Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 8788 0 пікір 1 Ақпан, 2016 сағат 12:21

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

Гармония ұғымын көпшілік «үйлесімділік» деп түсінеді. Ғылыми тұрғыдан бұл термин қазақшаға, орысшаға, ағылшыншаға, т.б. тілдерге аударылмайтын ұғым. Себебі, бұл ұғымның мағынасы тек қана үйлесімділік емес. Одан да кең. Қысқаша айтқанда, Гармонияның ең негізгі мәні Тура Жолмен, бір Жаратушының Жолымен жүру деп түсіну керек. Сондықтан, оны «Гармония» деп бас әріппен жазамыз. 

Той – бұл біздің қонақжайлылығымызды, ашықтығымызды, жылышырайлығымызды көрсететін ертеден келе жатқан жақсы дәстүріміз.    

Біздің тойшылдығымыз, әлемде алғашқы орындардың бірінен көрінетіне күмәніміз жоқ.

Той дегенде біз қазақ тік тұрамыз, оған «еңкейген қарт та, еңбектеген сәби де келеді» деу тек айтылмайды.  

Тойларда жанға жағымды, көңілді көтеретін ән, аталы сөздерді жиі айтылып жатады. Тәлім-тәрбиеге керек ойлар болмайды емес, баршылық, бұл жағынан қазақтың тойлары асып кетпесе, ешкімнен кем емес. Көріп те жүрміз, естіп те жүрміз, бірақ айтпасқа болмайды, қолайсыз жақтар да кездесіп тұрады, өкінішке орай. Мысалы, кейбір мақал-мәтелдердің заманға сай келмейтіні, тіпті Жаратушыға серік қосып жататындары жоқ емес, бар. «Қазақ құдасын Құдайдай сыйлайды» деген кең тарап кеткен сөзді мен өзім жақында бір тойда тағы да  естдім. Бұл  мүлдем үлкен қате емес пе? Басқа дәлелдерді келтірмей-ақ, Құрандағы «Ықылас» сүресінде: «....Оған ешкім тең емес»  деп айдан-анық баршамызға түсінікті жазылған. Бірақ құдаларымызды Жаратушыға теңестіру шектен шығу, адасқандық қой. Осыны есітіп үндемей отырып қала алмадым. Қайтадан орнымнан тұрып сөйлемеске болмады. Асабадан микрофон алып, әдейі осы түзетуді айтуға тура келді. Бұл біздің парызымыз ғой. «Қазақ құдасын құдай үшін сыйлайды» деген дұрыс қой...

Тойларда бақыт тілеп, денсаулық тағы сол сияқты ізгі тілектерді айтып жатамыз, бұл әбден дұрыс. Бірақ арасында келісуге болмайтын сөздерді қолданып жатады. Қазақтың мына мақалы жиі айтылады:

 «Бірінші байлық – денсаулық. Екінші байлық – ақ жаулық. Үшінші байлық – он саулық». Ал шын мәнінде адамның ең үлкен бақыты, теңесі жоқ рухани байлығы – оның имандылығы. Осыны ескерсек: «Шексіз байлық – имандылық, Оның нығметі – денсаулық, Тағы бірі – ақ жаулық» десек, шындықты айтар едік.

Қазақтар әлемде әнші халықтардың қатарына жатады деп ойлаймын да, байқаймын да. Бізде тамаша жанға жағымды, жүрек түбінен орын алатын  әндер көп. Өзім оларды жиі тыңдап, сүйсініп жүремін. Кейде өзімше қосылып та қоятын әдетім бар. Жасырмаймын.

_______________________

*Бұл тақырып автордың алғашқы ұсынғаны. «Тойдағы ой: қазақ қашан құдайға серік қосуды тыяды?» деген редакцияның  тұжырымының орнына автордың өз тақырыбын сол қалпында қайта беріп отырмыз.

