Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 13313 0 пікір 8 Ақпан, 2016 сағат 11:22

АШЫҚ ҮНДЕУ: ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

Ұлы ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіз елдігіміздің бәсекелі өміріне қабілетті, ұлттық намысы мен ар-ұяты зор, жеңімпаз қайсар жігері мен рухы асқақ, есті де текті, кемел де кемеңгер кісілік пен көреген тұлғаға сай ете отырып, озық күйде тәрбиеленген қайраткер ұл-қыздарды ерекше мүдделі күйдегі жауапкершілікпен қаулата өрбітудің кезеңі әлдеқашан туды. Бірақ осы күнге дейін бұл құбылыстың, негізінен алғанда, ұлттық құндылықтар мен асылдықтарымыздың жүгенсіздікпен, бассыздықпен шектен тыс азғындауға ұрынуы, құрдымға құлдырауы әлдеқайда басым күймен ушығып барады.

КҮЛЛІ ҚАЗАҚҚА АШЫҚ ҮНДЕУ

 «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі».

Әйтеке би.

Ұлтын жанындай сүйе білетін текті билік иелері!

Қайраткерлер мен кәсіпкерлер!

Аса құрметті әке-шеше мен ата-әжелер!

Қадірменді замандастар!

Иә, шынымен де біз, қазақ, өз қыздарымызға өмірлік ұлағаты зор аманатты міндеттеудің ауадай қажет екендігін білеміз бе? Егер білсек, ол қандай дәрежеде мән мен мағынаға, мазмұн мен маңызға ие? Міне, соларға назарымызды аударып көрелік.. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ұлттың, яғни қазақ санының өніп-өсуі, әлде өшуі қызға тікелей байланысты екені аян.

ӘКЕ-ШЕШЕ ҚЫЗЫНА

ҚАНДАЙ АМАНАТ МІНДЕТТЕУ ҚАЖЕТ?

Аяулы қызым, саған бұл өмірлік маңызы орасан зор аманат-өсиетімізді міндеттеуімізге тоғыз нәрсе негізгі себеп болды: 

  1. 1.         Тағдырды болжап болмайды; 
  2. 2.         Ешкім де өзінің қанша өмір сүретінін білмейді;
  3. 3.         Қазақ елі іштен жүгенсіз іріп-шіру мен күйреудің теңдесі жоқ рекордтық көрсеткіштерін еселеудің кесапатынан жас жұбайлардың ажырасуы (Ұлыбританияның «Economist» журналы ажырасқан жұптар саны жағынан Қазақстан әлемдік ондыққа енгенін хабарлады) шектен тыс ушығуына байланысты сәбилердің (жетім және тастанды баланың) тағдырына алаңдаушылықтың күшейе түсуі;
  4. 4.         Шет елдерге намыссыз, опасыз мәңгүрттікпен ұл-қыздарымыздың сатылуы, ел ішінде нәрестені саудаға салып, жүгенсіздікпен (бір ғана Алматы облысы 22 нәрестені сатқандығы расталды) сатылымға шығарылуының опасыздығы өрістей түсуі;
  5. 5.         Туған ұл-қыздары бола тұра қараусыз қалдырған, кейін интернатқа тоғытылуы арқасына қан жылаған қарттардың санының еселене түсуі;
  6. 6.         Теңдесі жоқ ұлттық ортақ байлығымыз орасан зор бола тұра, өзге жұрттан ерекше артық мүмкіндіктері мен өзгешеліктері жеткілікті бола тұра, елдің ұлттық демографиялық (қазақ санының өте аздығы) ахуалының күйреуге түсуі; Ұлттық генофондының азғындауы;
  7. 7.         Өз Атамекенінде, өзінің туған елінде жүргеніне қарамастан қазақтың әлеуметтік, тұрмыстық, құқықтық (үйсіз, күйсіз, 1,2 миллион кедей, қазақстандықтың 22 пайыздан астамы жұмыссыз...) ахуалының жүгенсіз күйреуге түсуіне байланысты бойдақ ұлдар мен қыздар отбасын құра алмай шектен тыс азғындаушылыққа ұрынуының (көктемей солуының) ушығуы;
  8. 8.         Қазақ қауымында алдынан дәріс алған шәкірттерді бәсекелі өмірге қабілетті, есті де текті, кемел де кемеңгер, халықшыл азаматқа, қажымас қайсар қайраткерге лайық ете отырып, сан салаға өрбіте білуде жанқияр халықшыл нағыз ұстаз, яғни толық ұстаздың (тек өзінің пәніне ғана шектелген ұстаз – толық ұстаз бола алмайды) болмауы. Ел, ұлт, ұл-қыз, шәкірттің тағдыры дегенде жанын қияр халықшыл, шыншыл, қажымас қайсар қайраткер ұстаз – нағыз ұстаз. Тек билікке қайткен күнде де кіріптар етудің шектен тыс мәжбүрлеу озбырлығының ушығуы және ұстаздыққа қатысты кешегі ұлттық құдіретке сай принціпшіл асыл азаматтық қабілет-қасиеттің құрдымға құлдырауы;

