Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5833 0 пікір 16 Ақпан, 2016 сағат 06:50

ДИДАХМЕТ ӘШІМХАНҰЛЫ. ҚҰДАЙСЫЗДАР

(Әңгіме)

1

Менің әжем жасы жүзден асқан ауылымыздағы ең кәрі кемпір еді. Жүзден қанша асқанын өзгені қойып, өзі де білген емес, жасын сұраған адамға қай уақытта да қызыл иегін малжаңдатып: «Шүкір, түзден астық қой», – деп отырушы еді жарықтық. «Асса, асқан шығар, мен осы елге келін боп түскен кезде кексе қатын еді, одан бері қай заман! Біз де, міне, жетпісті желкелеп қалдық қой», – дер еді ондайда күндіз әжемізбен бір мезгіл шүйіркелесіп кететін Бибіш деген көрші апамыз. Бұл сөзді әжем естісе де, естімегендей болып, қолындағы қойдың ұйысқан жүнін үнсіз түтіп отыра береді. Ал отыратын орны қысы-жазы бір-ақ жер – төр басындағы төрткөзді қос терезенің алды. Қос терезе түбінде ортасы алашабыр бұлттай ойдым-ойдым ыдыраған, жиектері жырым-жырым жыртылған ескі қара сырмақ жатады. Әжемнің бұл үйдегі ең қымбаты, ең асылы, «менікі» дейтін жалғыз меншігі де – осы қара сырмақ еді. Сол сырмақтың үстінде ол шоқиып отырып, ертеден кешке дейін жүн түтер еді. Оның қураған шыбықтай қу сүйек саусақтарының ұшынан қандай жүн өтпейді дейсің: тап-таза етіп жуылған түйіртпек-түйіртпек ақ жүн... түткенде қоқымы саулап түсіп жататын кір-кір қара жүн... ұстағанда қолыңа шайырдай жабысатын шуашты, иісті жүн. Әжеме бұлардың бәрібір, жүн болса болды – түте береді. Кейде жанындағы қаптың түбі көрініп қалса, қолдары қалтырап, әлде бір асылын жоғалтқандай жан-жағын бос сипалап: «Әу-у, Сәулеш, қайдасың? Бармысың, түге? Мына құрғырың бітіп қалды ғой. Бірдемең болса, әкелсеңші!» – деп өліп бара жатқандай даусы қырылдап, жандәрмен шешемді шақырар еді. Сосын өз бойындай кенеп қап тырсия толып қасына қайта оралғанда, «ойпырмай, бұған да жеттім-ау!» дегендей жаны біртүрлі жай тауып қалушы еді.

Е-е, Бибіш апам айтқандай, одан бері де, міне, қай заман! Сол күндері сол әжемнің түтіп отырған жүнін ала қашып, байғұс кемпірді зар қақсатып жүретін бес жасар Берік те, ол жайнамазға жығылып жатқанда үстіне қарғып шығып, ат қылып мініп алатын төрт жасар Нұржан да қазір қырма сақал қырықтың үстіне шыққан. Сол күндері сол әжем мен Бибіш апаның баяғы Нұрым «кәмсамол» туралы сыбырлай айтқан әңгімесін бір бұрышта үрейлене тыңдап отыратын мына менің де бүгін сақалыма ақ кірген. Ал әжем? Қайран әжем! Сонау бір көктемнің жылы шуақ күнінде ақ кебінге ораған бір тұтам денесін жер қойнына берісімен-ақ үстіне асығыс-үсігіс үйе салған «төбедей» топырақ та қазір жермен-жексен болып кеткен. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген осы – бәрі де жаңарған, бәрі де өзгерген. Тек... бәз-баяғы қалпынан айнымай, сол сынымен, сол сырымен бүгінге жеткен бір ғана дүние бар. Ол – менің жадымда мәңгі жатталып қалған әжемнің тірі кезіндегі бейнесі. Жанды бейне! Қозғалатын, жүретін, сөйлейтін бейне. Бұл бейненің жыл өткен сайын ажары ашыла түспесе, басыла түскенін байқамаймын. Бірақ... көкірегімде де, көз алдымда да әмсе тірі адамдай көрінетін осынау бейне жүрегіме ылғи да жылы шуағын шашып тұрады деп және айта алмаймын, керісінше, оның қос терезенің алдында қу сүйек қолдары ербең-ербең етіп, маңайынан түтетін жүн іздеп жанталасқан сәттері, енді бірде алдындағы жайнамазынан айырылып қалып, аһылап-үкілеп отыратын мүскін де мүшкіл халі көз алдыма келгенде жүрегім мұздап, көкірегім сыздап қоя берер еді. Сондай кезде оның: «О, Құдай! Осы құдайсыздарға мазақ қылып, қор қылып қойғанша неге алмайсың мені, Құдай!» деп күйіне зарлаған даусын да ап-анық естігендей боламын. Төбе құйқаңды шымырлатар осы бір сөздердің жаңғырығы сосын мені сонау есте жоқ ескі күндердің жіңішке сүрлеуіне қарай сүйрей жөнелер еді...

Иә, әжем десем, көз алдымда небір көне суреттердің көлбең-көлбең көше бастайтыны рас. Міне, мен солардың ұзақ-сонар тізбегіне тағы да көз салып отырмын. Мұндағы, әсіресе, мына бір көріністің түр-түсі, бояу өңі өзгелерден ерекше – арада қаншама жыл өтсе де ол баяғы жап-жаңа, тап-таза қалпын айна-қатесіз сақтап қалған. Бірақ сұрғылт. Тым сұрғылт. Оған қараған сайын еңсемді бір нәрсе езе түскендей болады. Сөйте тұра бәрібір қарай беремін. Өйткені осындай мың-сан көріністерден тұратын менің Өмір деген Ұлы альбомымның ең алғашқы беті де тура осы суретпен ашылар еді. Бұдан бұрынғысының бәрі де мен үшін тек бұлдыр-сағым бірдеме ғана. Ал мынау?.. Мынау нағыз тірі өмірдің өзі ғой.

