Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Билік 4254 0 пікір 24 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ҚАЗАҚСТАН ЕҚЫҰ БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАЙДЫ

Кеше Астанада Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Хельсинки қорытынды актісінің 40 жылдығы және Астана Саммитінің 5 жылдығы қарсаңындағы ЕҚЫҰ жетістіктері мен сын-қатерлері» атты халықаралық конференция өтті. Оған Парламент Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Ақылмандар тобының мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Сербия Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі – ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы Вук Жугич, ЕҚЫҰ-ның Қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Марсель Пешко, АҚШ Мемлекеттік департаменті әскери-саяси мәселелер жөніндегі бюросының аға кеңесшісі Пол Фритч, сондай-ақ, депутаттар, елшілер, қауіпсіздік саласындағы қазақстандық және халықаралық институттар мен орталықтардың жетекшілері, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

Ынтымақтастықтың және өзара іс-қимылдың өзекті мә­се­лелері, өңірлік және халық­ара­лық қауіп­сіз­діктің кең ау­қымдағы күн тәрті­бін бірлесе қалыптастыру перспек­тивалары кеңі­нен талқылан­ған бұл конференцияны Сырт­қы істер министрі Ерлан Ыдыры­сов ашып, қатысушыларды Хель­синки қорытынды актісінің 40 жыл­дығы және Астана Самми­тінің 5 жылдығы мерейтойымен құттықтай отырып, аталған жиын­ның маңыздылығына тоқталды.

Е.Ыдырысовтың айтуын­ша, қазіргі таңда әлемді тол­ған­дырып отырған күрделі саяси-экономикалық түйткілдерді ше­шуде, азаматтық қоғамды дамы­туда және басқа да өзекті мәсе­лелерді оңтайландыруда ЕҚЫҰ-ның ықпалы зор. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл өткен сайын әлем хал­қының алдынан түрлі мәселелер шығып жатқанына, олардың арасында соғыс, экономикалық дағ­дарыс, адам саудасы, босқындар мәселесі, есірткі айналымы, та­биғи және техногендік апаттар, ядролық материалдарды тарату секілді жайттар бар екеніне назар аудара келіп, бұл мәселелерді оңтайландыруда ЕҚЫҰ-ға үлкен үміт артылатынын атап өтті.

– «Қырғи-қабақ соғыс» əбден шиеленіскен кезеңде ЕҚЫҰ Ван­куверден Владивостокқа дейінгі үлкен кеңістікте тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуына зор ықпал етті. Тіпті, сол «қырғи-қабақ соғыс» біткеннен кейін де ЕҚЫҰ халықаралық қарым-қатынастарда кейбір кірбіңдерді жою үшін көп еңбек сіңірді. 40 жыл өткеннен кейін де бұл Ұйым өз мәнін жоғалтқан жоқ. Шиеленістердің ауқымды қақтығыстарға айналып, сол аумақта қан төгілмегені үшін біз ЕҚЫҰ-ға қарыздармыз, – деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, арада өткен 40 жыл ішінде ЕҚЫҰ-ның географиясы кеңейіп, қауіп­сіздік мəселелеріндегі рөлі арта түскен. Осы орайда, Қ.То­қаев: «ЕҚЫҰ – ұжымдық шешім­дер қабылданатын, əрбір ел өз мүддесін қорғай алатын таптырмас үнқатысу алаңына айналды», – деді. Бұдан бөлек, ол жаһандық тұрақтылық үшін сын-қатерге айналған Украина дағдарысы әлемдік қауіпсіздік жүйесінің осал тұсы болып тұрғанын айтты.

– Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстарды жандандыра отырып, түйткілді жағдайлардың алдын алудағы басты міндеттерін сәтті жүзеге асыруда. Қазіргі таңда әлем­дік қауіпсіздік жүйесін нығайту қажеттігі белгілі. Сол үшін жалпы Еуропаның қауіпсіздік жүйесін же­тілдірген абзал. Тұтастай ал­ғанда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ха­лықаралық қарым-қатынастағы сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқық негізіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларын қолдайды, – деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Сондай-ақ, шешен Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астанада Ұйымның саммитін өткізгенін атап көрсетті. Бұл қазіргі Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болды. Астана Саммиті әлем елдері арасындағы сенімді қалыптастыру жолдарын зерттеп-зерделеуді көздеген еді, – деді Гүлшара Наушақызы.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ, Қазақстанның өз еркімен яд­ро­лық полигонын жауып, қуаты бой­ынша төртінші ядролық арсена­лынан бас тартқан және Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел екенін екпін түсіре айтты. Г.Әбдіқа­лықова сөзінің соңында Еуразия­дағы ұжымдық қауіпсіздік архитек­турасын нығайтуға бұл конфе­ренцияның нақты үлес қоса­тынына сенім білдірді.

Конференция барысында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер инсти­тутының директоры Ерлан Қарин Еуразия қауіпсіздігінің маңызды әрі негізгі буыны ретінде Қа­зақ­станның әлеуеті айқын байқа­латынына назар аударды.

– ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы Астана Саммитінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан Еуразия қауіпсіздігін байланыстыратын буын болуға дайын деп айтқаны кездейсоқтық емес. Украина дағдарысын шешу­де делдалдық күш-жігер жұм­салды, Иранның ядролық проб­лемасы бойынша үнқатысу алаңын құру, Сирия бойынша келіссөздер ұйымдастыру Еура­зия қауіпсіздігінің маңызды әрі негізгі буыны ретінде тағы да Қа­зақстанның әлеуетін көрсетіп отыр, – деді Е. Қарин.

Спикер бұған қоса былай деп:

– Баршаңызға мәлім, БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші мерей­той­лық сессиясының жалпы пікірта­ласында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ дек­ларация қабылдауды алға тарт­ты. Менің ойымша, осы тұр­ғыдағы мәселелер ЕҚЫҰ аясында талқыланатын тақырыптар тізбесіне енуі керек. Түрлі халық­аралық ұйымдарда көтерілген мұндай тақырыптарды үйлестіру керек деп пайымдаймыз, – деді Е.Қарин. Бұған қоса, ол әлемдік қауіп­сіздіктің түйінді мәселелерін шешу­дегі қадамдар жүйелі болуы тиіс екеніне назар аударды, - деді.

– Қазір қақтығыстар кез келген жерде тұтануы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мұндай келеңсіздіктерге түрлі мәселелер себеп болуы ықтимал. Сондықтан, қауіпсіздік саласындағы түйінді мәселелерді шешудегі талпыныс­тар жүйелі әрі кешенді болуы керек, – деді Е.Қарин. Сонымен бірге, ол конференцияға қатысу­шыларды «Жаһандық Страте­гиялық Бастама-2045» жоспарын әзірлеу бойынша ұсынысты тал­қылауға үндеді.

– ЕҚЫҰ институттарының түрлі алаңдары аясында сарапшылар БҰҰ мінберінен Қазақстан Президенті ұсынған «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын әзірлеу бойынша бас­таманы талқылауға қосылуы қажет. Бұл талқылаулар әлемдік қоғамдастыққа тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу бойынша бірыңғай қадамдарды барынша бағалауға, бірлескен күш-жігердің талаптарын даярлауға мүмкіндік береді, – деді институт директоры.

Астанадағы ЕҚЫҰ бағдар­ламалары кеңсесінің басшысы Наталия Зарудна Қазақстанның төрағалығы арқылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің саяси ықтияры жүзеге асқанын сөз етті.

– Еуропадағы қауіпсіздік жә­не ынтымақтастық ұйымында Хель­синки қорытынды актісінің 40 жылдығын атап өту кезінде қандай жетістіктерге қол жеткізілгені жайында және қандай сын-қатерлер шешімін таппағандығы тұрғысында сөз қозғалды. Бұл қиын жұмыс болғанымен, мәміле жолын табу қажет болды. Атап айтқанда, дәстүрлі қару-жарақ түрлерін қадағалау, әскери сенімді құру, сондай-ақ, қауіпсіздікті қалыптастыру салаларында елеулі ілгерілеушілік болды. Осыған байланысты Астана декларациясы дер кезінде қабылданды және ол қауіпсіздік анықтамасын қайта қарастыру қажеттігіне негізделді. Бұл өз кезегінде Қазақ­стан төрағалығы арқылы жүзеге асырылған қатысушы елдердің өнімі, саяси ықтияры болды, – деді Н.Зарудна.

Алқалы жиында сөз алған Сер­бия Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі – ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төр­ағасы Вук Жугич, ЕҚЫҰ-ның Қақты­ғыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Марсель Пешко, АҚШ Мемлекеттік депар­таментінің әскери-саяси мәсе­лелер жөніндегі бюросының аға кеңесшісі Пол Фритч, ЕҚЫҰ Ақылмандар тобының мүшесі Иво Вискович, ЕҚЫҰ Бейбітшілік пен қауіпсіздік саясатын зерттеу мәселелері жөніндегі институт директорының орынбасары Вольфганг Цельнер, Париж қаласындағы Саяси ғылымдар институтының профессоры Шах­бану Таджбахш және басқа да қатысушылар бүгінгі ЕҚЫҰ-ның әлемдегі рөлі және әлемді толғандырып отырған күрделі жағдайлар тұрғысында өз пікір­лерін ортаға салды. Олардың «Еуроатлантикалық және еура­зиялық кеңістіктегі қауіпсіз­дік архитектурасы», «Орталық Азия­дағы аймақтық қыр көрсетулер мен қатерлер», «Заң үстемдігі және тұрақты экономикалық да­мудың алғышарты ретіндегі аза­маттық қоғамды дамыту» тақы­рыптары бойынша айтқан ойлары конференцияның маңызын арттыра түсті.

Жиын қорытындысы бойынша мұнда айтылған ұсыныстар мен пікірлер алдағы уақытта назарға алынатын болады...

Жолдыбай БАЗАР.

Abai.kz

0 пікір