Сейсенбі, 2 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 11571. Жазылғандар — 5587. Қайтыс болғандар — 41
Әдебиет 11632 0 пікір 27 Қаңтар, 2016 сағат 16:01

«ҚИЛЫ ЗАМАН» - АЗАТТЫҚ РУХЫНЫҢ АСҚАҚ ЖЫРЫ

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуына орай


Халқымыздың ұлы перзенті, кемеңгер ғалым, ұстаз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың ерте кезеңдегі шығармашылық жолындағы шыққан биік асуы, қаламгерлік шеберлігінің кемелденуін, осы кезеңдегі суреткерлік парызын адал орындағандығын, анығын айтқанда, қайраткерлік миссиясын толыққанды жүзеге асырғандығын айғақтайтын басты туындысы – ол, әрине, «Қилы заман» повесі.

«Белгілі 1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы,  қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Үшқарқара, Сырт, Лабас – жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік, молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті... Күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент».


Осылайша, автор повест сюжетінің басты оқиғалары өтетін орын – Қарқара жәрмеңкесін жағрапиялық, геосаяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты суреттеуден бастайды. Қазақ даласының Жетісу өлкесінде, тоғыз жолдың түйіскен жерінде тұрған жәрмеңке ішкерідегі орыс қалаларынан тартып  Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкентті, одан асып Азия мен Еуропаны жалғап жатқан қайнаған сауда орны ғана емес, бүтіндей экономикалық, саяси, әлеуметтік құрылым, жүйе деуге болады. Алақандай ауқымдағы жәрмеңке, жалпы, алып империяның жинақталған бет-бейнесі, тіпті, империяның өзі деуге де келеді. Базар ортасында ұзын, биік ағашқа аспандатып көтерілген Патшалық ресейдің екі басты самұрықтың суреті бар ақ жалауы желкілдейді. «Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызған ана – жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы – ертегі айдаһарындай екі басты, жайын түсті самұрық». Жәрмеңкедегі сауданы, оның айналасындағы барлық жайтты, әлеуметтік ортаны, саяси өмірді бақылауында ұстап, айтқандарын істетіп, ырқына көндіріп, бағындырып, басынып тұрған пристав, урядник, тергеуші, санақшы, т.б. толып жатқан ірілі-ұсақты шенеуніктер мен оларды қорғап тұрған қарулы солдаттарға дейінгі отарлық билікті жүзеге асырушы атқарушы атарман-шабармандар бар. Бұлардың қатарына қолында биліктің мысқылы да жоқ болыс, старшын, ауылнай, тілмаш сынды жергілікті ұсақ әкім-қаралар мәжбүрлікпен, шарасыздықпен қосылған. Ал, Орталық Азия халықтары арасынан, соның ішінде қазақтан, Ресей империясының қатысуымен жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыс майданының қара жұмысына адамдар алу жөніндегі 1916 жылғы 25 июньдегі Патша Жарлығының дәл осы арада жариялануы - жәрмеңкеде патшаның өзінің де көлеңкесі тұрғандығын  мәлім етеді.

Екінші жағынан, жәрмеңке Ресей құрамындағы қазақ елінің экономикалық ерекшеліктері, сауда қатынастары, яғни осы аймақтың халықаралық сауда жүйесіндегі елеулі орнын көрсетеді. Ежелгі Жібек жолының мұрагер жалғасындай, Орталық Азия, Қытай, Ресейді жалғаған кең жағрапиялық кеңістікті қамтыған сауда жүйесінің бір тармағының әлі де үзілмей жалғасып келе жатқандығын аңғарамыз. Алайда мұндағы сауданың мазмұны бөлек, әдеттегідей, отарлық жүйеде қалыптасқандай әділетсіз, арам, тонау, қанау сипатында: «Өзі бай, өзі көп сауда істеп, көп керегін алатын қалың ел болғандықтан, саудагердің иісшіл тұмсығы бұл елдің ортасын ерте күннен таңдап алған. Өріске шыққан қойдың иісін сезіп, желге қарсы тұмсығын төсеп, ішін тартып, жер  тарпып, бет түзеп, жота-жотадан қарауыл қарап торуылға шыққан қасқырдай  –  аш пейілді жалаңқая саудагер боркемікті, батпан құйрықты Албанды бекерге таңдаған жоқ. Сауырынан басып жүріп, семізі момыны, тәттісі осы болатынын жақсы білген, әдемі таңдаған». «Қилы заманда» әр атыраптан келіп жатқан ашбөрі саудагерлер аяусыз тонап жатса да, қыңқ етпейтін Албан руларының, оның мысалында қазақ елінің айрықша мол байлығы кеңінен баяндалады.