...Селдір-селдір қарағайлы иен таудың етегінде ербиіп тұрған ескі қыстау – дәлірегінде, бөренелерден қиып салған, сырты сыланбаған жатаған қара үй. Бірақ үй деген аты болмаса, төрт қабырғадан басқа түгі жоқ, сары топырақпен жабылған жадағай төбесінде тек шошайған шолақ мұржа мен әр жерінде бір қылтиып өскен алабота ғана көрінеді. Осы түріне қарай бұны еңселі үйдің жанындағы ескі моншаға көбірек ұқсатар едің. Сол монша секілді оның іші де көзге тым қораш, тым жүдеу. Топсасы босаған сыртқы есікті сықырлата ашып ішке кірсең, аражіктері ырсиып-ырсиып жатқан тақтай еден аяқ басқан сайын шиқылдап, ойбай салып қоя береді. Төрде – жүк етіп жинап қойған төсек-орын, көрпе-жастық. Есік тұсындағы төменгі бұрышта – бүйірі жыртық темір пеш. Күн батар жаққа қараған еңкіштеу аласа терезеден талтүстің өзінде жарық еденге жартылай ғана түсіп тұрады.

Әне, сол терезенің алдында бұтында бір тұтам көк трусигінен басқа лыпасы жоқ, жалаңбас, жалаңаяқ, үш-төрт жасар қара бала шыр-шыр етіп жылап тұр. Жылап тұрып тырбиған кішкентай қолдарымен терезе шынысын сабалап ұра береді. Екі көзі анау үйден елу қадамдай жердегі төбесі жабық ұзын қой қораның желке тұсындағы қара қабақта. Қара қабақтың тік қапталын қиғаштай қиып жатқан жалғызаяқ жолда, әнеки, бұл баланың әжесі үйдегі жалғыз сиырды, өзі де, тәтесі де, бәрі де жақсы көретін сыңар мүйіз қызыл сиырды сүйрей жетелеп, алысқа ұзап барады. Бір қолында – сиырдың бас жібі, екінші қолында – таяқ. Таяқты жерге гірш-гірш қадаған сайын кимешек-шылауышты дағарадай басы кегжең-кегжең етеді. Бала терезеден бәрін көріп тұр. Көріп тұрып жер тепкілеп жылап тұр.

– Апа-а-ау, – дейді алыстағы әжесіне айқайлап. – Сүт! Сүт!... Мен сүтсіз қалдым ғой, апа! Сү-үт!

Оны сона-ау қиядағы апасы қайдан естісін, еңкеңдей басып қара қабақты қиғаштай тартып барады. Қабақтың үсті – көктемнің жылы шуағына бөгіп, бусанып жатқан көкпеңбек егістік. Апасы қазір оған да жетеді. Оған жетті дегенше, бәрі бітті де. Әрі қарай еңіс... Әп-сәтте апасы ғайып болады. Сосын сиыр да жоқ, сүт те жоқ.

– Апа-ау, қайда кеттің сен? Кетпеші! Сен кетсең, мен сүтті қайдан ішем, апа-ау! Сүт!Сү-үт!

Бала шырылдап жылап тұр. Әне, апасы көк белестің үстіне де шығып үлгерді. Оған шығысымен... бойы біртіндеп аласара берді де, ақыры ағараңдаған кимешек-шылаушымен бірге алдымен өзі, сонан кейін арқасына ұзыннан бүктеп, көлденең тастай салған қара сырмағымен бірге қызыл сиыр да бел астына мүлде сіңіп, жоқ болды.

– Сү-үт! – деді бала соңғы рет. – Сүт жоқ енді! Жоқ!..

Ол осыны айтты да, өксігін баса алмай, ішін солқылдата тартып, терезе түбіне етбеттен жата кетті. Өстіп қанша жатқаны есінде жоқ, не заматта сыртқы есіктің сықырлап ашылғаны білінді. Орнынан атып тұрып қараса – кішкентай қызыл көрпеге қымтай орап алған алты айлық Әйкенді кеудесіне қыса құшақтап, тәтесі үйге сүріне-қабына кіріп келеді екен. Аяғында керзі етік, үстінде көкшіл күпәйке. Басындағы қоңыр түбіт орамалы желкесіне қарай ысырылып кетіпті. Қара бала оны көрген бойда аңырай боздап жүгірген.

– Тәте, апам кетті... Қызыл сиыр да кетті. Сүт жоқ енді, тәте! Сү-үт!

Шырылдап келіп етегіне оралған баланы еңкейе құшақтап, бір қолымен қолтығына қыса көтерген тәтесі төрдегі жиюлы жүкке жеткен бойда отыра қалып, өзі де еңіреп жылап жіберген.

– Құлыным-ай, енді қайтейін мен?! Не істейін мен енді?! Тек сен жыламашы, құлыным! Сүт болады. Қорадағы көк ешкі ертең-ақ туғалы тұр, әне. Сонда бәрімізге де сүт болады, құлыным. Тек сен жыламашы қазір. Қой, қоя қойшы, күнім! Мына Әйкеннің де ұйықтағаны жаңа ғана. Таңертеңнен бері көк қуалаған қойды қайырып бір шаршасам, құшағымда шыр-шыр еткен бұны уатам деп те дымым құрып бітті әбден...

Тәтесі осыны айтып ауыз жиғанша жандарында ораулы жатқан қызыл көрпе қыбырлай бастаған да, артынша ішінен қыңқылдаған дыбыс шыққан. Қара бала жылағанын қоя қойды. Тәтесі көрпенің орауын жазып, тырбаңдап жатқан кішкентай қызды алдына көтере отырып, жүкке арқасын сүйеген күйі оны емізуге кіріскен.

– Апам, жаман, – дейді оның жанында әлі де іштей солығын баса алмай отырған қара бала. Ал тәтесі бір қолымен оның тақыр басын сипап қойып:

– Қой, күнім, олай деме. Апаң жаман емес, – дейді. – Сен айтқандай, қызыл сиыр да біздің сиыр емес, ол өз сиыры ғой, құлыным, өз сиыры. Есіңде ме, былтыр күзде біз осы жерге көшіп келгенде де апаң сол қызыл сиырын жетелеп келді емес пе?

– Иә, сиырдың үстінде қара сырмақ болған.

– Дұрыс айтасың, екі етегі жерде салақтаған қара сырмағы болған.

– Сонда ол қайдан келді?

– Көрші ауылдағы қызынан келді.

– Ал қазір қайда кетті?

– Сол қызына кетті.

– Енді келмей ме?

