ТЕҢІЗДІҢ ЕН БАЙЛЫҒЫ ЕЛ ҚАЖЕТІ ҮШІН ИГЕРІЛУДЕ
Қазақстан мұнай өнеркәсібі көшбасшыларының біріне айналған «Теңізшевройл» ЖШС үшін саланы дамытудың шешуші факторы өзара ынтымақтастық пен инвестиция болып саналады. Сала табысына қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қызметкерлердің денсаулығын қорғау мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларды жақсартудың, кадрлардың біліктілігін дамытуды жетілдірудің және қазақстандық қамтуды нығайтудың ықпалы айтарлықтай. Осы бағыттағы жұмыстардың жемісі болар, кәсіпорынның Қазақстан экономикасына үлесі жылдан-жылға артып келеді. Кәсіпорын құрылғаннан бергі жиырма үш жылға жуық уақытта республика қазынасына құйылған тікелей қаржы төлемі тұтастай алғанда 109 миллиард АҚШ долларынан асты. Дәстүрлі қазақстандық халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі қарсаңындағы «Теңізшевройлдың» Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВПЕН әңгіме кәсіпорынның корпоративтік жауапкершілігі төңірегінде өрбіді.
– Рзабек Дәуітұлы, бірер күннен соң, Алматы қаласында дәстүрлі «KIOGE» көрмесі ашылады. Көрмеге қатысушы компаниялардың қай-қайсысы да белгілі дәрежеде корпоративтік жауапкершілігімен ерекшеленеді. Осы ретте, өзіңіз еңбек ететін компания үшін корпоративтік жауапкершіліктің салмағы қандай?
– ТШО үшін корпоративтік жауапкершілік – бұл тек қоғам мен қызметкерлердің дамуына қосылған үлес емес, ол біздің өз арамыздағы және серіктестермен қарым-қатынасты анықтайтын этикалық құндылықтар мен қағидалар. Бұл – біздің қызметіміздің экологиялық көрсеткіштері және Қазақстан экономикасына қосып отырған қомақты үлесіміз. Ең бастысы, корпоративтік жауапкершілік – жалпы қызметіміздің және Қазақстан алдындағы міндеттемелеріміздің басты негізі болып табылады. Кәсіпорын құрылғаннан бергі жылдарда біз қазақстандық кәсіпорындардың алдыңғы қатарынан көрінуге бар күш-жігерімізді жұмсап, белгілі дәрежеде жетістікке жеткенімізді мақтан тұтамыз. Ең алдымен, кәсіпорынның корпоративтік жауапкершілікті барлық бағытта үздіксіз жетілдіріп келе жатқандығы – біз үшін зор жетістік. Мұнай және газ саласында әлемдегі ең қауіпсіз, тиімді және пайдалы кәсіпорын болуды көздеген біз әлемдік стандарттар деңгейіндегі басқару моделін ұстанып келеміз. Өндіріс тиімділігінің өзі өндірістік қызметтегі жоғары стандарттарға негізделген. Өндірісті жаңарту мен оңтайландыру, технологияларды жетілдіру жөніндегі ұстанымымыз осыған дәлел. 1993 жыл мен 2015 жылдың бірінші жартысы аралығында ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржы төлемі тұтастай алғанда 109 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтеріне жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға берілген тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді.
– «Теңізшевройл» Қазақстанға шетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген кәсіпорын. Ендеше, әңгімені Атырау облысындағы жауапты және жетекші инвестор саналатын кәсіпорынның жергілікті қауымдастыққа және жұртшылықпен байланысқа бөлетін инвестициялары төңірегінде өрбітсек.
– Теңіздің ен байлығын ел қажетіне жарату – кәсіпорынның құрылған кездегі негізгі ұстанымдарының бірі де, бірегейі болатын. 1993 жылы кәсіпорын жергілікті қауымдастыққа және жұртшылыққа пайда тигізу мақсатында 50 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыдан тұратын 5 жылдық «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Сол тұста компания қаражаты жұмсалатын әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын таңдауда Атырау облысы әкімдігі басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде шешім қабылданды. Сәтті аяқталған «Атырау Бонус Қоры» жергілікті қауымдастыққа пайдасын тигізетін осындай бағдарламаның қажеттігін және одан келер пайданың зор екендігін көрсетті. Сөйтіп, 1998 жылы «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасының орнына ерікті «Игілік» бағдарламасы келді. Бағдарламаның бастапқыдағы бюджеті 4 миллион АҚШ доллар көлемінде болды. Жергілікті қауымдастықтың қажеттілігіне сай, ТШО инвестиция көлемін біртіндеп өсіре берді. 2013 жылдан бері «Игіліктің» жылдық қоры – 25 млн. АҚШ доллары. Жалпы, «Игілік» және «Атырау Бонус Қоры» бағдарламалары бойынша 1993-2012 жылдар аралығында жұмсалған қаржының жиынтық көлемі 200 миллион АҚШ долларынан асты. «Игілік» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бергі кезеңде ТШО-ның қаржыландыруымен бірнеше жаңа мектеп, емхана және аурухана ғимараттары салынып, электр қуатын бөлу торабы, су тазарту құрылғылары мен желілері, газ магистральдары салынып, тартылды. 2014 жылы ТШО Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін толық аяқтап, Атырау қаласындағы екі мектеп пен Атырау облысындағы үш балабақша құрылысын жалғастырды. Жылыой ауданын көгалдандыру шараларын қолға алды, Құлсары қаласында екі саябақ ашты және Жаңа Қаратон мен Қосшағыл кенттерінде 2 мыңнан астам көшет отырғызды. Бұдан бөлек, 2014 жылы ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған озық үлгідегі медициналық жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ, Атырау облысы кардиологиялық орталығының, облыстық балалар ауруханасы жанындағы сурдология орталығының және облыстағы жеті медициналық мекеме мамандарын оқыту үшін 4 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлді. Аталған қаражатқа Атырау облыстық кардиологиялық орталығына, Атырау облыстық балалар ауруханасына, сондай-ақ, Мақат, Индер, Махамбет, Жылыой, Құрманғазы, Исатай және Қызылқоға аудандарының орталық ауруханаларына заманауи жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жұмыс істеу үшін 29 дәрігер арнайы оқудан өтті.