Тек қана Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жасқа жетпей, жүкті болып қалған 220 оқушы жасөспірімнің бары расталды. Бұрын-соңды болып көрмеген теңдесі жоқ дәрежеде елді жайлаған жезөкшелікке мәжбүрлік үрдіске айналды. Қарағанды облысы бойынша бауыр етінен жаралған нәрестесін туған анасы қоқысжәшікке, ал Жамбыл облысы әжетхананың (Жансаяны) шұқырына... лақтыру сияқты опасыздығы өрістеп барады. Мінеки, бүгінгі өскелең ұл-қыздарымыз көркем мінезден жұрдай, ұлтсыз, жігерсіз, тексіз, намыссыз, ар-ұятсыз, күрессіз мәңгүрттікпен ұсақталып құрт-құмырсқаға айналған опасыз шәкірт шектен тыс қаулау себептерін, яғни отбасы мен оқу-ағарту (мектеп, жоғарғы оқу орнында) саласына 70-80 пайыздан астамы әйелдің (егер еркек 70-80 пайыз құраса, елге пайдалы коэффицент рекордтық ұтысқа жетері сөзсіз) тәлім-тәрбиесінің және тәртібінің құрдымға құлдырауы мен опасыз ұстаздықтың кесапатынан екенін өткен тарих, ғылыми еңбек, өмірлік тұрмыстық тәжірибе бұлтартқысыз дәлелдеп отыруы;

  1. 9.         Сондай-ақ басқа да көптеген көкейтесті өзекті де өткір ұлттық мәселелерді ертерек алдын алудың мақсатында күнібұрын айтып, ерекше күйде ескерте отырып, аса қажетті іс-шараларды ұтқырлықпен қолға алғанымыздың пайдасы орасан зор болмақ.

Өйткені тәуелсіз елдік, ұлттық тұрғысындағы, халық, ұл-қыз тұрғысындағы өзекті де өткір мәселелерге байланысты, әсіресе сәбилердің тағдырына қатысты туындаған жүректі тебірентетін текті сөз темір қақпаны да ашады. Біз, қазақ мәңгілік елге айнала білу үшін мемлекет тарапынан ең алдымен Отбасын Асылдандыру Университетін жедел түрде ашылуын жедел түрде талап етеміз. Бұл – бүгінгі бәсекелі уақыттың, заманның ең негізгі қатаң талаптарының бірегейі екені аян. Оттың басында отағасы (әке) оңалмай, отбасы оңалмайды... Ендеше жүгенсіздікпен, бассыздықпен азғындаған қоғамымызды, елдігіміз бен ұлттығымызды кемелдендірудің ең ұтқыр іс-шараларын ең алдымен отбасынан бастағанымыз абзал. Қыз түзелмей, әйел түзелмейді... Сол себептен де, ХХІ ғасырда біз, қазақ қауымы, қысқа және ұзақ мерзімге негізделген кешенді де жүйелі ең озық жобаларды жедел түрде іс-жүзіне асырмайынша, сайып келгенде қоғам, әлем түзелмейді. Мұнсыз Ұлы дала елі – ұлы арман жолында ел, ұлт, ұл-қыздарымыз көздеген межелі ұлы мұраттарына қол жеткізе алмайтыны сөзсіз. Сол сияқты мұнсыз Елбасының «Ұлт жоспарықазақстандық арманға бастайтын жол» («Егемен Қазақстан» № 2 (28730) 6 қаңтар 2016 ж.) атты жобасының да ұтқырлықпен іске асырылуы және ұлтқа, халыққа ең жағымды да пайдалы коэффициенттері зор болуын мүлтіксіз қамтамасыз ете білудің, қысқасы байтақ елдің, ұлт пен ұл-қыздарымыздың бүгініне және болашағына ұтқыр да мінсіз күйде қызмет жасай білудің ең ұтымды өнегелі де озық, серппедей серпінді де серпілісті ұтқыр бетбұрыстарын жасақтай алмайды. Демек мұнсыз қазақ қауымы бәсекелі өмірге қабілетті және лайықты мәңгілік ел, өнегелі ұлт бола білуге ұйысуы, құлшынуы, ұтқыр дәрежеде қалыптаса білуі екіталай дүние екені хақ. Бірақ мұндай стратегиялық маңызы орасан зор ұлы құбылысты тезірек орнықтыра білу мақсатында көреген кісілікпен дер кезінде көре біліп, қайткен күнде де қазақ елін ұлы көшке ілестіре білуді тезірек жөнге түсіре білуге қатысты көземелдеуді ерекше мүдделі күйдегі ұтқырлықпен жетілдіру арқылы ғана оздырып отыруды аса қатаң мақсат тұтқан сұңғыла саясат, кемел де кемеңгер көсемдік бар ма? Данышпан Мөңке би мен Абылай хан бабаларымыз артына елдігі мен ұлттығына аса айрықша күйде алаңдай отырып, қатаң түрде ескертумен бізге аманат еткен және оның іске ұтқыр да мінсіз күйде асырылуын армандаған көреген де дана, кемеңгер де кемел ұлттық көсемдік ауадай қажет.   