Әлемдік экономикалық заңдылықтар бойынша, әрбір өндірістің түпкі мақсаты, яғни дамудың жетістігі – аз шығын жұмсап, мол өнім алуды білдірсе, қазақтар көшпелі мал шаруашылығын дамытудың экономикалық тұрғыда жоғары деңгейіне жеткендігі соншалық, сырттан келіп жатқан саудагерлер өз саудасын қанша әділетсіздікпен жүргізіп жатса да, зардабы көп білінбестен көтере алатын жоғары дәрежеде. Ал, жәрмеңкедегі саудагерлердің аш қасқырға теңелуі тегін емес, олар өзі бай, бірақ момын, ақкөңіл елді бәтуасыз қанауды ғана ойлайды: «Қазір де құмырсқаның илеуіндей болып быжынап, жыбыр-жыбыр қағып бүлкілдеп, қызара бөртіп, ажарланып, күннен-күнге қарнын қампитып келе жатқан жәрмеңке – сол қазақ даласын торуға шыққан жайындай болатын. Көгенге кірген борсықтай байлаулы бағланның май құйрығына тұмсығын тығып, сауыры бүлкілдеп қана жылы-жұмсағын соруда болатын».

Сібір, Түркістан, Қашқар, Қытайдың атырабындағы талай-талай үлкен қалаларда жарқыраған үлкен магазин, қатарланған мол сома, шалқыған қалың байлық иесі болған саудагер байлар болса - бәрінің бұл мырза құйрықтан ауыз тимегені жоқ», - деген автордың баяндауынан Қарқара жәрмеңкесі арқылы өтетін сауда жүйесінің жағрапиялық кеңдігін аңғарамыз. Жан-жақтан ағылған саудагерлер батпан құйрықты Албанды бір тонаса, жемқор, семіз қарынды пристав – «Ақжелке» Подпороков, оның айналасындағы жорға құлдары: ұсақ төрешіктер, бұның ішінде қазақтан шыққан өңі жылтыр, қарны томпақ тілмаштар саудагерлердің өзін де, елді де, бай-кедей, болыс-биіне қарамастан, «барлығын да атасының асындай орады».

Жалпы, жәрмеңкені билеп алған саудагер деген жалқы атау Албан жайлауларындағы момын руларды ғана емес, бүкіл қазақ даласын қанау мен тонауды ғана көздеген тұтас империалистік, экспансиялық экономикалық саясаттың анық бейнесі екендігі даусыз.  Повестің ең алғашқы эпизодтары да «өне бойы тер сасыған семіз приставтың» қарапайым үш қазаққа тепсініп, жекіп тұруынан басталады. Сондағы бұл арамза ұлықтың түпкі ойы құлқынның қамы, парақорлықпен келетін «жем».  Саудагердің малы таптаған жерін қорғаған қазақтарға айғайлап, жекіріп ұрсып тұрған ұлық  «жер – патшанікі. Ол саудагер малы да – патшанікі» деп басынады. Анығында, сол саудагерлерге жақтасқан болып, олардың дағды бойынша конвертке салып, тастап кететін сомасын ойлайды.

Патша ұлығының арам ниетін әбден танып білген қазақтар, өз қанымыз ғой деп Жебірбаев деген тілмаштан үміт күткенімен, кәпірстан кейіппен сырт қарап тұрған одан да жанашырлық таппайды. «Бұлай болғанда, қазақ баласына кім жала жапса, соның өзі  оң-терісіне қарамай, мақұл болатын болғаны ғой. Арызымыз тыңдалмай, ақ-қарамыз текерілмей өле беретін болған соң, біз де – бір, белгілі мұттайым кісі де бір болғаны ғой. Саудагер жамандайды. Біздің сөзіміз тыңдалмайды...» – деп, бір қарағанда, шағын ғана шаруашылық жайтқа қатысты туындаған түйткілдің өзінен ел адамдарының ұлық алдында ешқандай қақысы жоқ қорғансыздықтарына көз жеткенде, жаңағы үш қазақтың бірі - Қартбайдың наразылық танытуынан, жалпы, тұтас елдің ішіндегі терең әлеуметтік, қоғамдық, саяси қайшылық және түбінде одан туындайтын зор қарсылықтың  ұшқын лебі сезіледі.

«Қилы заман» повесінде бейнеленген патшалық ұлықтардың қай-қайсысы болсын, қандай іс-әрекет үстінде болмасын, алдына келген адамдардың барлығына тек қана ұрсып, зекіп, ақырып, тақтай теуіп, боқтық сөздермен сөйлесетіндігі анық көрсетіледі. Бұл орайда, орыстың әйгілі жазушысы А.Чеховтың «Именины» деген әңгімесінде тап осылай, бірақ Ресейдің өз ішіндегі шағын қаланың бір шенеунігінің өзінің әйелінің көзімен қарағандағы екіжүзділік бейнесі еске түседі – «Кеудесінде шынжыры бар мундир киіп, сот төрағасының креслосында отырған ол мүлде өзгеріп шыға келетін. Қолдарын паңдықпен сілтеп,  күркіреген дауыс тауып, «не дейсіз», «а-ымһ- солай-ма» деп керіледі. Әдетте, үйде жүргенде Ольга Михайловна әбден білетін оның бойындағы кәдімгі адамға тән нәрсенің бәрі, өз болмысы аяқ астынан жоқ болып, орындықта  Петр Дмитрич емес, мүлде басқа адам отырғандай, маңындағылардың бәрі оны төраға мырза деп қана атайды.