Таяуда Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы құрметіне Исатай ауданы, Аққыстау ауылына заманауи үлгідегі 400 орындық мәдениет үйі салынып, тұрғындар қажетіне пайдалануға берілді.
– «Игіліктің» ел игілігіне арналған оңды істерін жұртшылық жақсы біледі. Ал корпоративтік жауапкершіліктің бір тармағына айналған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының көздегені не? Соны тарқатып айтсаңыз.
– ТШО құрылымында бұл ең жас, әрі мақсатты әлеуметтік бағдарлама болып табылады. Бұл бұған дейін осы тектес жұмыс атқарылмады дегенді білдірмейді. Бұрын да осы бағытта жұмыс істелді. Бірақ, басқаша болатын. Бөлінген жылдық қор шамамен бір миллион доллар бір жолғы көмекке ғана аударылатын. Мәселен, ауруханаларға керек-жараққа, әлеуметтік жағынан қорғалуы төмен топты қаржылай қолдауға, т.б. берілетін. Бұл да керек. Бірақ, мұндай көмектің тиімділігі шамалы. Осыны ескере келіп, біз бұл бағыттағы жұмыстың бағытын түбегейлі өзгертуді шештік. Сөйтіп, бұл қаржыны адамдарды дамытуға арнадық, яғни нақты адамға бағытталған көмектің нәтижелі де, ұзақ мерзімді болуын қаладық. Уақыт көрсеткендей, біз өз шешіміміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Жылдық бюджеті 1 миллион АҚШ долларынан асатын әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы – ТШО-ның аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға арнаған тиімді бастама болды. ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына біріктірілген барлық жоба да жергілікті қауымдастықтың мүддесін көздейді. Бағдарлама жұртшылық үшін аса маңызды сала – денсаулық сақтау, білім беру, тіл үйрету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, жас таланттардың көзін ашу, экология және қоршаған ортаны қорғау сияқты мәселелерді қамтиды.
Бағдарламаны бастамас бұрын, ТШО компания қызметінің негізгі бағытымен үндесетін, тұрғындардың да, өз өндірісінің де қажетіне жарайтын нақты жобаларды жүзеге асырудың жолын табу мақсатында жергілікті халықтың қажеттіліктеріне зерттеу жүргізді. Аталған зерттеу нәтижелерін талдау барысында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесі кәсіпорынның өз өндірісі мен бизнесінің мақсаттарын жергілікті халықтың мәселелерін шешуге, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ететін компанияның әлеуметтік-экономикалық көзқарасымен ұштасқан стратегиялық бағытты дайындады. Нәтижесінде жергілікті қауымдастықты қаржыландырудың бастапқы принциптері мен қызметтің негізгі бағыттары белгіленді. Қаржы бағдарлама баптарына сәйкес, кеңес шешімімен бөлінетін болды. Мұндай тәсіл әлеуметтік инвестицияның тиімділігін бизнес жобаларды дәрежелеу әдістемесі бойынша бағалаудың қажеттілігін туындатты. Аталған бағдарлама нәтижесінде ТШО көптеген үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатты. Бүгінде жеңімпаз атанған бағдаламалардың барлығы да көңіл аударарлықтай және өзіндік ерекшеліктерге ие, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту, білім беру саласын қолдау және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ТШО-ның бүкіл стратегиялық мақсаттарына толықтай сай.