Біз сенің әке-шешеңбіз, саған айтуға міндетті өмірлік аманат-өсиеттеріміздің барлығы да қазақ баласының, әсіресе өзіміздің басымызда өмірлік жолда кездескен кедергі мен кесапаттардан алған ащы сабақтарымыздан туындаған. Сондықтан өткен сонау сәтсіздікті, опасыз іс-әрекеттерді, тексіз тәрбиесіздігіміз бен ұятсыз келбетімізді қайталамаудың қамы үшін пайдасы мол болады деп санаймыз. Өзіне-өзі білікті ұстаз бола білген есті де текті, кемел де кемеңгер әке-шеше ғана оза алады. Ол үшін бұ дүниемен қатар ахиретті де терең ойлап, Құдайдан қорқып, ұл-қыздарымыздың ой-санасына, өн-бойына дініміз бен имандылықпен өрілген салт-дәстүріміздің асыл құндылықтарын шегелеп сіңіре білу ең бірінші кезектегі міндет екенін естен шығармауымыз керек.

Иә, өмір адам баласына бір-ақ рет беріледі. Кез келген текті, кемел, халықшыл азамат, әсіресе әке-шеше, ата-әже, ұстаз ұлттық мүдденің ең биік үдесінен шыға білу жолында қателеспеудің, адаспаудың, сондай-ақ ел, ұлт, ұрпақ, шәкірттің қамын тиянақты күймен жеуде қажымас қайсар қайраткерліктен айнымаудың, ешкімнің де (биліктің де) арбауына түсіп, бір сәттілік опасыз ұпай үшін, яғни атаққа, сыйлыққа, байлыққа, лауазымға сатылмаудың ұтқыр жолдарын текті кісілікпен, жан-жақты ізденімпаз да талғампаз көреген біліктілікпен күнібұрын қарастыра білген, қамалдың алтын тұғырын нықтап қалай білген жөн болады.

Сонымен, қызым, сен өмір бойына ерекше күйдегі бойтұмардай ұстана жүріп, мінсіз күйде атқаруға міндетті қадау-қадау өмірлік өсиет-аманатымызға, талап-тілектерімізге қатысты әңгімеге келейік. Ендеше соларды таратып айтар болсақ:

