Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5478 0 пікір 10 Ақпан, 2016 сағат 12:39

АТТИЛА ЙОЖЕФ. «КҮНДЕРІМ ҚҰДАЙҒА КЕП ҚҰЛАЙДЫ»

Мажар ақыны Аттила Йожефтен (1905-1937) аударылған өлеңдер

 

 Жабайы алма

 

Жабайы алма болғым келеді,

Жабайы алма... саясы бар.

Өзегі талған әр жас бала

Тойып жейтін жемісімді,

Көлеңкемнің аясында.

 

Жабайы алма болғым келеді,

Жетім бала жаны мұңды.

Көзінің жасы көлкігенде,

Мені іздеп кеп көз жасымен,

Суаратын тамырымды.

 

Болғым келед жабайы алма,

Қурап қалсам егер бір күн.

Отын болып жалыныммен

Көз жастарын жетімдердің

Құрғатуға жарай алған. 

 

Болсам егер жабайы алма,

Қайғы болмай жер үстінде,

Барлық адам көңілді де

бақытты өмір кешер еді,

Еске алмай өлімді де.

 

1921 ж.

 

Шамға қараймын

 

Шамға қараймын. Пойыз шамы.

Сиқырлы, жанып тұр қызарып.

Жарығынан жаңа өмір туады

Көлеңкесі ұзарып.

 

Қарашы, неткен күш, не сиқыр!

Ойлаумен кетердей таң атып…

Қанша құдіретті болса да жарығы,

Мен – Адам, оны жағатын.

 

Ұйықтасам, шамды өшірем –

Жанымды түйрейді сан күдік:

Қайта жанбаса,  қалам ба

Қараңғылықта мәңгілік?!

1922 ж.

 

Сені күтіп жүрмін …

 

Сені күтіп жүрмін. Шық түскен,

ағаштың бұтақтары аспанға ұмтылып.

Өне-бойым мұздады, дірдектеп

қара түнде,  жалғыздық тым суық.

 

Қасыма келсең, түрілер түн-қайғы да ,

Тыныштық орнар,  тыныштық …

Тыңдармыз сазы сырлы Айды да.  

Ерніміз сыбырлап жүректің әуенін,  

Бақыттан баянды дәмелі,

Кетер ме ек ілесіп

шырақтың буына,

тірлікті түгесіп?

1922 ж. 

 

Сегед маңында

 

Тиса ‒ жас өзен, жазғы кеште

баяу ағады‒ ескі тек мұңымыз. 

Күн де бұйығы бізге „қош” деп

ұзайды, Түн-қайың жұбымыз.

 

Құшақтап, жүзімді ақырын

сипайды жапырақ-күлтесі.

Мола-төсегім шақырып

көзім жұмылар, мұң кешіп.

 

Ескі жыр ‒ мендегі жүректің аңсары, 

тыңдайтын әуенін тамсанып.

Байланып қайтеміз ұйқасқа?

 

Билейді бір діріл жанымды,

Сәлем берерде жалынды

жалғыз, жетім Дьюла Юхасқа[1]

1922

 

Суық Түнге сіңіп суиды сезім,

Жылуы тарап, жалыны сөніп.

Күндерім Құдайға келіп құлайды

жігіттей қызға оралған жиһанды кезіп.

 

Жүрегімді ашып,  Түн жыр жазар,

Маржан ғып сөзді шаша алмай,

Жұлдыз ғып мұңды шаша алмай.  

Таң болып атсамшы тап-таза …

 

Күлге айналып кешім мен таңым,

Ғаламдық отқа барады жанып,

Жылуына жаным бөленбей.

 

Жаратқан Тәңірім жоқтан барды,

Ерітіп жүректегі қысқы қарды

Ұмытылған мұңлы өлеңдей.

1923 ж.

 

 

Шын жүректен

 

Жоқ не әкем, не анам,

Не тәңірім, не панам.

