сол – хан жәні күшті хан. Қасымның жас кезінен ұстаған жалғыз сара жолы бар. Ол жол – бейбітшілік жолы – өз жеріңді ешкімге берме, өзгенің жерін тартып алма. Өзгенің жерін тартып ал­мау оңайға түскенмен, күштілер жеңген опасыз сұрқия заманда, өз жеріңді бермеу оңай іс емес еді. Бұны жақсы түсінген Қасым Сайрамға келісімен, тек өз ықпалын Сарысу, Шу, Талас бойындағы қазақ елі­не ғана жүргізуді ойламай, бүкіл Дәшті Қыпшақ же­ріне құлаш ұрды. Әкесі Жәнібектей бұл да қазақтың бар руына «бірігіп ел болайық», – деп кісі жіберді. Өзі әзірге бір өлкенің ғана ханы бола тұрып, енді бүкіл қазақты билейтін ұлы хандық құруды ойлады...
...Бұл күндерде Қасым хан Түркістан өлкесін бір­жолата жаулап алуға дайын еді. Қазір оның қа­ра­мағында үш жүз мыңдай боп қаруланған атты әскер бар. Осы бір кез бытырап жүрген қазақ руларының ба­сын қосып алтын тұғырына қонып, шын мемлекет бо­ла бастаған кез еді. Қасым ханның да абыройы кө­теріліп болған. Оны Дәшті Қыпшақтың елдік, жауын­герлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін бүкіл Шығысқа жайған әлуетті шағы еді.
Күн айнадай ашық. Күзгі салқын жел сарғайып кеткен ен даланы аймалай сүйіп, ақырын еседі. Бір топ батырларымен Қасым хан Созақтағы хан са­райы­ның алдында тұр. Осы арадан қазақ жерін қай­та шапқалы келе жатқан Қытай, Ойрат, Ақсақ темір ұрпақтарының қалың әскеріне қарсы ұлы айқас басталмақ...
Қасымның көзі енді дәл қасынан ақбоз сәйгүлігін ойнатып өтіп бара жатқан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті. Атының сымбаттылығына, жат батыр­дың отырысына сүйсінген хан көзін одан көпке дейін алмады. Бұл өзінің баласы – Хақназар еді. Ұрысқа алғашқы аттануы.
Қасым үндемеді, тек баласы ұзап кеткенше, оның ту сыртынан қарай берді...
Қазақ хандары Түркістан өлкесі үшін сексен жыл­дай соғысты. Ақырында, осы Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін өзіне қайтарып алды. Хан астанасын Яссыға көшірді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті.
(І.Есенберлин, «Көшпенділер»).

Тәуке
Тәуке!
Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек боп, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жіберді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өл­тірген. Содан он үш жыл кейін Тәуке қарым-қа­тынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп, елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды.
Тәуке басынан талай айқасты өткізді. Түр­кістан, Сайрамды аламын деп қалың қолмен кел­ген Бұхара, Қоқан, Хиуа хандарына төтеп бе­ре алды. Әсіресе, Тәуке Жоңғар нояндарымен көп алысты. Бұл айқастарында ол үнемі қырғыз елімен бірге болды. Қырғыз манабы Тиес әрқа­шан да Жоңғарға қарсы Тәукемен бір сапта шық­ты. Қазақ, қырғыз арасында Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, екі халықтың достығының бейнесі етіп, Тәуке–Тиес деп, қосақтай атады. Тәуке хан кезінде қырғыздың көп-көп ауылы қа­зақ ауылдарымен аралас, Әндижан маңайын, Шу, Шарын өзендерінің бойын жайлады.
(І.Есенберлин, «Көшпенділер»).

Әбілқайыр
– Төлеңгіттері ғой!
– Жалаңқылыштары десеңші!
– Шіркіндердің айбыны-ай! – дескен жамыраған дауыс жан-жақтан өрбіді де тез тыншыды. 
Кешікпей Әбілқайырдың өзі көрінді. Тұрықты ақбоз айғыр майда жорғамен басын иреңдете шұлғып, лыпып келеді. Басқалардан құрық бойы алда. Сардар тік шаншылып алған, дулығасының жалт-жұлт сәулесін қатар тізілген сарбаздардың жүздерінде ойнатып, әнтек бас изейді. Не дегені әзірше Жоламандарға естілмейді. 
Әбілқайырдың қасында Бөкенбай батыр келеді, сәл кейіндеу Жәнібек, Райымбек, Қабанбай, Сайрықтар. Бәрінің де міністері ауыздықпен алысқан шетінен сәйгүліктер. 