Қолындағы билікке масаттанғаны сонша, бір орында отыра алмай, біресе телефон құлағына жармасып, алдында отырған көпшілікке суық қарап, реті келсін-келмесін айғайлап сөйлейді. Кенеттен құлағы естімейтін, көзі көрмейтін бола қалады, бет-әлпеті бұзылып, столға жақын келуді, қаттырақ сөйлеуді талап етеді. Жеткен биіктігінің буынан ол адамдардың түрі мен дауыстарын да ажырата алмай қалатын, осы сәтте, бәлкім, Ольга Михайловнаның өзі оның алдына келсе: «Сіздің фамилияңыз кім?» деп айғай салатындай. Куәгер-шаруаларға ол «сен» деп сөйлейтін, жұртқа айғайының қаттылығы сонша, далаға дейін естіледі». Ақырында әлгі байғұстың әйелі күйеуінің осындай арсыз екіжүзділігіне шыдамаған амалсыз ашуының салдарынан, іштегі нәрестесінен айрылатын трагедияға ұшырайды

Мінеки, Ресейдің өз ішіндегі ұсақ бір шенеуніктің өзін ұстау кейпі осындай болса, империяның қиыр шетіндегі отарланған халықтарға қалай қарағанын түйсіну қиынға түспес. Мұндай патшалық шенеуніктердің бейәдеп, сорақы сөйлеу мәнері, кейіннен большевиктер мен коммунистердің заманына еш өзгерместен беріліп, кеңестік «пәпкі ұстаған» қызметкерлердің де қарамағындағыларға, лауазымы төмен қызметкерлерге, тіпті көпшілікке, халыққа зекіп, айғайлап сөйлеу тұрпайылығы жұқпалы індеттей жалғасын тапты. Ал, өкініштісі, қолында билігі бар кейбіреулердің, кешегі отарлық кезеңнің кеселінен  бүгінгі тәуелсіздік кезінде де арыла алмай, ескі аурудың құрсауынан шыға алмауында.

Демократиялық құндылықтар дәстүрі қалыптасқан өркениетті елдерде мемлекеттік шенеуніктерді былай қойғанда, кеденшілер мен полицейлердің, тіпті түрмелердегі бақылаушылардың дауыс көтеріп сөйлеуіне мүлде жол берілмейді. Ондай жағдай орын алғанда, ақыры соттасумен аяқталатыны мәлім. Ал отарлық кезеңде қазақ даласына басқарушылық лауазымдарға жіберілген ең ұсақ шенеуніктерге дейін қолдарына шексіз биліктің берілуі, олардың жергілікті халық өкілдеріне ең төмен сатыда тұрған құлдар есебінде қарауы, кез-келген мүмкіндікті пайдаланып қанау, тонау, қырғынға ұшырату жолымен, реті келгенде жер бетінен жойып жіберуге дайын тұрғандығы және ондай қанқұйлы жоспарының да болғандығына Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесінің оқиғаларынан тағы бір күмәнсыз көз жеткіземіз.

Осылайша, «өне бойы тер сасыған», мәдениеттілік, адамгершілік белгілерден жұрдай, тексіз, сөйте тұра, қолына тиген мансапты асыра пайдаланып жасайтын қылықтарына жазасыздықты әбден сезінген патшалық шенеуніктер әкелген дөрекілік, тұрпайылық, менсінбеушілік мінезбен бірге қазақ даласына парақорлық пен жемқорлық қасіреті келді. Бұлар жергілікті тілмаштар, болыстар, кейбір дүниеқоңыз, пасық байларды үнемі қорқытып үркітіп отырып, кейбір кездері ұсақ-түйек жақсылықтар жасағансып, алдау, пайдалану арқылы олардың бойында жағымпаздық сатқындық, құлдық мінездердің қалыптасуына әкеп соқтырды. Осылайша оңай олжаға, жеңіл пайдаға бойлары үйрене бастаған тілмаштар бірте-бірте сондай жүйенің құлына айналғандарын өздері де байқамайды. Енді бұлар өз ел-жұртын сатып жіберуден де таймайды.  Сатқындық олардың мінезіне айналып, кез-келген уақытта өздері қызмет етіп жүрген ұлықтарды да сатып кете алады. Мәселен, повесте ереуіл кезінде жәрмеңкеге қаптап келе жатқан қалың Албанды көргенде, тілмаштар ұлықтардан тығылып, байқатпай елдің арасына кіріп алуға әрекеттенеді.

Автор шығарманың өн бойында «ел ішінде оқыған азаматтардың арасында газет шығарып, елдің сөзін сөйлейтіндер шығыпты» дегенді алыстағы сарындай ғана қабылап, ол жайында ойлануға да мұршасы жетпейтін қуыс кеуде тілмаштар, кейбір сатқын болыстар санатына деген жиіркеніші мен жеккөрінішін аямайды. Өйткені, оқығандар қатарына жатқанымен, олар өзге қараңғы елге «күн болып» алға жетелеудің орнына, патша шенеуніктеріне қосылып өз халқын тонаумен айналысуда. Бұлар тіпті, тілі, діні бөлек, жат жұрттық шенеуніктердей көзге анық көрініп тұрмағандықтан, әдетте көпшілікке өз туысы, өз бауырындай қабылданып, ал шешуші сәттерде ең қатерлі жауға айналып шыға келеді. «Іштен шыққан жау жаман» деген де осындайда айтылса керек.     

