МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙҒА ХАТ
Құрметті Мырзеке!
Ауылымызға 2012 жылы келеді деген интернет желісі 2015 жылдың қараша айының соңғы аптасында келіп, іске қосылды. 6 желтоқсан күні бір шәкіртім: «Сізді интернетте бір кісі жамандап, «Білімсіз бидің ақылы» деген мақала жазыпты» (http://old.abai.kz/node/40355) деп, сығыстырыла жазылған 4 бет мақаланы қолыма ұстата берді.
Мақаланы ықыласпен оқып шықтым. Сөздің басын дозақтан бастапсыз. Айтқаныңыз дұрыс. Бұрынғы мысалшылар: «Үш күннен кейін адам дозаққа да үйренеді» деген сөз бар ғой. Дозақтан да ауыр замандар болды. Көрдік, көндік, түсіндік. Бірақ, Сіз мұндайды түсіне қоятын жан емес екенсіз.
«Көн болайық, сірі болайық, Ел-жұртымыз аман, тірі болайық!
«Әнебір жолы» дегеніңіз жалған. Мен өзімді жарнамалайтын адам емеспін. Әлемге әйгілеп, аспанға көтерген Өзіңізсіз. Алладан қайтсын! Қырғыздың батыры Наурызбайдың басын найзаға шаншып алып, аспанға көтеріп айқай салыпты. «Наурызбай, міне!» - деп. Сонда бас сөйлеп: «Әй, қырғыз, әлі де сенен жоғары тұрмын» депті. Сол сияқты өзіңіз төменде қалып қоймаңыз. Осы мақалада айтылуы тиіс үш ауыз сөз үшін қаншама уақытыңызды сарып қылыпсыз. Марр екеуіңіз, әсіресе өзіңіз, данышпан болып көрініп қалыпсыз. Көпіртіп сөйлеп, көбейтіп жазуды машықтап кеткен екенсіз. Үнді, Қытай, Араб, Парсы, Шағатай, Жапон, Түрік, Корейді бірақ төңкеріп, айранға көже қосқандай жасапсыз. Елді есінен тандырарлық күшіңізді көрсеткіңіз келген сияқты. Мейліңіз, «Айхай» барлық деп түсінемін. 300 жылдық орыстардың езгісін, ассимиляциясын Сіз болмасаңыз кім айтады. 300 жылдан бері айтылып келе жатқан сөз ғой. Үлкен тақырып, Сіздікі «Жығылсаң, нардан жығылдың» кебі. «Қой, бұл қандай ер, шіркін, пілге де үрген демей ме!» - дегізіп қайтесіз. Содан орыстардың мұңайып жүргенін көрмедім.
Өз тақырыбымызға оралайық.
Мені кінә емес, күнәға ұрындырған үш сөз: «Программа», «Класс», «Процент» сөздерін 70 жыл естіп, миланып, қолданып, тіл-сөздік қорымызға еніп, сіңісіп, байырғы ұлттық тіліміздей қалыптасып, жазба тарихымызда түсінік, ұғым-мұра боп кеткен тілдік қазынаны көпшілік пікіріне құлақ-қағыс ретінде газетке жазып едім. Ол Сіздің шамыңызға тиіпті. Ренжімеші!
Сіз бұл сөздерді естіп, жазып, қолданып көрмегенсіз ғой. Оның үстіне орыс қолданған, орыстанған сөз деп қатты шошынғансыз. Саян Серік ұлына жала жаппаңыз. Ол дұрысын айтып тұр. Термин сөзінің ұғымын да қорқынышты түсінгенсіз. Мен тапқан сөз емес. Бұл сөздердің этиммиологиясын білмесеңіз деректі анықтамалары мынау:
Словарь иностранных слов (Москва – 1949г.)
Термин
[<лат.termunus – предел, граница>]1.слово точно обозначающее определенное понятие применяемое в науке, технике искусстве, десе (638 стр.) қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде (Алматы, 2008ж)
Термин: Белгілі бір ғылым мен техника, өнер саласындағы нақтылы ұғымды білдіретін атау сөз бен сөз тіркесі (801 б.) делінген.