– Келеді. Күзде біз жайлаудан көшіп келген кезде, қайта осында келеді. Сонда қызыл сиыр да бірге келеді. Сырмақ та.

Бала тәтесінің омырауын ашқарақтана еміп жатқан кішкентай Әйкенге қызыға қарады. Осы омырауды кешегі қыстың аяғына дейін өзі де емген. Әйкен бір жағынан, бұл бір жағынан. Бірақ бірде тағы да онымен таласа еміп жатқанын көрген көкесі:

– Әй, Сәулеш, болды, жетті енді, – деген бұның тәтесіне. – Бұл ұлды бұдан кейін қызылшақа қызбен таластырғанды қой. Бір баланы әзер жарытып жүргенде, екіншісін жармастырып қайтесің. Сосын... бүгіннен бастап бұны қызша киіндіргеніңді де қой. «Қыз, қыз керек!» деп қоймаушы едің, ол арманыңа жеттің, міне. Енді бұны да, өзіңді де алдай бергеннен не пайда?!

Айтқандай-ақ, сол күні кешкісін тәтесі ұзақ отырып, қазір ауылда мектепте оқып жүрген екі ағасының ескі киімдерінен бұған шақтап, көйлек, шалбар тігіп берген. Оны кигенде бұл өзін-өзі танымай қалғандай болған...

– Қарның ашты ма? – деді тәтесі бұның ойын бөліп.

– Ашты, – деді бұл ақырын сыбырлап.

– Кел, ендеше, сен де еме ғой. – Тәтесі екінші омырауын аша беріп еді, бұл:

– Жоқ, көкем ұрсады. Әйкенге жетпей қалады, – деп ұяла төмен қарады.

– Өй, ақылдым менің! Үлкен болған құлыным менің! – Тәтесі бір қолымен бұны құшақтай өзіне тартқан да, басынан иіскеген.

– Тәте, апам неге кетіп қалды?

– Көкеңнің амандығы үшін, балам.

– Амандығы үшін?

– Иә, көкеңнің аман-сау біздің жанымызда жүре беруі үшін. Оны кейін түсінесің. Енді бұл туралы менен де, көкеңнен де сұрама, күнім, жарай ма?

– Жарайды, сұрамаймын.

Тәтесінің тізесіне басын салып біраз үнсіз жатқан бала бір уақытта тағы:

– Тәте, – деген ақырын. – Апам қызына кетті дейсің. Ол кім?

– Ол көкеңнің қарындасы ғой.

– Үлкен кісі ме?

– Иә, мен шамалас кісі. Үш баласы бар.

– Ал мен неге оны білмеймін?

– Қайдан білесің, сен ес білгелі бұл үйдің есігін ашқанды қойды ғой олар.

– Неге?

– Неге!.. Неге!.. Бәрі де қызыл сиырдың әлегі де.

– Ал олардың сиыры жоқ па?

– Бар! Бар! Бір емес, екі сиыры бар. Болды енді! Жетті! Әр нәрсені бір сұрап қай-қайдағымды қозғай бермеші, түге. Онсыз да жетісіп отырғаным шамалы. – Тәтесінің даусы қаттырақ шығып кетті. Бала жым болды. Ақырын ұрланып оның бетіне қарап еді, екі көзіне мөлтілдеп жас тола қалыпты.

Кенет... үй сыртынан ақтөс иттің арсылдай үргені естілді. Бұдан кейін іле-шала аттың дүбірі құлаққа ап-анық жеткен.

– Көтек, бұл кім болды? Әлгі таудағы малшыларды аралауға кеткен райкомның адамдары болмасын. – Тәтесі Әйкенді қызыл көрпесіне жылдам орап алып, есікке қарай асыға жүгірген. Соңынан бұл да ұмтылды.

Екеуі апыл-ғұпыл сыртқа шықса, қарақасқа атын ырсылдата шапқылап, колхозбастық келіп қапты үй жанына. Оң жақ көзін кесенің түбіндей дөңгелек қара былғарымен таңып жүретін осы ұзын қарасұр кісіні көргенде қара баланың қашанда үні шықпай қалатын, бұл жолы да денесі дір-дір етіп тәтесінің етегіне тығыла түсіп еді.

– Әй, албасты қатын! Ана қойларыңды неге егіске қаптатып қоя бердіңдер-ей, а? Қарашы, әне, қарашы, топалаң келгірлер көкпеңбек егісті таптап, отап, тып-типыл қып барады ғой, әне. Өй, әкеңнің көрін... Бар, шап, қайыр ана қырылғырларыңды кейін!

Колхозбастық ат үстінде тепсініп, зіркілдеп тұрғанда, баланың тәтесі манағы апасы асып кеткен қырға қарай далпылдай жүгіріп бара жатты. Аяғында – керзі етік, құшағында – құндақтаулы баласы.

– Әкең қайда? – деді колхозбастық енді бұған жалғыз көзін тік қадап.

«Таңертең... ауылға кеткен. Өлген қойдың етін скләдқа тапсырам деп» деген сөз көмейіне кептелді де қалды. Жүрегі дүрс-дүрс соғып тұр. Алдында адам емес, анау тәтесі айтатын ертегідегі жалғыз көзді жалмауыз тұрғандай.

– Әй, әкең қайда деймін саған?! – деген колхозбастық тағы да айқайлай дауыстап.

Онсыз да дір-дір етіп қорқып тұрған бала мына дауыстан кейін өкіре жылап май топыраққа отыра кеткен. Осыны күткендей-ақ жанында шоқиып отырған ақтөс ит оқтай атылып барып, қарақасқа аттың құйрығына жабыса түсіп еді.

– Өй, әкеңнің көрін... Кет-әй! – деп колхозбастық қамшыны оған бір сілтеп, қарақасқаға бір сілтеп, қара жолға қарай дүрсілдете шаба жөнелген.

Әлі есінде... Ертеңінде таңертең көкесі қойларды өріске айдап кетісімен торы биеге жеккен ескі арбасын сықырлатып, ауылдан Оралбай шал келген-ді. Үстіне үнемі ұзын сұр шекпен, басына күнге оңып кеткен мыжырайған ақшыл қалпақ киіп жүретін жирен мұртты осы шалды қара бала жақсы көретін. Өте жақсы көретін. Ол кісі үйге келген сайын бұны тізесіне отырғызып алып, алдымен аяқ-қолының тырнақтарын қарай бастар еді. Қарап болған соң қай уақытта да:

– Әй, сенің тырнақтарың аюдың тұяғындай болып кетіпті ғой, – дейді күліп. Сосын қалтасынан ақ бәкісін алып, былғары етігінің қонышына жүзін жанып-жанып жіберіп:

– Ал, батыр, отыр алдыма, – дейді.

