Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 10484 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 09:19

КҮЗГІ СЫР

Біз бүгін поэзия әлеміне жаңадан қанат қаққан Меруерт Алтынбек атты қарындасымыздың бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Жас талаптың қалам сілтесіне бағаны Сіздер беріңіздер, қадірменді оқырман!

АНАМ

Ақ шашыңа себепкер болған,

Ет жақыныңмын Ана!

Уайымды да, қуанышты да,

Қатар сыйлаппын саған...

 

Іңкәр жаныма ізгілік ектің,

Пәктіктің Тәңірі ме едің?

Рухыңды жалғастырар,

Жаныңның мұрагерімін.

 

Сан алуан сәтсіздіктерімде,

Салмадың сабырға кісен,

Сүрінсем сырқырай кетер,

Мен сенің он үшінші мүшең.

 

Тәліміңе тәу етіп,

Өтер өмір  керуен.

Айнымас бір мезетке де,

Мен сенің арың екем...

 Ана!

 

КҮЗГІ СУРЕТ

Алтын басты ағаштар мұңға оранып,

Бүгіннің іргесі сөгіліп жатыр.

Сар жапырақтар тал-теректің шаштары,

Сауылдап кәріліктен төгіліп жатыр.

 

Желкем кеп жаңғалақтатып жапырақтарын,

Өлімші қайыңдарды шуылдатты.

Сыбдырмен сырын айтқан табиғат үнін,

Жел өсектеп өлеңге ізін тартты.

 

Күн патша айырылған кәрінен,

Боп-боз боп бұлттарға жолын берді.

Ал уақыт, тақымға  сыймайтұғын,

Кезекті сапарына шеруленді...

 

Көшпелі құстардың көңілсіз қиқуы,

Күңірентті аспанның жүзін.

Құлазып қалса да кермиық күндерім,

Бұл менің сағынған күзім...

 

МАХАББАТЫМ

Махаббат,

Мен сені күтпеймін!

Күтпеймін зарыға... жолыңды тосып.

Қызықсыз еркелеу де енді,

Қорған кеудеге басымды қойып.

 

Жоғалды нәзіктігім.

Мен оны іздемеймін.

Үйрендім мықтылықты,

Жетімдей тас мейірім...

 

Жалғыздық торықтырмас.

Баяғыша бағымды байлап.

Мен онымен сырлас болғанмын,

Жұбым бір жазылмастай боп...

 

***

 

Жылдар-жылдар сен маған не істедің?...

Жалғыздыққа құмарттым  кеміс пе едім?

Таныған соң үміттің аңғалдығын,

Тікенделді жазира тегіс белім...

 

Жүрегімнің айқарып ақ сарайын,

Саған қарай риясыз аяңдадым.

Қол беріп қарсы алсам да өзіңді,

У беріп аярландың...

 

Тастай қатты жанымның жұмсақ түгі.

Содан бері сезімнің сөнді демі.

Қабіріне келіп ол тірілтем деп,

Сиқыр суын сеппесе ертегінің –

Тірілмейді...

 

КҮЗ

Тұманға батқан дүние,

Томсарған мына түрің не?

Жапырақ жауған бағыңда,

Жүргенде безіп үйімнен.

 

Торы күз жауып құлағын,

Тыныштыққа сұранған.

Аптығы кетіп жазбенен,

Тұрғандай уақыт сыр аңдып.

 

Мұң тұнып тұрған дүние,

Нұрынан ыстық күнімнің.

Көгілжім жүзі аспанның,

Қоп-қою болып түйілген.

 

Жапырақ кілем төсенген.

Аяқ ізі жоқкөшеңде,

Шиырларыммен сан-тарау,

Ен салып келем мезгілге...

 

 

АЙ ӘПКЕ

 

Ай әпке!

Алып кетші аспаныңа...

Шомылып түннің қара шаштарына.

Жұлдыздар құшағында жұбанайын,

Безініп дүниеден қашқанымда.

 

Ай әпке!

Шығарды өмір сілікпемді.

Сен ғана ұға аларсың күйімді енді.

Жетегіне көндірді құла тағдыр,

Сүйгізіп амалсыздан күйіктерді.

 

Түн арудың тәжісің саф лағылдаан.

Саған ғана мұң шағып ақтарылам.

Жалғандығын жаныммен сезе тұра,

Мен Әлемді қалайша ақтай алам?

 

Құшағыңды-аш, Ай әпке, тосыылмашы!

Қосылмастар менімен қосылмасын.

Жазылмайтын жандарға дауа бар ма?

Өмірөзі сыйлығын ұсынғасын.

 

Ай әпке!

Көңілім менің тыншымайды.

Өлең болып өмірге жол сұрайды.

Сеңгіріне көгімнің сен келгенде,

Сезімдерім жын қағып шымшылайды.

 

Қара түн!-

Тыныыштықтың патшалығы.

Түсінбес әрбір адам астарыңды.

Ай әпке!

Мен де өзіңдей түнді сүйем.

Түн менің сынамайды жастарымды...

 

МЕН

 

Мен –

Жыр жаза алмай көсіліп,

Құса көңіл запыранын төкпестен.

Тама-тама тарихтарға төгіліп,

Бір төмпешік боп кетсем.

Кімге арналар гүл-дестең,

Өмір?!

 

Тәңірім!

Нені күттің пендеңнен?

Жараттың да алқынған сағыныштан.

Асығымды аспанға алып ұштың.

Санам сергелдең...

Тыншымайтын табыспай,

Көкке ғашық басым-ай,

Шыным...

 

Менің шын мекенім-

Шын адамдар елінде.

Шаштары-бұлт,

Көздері-күн төгілген.

Елге барам-

Бағы жұлдыз желекті.

Ал, Жердегі қуыршақтар жүректі,

Күнібұрын мезі етті...

 

Өлім!

Қорықпаймын шеніңнен.

Мен жерінсем сенен емес,

Лас өмірден жерінем.

Сен жеткенше арманымды,

 Табыстырып көгіммен,

Ал, сонан соң,

Үнсіз ғана тыныштыққа берілем...

 

 

БАҚЫТТЫМЫН

 

Мен бақыттымын!

Қанатсыз ұша білгенім үшін.

Зеңгір көктегі ақша бұлттардан,

Көре алғандықтан әр-алуан мүсін.

 

Бақыттымын!

Мұздан да жылылық сезем.

Өмірге кінә артам неге?

Тағдырдыңшырмалғаны-

Даналыққа бастар кезең...

 

Бақыттымын!

Кіріптар емеспін ешкімге.

Еркінмін желдей бес күнде.

Ханшадай болмай-ақ кескінім,

Сұлудың тең көрмен ешбірін...

 

Бақыттымын!

Жақсыны жазбай таныдым.

Арамның көрмеген арымын.

Тірі жүргеніме сын бірақ,

Түспесе жұртқа жарығым...

 

Меруерт Алтынбек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058