Мырзеке, шет ел сөздігіндегі 2-3 мағыналарын, рим қиял-ғажайып аңызын аудармаған. Тілге қажетін ғана алған. Сіз де римнің аңызын көлденең тартпаңыз.
Программа. [<гр. Programma – объявление, предписание>] 4. Краткий систематический перечень содержания курса какой-либо дисциплины, показывающий основные ее разделы и ее методологическую направленность;
5. Перечень номеров (музыки, пения, танцев и т.д.) исполняемых на концерте, цирковом представлении и т.п., а также указатель с перечнем исполняемых пьес и действующих в них лиц. (сл. иностр. слов 523 стр.)
Русско-казахский сөздігінде аудармасы жоқтығын білдіріп, «программа – программа» деп көрсетілген. (633 б.) ал, қазақтың түсіндірме сөздігінде атымен жоқ, алып тасталған. Неге? Қарсылық па? Даудан қашу ма? Әлде жаңылыс па? Бұл сөздің кінәсі компартия қолданып қойған сөз. «Ленин мен Сталиннің меншігі» мұндай да сақтық болады екен?
Қазір компьютер қолданғандар программасыз сөз сөйлемейді. Сонда, ол сөзден қайда қашып құтылмақсыз?
Словарь иностранных слов
Класс. 7. Группа учащихся в начальной в средней школе, подбираемых соответственно возрасту и познаниям; 8. Школьная комната, в которой происходят учебные занятия; 9. Обозначение предмета преподавания в некоторых специальных учебных заведениях, например, в консерватории: класс рояля, скрипки и т.д.
Русско-казахский словарь (Алматы – 1946ж)
Іт. 218 стр. 1, тап: рабочий класс – жұмысшылар табы, класс эксплуататоров – қанаушылар табы; 2, Бөлім, класс. Я учусь в 7-м классе, - мен 7 класта оқимын. Сабақ оқылатын бөлме.
3, Бөлімше, қатар (разряд) промышленные предприятия были разделены на 2 класса – өндіріс орындары екі қатарға бөлінген еді.
4, Дәреже, шен. 5, Поезд вагондары, параход бөлмелерінің түрі (дәрежесі)
Сондай: классик, классификация, классифицировать, классицизм, классический, классный, классовый сияқты сөздердің ұғымдарын «сынып» сөзі бере ала ма? Есек пен бұзаудың күші тең бе? Балама болады деудің жөні жоқ. Сынып сөзі қазақ сөзі емес, оған жармасу қате.
«Процент»
Словарь иностранных слов (Москва – 1949г.)
532 стр. [<лат. Pro centum> на сотню] 1, сотая доля какого-либо количества или числа, обозначаемая знаком %; 2, плата за пользование чужим капиталом.
Русско-казахский словарь (Алматы – 1946ж)
Мұнда процент - процент делінген. Қазақша аудармасы жоқ дегенді көрсетіп тұр. Оның мәні: қазақта мұндай өлшем түрі болмаған, атымен жоқ. Бұл атау тілімізге сөздік қор болып енген – неологизм. Процент – (жүздің бірі) (Іт. 335, ІІт. 551 стр.)
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде – 2008ж., 680 б. «Процент – бірлік ретінде алынатын бүтін санның жүзден бір бөлігі,» - делінген.
Елді-жұртты 15-20 жылдан бері адастырып жүрген жауапсыздық – сөздікте «процент» деген сөзден соң (пайыз) деп араға қатыстырып жазып жіберіпті. Бұл – әдейі жасалған қулық, қылмысты іс сияқты. (Пайыз, Байыз) деген сөздің түсінігі бірден бір өте дұрыс 665, 100 беттерде айқын жазылған. Мырзеке, маған айтқан дәлеліңіз орынды емес. Бұл қылық – суық қолды бұқпантай адамның ісі. Пайыз сөзінің мағынасын білмейтін, сөздіктің 100, 665 беттерін оқымаған адамның әрекеті. Авторлар емес, өйткені сөздік жасаушылар екі сөзді қабаттап жазып түсінік бермейді.