Тілмаштарда «маңайына қарайтын екі түрлі көз бар. Бірі – жар төсегін арамдап қойған, жүрісі сұйық тоқалдай жағына, жалтаңдай, жорғалай қарайтын жасқаншақ көз. Бұл – приставқа, судьяға, жәрмеңке ұлығына  қарайтын; екіншісі асқақ, мақтаншақ жемге қадалған қомағай көз. Ол – қазаққа, елге қарайтын көзі». Қалың елге патша ұлықтары, саудагерлер арам ауыздарын аяусыз бір салса, оларға қосарланып қазақтың өз ішінен шыққан тілмаш секілді шолақ белсенділер де талауға дайын. Демек, қарапайым халық екіжақты, жан-жақты қанаудың қапасына түскен. Олардың сөзін тыңдайтын, ұғатын бір де бір мекеме немесе ұлық жоқ, бұлар тек «конвертке салып» тастап кететін пара беретіндерді ғана жақтайды.

Қазіргі уақытқа дейін қоғамның ең қатерлі ауруы, шіріген іріңді жарасындай болып қалмай келе жатқан «пара» құбылысы қазақ даласына берісі Ақжелке-Подпороков, арысы Мәскеудегі орталық кеңселерге барып тірелетін патшалық отарлық жүйеде терең қалыптасқан құбылыс-қылмыс екендігін «Қилы заман» оқиғалары қапысыз дәлелдейді.

Осындай, онсыз да әділетсіздік пен қиянатқа негізделген, іріп-шіріген кезең үстіне, енді Ақ патшаның 1916 жылғы июнь Жарлығы келіп жетті. Пристав Подпороков патша жарлығын жариялау үшін қазақтардың болыс, билерін жинамақ. Олар болса,  «кейбірі жәрмеңке басына тігілген боз үйлерде не қымыз ішіп, не болмаса карта ойнап, ішкілік ішіп, желік үстінде отырғанда табылды. Кейбіреулері дүкеннің асбұзылында шай-пай, сорпа, яки саудагерлердің мантысына араласып отырған уақытында кездескен».

Автор осынау ұлы шығармасында ХХ ғасыр басында өзге бүкіл әлем бірінші дүниежүзілік соғыстың қырғынында астаң-кестең болып жатқан дүрбелең, күрделі кезеңде қазақтың сөз ұстар адамдарының осындай ішіп-жемнің төңірегінен аса алмаған тұрмыстық дәрежеде, төмен әлеуметтік деңгейдегі дәрменсіздігін,  шектеулі іс-әрекеті мен өмір сүру бейнесін жасырмай, айқара ашып береді. Бұлардың мұндай күйге түсуіне жеткізген ахуалды кең ауқымда, кешенді түрде қарастырған лазым.

Отарлық жүйеде бұратана халықтарға, соның ішінде қазақтардың өзіне билік жүйесінде басқарудың ең төменгі тетіктері берілгендіктен, олардың өздері шеше алатындай мемлекеттік, қоғамдық, әлеуметтік іс жоққа тән дерлік. Мұндай саяси шектеуліліктің салдары қоғам мүшелерінің белсенділігінің барынша төмендеп, ауыл арасындағы бос әңгімеден, ұсақ, баянсыз қырқыстан шыға алмайтын шарасыздыққа құлдыратуы түсінікті. Заманның осынау сындарлы кезеңінде, бүтіндей ұлт тағдырының келешегі күн тәртібінде тұрғанда, тарих сахнасына Алаш қайраткерлері көтеріліп, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов сынды біртуар тұлғалар терең дағдарысқа түскен елді ояту, сілкіндіру, көтеру мұратына өмірлерін арнауы табиғи заңдылықтай қабылданады.

Осындай қалың ұйқыда жатқандай қамсыз елді бір-ақ күннің ішінде дүр сілкіндірген Патша бұйрығының «Сөзі көп емес. Дәлелсіз, ыңғайсыз, топас жазылған көп бұйрықтың біреуі еді... Жарлықта: «Он тоғыз бен отыз екінің арасындағы азаматты қазақ елі әскер керегі үшін тезінен жинап, өкімет қолына тапсыруға керек» деген. Бұл жігіттер соғысқа қару ұстап кірісетін әскер емес. Соғыс көмегіне күш қосатын бір жабдық есебінде».  Патшалық билік империя құрамындағы тұтас бір халықтардың тағдырына немқұрайды қарап, қорлық, мазақ сипатындағы заңдар мен ережелер қабылдап, мүлде  сенімсіздікпен қарағандығының бір көрінісіне осы «дәлелсіз, ыңғайсыз, топас» Жарлықтан-ақ көз жеткіземіз.

Жарлықты алғаннан күннен бастап «мынау – кезі келген, жақсы оралған көңілдегі арманды жақсылықтың бірі» деп қана қабылдаған  орыс ұлығы дүниежүзілік соғыста жеңілістерге ұшырап, масқарасы шығып жатқан империяның мүддесін емес, осы жарлық арқылы тек өзінің жеке басына келетін пайданы ғана ойлайтын, пасық топас жан. Осы қалпында бұйрықты елге жеткізу үшін алдымен жәрмеңкедегі кеңсесіне жинаған болыстарға Жебірбаев, Оспан тәрізді құлқын құлына айналған жергілікті тілмаштар арқылы күнделікті көп қағаздың біріндей немқұрайдылықпен аудартып оқытады.