– Сіз келгенше ешкімге саусағын ұстатпайды, қайдан бұның тырнағы аюдың тұяғындай болмасын, – деп қояды ондайда тәтесі.

Қалай дегенмен қара баланың бұл шалды ылғи да асыға күтетіні рас-ты. Тек тырнағы үшін емес, бұл алдынан жүгіріп шыққанда қолына ұстата қоятын оның кәмпиттері де болады. Қолына шайырдай жабысатын сол төртбұрыш кәмпиттер қандай тәтті десеңші! Сонау қырдан торы бие мен арбаны көргенде тәтесі де қуанып:

– Оралбай аға келе жатыр, шай қояйын, – деп бірден сары самауырдың құлағына жармасатыны бар.

– Бір сиырдың бұтынан шөкімдеп жиған майыңның жартысын осы шалға берсең де, «ағалағаныңды» қоймайды екенсің, – дер еді сонда көкесі.

– Е, со майды ағамның өзі жейді дейсің бе? Жемек түгіл ерніне жағып көрді ме екен. Кәрі сүйегін сықырлатып, көрінген үйден қадақтап май жинап жүрген бір жаман шалды жазғырғанша, осы салық деген бәленің бітетін күні бар ма деп анау үкімет пен партияңа айтпайсың ба?! – дейді тәтесі қабақ шытып.

– Әй, әй! Жап аузыңды! Партияда не шаруаң бар сенің?! Үкіметке де тіл тигізбе! – деп көкесі ондай сәтте қарадай ашуланар еді.

Бірақ... көкесі не десе де Оралбай шалдың төбесі көрінгеннен майын дайындап, шайын әзірлеп отыратын тәтесі бұл жолы оны көңілсіздеу қарсы алған. Жай ғана аман-саулықтан кейін үнсіз жүріп суып қалған самауырды қайта ысытып әкелді. Үнсіз жүріп жерге дастарқан жайып, сосын оның бір шетіне жүрелей отырған күйі сыздықтатып шай құя бастады.

– Сәулеш қарағым, жүзің сынық қой, – деді төрде қара баланы тізесіне алып отырған шал. – Ауырып жүрген жоқсың ба?

– Жоқ, аға, ауырып жүргем жоқ. Тек... сізге қарауға бетім болмай отыр, – деп тәтесі күрсіне төмен қарады.

– Е, не боп қалды? Тыныштық па, әйтеуір?

– Тыныштық... Бірақ... не десем екен... Бұдан кейін сізге қалай май жинаймын деп...

– Айта ғой, айт, қысылма, қарағым.

Тәтесі дастарқан шетін шұқылап тағы сәл үнсіз отырды да, ақыры:

– Апамыз кетіп қалды, – деді төмен қарап. – Кеше таңертең... мен өрісте жүргенде... ауылдағы қызына кетіп қапты.

– Е, ол жаңалық емес қой, қарағым. Мен білетін Зибаш апаң жазда ылғи қызының қолында, ауылда болмай ма?! Бірақ биыл ертерек кеткен екен.

– Иә, жаз шықпай жатып... Бәрінен бұрын... – Тәтесі сөйлей алмай булығып қалды.

– Босама, қарағым. Кемпір кетсе, осы үйдің бүкіл ырыс-несібесін бірге арқалап кетпеген шығар.

– Арқалап кеткен жоқ, жетектеп кетті ғой, аға. Мұндағы бәріміздің қарап отырғанымыз – бір қызыл сиырдың төрт емшегі еді, соны алып кетті ғой апамыз.

«Е, енді бәрі түсінікті болды» дегендей шал қолындағы сүтсіз қара шайдан бір ұрттаған да, кесесін шетке ысырып қойған.

– Егер Әзімхан екеуміз ғана болсақ, қара суды да қанағат етіп отыра берер едік, бәрінен де мына қара ұлға қиын боп тұр, – деді тәтесі сәлден соң ауыр дем алып. – Бар сенгеніміз қоңыр сиыр еді, ол бейшара қыста туа алмай өліп қалды. Апамды да жазғыра алмаймын, қызыл сиырсыз оның қызы-
на сыюы да екіталай ғой.

Тәтесі бір тыныстап алып тағы сөйледі:

– Биыл ол кісі, апамды айтам да, «Өлсем де сендермен жайлауға бірге барам, жаз бойы жандарыңда болам» деп жап-жақсы отыр еді. Бар ойын нілдей бұзған колхозбастық болды ақыры.

– Е, ол неғып қыстырылып жүр?

Қара баланың көз алдына кенет... қарақасқа аттың үстінде қамшысын үйіре ақырып тұрған кешегі жалғыз көзді қарасұр адам елестей берген... Денесі қарадай қалтырап, шалдың қолтығына тығыла түсті.

– Алдыңғы күні қойын алысқа өргізіп кеткен Әзімхан түскі асына біраз кешігіп келіп еді, – деді тәтесі сөзін әрі жалғап. – Ол келгенде апамыз осы сіз отырған жерде жайнамазын алдына жайып, түскі намазын оқуға кіріскен. Біз дастарқанды төменірек жылжытып қойып, жайбарақат отырып шай іше бастағанбыз. Бірақ апамызға кедергі жасамайық деп қолымыздағы кеседен ептеп қана ұрттап қоямыз. Дастарқан басына жаңа ғана тізе бүккен Әзімхан да түннен қалған бір жілік етті үнсіз отырып бипаздап турай берген. Бірақ... күтпеген жерде іргеден ақтөс иттің арсылдай үргені естілсін. «Бұл кім болды екен?» деп Әзімхан алдымен ту сыртында күбірлеп отырған апамызға қараған. Сосын шапшаң тұрып сыртқа беттеген. Бірақ үйден шығуы қалай тез болса, қайта кіруі де солай тез болды. Табалдырықты аттай бере:

– Ой, құрғыр-ай, анау кеп қалды ғой, кеп қалды?! – дейді, төрдегі апамызға абдырай қарап. Абдырап тұрып тақыр басын сипай береді. Байғұстың бір-ақ сәтте өңі боп-боз болып кеткен.