Бұл – «процесс, үдеріс» деген келер жолдағы жазу тәсілінен белгілі болып тұр.
Сонымен бірге Б-95. В-170. Е-215. Ж-242. И-350. Й-364. О-621. Ө-646. П-664. С-694 – беттердегі осы әріптерден (10 әріп) басталатын сөздер тексерілмей қалған. Соның салдарынан «программа», «процент», «сынып» сөздерінің түсініктері өрескел өзгеріске түскен. Сөз қолданысындағы тіл сауаттылығына нұқсан келген. Адасушылықтың басты себептерінің бірі осында тұр.
«Класс» деген сөздің тынысын тарылтып, елеусіз ғана «қоғамдық топ» деп берген. Қолжазбаны тексеріп оқып шыққан соң Ә. Нұрмағамбетов те ескермеген сияқты.
Тіліміздің жалпы сөздік қорындағы орыс сөздері мен термин сөздерді сылып тастап балама сөздер қолданамыз деу – ақылға сыймайтын түсінік.
Мырзеке, қазақ тілі екеуміздің меншігіміз емес, халықтың қарым-қатынас құралы, қаруы, тілдік қазынасы, ұрпақ мұрасы. Мені «би» десеңіз де билік менде де, Сізде де емес. Түс шәйісіп арамтер болмайық, билік халықта, мемлекет билігінде.
Оңай тапқан олжаларыңыз «Пайыз» сөзіне мысал келтірейін, салмақтап ойлаңызшы!
Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Ышқышбап сапары» өлеңінен:
«Қарайды базар барған қалтасына,
Сүйсінер тоғай барған балтасына.
Отырдық біраз кіріп пайыз алып,
Жар салған ишандардың алқасына».
(Іт. 112 бет)
«Миркамалалдин ишанға!
«Пірлерден зат едіңіз тиген назар,
Тамаша жүрген жерін болған базар.
Қасиет кәріптіктен (ғарібліктен) пайыз тауып,
Табиб болдың дауасыз дертті жазар.
Бұйрықты тұз, несібе адамды айдар,
Барады күн-түн өтіп, жыл мен айлар.
Табылар барсаң қайда іздегенмен,
Пайыз абад, патих абадтай шәріп жайлар.
(ІІт. 34 бет)
Н.Д. Оңдасынов
«Арабша-қазақша түсіндірме сөздік»
(файз ун) пайыз: 1.Тасып толу, кемерінен шығу, молшылық. 2. Жомарттық, мырзалық, қолы ашықтық, игілік, қайырымдылық (құдайдан) ауысп. көркемдік, әсемділік, тыныштық:
«Жел дегенің тек бірақ,
Ойға-қырға шапқылап,
Пайыз таппас ауа ғой.
(Мұзафар Әлімбаев)
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (2008 ж. Алматы)
Пайыз – пайыз тапты, тағат етті... (665 б.)
Байыз – байыз таппады, дегбірі қашты. Сабыры кетті. (100 б.)
«Сенің қайғың менің де дертім еді!
Шарпығанда өрті мені.
Байыз таппай Байзақов көшесімен,
Қою түндер шүпірлеп жөңкіледі.
(Арман Қани)
Әділін айтсақ, осы кітап жарияланғаннан кейін Ермұхан Бекмаханұлы бір жыл, иә бір ай жазу столында пайыздап отырып, қалыпты жағдайда жұмыс істей алған жоқ.
(Медеу Сәрсеке, «Қаныш Елі» кітабынан) (104-105 б.)