  • Сен бойжеткен соң бізден кеттің, өз еркіңмен қалаған жеріңе жеттің. Ендігі қалған уақыттың бәрінде де мәңгілік босағаңа тастай батып, судай сіңе білудің ең ұтқыр үлгі-өнегесін қалауға міндеттісің;
  • Мәңгі босағаңда сүйегің шірудің деңгейіне жеткенше, яғни өле-өлгенше өсіп-өнудің және гүлдеп өркендей білудің ең озық үлгі-өнегесін шеберлікпен қалыптастыра білуге тиістісің;
  • Күйеуіңді төредей қылып төрде күте білудің, хан дәрежесінде құрметтей білудің, сондай-ақ ата-ененіңді, күйеуіңнің бірге туған жан бауырларын, ең жақын туыстарын қастерлеп қадірлей білудің ең озық үлгі-өнегелерін де ерекше ұтқыр дәрежеде жасақтай білуде тек озық күйде болуға міндеттісің;
  • Әулеттің ынтымақты тірлігі мен суыспас сыйластығы ішіктің ішкі бауынан да ыстық әрі ынтық дәрежеде зор болуына қатысты және мерекелі де берекелі ауызбірлігіне қатысты мызғымас бірлік Туын айрықша күймен көкте желбірете білуге айрықша күйде борыштысың;
  • Әйелдің бақытты болуы тек ақылында ғана емес, парасатты да көреген, кемел де кемеңгерлік ұтқыр ісінде, текті кісілігі зор келбетінде екенін күнделікті тірліктің ағымында үнемі басшылықта ұстай білетін, айналасына нұрлы шуақ шаша білетін толық Адам ретіндегі, Еланасы ретіндегі жаңашыл да прогресившіл бағытындағы көшбастар қайратымен ғана бақытты болады;
  • Қызым, тек өзіңнің жеке басыңды ғана ойлап, тексіз надандықпен өзімшіл опасыз кещелікке салынба, кейін қасіреті, өзекті өртер өкініші өмір бойына ауыр болады. Әйелдің ең басты ұлы арманы да, ең негізгі мақсаты да – алдымен отбасының жылуын қайткен күнде де суытпаудың дара да дана үлгісін таба білу. Бала-шағаны алаңсыз бақытты күйде өрбіте білу. Сондықтан әулеттің ынтымақты ортақ тірлігін текті кемел кісілікпен бұрынғыдан да бетер нықтай білудің өнегелі озық үрдістерін жетілдіре отырып, сақтай білу, оздыра түсу. Ит боқ жеп те, әйел күйеусіз де күн көреді десек те, ажырасу – ар-ұяты бар, ақылды, парасатты, сауатты, текті, кемел де есті әйелдің ісі емес. Бұл – кісілік емес, ең сорақы өлім. Бұл – теңдесі жоқ опасыздық, ұятсыздық, тексіздік, надандық... Күйеуге шыққан қыз үйіне қайтып барған соң төркінімен төбеге шығып, бақытқа бөленді дегенді естіген ешкім жоқ. Тарихта болған да емес, болмайды да. Бұл, шындығына келгенде, сәбиге жасалған қатыгез жауыздыққа пара-пар әрекет. Бұл – ең айтулы қасірет. Әке-шешенің ажырасуынан тек балалар шектен тыс зардап шегеді. «Әкеміз қашан келеді?» деп үнемі іздейді, аңсайды, жүрегі өмір бойы қан жылайды, денсаулықтан айырлады. Әкесіз бала өзгеден өзін кем санайды, тұйықталады. Қатыгез, имансыз, жарамсыздық (ауру) тұқым қуалайды. Қысқасы сәбилердің бүгінгі және келешек ең жарқын бақытын терең жан-жақты ойлаудың, шыққан тегінен, әкесінен, жан бауырынан айырмаудың, оның ешкімге де (әсіресе тексіз, надан, кесапаты зор, жүрген жерін тек арандатқыш... «нағашыға») кіріптар етпеудің, көңілін жаутаңдатып алаңдатпаудың ең озық өнегесін ұтқыр жасақтау болса керек. Өлімненұят күшті. Өкінішке қарай есті де текті, көреген де кемел әке-шеше бола білудің өнегесі орасан зор үлгілі ұлағаттарын ұқпайтындықтан тексіз, парықсыз, парасатсыз, ақылсыз, тәрбиесіз, сауатсыз... мәңгүрт құлда ұят, ар-намыс, кісілік атаулы мүлде болмайды;
  • Отбасын бірлік пен тірлікке біріктіргіш, үйлестіргіш адал дос өмірлік тіршілікте өте-мөте сирек кездеседі. Ал үлгілі-өнегелі даналықтан қайткен күнде де қитұрқы қулықпен адастырып, аулаққа қашырып, кейін отбасыңдағы бірлік пен тірлігіңді іріткіш залым, көре алмайтын қаскүнем дұшпан айналаңда қаулаумен жүр. Сондықтан барған әулетіңнің ауызбірлігі мен өмірлік тірлігіне қатысты ешкімнің де арбаулы сөздеріне ерме, арандатқыш істеріне сенбе, өсек-аяңнан, ұтыс бермес әңгімеден мүлде аулақ, өте қашық бол. Отбасыңда болған әңгімені сыртқа ешуақытта шығарма. Отбасылық ішкі шаруаға сырттан ешкімді де араластыра көрме. Олар өте қауіпті, міндетті түрде адастырады, арандатады, орға жықпай қоймайды. Тек қана отбасыңмен, яғни жаныңдағы өмірлік күйеуіңмен, ата-енеңмен әрдайым адал да ақ ниетті текті кісілікпен ақылдаса білуден ешқашанда жаңылма;