М.Әуезовтың «Қилы заман» повесінің тілі жазушы шығармашылығының бастапқы кезеңдегі туындыларынан барынша ерекшеленеді. Әсіресе патшалық ұлықтар мен олардың маңайында жүрген жергілікті атқамінерлерді, тілмаштардың әрекеттерін ашқандағы лексикасы барынша, өткір, қатал, ширақ, ащы. Онсыз да қорғансыз, кең далада адасқандай болып жүрген қаймана халықты ұйыстырып, ұйымдастырып, жөн-жосық, бағыт-бағдар көрсетуге тиісті атқамінерлер мен кейбір оқығандар бұларды жағымпаздық пен сатқындық жолына түсіруді мақсат еткен пашалық биліктің қулық-амалдарына басыбайлы көніп, солардың сойылын соғып, арамза ниеттерін жүзеге асыруларына қызмет етпек. Сол кезеңнің ғана емес, кейінгі күндерге, ондаған жылдарға дейін бойдан кетпестей сіңген  жұқпалы, қатерлі аурудай бұл пасық мінез елдің, ұлттың үлкен бір қасіретінің  түп-тамырына айналып бара жатқан.

«Бойға сіңген дағды бойынша, қызметке кіріскеннен бергі көздеген нысана мал мен атақ, жылы, жайлы орын табуға ғана арналғандықтан, сырт көрінісі болмаса, ішінде құралған негізді пікір, бағыт жоқ, ел қамы, көп мұңы дегеннен «қалың жұрт тұрмысына жайлы, жайсыз болар ма?» деген сұрақтардан басы да, жүрегі де аман» білім, сана жағын жадағай тастаған тілмаштар арқылы сорақы түрде жеткізілген  бұйрық ел ішіне ашық күнде жай түскендей әсер етті. «Бұрын алдына оңай түсіп, қалаған бетке оңай беттейтін қазақ бүгін бір қыңырлық белгісін бетіне шығарып, меңіреу, мықты қабырғаны көтеріп, тұрғызып келе жатқандай болды», - деп, алдағы дауылды оқиғалардың туындауын тереңнен тарқатады автор.

Расында, Патшаның бұл жарлығы жалғыз қазақ халқы ғана емес, отарлық езгінің кебін киген бүкіл Орталық Азия халықтарының тағдырындағы бетбұрысты, қилы кезең еді. Бұған дейінгі өзге мазақ, қорлықтың бәріне көніп келген халықтар енді бүкіл ер-азаматын қойша тізіп алып, алыстағы майданға, ал ең сорақысы - өзге халықтардың еркегіндей қолына қару ұстап соғысу үшін емес, жер қазып, жүк таситын қара жұмысқа, ашығын айтқанда, құл есебінде әкетілетін мазақты көргенде, ашулы, жат мінезге, көшіп, көнбеушілік, жаппай қарсылық әрекетке бет бұрды. Өйткені, Бақтығұл, Ұзақ, Жәмеңке сынды ноқтаға мойынсұнғысы келмеген жекелеген асау жандар емес, бұл жолы бүкіл ел, ұлт басына бұған дейін болып көрмеген қатер төнген-ді. Осылайша, әлемде болып жатқан дәуірлік оқиғалардың толқыны Ресей империясы құрамындағы бұратана халықтарға дейін шарпып, олардың тарихындағы ұлы төңкерісті кезең келіп жеткен.

Қарсылықтың алғашқы қадамы жәрмеңкені талақ тастаудан басталды.  «Қызылды-жасылды пұл ләпкесі, қаңылтыр-қалайысы жылтыраған ыдыс-аяқ ләпкесі, кең майдандай мал базары, ұсақ мәліш ләпкелері, жалбыраған қара-қызыл былғарылар, төңкерілген шойын қазан, жез шәугімдер, салпылдаған ер-тұрман, - бәр-бәрі де Албанның керегі үшін жасалса да, бір-ақ күннің ішінде керексіз дүние болып, жайрап қалды». Ереуілдің бір белгісі ретінде Қарқара жәрмеңкесі арқылы жүріп жатқан халықаралық сауда тоқтады. Тіршілік атаулының бәрі адыра қалып, ертеңгі бұлыңғыр, беймәлім күндерде не күтіп тұрғаны, ұлттың, ұлыстың тағдыры не болатыны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін баршаны толғантты.

 «Ел апатты сезді... Жайлаудың барлық жанының аузында не қылу, не айту керек? Болыстар не дейді? Ақсақал, басшы, үлкендер не дейді? Не жауап береді? Азаматын қия ма? Қолынан оққа байлап, ұлық қолына бере ме, беремін дей ала ма? Жоқ, артына алаңдай ма? Ұлық не айтады? Не істейді? Осы сияқты шешілмейтін түйін, қарғыстай қиын жұмбақтың алдында қабағы қатып, демін ішіне жиып, сағат сайын жаңалық күтті». Бұлайша дағдарған жұрт, әр ауыл өздері сеніп үміт артқан беделді деген кісілеріне үміт артып, солардың аузына қарайды. «Дөңгелек саз Серікбай, Әубәкірдің аузына қарап, Қарқара, Лабасы, Сырт жайлаған елдер Жәмеңкедей қария, Ұзақтай батырының аузына қарап, солардан жауап күтіп еді. Ертеңді кеш осыларға кәрі-жасы, болыс биі, сәлемші-елші айықпай шұбырып келіп жатқан».