Құрметті, Мырзеке, менен жазғырып тұрып дігерлеп: «термин сөздер аударылмасын» деген қай жерде жазылған деп жанымды қысасыз. Ол шешім Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл-Әдебиет институтының мәслихат архивінде шығар. Барсаңыз, табасыз. Ал, термин сөздерді қазақшалаңдар деген шешім, бұйрық, указ Сіздің қолыңызда бар ма?
Біріміз «қырық», біріміз «сорок» деп түсінісе алмай жүргеніміз сол Ғылым Академиясының менің сорыма қарай, жойылып кеткендігі ғой. Әйтпесе, екеуімізге не жоқ?
Мырзеке, ол терминдерді қабылдау сөздік қолданысқа енгізуде көз алдарынан өткізген Академик Ісмет Кеңесбаев, Академияның корреспондент мүшесі Мәулен Балақаев, Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Ғайнетдин Мұсабаев, Тіл ғылымының докторлары: Сәрсен Аманжолов және Сауранбаев марқұмдардың ақыл парасаттарының жемісі ғой. Бүгінде Ә.Хайдаровтың көкірегінде олар әлі де тірі тұрғандай шығар? Бұлар өзіңіз табынып отырған Н.Я. Маррдан бірде кем ғалымдар емес. Маррдың төрт элемент теориясын Сталин сынағанда, Маррдың аты өшуге айналған.
Абай мен Әбубәкір Кердерінің орыс тілін оқып үйрену ұсыныстарын қалай ұмытқансыз? А.Чеховты мысалға ала отырып жалт беріп, хамелион болмау керек. Тарихи ғұмырдың себеп-салдарын жан-жақты ойлаған жөн. Өмір сүріп отырған екеуміз ғана емес.
Құрметті, Мырзеке, қызбаламай, сыңар езулемей, тең қарап ойланыңызшы! Жаңа сөз жасаушылар тапқан жалған сөздер: ұшақ, әуежай, жағажай, мұражай, саяжай, шипажай, егінжай, қонақжай, субұрқақ, қылтима, мырғам, т.б. сөздермен кімге үлгі боламыз. Жер-көктегі жаргондар мен архаизмдерді мағынасы басқа «балама» сөздерді күштеп қолданған соң, ештеңеге көзі жетпейтін жастар не айтсаң соны қайталай бермей ме? Шынында сөзді адамдар жасамайды. Өмір, қоғам, экономикалық тұрмыс-құралдарының жасалуымен атау сөздер тілімізге заңды түрде енеді. Ислям Жарылғапов 1000-ға тарта орыс сөздерін аударған шығар, соның өмірге ілесіп жүргені жоқтың қасы.
Жасы 78-де Буряк Владимир Ивановичтен – Қазақ тілі мемлекеттік тіл болатынына сенесіз бе? – дедім.
– Сенемін. Бір қазақтай сөйлеймін. Газет оқып едім, түсінбедім. Тастадым. Бірыңғай мусорларды жинай берсе, тіл өзінен-өзі жойылады. Ешкім қабылдамайды, – деді.
Мына пікірді зерделеңізші!
«Жалпы адамзаттың ортақ қолданысқа ие болған халықаралық терминдерді тәржімелеймін деп, арамтер болудың тағы реті жоқ. Барлық сөз орысша қалпынан оңай, тікелей аударылғанымен солардың көбі ұғымның толық мәнісін ашып бере алмайды». (Ербол Оразалы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің кафедра меңгерушісі. Доцент. Техника ғылымдарының кандидаты. Бұл пікір Сізге әрине ұнамас.
(Азия транзит. №4 (61) ІV 2005ж. 43 б.)
Татарлар айтқандай « Бір қызымнан бір қызым һәм сорақы» деп, сорақылық жасамайық. Бұрынғылар: «Ақсақалдың ағасы қарасақал» депті. Сол дәп екеуміз, білімі жоқ надан, біз сияқтыларға, Сіз сияқты ақыл айтатын, «Ақылы асса аға тұт!» деген де бар. «Естірімізді естідік. Енді таяқ жемей тұрғанда артымды қысайын. Бірақ қолыңыз жетпес. Әйтсе де, тәубеме түсірдіңіз». Сіздей жандар көп болса, өмір не болар еді?