Жақындап қалған сардар тобын мұндағылар даурығыса марапаттап қарсы алды. 
– Сардардың жолы болсын!
– Жеңістен жеңіске жеткізе берсін!
– Туың жығылмасын!
Әбілқайыр басын изеді. Әлдене деп сөйлегені жыбырлаған ернінен білінгенімен жан-жақтан өршіген мол шуыл жеке дауысты көміп кетті. Жоламан Әбілқайырды былтырдан бері көрмеп еді. Қазір анықтап қарап тұр. Бұрын толық, етжеңділеу болушы еді, тоқыма берен денесін сыптығардай етіп қынап көрсете ме, біраз тарылыпты. Күміс кісемен буынған кеуденің жоғары жағы талыстай. Екі иық қомақтанып дулығаның ішінен киген жалбағайдың етегімен жабылып тұр. Берен сыртында жұқа бешпент. Өңі солбаяғы ақсұр қалпы. Көздері шытынаған суық ажарын жоғалтпапты. Атсоқты болған ба, екі ұрты сәл суала түсіп, шықшыт бойлаған қалың қауметке ақ қыл молырақ дендепті. 
Ақ орданың алдына тақалған сардарды екі-үш жігіт аттан түсіріп алды. Әбілқайыр енді назарын ешкімге де салмай, ұйыңқырап қалған аяқтарын баяу қозғап ілгері жүрді. Сәл еңкіш тартқан денені алғаш тіктеп көріп еді, дағды алған бел оған көнсін бе, сырықтай бойды қайтадан имитті. 
Сардар сықырлауықтың жақтауынан ұстай беріп, айналып артына бұрылды. Соңынан дүрмек топ болып ілесіп келе жатқан батырлар мен қолбасыларды көрді де, тіл қатпастан сол қырыңдаған күйі оң иығымен табалдырықтан аттады. 
Жоламан Орынбайды түртіп қалды. 
– Әділді қай жерден көріп едің?
– Есімде жоқ. Жоламан-ау, сардар қандай, ә! Нағыз сардар емес пе! Құдай біледі дейінші. Әбілқайырдың арқасында еңіске жететінімізге еш шүбәм жоқ. Осы менің өзім ойраттың он шерігін құрдымға жібермесем бе, қара да тұр. Жігіттердің әбден құлшынғанын көрдің ғой. Міне, дәл қазір мына ордада ертең-бүрсігүнгі жорық, майдан жағдайы шешіледі. Сонсоң... Әй, бір айызымды қандырамын-ау, қандырамын.
(С.Сматаев, «Елім-ай»).

Тәуекел
Расымен сырқаттан тұрған ба, әлде үлкен іске аяқ басар алдындағы жан толқынысы ма, бидай өңді Тәуекелдің жүзі солғын, бозарыңқы. Қалың, қайқы қастарының арасы қосыла, қырлы, сұлу мұрны қусырыла, танауы дірілдеп, қинала сөйлейді. Сөйлеген сайын даусы қатая берді. Ақыры, ешкімге тіктемей, жұрттың басынан асыра, әлдеқайда тесіле қараған бойы өзінің құлаққа жағымды, бірақ әлденендей айбар, қуат толқыны бар қоңыр даусын тапты. 
Хан әуелі өзінің игі жақсыларды қала сыртында, алдан шығып, лайықты қарсылай алма­ғаны үшін, тым құрыса, ақсақалдарға кіріп, сәлем беріп шықпағаны үшін ғафу өтінді. Содан соң, мезгілді уағынан ерте шақырылған кеңесті кең далада, биік төбе басында емес, тар жерде, тас сарайда өткізуге мәжбүр болғанына өкініш білдірді. Үлкенді-кішілі бірнеше сұлтан, батырлар мен билердің атын атап, өзінің айрықша ықылас-пейілін танытқан соң, бүгінгі шаруаның мән-жайына ауысты. 
Алдымен жазғы жайлау, қысқы қыстау турасында сөз болды. Соңғы сегіз жыл орайында қалыптасқан көші-қон ретін өзгертер мүмкіндік жоқ. Жағдай солай. Жер қусырылды. Атамекен­нің төрт пұшпағы бірдей кесілген...