 

Ұлы Абай айтқандай: «Әннің естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағының тесері бар». Әбден дұрыс. Сенбесеңіз, қазіргі тойларға, я болмаса концерттерге барсаңыз әндердің мәтінін мұқият тыңдаңыз. Мысалға алатын болсақ,

Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған «Ана туралы жыр» өлең бар, ол жиі айтылады. Музыкасы композитор Шәмші Қалдаяқовтікі. Әдемі ән. Ананы бәрімізде өте жақсы көреміз ғой. Ең жақын адамымыз ретінде қараймыз. Бұл тұрғыдан әке анамен таласа алмайды. Өз басым дүниеден 36 жылдан астам өтсе де, анам Хабибаны есімнен шығарған жоқпын, деніміз сауда шығару мүмкін де емес. Ананы көп ақындар жырлаған, өлеңдерін арнаған. Бұл заңды да, түсінікті де... Дегенмен көңіл аударатын жайт мынау: аталған ақынның мына өлең жолдарын айтпасқа болмайды, өлеңнің мәтіні былай басталады:

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,

Даланың әр гүлін жинадың сен маған».

Бұл өлеңнің алғашқы жолымен келісуге болмайды ғой. Бәрімізге жарық сыйлаған Жаратушы. Белгілі ақын Совет заманында өмір сүрген, атеизм ресми идеялогия болды ол кезде. Бұл бәріміздің де сана-сезімімізге әсер етті ғой. Енді тура жолға түсетін кезең келді емес пе, сондықтан өлеңнің алғашқы екі жолын өзгерту әлі де болса  қажет. Бұл жас ұрпақты тәлім-тәрбиеге, тура жолмен жүруге, рухани тазалануымызға керек қой. Біздіңше:

«Әлемнің жарығын сыйлаған Жаратқан, 

Даланың әр гүлін жинадың сен маған» – деп әрі қарай автордың мәтінімен жалғастыра берсек, үлкен қатеден аулақ болар едік, нұр үстіне нұр болар еді.

Мен бұрын экономиканы рухани тазалануын ғалым ретінде  жазып жүр едім. Енді мәдениетіміздің рухани тазалануына жанашыр ретінде жазуға тура келеді.

Рухани, тіпті кейбір экономикасы дамыған қоғамда әрбір өркениетті адамдар еңбек етіп, тапқан табыстарына сәйкес өмір сүруде. Халық айтатын: «Көрпеңе  қарай көсіл» деген мәтел оларға тікелей қатысты... Ал, өмірде, өкінішке орай, бәрі ойлағандай бола бермейді. Осы күннің адамдарында (бәрінде емес, біразында), талап ету мен ақша жұмсауда көбінесе ысырапшылдық басым және тартыну жоқ бола бастады. Мысалы, халық арасында кең тараған жеке адамдардың жасына қарай мерей тойларды өткізуді алсақ. Менің білетінім,  Исламда  мерейтойлар діндар адамдар үшін Құранда да, Хадистерде де айтылмайтын жаңа ұғым  болып есептеледі, яғни күнәға жатады. Өкінішке орай, қоғамда осы Ислам ұстанымын білмейтіндер мен мән бермейтіндер аз емес.  

Қазіргі кезде бірнеше жүздеген адамдар шақырылатын отбасылық мерейлі «көпірме» тойларды жиі кездестіреміз. «Кім теңдесі жоқ етіп өткізеді?» деген кінәратты бәсеке орын алып, мерейтойды өзкізу мақтанышқа айналып  жатыр. Шындыққа жанаспайтын өтірік мақтау сөздерді айтпай-ақ қояйын. Ол жеке әңгіме. Мен экономикалық тұрғыда сөз етемін. Тойлардың біразы банктен пайызбен алынған несиелердің есебінен  өткізілуде. Несиені пайызбен беру Исламда, Хрестианда, Иудаизмде тыйым салынған. Бұл әділет, Ақшаны  тек қана еңбек арқылы  табуға болады.