– Кім кеп қалған?! «Анау» дегенің кім? – деймін мен де орнымнан жылдам тұрып.

– Кім болушы еді! Колхозбастық. Нұрым. Жанында көк атқа мінген анау көзілдірікті райком бар, – деп ол маңдайын жайнамазға салып жатқан апамызға естірте сөйлеген. Апамыз да осыны күткендей аппақ кимешекті басын көтере отырып, оң иығына қарап бір күбірлеп, сол иығына қарап бір күбірлеп алып, жайлап орнынан тұра беріп еді. Дәл осы жолы намазының тез біткеніне бәріміз қуанып қалғанбыз. Босағада әлі де абыржып тұрған Әзімхан «уһ» деп бір терең тыныстап алды да:

– Жақсы! Жақсы болды! Енді кім болса да келе берсін, – деп дегбірсіздене қайта сыртқа ұмтылды. Бірақ есікті аша беріп, жүрегі әлденені сезгендей, ту сыртына тағы бір рет мойын бұрып өткен. Сонда не көрдік дейсіз ғой? Апамыз енді намазын түрегеп тұрып жалғастыра бастаған.

– Өй, құрғыр-ай, бір рәкәті жаңа біткен екен ғой бұның! – деп Әзімхан табалдырық тұсына сылқ етіп отыра кетті.

Не істерімді, не айтарымды білмей, дастарқанды шыр айналып мен жүрмін. Есік алдында шыр айнала үріп ақтөс ит жүр. Ештеме естімегендей, ештеме сезбегендей намазын күбірлей оқып, төрде апам тұр.

– Құрттың-ау, апа! Құрттың ғой мені! – деп басын қос қолдай ұстап, табалдырық тұсында Әзімхан отыр. Осы әредікте сырттан:

– Бұл үйде адам бар ма, жоқ па өзі! Итке талатып өлтірдіңдер ғой, түге! – деген колхозбастықтың даусы естілген. Сөйткенше болған жоқ, сықыр етіп есік ашылған да, алдымен райком Айтбаев, оның соңын ала колхозбастықтың өзі үйге кіріп келсін.

Босағада мойны салбырап Әзімхан тұр. Өң жоқ, түс жоқ. Келген кісілермен аманы жоқ, құдды тілі байланып қалғандай.

– Солай де, кәмөнөс жолдас! – деді колхозбастық оған жалғыз көзімен ежірейе қарап. – Солай де!

Райком төр жаққа қарап сәл бөгеліп қалды да, сосын жанында сілейіп тұрған Әзімханға бұрылып:

– Қалайсыңдар? – деді қалың көзілдірік астынан. Әзімхан сонда ғана ес жиғандай болып:

– Жақсымыз, жақсымыз, райком жолдас, – деп қалбалақ қағып, қонақтарға қос қолын ала ұмтылды.

Бұл уақытта апамыз еңкейе бүгіліп, күбірлеп тұрған. Екі көзі алдындағы жайнамазда еді.

– Жақсы екендеріңді көріп тұрмыз, – деп райком мырс етті де, кердеңдей басып барып, төрдің екінші бұрышына малдас құра отырды.

– Қалай жақсы болмайды, райком жолдас, жақсылықты өстіп бес уақыт Құдайдан тілеп жатса. Солай ма, кәмөнөс жолдас? – деп колхозбастық Әзімханға ызбарлана қараған күйі ол да райкомның жанына келіп, шоқия отырды.

Самауыр әлі суыған жоқ-ты, мен қонақтарға шай құя бастадым. Бірақ қолым дір-дір етеді. Тіземде пыс-пыс ұйықтап Әйкен жатыр. Бір жағымда – әлгіндегі әкесі сияқты тілаузы байланып мына қара ұл отыр үрпиіп.

Әзімхан дастарқан шетін шұқылап үнсіз қалды.

– Көрдіңіз бе, райком жолдас, үндемейді. Ал мен айтайын, анау тұрған көк сандықты ашсын қазір бұл, – деді колхозбастық апам отырған жерден әрірек бұрышқа иек көтеріп. – Дәл сол сандықтың ішінен кірпіштей қып құран суырып алмаса, мұрнымды кесіп берейін мен. Кәне, Әзімхан, шын кәмөнөс болсаң, ашшы ана сандығыңды.

Әзімхан орнынан созалаңдай тұрып, төрге беттеді. Осы мезетте апамыз да оқып отырған намазын бітіріп қалып еді, Әзімхан сандық бетін аша бергені сол:

– Тәйт! – деп қолын қағып жіберді. – Құранды ұстау үшін алдымен дәрет алып кел, жаман шірік неме!

– Райком жолдас, байқаған шығарсыз, қалай дәл айтам, а! – Колхозбастық кәдімгідей мақтана желпініп, қопаң-қопаң етіп қойды.

– Әй, Нұрым, – деді апам. – Байқадық, көрдік сені. Әлі сол баяғы кәмсәмөл қалпың екен.

– Тиіспе менің кәмсәмөлдігіме, қақпас! – деп колхозбастық атып тұрған. – Балаңды партиядан шығарып, айдатып жіберейін бе осы!

– Жә, отыр! – деді оған райком зілді дауыспен. – Қызбаланба. Мәселе дінде болса, сөз коммунистік тәрбиенің жоқтығында болса, оны біз партжиналыста қараймыз.

– Жоқ, партжиналыс аз. Бұл Төлемісовтің мәселесін бюрода қарау керек, білдіңіз бе! Бюрода. Кәмөнөс үйінде Құран жасырып отыру деген не сұмдық бұл.

– Болды енді! – деп райком колхозбастықты тағы да басып қойды да, төменіректе сүлкиіп отырған Әзімханға:

– Төлемісов, – деді даусын жұмсартып. – Мәселе – сенде емес, анау кәрі шешеңде де емес, мына өсіп келе жатқан жас ұрпақта. Бұлардың туа салып көргені – Құран, естігені – Құран сөзі болса, ертеңгі күні кім болып шығады бұлар! Сені ертеңгі күні жазалап жатсақ, осы үшін жазалаймыз, соны ұғып ал.

– Иә, жазалау керек бұны! – дейді колхозбастық қыбы қана түскендей.