Алайда мұндайды күтпеген «Албан ішінің үлкен-кіші, жақсы-жамандарының бәрінің сөздерінде түкпір өріс жоқ. Істейтін істің ем-домы жоқ». Баладай аңқау халық, осы күндері жәрмеңке үстіне төнген қара бұлтты сөз қылып, уақыт пен заманның келбеті мүлде өзгеше бола тұра, баяғысынша мистикаға сеніп, ырым-жоралардан жақсылық күтеді. Ұйымдасудың, бірігіп әрекет етудің жолын іздеумен емес, наным-сенімдерге бой алдырып, аруаққа сеніп адасады.

Қалың жұрт ауыздарына қарап отырған ел кісілері бір шешім табудың амалын іздеп, айналып келгенде би-болыстардың емес, Албан руының қадірлі ақсақалы Жәмеңкенің аулына жиналған. Елдің бетке ұстар адамдарының басы қосылған алғашқы жиынға сөзін арнаған Жәмеңке қария бұрынғы қазақ халқының арғы-бергі тарихына тоқталып, өткен замандардан тарта келіп, енді мына күнге жетіп, елдің басына түскен қиындықтан шығудың жолын табуды кеңесуге шақырады. Мінеки, осы жиында Ұзақ батырдың өзіне дейін сөз алғандардың ой-пікірлерін тұжырымдай келіп: «Ел аман еді, жайлауы жарасып еді. Қарын шашы алынбап еді дейсің. Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тигені бүгін бе екен? Мойныңа бұғалықтың түскені әлдеқашан емес пе еді? Бүгін тұқыртып, біржолата шөктіргелі темір қолы құлаққа келіп жабысып отыр. Баяғыдан қорыққанда неден қорқып, сиынғанда неден сақта деп сиынып едің?  Көптен торып, обырдай обып келіп, енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де. Енді жетер жеріңе жеттік... айтқаныңдай асау болсаң, енді тұяқ серпетін шағыңа келдің. Абұйырдың ашылып, мол дәулеттің ақтарылатын күні міне енді туды... Ел болар болсаң енді сіресіп, ұстасып көр... Шыдаймын деп ұстас.. мен айтсам, соны айтам. Жоқ, олай емес болатын болса, әне ұлығың, бар да ұсына бер!.. – деген жалынды, екпінді, ашулы толғауынан Патшалық отарлық биліктің қазақ  еліне қатысты жүргізіп отырған озбырлық саясатының сан қатпарлы құпиясының сырлары ашылған. Жәмеңке сынды ел ақсақалдарының «бас аман, жұрт тыныш» деген тұжырымының тек қана сырт көрініс, ал шындығында, түбегейлі, тереңнен алып қарағанда «мойынға бұғалықтың түскені» баяғыдан, Жарлықтың шығуы соның заңды жалғасындай, енді сырттай өзімен-өзі еркін болып жүргендей елдің шын мәніндегі ауыр, қорғансыз, отарлық езгіде отырған тағдыры біржола шешілетін мезгіл келгенінен хабар береді. 1916 жылғы Июнь жарлығы соның алғашқы, әрі ең үлкен дайындығындай әдейі ойластырылған шара екендігі күмәнсыз.

Жәмеңке аулындағы алғашқы жиын «бала бермейміз» деген ауызша бәтуамен тарайды. Ал, бала бермегенде не істеу керек, қандай қарсылық шараларын жасау қажет, оны кімдер қалайша ұйымдастырып басқарады, елдің дайындығы не халде, ертең елді басуға шығатын қарулы әскерге қалай қарсы тұрамыз, қолда қару бар ма, жоқ па, жоқ болса қаруды қайдан табу керек, ақыры жағдай қиынға айналғанда не істеу лазым – мұның бәрінің жауабы болмады. «Тәжірибесіз көрбала ақыл бұл істі құр ғана ашумен шешті.  Мәселе қалың елдің түгел ереуілдеген қыңырлық, қарсылық бетімен шешілді. Білмегенін көмескі күйде қалдырды», -  деп баяндайды автор.

Ал, жұрттың білгенінен білмейтіні, анығында әлдеқайда көп еді. Патшалық ұлықтардың қазаққа қандай апат, қасап-қырғын ойластырып жатқанынан, яғни өзінің қоластындағы халыққа қаншалық жаулық, зұлымдық ниетпен қарайтындығынан ел мүлде бейхабар-тұғын.  

Ғалым-зерттеуші Тұрсын Жұртбаев «Бейуақ» зерттеу еңбегінде ереуілге шыққан елге патшалық биліктің жүргізген жазалау шараларын нақты деректер арқылы молынан жариялаған: «Жазалау шараларынан Жетісу генерал-губернаторы Фольбаум да шет  қалған жоқ. 13 сентябрь күні Лепсі уезінің  бастығына берген телеграммасында: «Барлық  әскерлер мен крестьяндарға жеткізіңіз: бүлікшілікті жылдам басып, тәубесіне келтіру  тек бір ғана жолмен іске асады. Ол үшін тәжірибе ретінде ең бүлікшіл болыстың тас-талқанын шығарып, бірнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге үлгі сабар беру керек». Ал мұндай қырғынды жүзеге асыру үшін тиісті қару-жарағы жеткілікті кәсіби армия керек еді. Жоғары жақтан ондай көмек те кешікпей берілген.