Бірақ та, шеннен тыс қаражат пен қорлар, пайызбен алынатын несиелер талай тойларға жұмсалуда. Шынын айтсам, кейінгі кезге дейін өзім де осы ысырапшылдардан болатынмын. Ал қазір мүлдем басқа адам сияқтымын. Бұл өзгеріс, кейбіреулер ойлауы мүмкін, қаржыға байланысты  емес. Жоқ, менің дүние танымымның түбегейлі өзгеруінің салдары. Сараңдықты теріс құбылыс деп санаймын. Жомарттықты жаратамын. Бұл жерде ақшаны қалай болса солай, оңға солға жұмсауды, адамға зиян келтіретін жайттарды жазып отырған жоқпын. Мысалы, тапқан ақшаны көкке шашу, казиноға, қарта ойынына жұмсау, тағы басқа  дарақылықтарды жомарттыққа жатқызуға мүлдем болмайды.  Сөйтіп жүріп, кедейге, ауруға, мүгедектерге көк тиын бермейтін, азаматтар өкінішке орай кездесіп қалады. Ұяласың, қынжылсың осындай жайттарды көргенде, естігенде: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп, осындай адамдарды айтамыз. Олар халық атына кір келтіретіндер. Мен өзімді үлгі ету үшін жазып отырған жоқпын, тек жоғарыда айтылған «көпірме» шараларды өткізудегі біздің қөзқарасымызды қайта қарауға шақырамын. Біздің Қазақстан Ислам әлеміндегі елдерге жатамыз. Ал Исламда рұқсат ету мен тыйым салу қағидасы аса баса айтылған.

Астамшылдық жетіспеушілікке апарады. Әлемде 2 миллиардтай аш, жартылай аш адам барын барлығымыз әрдайым есте сақтап жүруіміз керек. Тойларды (отбасылық мерейлі шараларды) Ислам негіздері тұрғысында өткізу мәселеріне сәйкес мешіт имамдары БАҚ арқылы үгіт-насихаттарын  халыққа жиі жеткізіп тұрса құба-құп болар еді.

Мен үйлену және отбасылық тойларды, басқа да игілік шараларды өткізуден бас тартуға шақырмаймын, тек оларды ұйымдастырғанда орынды ұстамдылық жасасақ дегім келеді.

Өмір белестерінде қандай ізгі істер жасадым деп, өзіңе-өзің немесе әріптестеріңе, Отан алдында дабырасыз есеп беру орынды болар еді. Осындай сәттерде, қайырымдылық акцияларын өткізу, біреулерге қаржылай көмек көрсету, мұқтаж адамдарға, жетімдерге, мүгедектерге, соғыстан және зіл-заладан зардап шеккендерге заттай сыйлық тарату, дарынды балалардың грантта оқу ақысын төлеу, балалар үйлеріне қамқорлық жасау секілді шаралармен айналысқан дұрыс болар  еді. Ал ғалымдар болса, өзі жазған оқу құралдарын, ғылыми кітаптарын оқу орны кітапханаларына, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және басқа оқырмандарға тегін таратса, нұр үстіне нұр болмай ма?

Менің ойымша, әр азамат өзінің өмір белестерін осындай ізгілікті, қайырымдылық істерімен атап жатса құба-құп болмас па еді?. «Көпірме» тойлар тез ұмытылады, ал қайырымдылық халық, әсіресе, мұқтаж адамдар есінде, ұзақ сақталады. Ең бастысы – таратушы оны құпия етеді, мақтаныш етпейді.  Мен жастарға айтар едім: Өзіңнің біреуге жақсылық жасағаныңды ұмытсаң – оқасы жоқ. Жаратушының нығметін, ата-анаңның тәрбиесін, басқа біреудің жақсылығын ұмыту – имандылықтан шыққаның. Осы жағына көбірек көңіл бөлсек!

Тауарларға және қызмет жасауға шектен тыс сұраныс болған сайын олардың тұтыну бағасы да өсе түседі және елдегі валютаның құнсыздануын арттырады. Сондықтан, жеке тұлғалардың астамшылдыққа баруы – әркімнің өз ісі деп ойлауға болмайды. Мұның салдары жалпыға әсер ететін  күрделі мәселе.

Қазіргі тойларда астамшылдық шаш етектен. Мәселен, туған күннен бастап, өмір кезеңдері (50, 60, 70... одан жоғары жастар) мерейтойлар ретінде өтіп жатады, мерейлі шаралардың бәрі болмаса да, бір талайы от шашусыз (салют) өтпейтін болып жүр. Шақырылатын қонақтардың саны шарықтап, 500-600 ден асып жығылатынға жеттік, ішімдіктерге «құрметті орын» беріліп жатады.   Өз әншілерімізді менсінуден қалып, шет ел әртістерін шақыртып қыруар валютамыз сыртқа кетуде. Бұл елімізде валютасы тапшы болуына апарады.

