Сейсенбі, 31 Желтоқсан 2024
Қылмыс 7098 0 пікір 4 Қазан, 2015 сағат 17:17

МАҢҒЫСТАУДЫҢ "МӘ-МӘ" МАФИЯСЫ

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек ТІЛЕГЕНОВ маңызды мәжіліске қатысудың орнына «қашқын курьермен» бірге қашып кеткен жоқ па – кім біледі?

Мафия ұйықтамайды екен. Әсіресе Маңғыстау мафиясы..! 

Жақында Маңғыстау мафиясы (шартты түрде алып отырмыз әрине) әлем мафиясының аузына су құйып, аңқитып кетті – өйткені анау-мынау... кәкір-шүкір емес, бақандай 120 килограмм тап-таза героинді қайдан екені белгісіз, қазақ еліне «аман-есен» алып келу мафияның болмаса, анау-мынаудың қолынан келе бермейтіні таза шындық енді. Мұны естісе, маңғыстаулық мафиозилердің мұндай тірлігіне әлемдік наркобарон, жер планетасындағы бірінші нөмірлі мексикандық атақты наркомафиози ЭСКОБАР-дың өзі таңданғаннан «аузын ашып, көзін жұмар» еді.

ӘЛҚИССА:

Кеше ғана Маңғыстау облысының әкімдігінде облыстың «сорпа бетіне шығарлары» есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі штабтың кезекті мәжілісіне аяқ астынан апыл-ғұпыл жинала қалды. Жинала қалған кезде... жинала қалғандарға облыс әкімінің орынбасары, осы штабтың төрағасы Әнуар ШӨЖЕҒҰЛОВ мырза жақсылап тұрып айқайды салып берді. Ешкімді оңдырмады. Айқайлағанда да – бұ кісі кеден саласының қызметкерлерін «мақтамен бауыздап», «саусақпен сойып» тастады. «Ақтау теңіз портында мұндай ірі көлемдегі героиннің ұсталуы жайдан-жай емес, – деді Шөжеғұлов. – Мұның өзі бізге осы аумақ арқылы есірткі тасымалы бұрыннан бері тұрақты түрде жүзеге асып келе жатыр деп ойлауға негіз береді. Мұндай ірі көлемдегі аса құнды есірткі партиясын ешкімнің де бостан-босқа, тегіннен-тегін  тасымалдамайтыны белгілі. Сіздер өздеріңіз (бұл жерде Шөжеғұлов мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты кеден басқармасының басшылығын айтып отыр) ресми мәлімдемеде аталмыш есірткі құнының 2 миллиард теңгеден асып жығылатынын айтып отырсыздар. Осы жерде «кедендік бақылаудың қажетті техникалық құрылғылары неге қолданылмады?» деген сұрақ сіздерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті тарапынан өте дұрыс қойылып отыр...»

Бір қызығы және түсініксізі – дәл осындай маңызды мәжіліске Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек ТІЛЕГЕНОВ мырза келмей қалыпты. Мұны естігенде Тілегеновтің орнына мәжіліске келіп отырған осы департаментке қарасты кедендік бақылау басқармасының басшысы, аталмыш департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бақыт СӘТМАҒАМБЕТОВ-ке:  «Бұл жерге, ашығын айтқанда, облыстағы бүкіл күш құрылымдарының басшылары келіп отыр, – деп ӘНУАР мырза қатты ашуға мінді. – Тіпті үш аумақты басқарып отырған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы да келіп отырған мұндай мәжіліске келмейтіндей... «Что он себе позволяет? Он считает себя выше или считает себя не достойным сидеть с нами за одним столом? Вы передайте ему, мы хотели его послушать здесь...». Мен оның штаб мүшесі бола тұра дәл осындай маңызды мәселеге қатыспай қалатын түсініксіз мәселесін облыс басшылығының... облыс әкімінің алдына қоямын..!».