«1916 жылы 23 августе патша қол қойған манифесте: «Құдайдың қайырымдылығы арқасында... Мемлекет қорғанысын күшейту  мақсатымен Жетісу казак әскерінің құрамын арттыру үшін біз осы әскери бөлімшеге казак еріктілерін шақыруға жарлық бердік...» ...Осы мерзім ішінде Фольбаумның қоластына мына отрядтар келіп қосылды. 1) Подполковник Гейциктің отряды – 737 жасағы бар екі рота, екі зеңбірек батареясы, бір казак жүздігі, саперлар бөлімшесі, 160 атты барлаушы. 2) Подполковник Алатырцевтің отряды – төрт атқыштар ротасы, бір зеңбірек батареясы, бір казак жүздігі, төрт пулемет, саперлар бөлімшесі. 3) Әндіжан-Нарыннан келген капитан Бурзидің отряды – үш атқыштар полкі, екі таулы жерде қойылатын зеңбірек, казактар жүздігі, төрт пулемет, 80 атты барлаушы, саперлар бөлімшесі.  4)  240 адамнан тұратын Сібір жасағы және 28 атты барлаушы. 5) 243 адамдық Самар жасағы. 6) Саратов жасағы және екі казак жүздігі. Барлығын қосып есептегенде Жетісуға құрамында 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберілді». (Т.Жұртбаев «Бейуақ», Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, 7 том, 60-61 бет). Осылайша патшалық билік бірінші дүниежүзілік соғыста масқарасы шығып, жеңілістерге ұшырап жатқанымен, құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық көтерілісінен одан бетер қорыққаны байқалады. Жазалау шараларының да айрықша зұлымдығы соның сұрқия салдары.

 

«Қилы заманда» елді ұйыстырып, біріктіруге, сол жолда өз бастарын қатерге тігіп, туған халқы үшін  құрбан болуға дайын асыл азаматтардың ісіне мүлде кереғар, тек қана жеке басының күйін күйттеп, мал мен дүние деңгейінен шыға алмаған, сол үшін іштен іріткі салып, ең өкініштісі, ашық  сатқындыққа барып, талай боздақтардың қанын мойнына жүктеген дүниеқоңыз надан байлардың, арамсирақтардың әрекеті жеріне жете әшкереленген. Солардың бірі – Тұңғатар бай. Ереуіл күндеріне дейін-ақ, әділдік жолында әрдайым ұлықтармен ұстасып келген Ұзақтың бірге туған ағасы Тұңғатар оған мүлде кереғар бейне, мал соңына түсіп, өзі де малдың кейпіне жеткен дүниеқұл, дүлей пенде. Қара басының ғана амандығын ойлап, өзге елдің үнсіз бағынуын жөн көрген ол Ұзақтың елді бастап шыққан әрекетін жақтырмай, жолын бөгуге тырысады.

-                Уа, жаным, не қыл дейсің енді?!. Кеше ұлық жалғыз мені көздеген болса, бүгін бар Албанның баласын қоса көздеп, қоса іздейтін болып отыр. Іздеді деп өле қалайын ба? Ұлыққа қай қылығым жағушы еді менің? Жер үстінде жүрме, үніңді шығарма, қатын бол, дейді. Соның бәріне бас ие берейін бе? «Басқа ұрса - өл, артқа ұрса – көн» дейсің ғой. Өйтетін болсам,  әкем Саурықтың аруағынан садаға кетсем болмай ма?! Не айтпақсың? Не қыл дейсің? Төрт-бес солдат келіп-кеткен екен, шошығаның сол ма? Көрмеген құқайым ба еді?, - деген сөздерінен Ұзақтың іштегі ашуының сырын, батырдың бар болмысын, оның ұстанған қағидасын, өзін ғана емес, ел-жұртын да басынуға, қорлауға ешқашан, ешқандай жағдайда көнбейтін ұлы намыстың адамы екендігін ұғынамыз. Ежелден араларына от түскен ағайындылар бір-біріне түбегейлі қарсы болатын. Оның себебі де соншалық ауыр, қайғылы. Тұңғатардың Ұзақты тоқтатпақ болып айтқан уәжіндегі «аруақ десең, қой» деген бірауыз сөзі ертеректе батырдың басынан өткен аса бір өкінішті, қайғылы жағдайды көз алдына келтіріп, оның бойында онсыз да булығып, тығылып келген бар ашуын, жаралы жүрегін тағы бір аяусыз тіліп өткендей еді.

 «Аруақ, аруақ» дейді-ау, қара бет! Қай аруақты риза қылып еді? Маған аруақ осыны қабылдайды дерлік бұның не қасиеті бар еді? Тірі туысқан, өлі аруақты күңіренткен қылық осыдан шықпап па еді? Менің ет жүрегімді өртеген сұмдық іс осының істеген ісі емес пе еді?» дегенде, бейуақытта ауыр оймен құлазып отырған кәрі батырдың көз алдынан өткен дәуреннің бір ауыр қайғысы шұбалтып, көлденеңдегендей болды.