Жақында Президент Н.Назарбаев мәлімдегендей, шет елде 142 млрд-тай долларымыз бар екен. Қазақстан мемлекетінің ішкі өнімнің жылдық көрсеткіші – 110 млрд. Оған туристер, гастробайтерлер, шет ел тауарларын әкелушілер т.б. арқылы кетіп жатқан долларды қоссақ қыруар ақшаларымыз сыртқа кетіп жатыр. Осылай елімізден ақша кете берсе, инвестициялық тапшылықты жою, теңгенің бағасын тұрақтандыру оңай болмайды, қиындай бермесе. Түбі тесік шелекті толтыру мүмкін бе?

«Байлығымен бөліскен, бақытқа бөленеді, байлықты бөлісуден безбейік» деп айтқым келеді, біздің олигархтарға. Олардың ойына қосатыным: Көзі  ашық, қолы ашық азаматтар әрдайым Отанға аса қажет-ақ.  Осы көп ақшаларымыз елімізге қайтып келсе, халықтың көңіл-күйі, әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі көтерілетіні сөзсіз.

Қазіргі кезде әлемде, статистикаға сүйенсек, екі миллиардтан астам халық жоқшылық пен аштық жағдайда өмір сүруде.  Тарихта бұндай нәубет замандарға біздің  халқымызда  душар болған.  Ілгеріректе болған  «Ақтабан-шұбырындыны»,  ХІХ  ғасырдың 20 – 30 жылдардағы ашаршылықтан, қуаңшылықтан, жаппай малдың қырылуынан елімізде болған жұттан халқымыздың  жартысынан көбісінен айрылғанымыз тарихтан белгілі. Өткенімізден сабақ алу шараларын іске асырмай, бейқам, әрекетсіз болуымыздың арқасында дағдарысқа ұшыраудамыз. Осындай нәубеттерден алар сабақты былай түйіндеуге болады:

«...Барыңды қадірлеп, ертеңіңді ойлай жүр.

 Жұмсарыңды, жұрдайлыққа жеткізбей жүр».

Қай ел болмасын, қай мемлекет болмасын, жеке адам болмасын, бәрінің даму  және бақыт жолы бар. Ол – Гармония жолы. Гармония – үйлесімділік, сәйкестік деген ұғым. Мұны бәрі біледі. Менің айтайын дегенім – шынайы Гармония, ол міндетті түрде рухани және әдептілік негізінде болады. Мұндай негізі жоқ Гармонияны тек уақытша, көз бояйтын Гармония деп қараймыз. Ол рияға жатады. Гармония өте кең, ғажап ұғым. Өйткені Гармония шынайы Исламға негізделген.

Әр адамның бүкіл қоғамның бірден-бір даму жолы – шынайы Исламға негізделген Гармония деп толық айта аламыз. Бүкіл халық болып бір-бірімізге ізгі ниетпен, жыл бойы, тек қана ақ тілектер айтсақ, Гармония шегінен шыға алмас едік. Өйткені Гармония – кең мағыналы ғажап ұғым.

Адалдық пен адамгершілік, Бауырластық пен бірліктік, Әділеттік пен әдемілік, Еркіндік пен ерінбестік, Жомарттық пен жасампаздық, Шектен шықпастық, Іскерлік пен ізгілік, Тасымастық пен тәртіптілік, Ұлтжандылық пен ұйымшылдық,  Қамқорлық пен қайырымдылық, Шүкірлік пен шыдамдылық, Руханилық пен рақымшылдық, Тағысын тағылар... Ізгілікті істер, Гармонияны гүлдендірер, Иманға иілгендер, Жақсылыққа жетер!

Барлық жағынан орынды талап, қанағатшылдық, ұстамдылық –  бұл Ислам доктринасына негізделген Гармониялы өмірдің қағидасы. Түнек түбіндегі қараңғылықтан Гармонияның жарқын шыңына апаратын парасатты алтын қағидатқа сенім білдірейік. Біздің жалпы адамзаттық үмітіміз: «Гармония әлемді сақтайды»! 

