Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 8268 0 пікір 8 Қазан, 2015 сағат 11:03

ТӘКФИР ЖАМАҒАТЫ: ОЛАР КІМДЕР?

Соңғы жылдары әлем халықтары арасында жаппай дінге бет бұрушылық байқалады. Әсіресе ислам діні кең етек жаюда. Бұл үрдіс жалпы мұсылмандарға қуаныш сыйлағанымен екінші жағынан мөлдірдей таза ислам дінін өз мақсатына пайдаланғысы келген кейбір топтар әлемге исламның қасиетті ұғымдарын терроризммен байланыстырып, дінді құбыжық етіп көрсетуде.

Бүгінде халықаралық бас қосуларда міндетті түрде исламмен байланысты ұйымдар сөз болады. Әрине, кез-келген мемлекет әлемде тұрақтылық, тыныштық болғанына мүдделі. Сондықтанда «Әлемде болып жатқан діни қақтығыстардан, террорлық әрекеттер мен жарылыстарданбіздің мемлекет аман» деп, араласпай, қол қусырып отыра алмаймыз. Қазақстан әлемде болып жатқан қақтығыстардың бейбіт жолмен шешілуі үшін бір қатар шаралар атқаруда. Алайда соңғы кезде Қазақстанда халықаралық, террористік деп танылған ұйымдарды жақтаушылар, тіпті солардың идеологиясын ел ішінде жасырын таратушылар бар екендігі өкінішті. Аталмыш ұйымдар мен діни топтардың саяси мақсаттары, жиһад, оның шариғаттағы негізгі мағынасы жайлы елімізге белгілі исламтанушы, дінтанушы, саясаттанушы ғалымдар тарапынан талай айтылып та, жазылып та жүр. Біз бұл мақалада жат идеологияны қолдаушы топтар туралы талқыламақпыз.

Олар кәдімгі қазақтың баласы немесе қазақстандық азамат. Олармен сөйлесіп, оңалту бағытында бетпе-бет жұмыстанатын негізінен имамдар мен теолог мамандар. Жалпы халық уаһабит, сәләфит, такфир немесе т.б. еліміздегі ислам дінінің атын жамылған топтарға қорқынышпен қарауы мүмкін. Өз басым теолог маман ретінде жат ағымда жүрген және осы бағыттағы сотталған азаматтармен кездесіп жүрмін. Олардың 99 пайызы мүлдем діни сауатсыздар. Талас тудыратын 5-6 сұрақтың төңірегінде ғана оқып немесе тыңдап алған олар дінге бір жақты қарайды,  яғни өздерімен санасқан адамдікі ғана дұрыс, ал келіспеген адамды адасқан деп ойлайды. Өзім сөйлескен көптеген адамның ешқайсысы бір мәселені дәлел-дәйектерімен дұрыстап айтып бере алмады. Олардың ішінде беті бері қарап, бұрынғы идеологиясын өзгертіп, дәстүрлі бағытқа ауысқандар да болды. Олар «біздікі ғана дұрыс, басқалар адасқан, олардың дәлелі жоқ деп, біреудің үгіттеуімен ғана жүрген екенбіз ғой» деп өкініш білдіруде.