– Жағдай солай болды, Оралбай аға. Райком мен колхозбастық кетісімен Әзімхан:

– Әй, апа-ай, осы намазыңмен-ақ менің түбіме жететін болдың ғой, – деген жыларман болып. – Мен ес білгелі оқып келесің, оқып келесің. Енді қартайғанда қойсаң да болады ғой осыны. Әйтпесе ана Сақыштың үйінде жүргенде оқығаның да жетпей ме?!

– Е-е, сенің көзіңе көп көрініп жүр екем ғой. Кетейін, ендеше, со қызымның үйіне. Құдай үшін, апарып тасташы мені соған ертерек, – деді апам.

– Жоқ, біз жайлауға көшерде онсыз да сол үйге барасың. Ал қазір сені анда-мұнда сүйреп жүрер уақытым жоқ, – деп Әзімхан қысқа қайырды да, сыртқа шыға жөнелді.

– О, Құдай! – деді апам оның соңынан. – Маған осындай құдайсыз ұл бердің, ана Сақыштай имансыз қыз бердің. Бірі алдындағы жайнамазға қарайды, бірі жетегіндегі жалғыз сиырға қарайды. Бүйтіп мені екі жаққа жалтаңдатып қор қылып қойғанша, алмайсың ба, Құдай!

Апам жылап-жылап алып, теріс қарап жатып қалды. Содан тұрған жоқ. Кешкі шайға да бас көтермеді. Түні бойы аһылап-үһілегенін де естіп жаттық.

Таңертең Әзімхан бір өлген қойдың етін складқа өткізем деп, ауылға аттанды да, мен Әйкенді көтеріп, қой соңынан өріске кеттім.

Ал түсте үйге келгенде: «Сүт-үт! Сү-үт!» – деп мына ұл шықты алдымнан аңырап. Жағдай солай болды, аға, – деп қара баланың тәтесі сөзін аяқтап, көзінің жасын көк орамалының ұшымен сүртіп қойған.

– Е-е, солай де, қарағым, – деп Оралбай ата біраз уақыт жирен мұртын сипалап отырып қалды. Тек сәлден кейін терең бір күрсініп алып:

– Е, шырағым, бұл Нұрымның істемегені бар ма! – деді. – Апаларың оған «Әлі баяғы кәмсәмөл қалпың екен» деп тегін айтпаған. Бәрі есімізде ғой. Баяғы жас кезінде осы Нұрым ауылдың өңшең безбүйректерін жинап алып, істемегені, қылмағаны бар ма еді. Ораза кезінде түні бойы көше кезіп, қай үйде кім ұйықтамай отыр, кім ауыз ашып, кім сәресі ішкелі жатыр деп, көрінген терезені сығалап, ұры иттей сумаңдап жүруші еді. Жә, оны қойшы, бұл Нұрымның сондағы мына бір ісі есіме түссе, әлі күнге төбе құйқам шымырлайды. Ауылымызда әулиедей болған Тоқпай деген шал бар еді. Жасы сол уақытта сексеннен асқан-ау, шамасы. Аппақ сақалы кеудесіне түсіп отырушы еді жарықтықтың. Сол шал бір күні түнде өз үйінде Құран кітап оқып отырғанда Нұрым бастаған бес кәмсәмөл үйге суыт кіріп келеді де, Құранды қолынан жұлып алады. Үйде у-шу болады. Шалдың ұйықтап жатқан бес жасар немересі оянып, атасына ұмтылып шыр-шыр етеді. Сонда бұл Нұрымның не істегенін білесің бе, қарағым?! Кіп-кішкентай сәбиді қорқытып тұрып... астапыралла... Құран бетіне кіш еткізеді.

– Астапыралла! – деді қара баланың тәтесі де шошына тіл қатып. Бірақ мына сөзімді біреу естіп қалды ма дегендей артынша жан-жағына алақтай қараған.

– Солай, қарағым, біз осыны да көрген қубаспыз... Жә, мен қайтайын енді, – деп Оралбай шал жанында мыжырайып жатқан бозғыл қалпағына қол созған.

Қара бала сол күні Оралбай атасының май жинайтын ақ кеспегіне тәтесінің екі кесе сары май салып бергенін біледі. Бұдан кейін сол атасын да, үйден бір қасық май да көрген жоқ.

 

3

Көне суреттер... Көркем де жанды суреттер... Бірінен соң бірі көз алдымнан көше береді. Мен солардың жетегіне еріп, тағы да сонау бір күндердің қойнау-қолаттары мен жықпыл-жықпылдарын кезіп кете барамын. Сондағы көретінім, бірге жүретінім – көбінде сол баяғы әжем.

Жоқ, өтірік айта алмаймын, мен өзгелер секілді әжесінің жанында аса көп жүрген бала емеспін. Солар секілді әжемнің күндіз мойнында, түнде қойнында өстім деп мақтана да алмаймын. Ондай ыстық мейірді де, пейілді де тағдыр менің тайқы маңдайыма жазбаған. Мүмкін, сондықтан болар, әлде басқа да себептері бар ма екен, бүгінде мен әжемді соншама бір қимастықпен, сағынышпен еске алуым аз. Егер шын ағымнан жарылсам, менде ол кісіге деген тек қана аяныш бар. Осы аяныш жасыма жас қосылған сайын өткен-кеткеннің бәріне адамгершілікпен, түсіністікпен қарауға, не нәрсеге тереңнен үңіліп саралауға итермелейді де отырады.

Рас, ылғи да белі бүгіліп жүретін, ақсарғыш беті мыж-мыж, сәл көкшілдеу келген оң жақ көзінің тарыдай ағы бар сол шүйкедей кемпірдің әмсе жанында жүру нәсібі бізге бұйырмаған. Біз дейтінім, бір көзі әкеде, бір көзі шешеде жүретін немере – мені былай қойғанда, өз баласы – менің әкем де жыл он екі ай шеше қасынан табыла бермегені анық. Бір қора қойды алдына салып жаз жайлауға шығарда, байғұс кемпірді жылатып-сықтатып, қызыл сиырымен қоса қызына апарып тастайды. Сосын қара күзде қыстауға оралғанда еңкеңдетіп қайта алып келеді. Алып келе алмаса, қызыл сиырын жетектеп, сонау сегіз шақырым жерден шаршап-шалдығып өзі жетеді. Егер сәл кешіге бастаса, шешеміз енесін шынымен-ақ сағынып қалғандай болып: «Қайда әлгі апамыз? Неге алып келмейсің оны?» – деп әкемізді қозғап та қояды. Бірақ бұнысы, кейін байқасам, үйге мал біткенше ғана екен. Қораға бірер сиыр байланып, аузымыз аққа тие бастаған кезде шешемізге де жал біткендей еді: енді апамыз туралы әңгіме бола қалса, «қайда жүрден» гөрі «жүре берсінге» жақын болған пиғылы.