Жасың ұлғайып сен де бір күн қартаясың. Қартайған адам – өкпешіл, кінәмшіл, көңілшек келеді. Өйткені нерв жүйкесі сәл нәрсеге лезде қозғыш және тозған көңілі тез жараланғыш келетіндіктен өзіне үнемі қорған іздейді. Сондықтан оның көңілін үнемі аулай біл, оған кісілік ақ ниетті қабақпен, сергек те адал, шын жанашыр көңілмен қарап, ерекше жылы жүрекпен пана бола білу, бұл – ең айтулы парызың. Өтей білсең өркенің өсетінін ұмытпа. Ата-енеңе, үлкендерге ешқашан қарсы сөйлеме;

  • Ата қарғысы – оқ. Ата-енеңнің... қарғысын арқалама. Тек қана алғыстары мен ақ баталарын (дұғаларын) тәрбиелі де көреген кісілікпен, ұтқыр іскерлікпен арқалай біл. Өмір бойына өзің де, ұрпағың да көктеумен көгересін, көркейесін, өрісің кеңейіп өркендейсің;
  • Балам, өмірлік тәжірибесі мен өнегесі зор ата-енемен (егер олар елге белгілі болып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!) бірге тұру, бұл – отбасылық мызғымас бірлікті бұрынғыдан да бетер нықтай түсудің, олардың өмір бойына жиған-терген рухани байлығын, ақылман даналығы мен кемеңгер кемелдігін үйреніп қалудың, кейін оларды оздыра түсуді меңгере білудің ең ұтқыр да ұтымды жолы екенін дұрыс түсін;

Ақылды, есті келін кекшіл болмайды, ибалы да инабатты, білімді, көргенді, текті де мейірімді, бекзат мінезді, кең бола білуге құлшынады. Қит етсе «кетем» деп байбалам салып, тексіз ашуға, надандықпен азғындауға ұрынба. Жалған намыс, көрсоқыр, тексіз дүбаралықпен өзім білемдік кім-кімді де көрге тықпай қоймайды.

Келін өзі ене атанғанынша «практикада» жүреді. Ал оның өмірлік ұстазы – есті, текті, көреген кемел енесі. Отбасыңда қажеттілік туындаған кей сәтте ата-енеңнің ұрыс-керіссіз күйде шын жанашыр ақ жүрегімен қатқылдау айтылған ұтқыр ақыл-кеңестерін, талап-тілектерін кек тұтпай, есті де текті кісілікпен ұтқыр күйде қабылда. Өйткені саған қаратып айтылған ақыл-кеңестің, талап-тілектің бәрі де сені ширата түсу үшін, ұрпағыңды алаңсыз өрбіте білу үшін ауадай қажет және олар таптырмас алтын қазына екенін терең түсініп, ұтқырлықпен игере түс, айрықша меңгере біл. Мұндай өмірлік тәлім-тәжірибесі зор, білім-біліктілігі мен көреген кемел кемеңгерлігі мол адал жүректі ата-енені үнемі қастерлеп қадірлей біл;

  • Қолдағы барыңа қанағатшыл күймен қара, ысырапшыл болма. Қатар-құрбыларыңнан, замандас тұстастарыңнан тек үлгілі өнегеңмен ғана озық бол. Айналаңа сезімтал, мейірімді, шуақты бол;
  • Біз, артыңда қалған әке-шешең... ендігі екі дүниеде де (яғни бұл дүниеде де, о дүниеде де) разы болсын десең, Ұлы Жаратушы Иеміз қолдап, күллі ата-бабамыздың аруақтары желеп-жебеумен тыныш ұйықтасын десең, қала берді қазақ қауымының, әсіресе ата-енеңнің... саған деген дән ризашылық ақ ниеті зор болсын десең, ең алдымен өзіңе ерекше күйде міндеттелген осынау өмірлік өсиет-аманатымызды, талап-тілектерімізді қатаң түрде мүлтіксіз орындалуының ұлы мақсатында ерекше белсенділікпен айрықша күйде күресе білу қажеттігін есіңнен шығарма...