Осы топтардың ішінде намаз оқымағанды «кәпір» деп айыптайтын тәкфир жамағаты ел ішінде қауіп төндіруде. Бұл Уаһаби жамағатының ең радикалды көзқарасын ұстанатын тобы. Олар 5-6 сұрақтың төңірегінде басқа ой-пікірдегі адамдарды айыптап, өз ойларын жүзеге асырғысы келеді. Тәкфирлердің ұстанымы бойынша намаз оқымаған адам кәпір. Мұсылманмен кәпірдің арасын бөлуші тек намаз деп ойлайды және осы тұрғыда Пайғамбар (с.а.с) хадистерін бір жақты түсініп, дәлелдейді. Сіз: «мені кәпір дей берсін. Бірақ мен Жаратушыға сенетінімді өзім білемін ғой» деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ бұл жердегі мәселе сіз ойлағаннан гөрі күрделі. Тәкфир ағымын ұстанатындар адамды күпірлікпен айыптаумен шектеліп қана қоймайды. Күпірлікке шығару арқылы олар әлгі адамның мал-мүлкі, жаны өздері үшін халал дейді. Бұл  намаз оқымаған адамды тонауға, өлтіруге, зорлауға болады деген сөз. Бұл - сөзсіз адасушылық. Әлемге әділдікті әкелген исламның ұстанымы мүлдем басқа. Исламда өзін мұсылман санап, Аллаға, Пайғамбарға сеніп «Ла илаһә илла Аллаһ, Мухаммаду расулуллаһ» деп айтатын адамды кәпір деуге болмайды. Себебі бізге жол көрсетуші  Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім біреуді кәпір, немесе Алланың жауы деп айтып, шындығында олай болмай шықса айтқан сөздері өзіне айналып оралады» (Бухари, Муслим) деп, өзге адамды кәпір деп айтпауды қатаң ескерткен.

Ислам ғұламалары: «күпірліктің шариғаттағы мағынасы дінде айқын дәлелдермен белгілі болған нәрсені жоққа шығарып, оны мойындамау» деген. Имам Науауй: «Ақиқат жолын ұстанушылар құбылаға бет бұрғандардың (өзін мұсылман санағандардың) ешбірін жасаған күнәсы немесе нәпсінің қалауына ергені үшін күпірлікке шығармайды» деп айтқан. (Шарху Сахих Муслим, 1 том, 150 бет).

Имам Тахауй: «Адам дінге кіргізген нәрсені қайтадан жоққа шығармайынша кәпір болмайды» деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Лә иләһа илла Аллаһ сөзін айтып өлген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» (Бухари, Муслим) деп айтқан. Бұл хадисте Пағамбарымыз «Ла илаһа илла Аллаһ» деген адамды мұсылман санап тұр. Айтылған мәтіндерге көз жүгіртер болсақ иман мен күпірлік жүректе орын алады, ал жүректегі нәрсені тек Аллаһ қана біледі, сол себепті адамдардың жүрегіндегіні білмей оларды кәпір деп айту дұрыс емес.

Екіншіден,ислам дінінде жазықсыз адам өлтіру және өзге адамдардың мал-мүлкін тартып алу харам болып табылады. Ислам – мейірімділік діні. Сондықтан Пайғамбар мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де мейірімді болған. Құранда Аллаһ тағала: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе бүкіл адамзатты өлтірген сияқты болады, сондай-ақ, кім бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамзатты тірілткен сияқты болады» (Майда 32) деп айтқан. Бұл аяттың тәпсірінде Ибн Аббас (р.а): «Аллаһ жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтіргенмен тең, ал кімде-кім Аллаһтан қорқып жазықсыз адамды өлтіруден бас тартса, бүкіл адамзат баласын аман алып қалғанмен тең» деп айтқан. Ислам дінінде адам өлтіруді айтпағанда, тіпті адамға аз болса да зиян келтірудің өзі күнә болып есептеледі. Пайғамбарымыз:  «Шынайы иман келтірген мұсылман - өзге адамдарға зиян келтірмеген адам» деп,  басқа адамның жанына, малына, арына зиян келтіруге қатаң тыйым салған.

Сондықтан осындай пікірде жүрген адамдардан сақ болғанымыз жөн. Ол үшін әрине, діни сауатымызды арттыру қажет. Сондай-ақ дәстүрлі емес бағытта жүрген адамдарды дәстүрлі ортаға қайтару бағытындағы жұмысты дінтанушылар мен имамдарға немесе мемлекеттік және құқық қорғау органдарына  ғана жүктеп қоймай, жалпы ел болып жұмылуды қажет етеді.

Мақсат РАМАНҚҰЛОВ, теолог

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395