Енді, буырқанбай, мына жолдарға назар салыңыз.
«Әйткенмен, бүгінгі қазақ терминологиясында жадымызға қонбайтын атаулардың жарыса жүруі алаңдатады. Терминдерді жаппай және жүйесіз қазақшалау етек алуда. Базалық білімі жоқ «терминшілер» көбейіп, ғылыми атаулар мен аудармалар бірізділіктен ауытқыды. Өздерінше кез келген ұғымға ат қойып алып, эфирден айта салу, газет-журналға жаза салу еркіндікті емес, сауатсыздықты танытатын белгі».
(Дархан Мыңбай. «Егемен Қазақстан». 31.05. 2011ж.)
Мұндай белгі Сізде жоқ. Сіз сауатсыз емессіз. Сіздің белгіңіз асып тұр. Өлгеніне 110 жыл, сүйегіне қына шыққан шайыр ұстазды тірі ұстазға айдап салып айыптатуыңыз асқан арапшылық. Құдай рақмет етсін Әбубәкір Кердері Шоқанұлының қолымен от көсегеніңіз – өзіңіз айтып отырған нақты обал осы.
Мырзеке, мен би емеспін. Ұстаз екенімді біліп отырсыз, ұстаздар билік құрмайды, пікірлеседі, үйретеді. Менің жазғаным үш сөздің мағынасын айқындау ғана. Оған қысқаша жауап бермей, жүрегіңіздегі бар запыранды аянбай құсыпсыз. Бұл да керек шығар. «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда!» қазақтың барша қарттарын ылайлағаның – ағаттық. «Бірдің кесірі мыңға тимесін». Осыдан соққы жеп келеміз. Тарих куә!
Білімсіз би болмайды.
Түсініксіз үй болмайды.
Бидің ақылы,
Халықтың нақылы
Журналист пе едіңіз жазғаны аз
Бекерінен мақұлы?
Тарихтың дөңгелегі кері айналмайды. Тұрақтылықты, ілгерілеуді сүйеді. Әңгімеңіздің көбі құр айғай, қоғамға қарсы құрғақ дау, су татиды. «Кәрі қойдың басы піскенше, жас қойдың басы сілікпе болып қалады» дейді қазаншы қатындар. Осыны да бір ойлап қойыңыз... Алла жазса, өзіңіз де ақсақал боларсыз, сонда түтінің қалай шалқығанын көрерсіз!
Бұл – өкпе, ашу, кек емес, жарастықты наз. Мәдениетті орында өмір бойы қызмет еткен адам мәдениетті болуға тиісті. Көркем мінезден айырылып қалмайық. Қазақ тілінің жанашырымын деп жүрсем, Сіз жанкүйері екенсіз. Айтыс-тартыс, дау-дамай, төбелессеңіз де, дұрыс. Араша, тақсыр, дейтін ешкім жоқ. Бетің дүзік. Қайырлы болсын! Сіздің мені айыптағаныңызға да 3-4 жыл болыпты. Сабырлық сақтайық. «Ел мына жақта» дейтін күн де келер.
Нағыз билік – Премьер-Министрдің қолында. Нұртілеу Иманғалиұлының сөз жасау әдісімен айтпай-ақ қояйын, ұят болар...
Аман сау болыңыз! «Ағасы қадірлінің інісі содырлы» деген ғой. Жасымыздың үлкендігінен, амал қанша, бәрін де көтереміз. Қалайда қаламгерлер: «Үй сыртында кісі бар!» дегенді ұмытпағаны оңды. Мұхтар Әуезов: «Біреудің атын басқа ұрма, өз атыңды қамшыла!» деген. Әркім біреудің аты емес, өз атының басына ие болғаны дұрыс!
Сәлеммен, Зекебай Солтанбайұлы
Abai.kz