Бірақ апамыз келеді. Белі екі бүктетіліп жатса да еңсесі тік, сөзі нық келеді. Өйткені қызыл сиыры бар. Қызыл сиырға еріп келетін қызыл бұзау бар.

Бұзау демекші, бір жылы жазда үйде күбір-күбір әңгіме көбейген. Түсінгенім: шешемнің таяуда әскерден келген бауыры үйленбек. Тойы қарашаның басында. Оған дейін құдалардың алдынан өту, кит кигізу дегендей біраз шаруасы бар, шығыны бар. Осындайда жалғыз жездесі көмектеспегенде, кім көмектеседі. Не істеу керек?

– Қорадағы бір-екі қараны сатамыз да, – дейді әкем.

– Өзі бар-жоғы екі тайынша, бір сиырдың қайсысын сатып қарық боласың. Апамның қызыл сиыры ерте көктемде бұзаулады емес пе? Күзге дейін ол кәдімгі өгізше болып қалмай ма, – дейді шешем әлденені емексітіп.

– Е, сол да бар екен ғой, – деп әкем көңілі жайланғандай болады.

Сонымен күз де болған. Қыркүйектің басында қыстауға көшіп келгенбіз. Бес күн өтті. Он күн өтті. Апамыздың қарасы көрінбеген. Оны барып алып келе қоюға әкеміздің малдан қолы босамайды. Оған көмектесе қоюға менің да жағдайым жоқ. Бес шақырым жердегі мектепке жаяу барып, жаяу келумен бар уақытым өтеді. Ақыры бір күні кешкісін шай ішіп отырғанда шешем:

– Әзімхан, не істесең де енді апамды өзің алып кел. Кәрі адамға екі бірдей сиырды жетектеп жүру оңай ма?! – деген.

– Өзім де соны ойлап отыр едім. Ертең барам, – деді әкем.

Ертеңінде түстен кейін, расында, ол өріске шешемді жіберді де, өзі Бұқтырманы бойлап, Сақыш апай тұратын төменгі ауылға жүріп кетті. Кешке қойды қотанға иірген соң шешем қазанына ас салып, «апам сүйіп жеуші» еді деп, қамырын сүтке илеген аппақ күлше пісіріп, ұзақ уақыт қазан-ошақ басында күйбеңдеді де жүрді. «Сәулем-ай» деген бір жақсы әні бар еді, соны ыңылдап айтқан үні құлағыма әп-әдемі естіліп тұрды.

Алайда... ымырт үйіріле әкем апамның қара басын ғана сүйретіп жеткенде, «Сәулем-айың» әуремайға айналып жүре берген.

– Сиыр қайда? – деген ол әкеме бірден.

– Шикі арпа жеп... іші кеуіп... өліп қапты, – деді әкем міңгірлеп.

– Етін не істепті?

– Жіліктеп бөліп, көрші-қолаңға сатып жіберген ғой.

– Ал бұзауы ше?

– Оны бізге Сақыш өзі тірі тұрғанда берсін бе?

– Қайыршы! Жарымаған неме! – деді шешем апамызға естірте.

Мен шешемнің аузынан бұрын-соңды мұндай сөз естіген жоқ едім.  

Әншейінде ешкімге ауыз аштырмайтын әжемнің үндемей қалғанын сол күні алғаш рет көрдім.

 

4

Иә, апамыз бір адамға бет қаратпайтын бұрынғы адуынды мінезінен біртіндеп қайта берді. Шешеммен бір нәрсеге сөзі жараспай қалса, аппақ кимешек-шылауышы желмен желпілдеп, бұдыр-бұдыр ағаш таяғын жерге гірш-гірш қадап, қызының ауылына қарай еңкеңдей жөнелетін күндері де енді артта қалған. Қайтсін байғұс, о жақта құшақ жая қарсы алатындай жетегінде бұрынғы қызыл сиыр жоқ. Ал мұнда? Айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе беретін баяғы жуас келін де жоқ. Бел болса – бүгіліп, бой болса – шөгіп, уақыт өткен сайын мүжіліп-тозып бара жатқаны мынау. Ендеше, ауызды жауып, аяқты аңдап басып жүргенге не жетсін. Меніңше, апам осылай ойлайтын болуы керек. Әйтеуір, қалай ойласа да оның ендігі жағдайы мүскін де мүшкіл еді. Жақтаулары көк сырмен боялған, түстік жаққа қараған төрт көзі бар қос терезенің түбінде күн ұзақ жүнін түтіп отыра береді. Бірақ... қандай жағдайда да бес уақыт намазын қаза қылған емес. Бұған біз де әбден үйреніп алғанбыз – апамыздың қай намазы қай уақытта екенін минутына дейін біліп отырамыз. Білеміз де дайындаламыз. Сонда неменеге дайындаламыз десеңші! Мен он үш-он төрттегі ес біліп қалған баламын. Оны үйдегі «қызыл көздерден» қорғауым керек. «Қызыл көздер» – Берік пен Нұржан. Бірі – бес жаста, бірі – төртте.

Апам жайнамазын жерге жая бастағаннан-ақ екеуі екі шетте тышқан аңдыған мысықтай күтіп тұрады. Сосын ол тік тұрып, енді аузы күбірлей бергенде, Берік жүгіріп келіп жайнамазды ала қашады. Мен оны қуып беремін. Ұстап алып, қолынан жұлып алған жайнамазды апам алдына қайта жайған кезде, бір шетте Серік тұрады кемпір қашан етбеттеп жатады деп. Мен ұстасам, ұстадым, ұстай алмай қалсам, бүкшеңдеп жатқан апамның арқасына қарғып мінеді атқып. Бір қызығы, намаз сәтінде ол балалар не істесе де бірауыз тіл қатпайды. Тек «шаруасын» әбден бітіріп болған соң:

– Ә-ә-әй, Құдай-ай! Осы құдайсыздардан-ақ көрдім-ау! – дейді аһылап-үһілеп. Ал кейде балалар тым қатты «ойнап» жіберген кезде:

– О, Құдай! Осы құдайсыздарға мені қор қып, мазақ қып қойғанша неге алмайсың мені, Құдай! – деп зарланар еді.