Штаб бастығы тұп-тура осылай деді. Күйіп кеткеннен айтып отыр әрине, әйтпесе өте-өте сапалы колубиялық (ресми емес мәліметтерге қарағанда) жүз жиырма килограмм таза героин дегеніңіз әлемдік деңгеймен алып қараған күннің өзінде де сұмдық енді – қара базардағы құны екі жарым миллиард теңгеге жетіп жығылады..! Ал енді «осы жағдай оқыстан қалай бола қалды?» дегенге келетін болсақ, бұл жерде жағдай былай болған көрінеді: Өткен айдың соңына қарай Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі Каспий теңізі арқылы Маңғыстау өңіріне келіп жеткен 120 килограмм героинді тәркілеген. Дұп-дұрыс дейік. Қызметтеріне береке берсін! Ал енді осы мәселенің «дұп-дұрыс емесі қайсы?» дегенге келетін болсақ, Шөжеғұловтың айтуына қарағанда, есірткі тәркілегіштер қолдарына «сап ете» қалған наркокурьерлерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті өкілетті органына өткізіп бере қоймапты – дер кезінде. Соның кесірінен героин тиелген жүк көлігінің жүргізушісі сол күні-ақ, яғни қолға түскен күні-ақ «зууу» етіп қашып кетіпті. Оның қалай қашып кеткенін тірі жан білмейді. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, ол азамат сол күні-ақ «тескен тау асып» (шетелге дегеніміз ғой) кеткен көрінеді – ұшақ арқылы. «Егер есірткі салынған жүк көлігін инспекциялық-тексеру кешенімен тексеріп қарағанда, жүргізуші қашып кетпеген болар еді. Яғни, олар шекарадан өту барысында жан-жақты мұқият тексерілмеген деген сөз. Неге инспекциялық-тексеру кешенін қолданбадыңыздар?» деп мәселенің осы тұсында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұратбек ҚАМБЕТОВ мырза кеденшілерге қатты шүйлігіп, Шөжеғұловқа қарап алақанын жайды. Ал мұндай «түсініксіз топалаңға» Шөжеғұлов не десін – ол есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі штабтың төрағасы ретінде маңғыстаулық кеденшілердің мұндай әлемдік деңгеймен салыстырып қараған күннің өзінде де аса ірі мөлшердегі есірткі партиясы болып есептелетін «тәркілеу операциясына» Ішкі істер органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тәжірибелі мамандарының неліктен жұмылдырылмай қалғанына таң қалғанын қатты ашулана отырып білдірді.

«Поезд ушел...», жалпақ тілмен айтқанда.

Қысқасынан қайыратын болсақ, осы жерде мынандай да мынандай бір-екі ауыз болжамдар ойға оралады: біріншіден – Маңғыстау өңірінде Ақтау теңіз порты арқылы есірткі тасымалы ежелден-ақ жолға қойылған болуы әбден мүмкін. Екіншіден – мұндай ірі көлемдегі есірткі партиясына «крыша» болып отырған жергілікті күш құрылымдарында «мафиози-коррупционерлер» де жоқ емес деген сөз, өйткені есірткі тасымалы өте «серьезный бизнес», оны жергілікті «мықтылардың қорғап-қолдауынсыз» жолға қою тіпті де мүмкін емес. Үшіншіден – 120 килограмм героинмен қолға түскен жүк көлігінің жүргізушісін «есірткі бизнесіне мүдделі мафиозилер» әдейі қашырып жіберген болуы да ықтимал – өздері қолға түсіп қалмау үшін. Демек, мұндай «мүдделі мафиозилер» жергілікті билік пен күш құрылымдарының ішінде де бар болуы әбден мүмкін деген сөз. Бірақ бұл «мафиозилер кімдер?» – әзірге бұл сұрақтың беті ашық қалып отыр. Бұл сұраққа нақты жауаптың табыла қоюы да неғайбыл – әңгіменің ашығын айту керек. Ал табыла қалса... ал табыла қалса әлбетте – оларды тауып ала қойған мықтыларға міндетті түрде РЕСПЕКТ..! Міндетті түрде РЕСПЕКТ..!

Әй, бірақ қайдам..?!

 P.S. Abai.kz ақпараттық порталы өз оқырмандарына өңірдегі «есірткі бизнесіне» қатысы бар-ау деген жергілікті билік пен күш құрылымдарындағы кейбір тұлғаларға қатысты журналистік зерттеу жүргізуді бастағанын хабарлайды. Нәтижесі, Алла қаласа, алдағы уақыттарда белгілі болады.

Марат МАДАЛИМОВ, Сандуғаш ШОРТАНОВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2121