Міне, бұлардың бәрі сайып келгенде елдігіміз бен ұлттығымыздың айбынды абыройын бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде асқақтата білу болады. Бұл – өз кезегінде бәріміздің де абыройымыз бен мерейімізді асқақтата білудің ең негізгі алтын тұғыры екенін есіңнен әсте шығара көрме. Ендеше осылардың бәрін жүзеге тек текті абыроймен мінсіз күйде асыра біл, көкке де, көпке де асқақтатумен оздыра біл, қызым.

Сонда ғана сен де бақытты боласың, ұрпақтарың да бақытты болады, біз де бақытты боламыз. Ең бастысы – мәңгілік босағаңды теңдесі жоқ ең жарқын бақытқа бөлей білу, бұл – сенің ең негізгі ұлы мұратың!

Кемел де кемеңгер, ізденімпаз көрегендігі зор ұл-қызымыздың ең іскер де ең ұтқыр алтын бапкері бола білу, бұл – әрбір әке-шешенің, ата-әженің, ұстаздың ең ұлы мұраты. Қамшы сабындай қысқа өмірдің өнегесі зор, озық та ұтқыр, дара да дана үлгілері көп – тек ең сарасын қапысыз күйде таңдай білу өз қолыңда. Сөздің қысқасы, бақыт та, байлық та, сәнде де мәнді өмір де өз қолымызда.    

Бірақ мұны кемел де кемеңгер, көреген көсемдігі асыл қадір-қасиетке лайық елдік, ұлттық тұрғысында, байтақ халық, ұл-қызымыздың бүгінгі және келешек тағдырына қатысты терең ойлай алатын есті де текті, білімді де білікті, көреген де кемел әке-шеше, ата-әже бүгінгі қоғамымызда қалмағаны қалай? Егер қалса қайда жүр олар?

Міне, осынау өмірлік аманат-өсиеттердің жауапкершілігін ұзатылған қызына міндетті түрде берілетін жасауына қосып, естен шықпастай салтанатты түрде бірге табысталып жатса нұр үстіне нұр болмас па еді?!

ХХІ ғасыр сахнасында өнегелі ұлы ұлт болып ұйысуға ұлы көшті бастап, мәңгілік елге айнала білудің жолындағы көреген даналығы мен кемеңгер кісілігі осы емес пе, ағайын?!

Қазақтың кешегі текті қауымында «Абысын тату болса – ас көп», «Қыз күйеуге тек өзі бақытты болу үшін емес, керісінше барған мәңгілік босағасын қайткен күнде де бақытты ете білу үшін шығады» деп өмірлік ынтымақты бірлік пен жаңашыл прогресивті тірлікке айнымастай серттесе (анттаса) білуінің ұлағатты сыры мен пәлсафалық құдіретінің түп-төркіні осында жатса керек.

Олай болса: Көк байрағы Алашымның, көк байрағы, Намыс, жігер ұлы күштің от – қайнары, Егеменді елімнің көгінде жарық жұлдыз, Желбіресін қазақтың көк Айбары!

Қалай дегенде де, сөздің шыны керек, мұндай өмірлік аманат-өсиеттерді, талап-тілектерді қызға міндеттей білуді біз, бүгінгі ХХІ ғасыр сахнасында өмір сүріп жатқан әрбір қазақ отбасы, қолға жедел түрде алатын ең көкейтесті де маңызы орасан зор ұлттық мәселе екені даусыз. Сондай-ақ мұндай көкейтесті тағдыршешті ұлттық мәселелерді мемлекеттік дәрежеде қолға алудың да ең оңтайлы сәттері әлдеқашан туды. Бірақ...

Ендеше, қалың елім, қайран жұртым, қазағым, тезірек жаңаша ойланайық, опасыз ұйқыдан жаппай жұмыла оянайық. Айнала анталаған қауіп-қатердің ықпалы мен обырлығы күшейе түсті. Елде жүгенсіз күйдегі ұрпақтармыздың азғындауы, күйреуі, қылмысқа ұрынуы шектен шығып, ушығып барады. Тамыры тереңдеп барады. Неге?

Бәріміз де жауаптымыз. Алдымызда ұлы Есеп Күні!

Молдағали МАТҚАН 

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің  

иегері, қоғам қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052