Сосын тағы бір үш-төрт жыл өткенде апамыз мүлде қартайып, шөгіп біткен. Сыртқа әзер кіріп шығатын, әзер сөйлейтін. Бірақ сөйте жүріп екі әдетін қойған жоқ. Бірі – намаз оқу, бірі – жүн түту. Енді мына ғажапқа қараңыз! Осы екеуін ол бір-ақ күнде қойды дегенге сенесіз бе?! Сеніңіз, сенбеңіз, сол күнгі оқиға менің қазірге дейін көз алдымда.

Оныншы класта оқып жүрген кезім. Наурыз айының жып-жылы бір шуақты күні мектептен келе жатсам, тәтем үйдегі төсек-орын, алаша-сырмақтың біразын сыртқа шығарып, қағып-сілкіп жүр екен. Мені көре салысымен:

– Үйге кіріп, жылдам тамағыңды іш те, үлкен бөлмедегі үстел, орындықтарды түгел сыртқа шығар! – демесі бар ма.

– Не боп қалды? Жайша ма? – деймін таңданып.

– Жайша емес, апаң бүгін өледі. Кешкісін үйге адамдар жан-жақтан қаптаған кезде, оларды қайда отырғызамыз? Қайда жатқызамыз? Білдің бе!

Не дейд!? Апам өледі дей ме? Таңертең ғана терезе алдында жүнін түтіп сап-сау отыр еді ғой. Жүрегім өрекпіп, жүгіріп үйге кірсем... қызық, апам сол таңертең мен көргендей... сап-сау қалпында, сол терезе алдында сыртқа қара-ап үнсіз отыр. «Тәтем де қызық екен. Апам тіпті де өлетін адамға ұқсамайды ғой» деймін. Дегенмен... бір нәрсе жетпей тұрған тәрізді. Ол не? Білмеймін. Осы мезетте тәтем де үйге кірген. Менің неменеге таңданып тұрғанымды ол сезсе керек:

– Қарашы, апаңнан не байқайсың? – деді бетіме сұраулы пішінмен қарап.

– Ештеме.

– Қолына қара. Күндегі түтіп отыратын жүні бар ма?

– Жоқ.

– Жоқ болса, апаңа енді жарық дүние де жоқ. Бұл кісінің бір күнін бір күнге жалғап келе жатқан – намазы мен түтіп отыратын жүні еді. Бүгін таңертеңнен бері екеуін де қолына алмады. Ендеше, дәмінің таусылғаны. Бүгінгі кештен қалмас.

Жоқ, кешке жетпеді апамыз. Түс ауа, Алтайдың басынан күн енді еңкейе бастаған уақытта, төр алдында екі қолын екі жағына сұлық тастаған күйі, ғұмыр бойы өзі дайындалған анау жаққа ақырын жылжып жүре берген.

Одан бері де, міне, қаншама жыл өтті. Әншейінде мәңгі өмір сүретіндей болып жүретін қаншама адам апамның соңынан кетті. Дүние өзгерді, заман жаңарды. Көңілдегі бір суреттер өшті, бірі мүлде ескірді. Алайда менің сана сарайымның төрінде ғұмыр бойы жарқырап, керемет кескінденіп тұратын бір ғажап сурет бар. Ол – мынау.

Апамды жерлейтін күн. Үйде бірі кіріп, бірі шығып жатқан ығы-жығы адам. Солардың арасынан бір мезет әкемді іздеймін. Жоқ. Ол қайда? Үйдің ішін түгел адақтап шығып, ең ақырында жайшылықта бізді көп кіргізбейтін, өзінің ең бағалы заттарын сақтап жүретін түкпірдегі кішкентай бөлмеге бас сұқсам... ол қойнына әлденені тығып алып, енді есікке қол салғалы тұр екен. Үнсіз соңынан ілестім. Ол көпшіліктің арасын сыналай өтіп, тұп-тура апам жатқан шымылдықтың ішіне кірді. Бір бұрыштан сығалай қарадым. Ол ақ шүберекке оралған затты қойнынан шығарып, орауын жазып қолына алды. Құран! «Япыр-ау, біздің үйде Құран бар екен ғой» деймін. Ал ол қос қолымен ұстаған қасиетті кітапты шешесінің маңдайына тигізіп, біраз тұрды да, сосын кітапты қойнына қайта салып, мырс-мырс жылап, шымылдық ішінен шыға жөнелді. Оның жылағанын бірінші рет көргенім осы...

 

5

Арада қырық бес жыл өткенде әкемнің өзі де осындай шымылдықтың арғы жағында жатты. Үйде бірі кіріп, бірі шығып жатқан қалың нөпір адам. Мәйітті жерлеуге дайындап қойған. Бала-шаға, ағайын-туыстар кезегімен шымылдық ішіне кіріп, қоштаса бастаған. Енді кезек маған келгенде... есіме бір нәрсе түсе қалды. Жылдам кері бұрылып, түкпірдегі баяғы кішкентай бөлмеге кірдім. Іздегенімді табатыныма сенімдімін. «Егер өмірде бар жағынан адал бір адам болса, ол сен едің, әке. Мен білсем, сол адалдығыңнан соңғы демің таусылғанша айнымаған шығарсың» деймін іштей. Деймін де, ескі сары шифоньердің есігін ашып, әкем тек мереке күндері ғана киетін қара костюмінің сол жақтағы омырау қалтасына қол саламын. Бірден ілікті саусақ ұшыма. Партбилет! Жұрттың көбі он бес жыл бұрын лақтырып тастаған дүние. Қалтама салып, шымылдық ішіне кірдім. Қып-қызыл билетті әкемнің маңдайына тигізіп, бір минуттай үнсіз тұрдым. Көзімнен жас ыршып-ыршып кетті. Шымылдық сыртына шықсам, университетте оқитын ұлым бір бұрышта... маған сығалай қарап тұр екен.

Әкесінің жылағанын ол да бірінші рет көрген шығар...

2013 ж.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512