Сөз кезегі сұлтандар, оғландар мен батыр, билерге көшіп еді. «Жағат-мағұлды Жетісудан ысырайық!» – десті біреулері. «Қалмақты Шың­ғыстан, Нор-Зайсаннан қуайық!» – десті екін­шілері. «Ноғайды Жайықтан ары өткізейік!» – дес­ті үшіншілері. «Сырдың бойын тазартайық! – десті төртіншілері. «Ешқандай қырғын соғыс­тың керегі жоқ. Жылжи көшіп, Сібір жұртын алайық!» – десті біразы. «Қай тарапқа қарап шабынсаң, сол жаққа аттанамыз, баста!» – десті бәрі. 
«Жоқ!» – деді Тәуекел. – Жоқ! Қысыр кеңес қыр асырмайды. Қылышпен қидаласып, сүңгімен сайыса бергеннен тағы ештеңе өнбейді. Ойдағы берекелі іс байыпты мұрат табуы үшін, алаштың арқасы кеңіп, ата жұрт аймағымен алтын айшықты, бөрі басты қызыл тудың астына еніп, қайтадан еңселі орда тігуі үшін...».
«...Қайтпек керек?»
«...Ханға қатал билік, қалған жұртқа қалтқы­сыз береке-бірлік керек!».
Біреулер тұнжырап төмен қарады, біреулер түксиіп тура қарады, алайда ешкім де Тәуекелге ашық қарсылық білдірмеді. Қайта, көпшілігі дабырлай қостап, неге болмасын әзір екенін танытқан. Әзірге пәтуаға келіскендей болды. Хан да өзінің кесімді сөзін індетпеген. Ақсүйек сұлтандар да, қараша бектер де жақсы білетін, үлкенді-кішіні бірдей толқытар біраз жайтты қайыра еске салған. 
– Сыр бойы қастерлі жұртымыз еді. Ойран мен бұлғақ тұсында айрылдық. Қасым хан заманынан бері Бұқармен қидаласып келеміз. Бірде алдық. Бірде бердік. Ақыры табан тіреуге айналып едік. Жүз жеңісті жалғыз жеңіліс жуып кетті, мың батырдың ерлігін жалғыз ханның – Хақ-Назардың өлімі мансұқ етті. Керуен жолының үстінде тұрған, көңілге көрік, пейілге тоқтық берген, береке, байлық бөккен дулы базарлы отыз қаладан бір-ақ күнде айрылдық. Бүгінгі кеңес Қаратаудың терістігінде емес, түстігінде, қорғаны құлап, оры көмілуге жақындаған Созақта емес, қасиетті Сығанақта, сәулетті Түркістанда, айбынды Сауранда өтуі тиіс еді. Шабу оңай. Шауып ала аламысың? Осыны байыпта! – деді. 
– Жетісу ата жеріміз еді. Әз-Жәнібек хан заманынан бері жағат-мағұлмен қырқысып келеміз. Әуелі жеңдік. Қойдай қырдық. Содан соң жеңілдік. Әдіктен тараған бес ұлдың ұрпағы – жиырма төрт сұлтан қатарынан шәйіт болған, отыз мың аламан өлген ойранды ұрысты ұмыттыңдар ма? Тоғым хан мен Бәшібек ағамыз бастаған отыз жеті сұлтан түгел қырылған, әрқайсысы онға татыр елу мың аламан өлген сойқанды соғысты ұмыттыңдар ма?! Жиырма жылда оңалдың, қырық жылда қайтадан қара қол құрадың, өшкенің жанды, бірақ өлгенің тірілген қане? Жабығың бүтінделді – жараң жазылды ма?! Аттанайық. Жеңерміз. Қырып тауыса аламысың? Қырық жылдан соң олар да оңалмай ма? Бүгін өлген жауыңның ұрпағы ертең қайыра аттанбай ма бері қарай? Жаулық жолы атадан балаға көшкенде ұтқаның осы ма? Жоқ. Соғыстан басқа амалын қараңдар. Ойлаңдар, табыңдар, – деді. 
– Жайық құтты қонысымыз еді. Аталарымыз қазақ, ноғай болып айрылғанда арғы бетте қалды. Ноғаймен жауығып, елу жыл қидаластық. Қайтарып алдық. Қайырып бердік. Неше барып, неше қайттық. Ақ Жайықтың арнасынан асып, Еділдің сағасына да жеттік. Не шықты? Ақыры ата-бабаңның зираты тұрған жерді ұрыс-соғыс­сыз тастап шықтың. Неге? Білсеңдер айтыңдар. Айтыңдар да пәтуаға келіңдер, – деді...
...Алғашқы күнгі мәжіліс осымен тынды.