Не бесік, не кебінім,

Не сүйгенім, серігім.

 

Нәр татпадым мен үш күн,

Не берсе де келістім.

Жиырма жылым – байлығым,

Сатсам болмас қайғы-мұң.

 

Ешкім сатып алмаса,

Шайтан мүмкін жармасар.

Шыным кіріп үйге бір

Кісі өлтірер күйдемін.

 

Ұстар онда дарға асар,

Тәнім қара жер басар.

Тыншығанда жүрегім,

Тұрар өмір-гүл өніп. 

1925 ж.

 

Тәңірім

Фәниді жерде қалдыра,

Тәңірім келдім алдыңа.

Құс болсаң, салған даусыңды

Жаңғыртар едім тау сынды.

 

Егінші болсаң соқалы,

Жыртысар ем жер қопарып.

Атыңды сипап жалынан,

Жегер ем шаруа қамына.

 

Соқаның ұстап құлағын,

Сайын дала боп жұмағым, 

Жаныңды сенің қалар ем

Тың жерге түрен салар ем.

 

Құстан бір бақты қорғасаң,

Қаумалап жатса қарға сан,

Тас атар едім, қашырып,

Мейіріңді бір асырып.

 

Сен күлсең, мен де шаттанып,

Төбем көкке тиюге шақ қалып,

Мүштігіммен алдарқатсам, 

Шерімді  саған тарқатсам.

1928 ж.

 

Естідім темір өксігін …

 

Естідім темір өксігін,

Естідім жаңбыр күлгенін.

Қирады елес, өшті күн,

Өтеді бәрі – білгенім.

 

Тірліктен күйбең дара қап,

Сүюді ғана жөн көрдім.

Айтшы тек алтын санадан

Адамға қару жон дер кім?

1933-1934 ж.ж.

 

Сол бір ару

 

Сол бір сұлу әйелді көрсем шіркін тағы да,

Пері қызы еді ол, нәзік еді жаны да.

Серуендеген шақтарда гүл далада масаты,

Жерді жеңіл қауырсын қадамменен басатын.

Сүймей-ақ мен қояйын оны мына жалғанда,

Тек қарайын сүйініп, мендегі осы бар арман –

Бақта отырса шуақтап ақ аруым таранған,

Қолында бар кітабы жаңа ғана жабылған.

Күзгі желге сыбдырлар жапырақтар жанында.

Көріктіме қараумен абайлап жай, сыр ұрлып,

Өзімді-өзім ұмытып, тұрғанымда сыбырлап.

Сезіп мені, үркіп, орнынан тез тұрып,

Ұзар бетін алыс бақ шетіне бұрып.

Жол шетінде ағаштар қоштасуды құптар.

(Айырылысар осылай бұйырылмаған жұптар)

Көз жұмған анасын көрген сәби құрлы,

Сол аруды көрсем айдай аппақ нұрлы.

1936 ж.

 

***

Ту сыртымда тұр екен Жаратқан …

Ту сыртымда тұр екен Жаратқан,

Іздесем мен оны барлық төрт тараптан.

… 

Төрт тағандадым. Тік құдайым

иілмеді маған, көтермеді жерден.

Бар шапағаты – бос қойды мені,

Күш тап, көтеріл, ұқса деп ерге.

 

Сөйтіп жар болды, жар болмады да.

Мейірімі жалын да, күл де емес.

Қалай сүйсең, солай қорғады да,

Өзімді өзіме  қалдырды.

 

Тәнім әлсіреп, қорқыныш құшты,

Бірақ мен жарымды күтемін жымия.

Себебі менімен адал, білсең,

Мына бос қуыс дүния.

1937 ж.

Мажаршадан аударған Раушангүл Зақанқызы 

Abai.kz


[1] (Дьюла Юхас жас ақын Йожеф Аттиланы әдеби ортаға алып келген ақын, қамқоршысы)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470