ОҚЫРМАНДАРДЫҢ  НАЗАРЫНА:

Құрметті оқырмандар!

Мақаланы оқығандардың көптігі, пікір жазушылардың аз емес екені мақалада жұрттың ойында жүрген мәселе көтерілгені көрсетіп отыр. Қазіргі қоғамымыз қандай екенін осы деректерден байқауға болатын сияқты.

Менің мақаламда негізгі мақсат шынайылылықтың  мәні зор екеніне  тағы да оқырмандардың көңлін аудару.  Шынайылылықтың  жоқтығы  көбінесе Аллаға сенуді азайтады,  Оған серік қосуды тудырады, әдепсіздікке жол береді, тағы да басқа жағымсыз әрекеттерге  апаруға  әсер етеді, адамдарды тура жолдан тайдырады.  Жалпы айтқада этностардың тағдырына өз әсерін тигізеді, Алланың қаһарына ұшыратады.    Адамзаттың тарихында талай этностар Аллаға сенбегені үшін, Аллаға серік қосқаны үшін, Пайғамбарларды мазақ қылғаны үшін, табиғатқа қайшы жат қылықтары үшін, әдепсіздік үшін,  шынайы жолға түспегендері үшін  Алланың қаһарына ұшырап жоқ болып кеткен.

Мысалы, экономикасы жоғары даму сатысында тұрған Ад, Самуд, Гоморро, Соддом, Фараондар, т.б. жойылып кеткен. Одан кейінгі замандағы жойылған этностар мен өркениеттерді айтпағанның өзінде. Бұл қазіргі заман халықтары үшін осылардың тағдырын қайталамау Алланың ескертуі.

Экономикалық, деморграфиялық, саяси дағдарыстарды айтпағанда , адамдардың рухани сана-сезімінің төмендігі табиғи катаклизмаларға әсер ететінін қазіргі ғылым дәлелдеп, мойындап отыр. Мақаланы не үшін жазып отырмын? Алланың қаһарына ұшыраудан сақ болайық, ағайындар. Шынайы, рухани дамуымызға қатты көңіл бөлейік, жұртым. Тарихтың сабақтарын ұмытпай жүрейік.

Халықтың неғұрлым рухани дамуы жоғары болған сайын, оның экономикалық, ғылыми, инновациялық дамуы тұрақты және қауіпсіз болады,жоғарыда айтылған этностардың тағдырын қайталамауға тырысайық.ағайын!

Адамдар неғұрлым Алланы жиі есіне алып, сыйынып жүрсе, соғырлым оның мінез-құлқы көркем болады,тағдыры да жақсара береді. Мысалы, мақалада атап кеткен «Ана туралы жыр» өлеңінде Жаратушыны мәтінге қоссақ, орындаушылар күнәден аман болып, қайта Алладан сауап алар еді.

Сонда неғұрлым көп оқыған сайын, тыңдаушылар да соғұрлым күнәдан аман қалып, сауап алар  еді. Тұрған кеңістігіміздің  рухани тазаруына оңтайлы әсер етеді. Менің үмітімше, өлеңнің мәтінінде  бір ғана сөзді өзгертсек, автордың аруағынада жеңіл болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені,

Алла деген сөздің өзі- пәк, ұлық , тіріге де, аруаққа да сауап болар еді. Автор кеңес үкіметінде өмір сүрген, соның ресми идеологиясы баршамызға әсер етп. Қазір басқа дәуірде өмір сүріп жатырмыз.  Осыған орай жаңа дәуірге сәйкес өмір сүруімізді, рухани құндылықтарымызды  дамытуымыз керек керек.  Бұл жаңа дәуірдің үрдісі.

Мен оқырмандарды сабырлылыққа, ұстамдылыққа, әдептілікке шақырамын. Менің байқауымша, рухани даму, Ислам ренессанс дәуірі келіп жатыр.

Баршаңызға шынайы  Ислам доктринасы негізінде дамитын әлеуметтік Гармонияның  бірегей жолында, бақытты өмір сүруді тілеймін!

Ораз Баймұратов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052