(М.Мағауин, «Аласапыран»).

Кенесары
Бір мың сегіз жүз қырық үшінші, Қоян жылы, мау­сымның жиырма жетісі күні, Бірінші Николай патша Орынбор әскери губернаторына Кенесарыға қарсы жасақ шығарып, оның басын әкелген адамға берілетін үш мың сом сыйлық ақшаны шаңырақ салығынан төлеуге рұқсат етті.
Осындай шешімге келетінін күні бұрын білетін Соғыс министрімен тікелей байланысы бар Орынбор әскери губернаторы Обручев Кенесарыға қар­сы соғысқа қыс басынан дайындалуда болатын...
...Кенесары бұл жолы соғыс әдісін тіпті өзгертті. Патша губернаторлары бұны енді біржолата құрту­ға кісіркеніне көзі жеткен сұлтан оңай берілгісі келмеді. Ең алдымен, ол әскерін бұрынғы әдеті бойынша бір жерде ұстамай, беске бөлді. Ондағы ойы, түбі жауына төтеп бере алмай қалатындай күн туса, бар күшін біржола құртып алмай, шамасы келгенше әскерін сақтау еді. Бизанов полкіне қарсы шығатын жасаққа мың басы етіп Наурызбайды, ақылшы етіп Ағыбай батырды тағайындады. Ал Батыс Сібірден келетін үш жасаққа қарсы мың адамнан құрылған үш жасақ шығармақшы болды. Біріне мың басы етіп Жеке батырды, оған ақылшыға (штаб бастығы ретінде) Құдайменді батырды, екіншісіне мың басы етіп Иман батырды, ақылшыға Жанайдарды, ал үшіншісіне Бұқарбай батыр мен Жәуке батырды тағайындады. Өзі Жоламан екеуі болашақ соғыстың дәл ортасы осы болады-ау деген  Ырғыз өзенінің жағасында қалды. Бұл кезде он мың салт атты әскері бар Кенесары Байтабын басқарған мерген тобы мен қалған жауынгерлерін Мұғажар тауының арасына қарай көшкен ордасы­ның төңірегінде ұстады. Бұл негізгі қолмен Кенесары әр жерге қойған бекет тәрізді шұғырымдар арқылы байланыс жасап тұрды. Қысылтаяң күн туса, бірігіп кетерліктей жағдай сақтады. Кенеса­рының соғысқа былай дайындалуының екі себебі бар-ды. Бірі, патша әскері Ырғыз бойында бастарын қоса алмаса, оларды жекелеп ұруға жеңіл. Екіншісі, ұрысуға жері неғұрлым кең болса, Кенесары әскерінің тынысы соғұрлым кең, өзінің негізгі әдісі атты әскерінің шапшаңдығын пайдалана алады. Бүгін бір жерде тұрса, ертеңіне екінші жерге шығып, әр жерден із тастап, жауына ұстатпайды. Кенесарының ойлағаны – бар әскерімен өзі қор­шау­ға түсіп, бар күшін харам етіп алмау. Ал мына қолданған әдісі ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына ең лайықты әдіс. Бір жерде жеңілген күнде де, өзге жердегі әскері аман қалады. Әскерін сақ­тауы – хандығын сақтауы.  Кенесарының бір ойла­ған айласы – күші басым, зеңбіректі, мылтықты жау­мен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, шаршата ұрысу. Өз жерінде, өз елінде Кенесары сарбазына бәрі дос, азық табу да, ат ауыстыру да жеңіл... Бұлай алысу қуған жауының алдыңғы шебі Кенесары жасағына деп ентелей соңынан ергенде, бір топ сарбазы шұбалып келе жатқан жаудың артынан тиіп, азық-түлігін, оқ-дәрісін артқан көшін бөліп әкетуге де қолайлы! Патша әскері қуып, жете алмай, қалжыра­ған сайын, қазақ даласының жаңбырлы, суық күзі жақындай түседі. Кей жерде ат толарсағына дейін бататын батпақты сары дала патша әскерінің қолбасшыларына бораны қасқырша ұлыған ызбарлы қыстан кем емес. Күзі ақ жауын. Күндіз-түні бір ашылмай, сіркіреп құя берсе, ешбір әскер шыдай алмайды.
(І.Есенберлин, «Көшпенділер»).
Ескерту: Мәтіндер қысқартып алынғандықтан, үзінділерді түпнұсқаға жүгініп барып алу керек.
Дайындаған Арман ӘЛМЕНБЕТ.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048