Бағдарламалардың барлығы да Атырау облысы тұрғындарының мүдделеріне негізделген. Мәселен, 2009 және 2011 жылдары жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, Атырау облысының Жылыой ауданы тұрғындары үшін басты мәселе – қоғамдық демалыс орындары сапасының төмендігі және көп пәтерлі тұрғын үйлерді (КПТ) басқару жүйесінің болмауы болды.Осыған орай, 2014 жылы Орталық Азия Еуразия қоры екі жылдық «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруды бастады. Жоба мақсаты – жергілікті халықты КПТ және қоғамдық демалыс орындары мәселелерін шешуге белсенді араластыруға ықпал ету, КПТ басқару жүйесін қалыптастыруға көмектесу болды. Осыған орай, Құлсары қаласына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы сарапшылар – ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұлттық палатасы мен Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту орталығы мамандары шақырылды. Жағдаймен танысқаннан кейін сарапшылар ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу тұжырымдамасын ұсынды. Тұжырымдама жергілікті билік органдарының, коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерінің және тұрғындардың қатысуымен талқыланды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жақсарту бойынша тұрғындарға арналған грант жобалары конкурсы өтіп, 3 900 000 теңге құрайтын бес өтініш қаржыландырылды. Бір атап өтерлігі, грант қаражатына тек жөндеу-құрылыс материалдары ғана алынды, ал барлық жұмысты тұрғындар өздері жасады немесе өз қаражаттарына жұмысшылар жалдап жасатты. Тұрғындар үйдің дәліздерін, шатырларын, баспалдақтары мен терезелерін жөндеуден өткізіп, ауызбірліктері мен өз үйлерінің проблемаларын шеше алатындықтарын, өз тазалықтары мен жайлылықтары үшін жауапкершілікті сезіне алатындықтарын дәлелдеді.
Жұртшылық үшін тиімділігін көрсеткен бағдарламаның бірі – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу жөніндегі бірлескен бағдарлама болды. Жоба негізінде тиімділігі жоғары бірқатар шаралар жүзеге асты, облыс елді мекендерінің 225 дәрігері мен фельдшері артериалдық гипертония бойынша 36 клиникалық оқу модульден тұратын заманауи интерактивтік клиникалық оқудан, ал Атырау қаласының 108 медқызметкері қашықтықтан ұйымдастырылған оқу курстарынан өтті. Ассоциацияның отбасылық дәрігерлері, АҚШ-тан келген және ҚазҰМУ ұстаздары жергілікті дәрігерлерге практикалық көмек көрсету және науқастарды қабылдау үшін тұрақты түрде қанатқақты емханалар мен ауылдық амбулаторияларға барып, тәлімдік сабақ өткізді. Қан қысымы бар 187 пациент оқытылды, нәтижесінде олардың 153-нің қан қысымы қалпына келді, 87 науқас өмір салтын өзгертті, ал 25 жылдан астам шылым шегіп келе жатқан 8 науқас зиянды әдеттерінен бас тартты.
Осындай нәтижелі жұмысты академик Зейнолла Қабдолов атындағы қормен бірлескен «Қазақша сайра!», Британдық кеңеспен бірлескен ағылшын тілін дамыту бағдарламасы, Қазақстандағы Халықаралық зерттеулер мен ғылыми жетістіктерді алмасу жөніндегі кеңестің (IREX) Атырау қаласы мен Жылыой ауданы тұрғындарының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білімін көтеруге бағытталған жобалары, «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» үкіметтік емес ұйымымен бірлескен әлеуметтік қамқорлыққа зәру жастарға көмекті көздейтін «Жаңа өмір» жобасы, iPad планшеттік компьютерлері үшін «Тiлдарын» әдістемесі бойынша дайындалған қазақ тілін үйретуге арналған бағдарлама, сайып келгенде ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесінің сүзгісінен өткен кез келген жоба жұртшылық көңіліне жол тауып, көпшілікке тигізер пайдасымен ерекшеленуде. Мәселен, әлеуметтік тұрғыда қорғалуы төмен балаларды қолдауға арналған «Жаңа өмір» жобасы үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне қатысып, 1-ші орынға ие болды.
Әңгіме кәсіпорынның корпоративтік жауапкершілігі туралы болған жерде, мұндай инвестицияның негізі оның қаржылық мәнінде емес, тиімділігінде екендігін айтуға тиіспіз. Олай болса, «Теңізшевройлдың» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы адамдарға, олардың қажетіне бағытталуымен құнды.
– Рзабек Дәуітұлы, компания қызметінің әралуан қырын қамтитын корпоративтік жауапкершіліктің бір саласы – жергілікті қауымдастық пен жұртшылыққа көмек екендігін баса айттыңыз. Осыдан-ақ, кәсіпорынның өзі орналасқан өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға деген ынтасын байқадық.
– Иә, кәсіпорын өндірісінің игілігін ел қажетіне жаратудан асқан құндылық болмаса керек. 1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 995 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсағандығы соның дәлелі. «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының биылғы бюджеті де 25 миллион АҚШ долларын құрады. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысындағы балабақшалар, мектептер және басқа әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалуда. 2015 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларының сапасын жақсартуға көмектесу үшін ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінді.
– Әңгімеңізге рахмет. Қазақстан экономикасының қарыштап дамуында өзіндік үлесі бар кәсіпорынның шығар тауы биік болсын.
Әңгімелескен
Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА.
Abai.kz