Мойнына оралған ала арқан қазір де қап-қара, қан арқаны сияқты. Қаны қашқан көкшіл жүзінде өлім таңбасы. Ақылды, терең сұлу көздері жұмылған. Сонда да жас баладай жазықсыз ақ жүзінде «әкетай» деп қатты тілмен жабысқан әулиелік тазалығы бар. Бұл суреттің батыр көз алдынан өткеніне 15-20 жыл болса да, өмір бойы, әлі күнге шейін бір оймен қиналып, өзі өзімен мұңдасқандай болғанда, осы пішін батыр өмірінің зор күнәсі сияқтанып, ұдайы елестеп тұрушы еді. Бүгін сол ертеде өткен сұмдық күні жаңа ғана болып өткендей, ерекше ауырлықпен қайтадан келіп, қан жүрегін қаптай басқандай болды.

Бәкей – Ұзақ батырдың өзінен туған баласы. Екі-үш ұлдың ортасындағы жалғыз сұлу қызы еді. Бар баласының ішінде одан ыстық, одан қымбат болған тумасы жоқ еді. Ұзақтай батырды сай-сүйегін босатып, бір өзіне ұйытқан Бәкей бала көп баланың біріндей, әлдекімдей емес, ерекше еді. Жасынан сұлу болған есті Бәкей табиғаттың Албан ішіне берген сирек сыйы сияқты, оқымысты молда еді».

Осынау ерекше туған есті, сұлу, ақылды Бәкей, әдеттегідей атастырған қүйеуіне разы болмай, сүйген адамы, бірақ әкесінің жауы болып жүрген қарлы Алатаудың ар жағындағы көршілес қырғыз манабы аулының жігітімен қол ұстасып қашып кетеді. Алғашқыда бұрқ еткен ашудың жетегімен Ұзақ Бәкейді аулына қайтарып алған еді. Артынан күндіз-түні жылаудан көз ашпай, күн санап солып, өшіп бара жатқан балапанына жаны ашып, әкелік мейірімі түскен. Сөйтіп жүргенде, мұндайға жалған намыстан өлердей көрінген Тұңғатарлар ақылға сыймайтын айуандыққа барып, ақыры Ұзақтың өзі жоқ кезде Бәкейді батырдың өз үйіндегі шаңыраққа асып өлтіреді.

Повестің негізгі тақырыбынан шегініс ретінде Ұзақтың бейнесін толықтыру орайында баяндалатын Бәкей тағдыры туралы үзіктен қанша жерден ер, батыр атанып жүргенімен, Ұзақтың да ет пен сүйектен жаралған пенде, ағайынның айтуынан аса алмаған осал тұсы аңғарылады. «Әншейінде мықты, алып тентек Ұзақ астына мініп келе жатқан аты тулағандай болды... Туысқан, ағайын аузы біріксе, алысқа шығып жүрген айдын, әншейіндегі мықтылық, ру шебінің ішінде бос сөз екеніне де сонда көзі жетті». Енді, әбден күш-қуаты азайып, жасы егде тарқан кезде ел-жұрты тығырыққа тірелген мынадай қиын асуға, алынбас қамалға кезігіп отыр.

Өткеннің мұңды, мұнарлы елестері жанын күйдіріп, оған ендігі бүкіл ел басынан төнген қатерді бар болмысымен сезінген сергек саналы Ұзақтың көңіл-күйін жеткізуде М.Әуезовтей ұлы сөз зергерінің «әр жерде шашылған ауылдар да, қаралы кеште шашылған қандай болып, кешегі шашылған өмір шоғы сяқтанып» дейтін бірауыз сөйлеммен-ақ жеткізілген тұғиық терең философиялық тұжырымының өзі ғана Ұзақтай батырдың бүкіл өмір жолын, барша бітім-болмысын білдіреді. Ол ғана емес, біздің ойымызша, осы күй бүкіл елдің отарлық кезеңдегі әбден ыдыратылып, ұсақталып, әлемдегі саяси, экономикалық әрі әлеуметтік ұлы өзгерістерден мүлде шеттетіліп, жалпы елдің де «өмір шоғының шашылған» күйін қапысыз аңғартады.  Жалғыз  Ұзақтай батырдың ғана емес, сондай жүздеген, мыңдаған ерлердің, ақылы тасыған шешен, билердің, одан да тереңірек тартсақ, Шоқан, Абайдай адамзаттық ауқымдағы данышпандардың да бойындағы күш-қуаты, ақыл, қайраты, ыстық жүректі жалынды кезінің барлығы ауыл, ағайын, аймақ  арасындағы ұсақ тірлік, болымсыз, баянсыз істерге рәсуа болды десек, қателесе қоймаспыз.

«Қилы замандағы» Бәкей бейнесі тарихи сабақтастықты, уақыт, заман, дәуір шеңберіндегі сан қилы оқиғалар тарауларының түбінде қайта түйісетін жалғастығы мен тұтастығын мәлімдейді. Жеке адам өміріндегі, отбасылық көлемдегі оқиға болсын, ел шежіресімен ұштасып, ешнәрсе, ешқашан із-түзсіз, белгі-бедерсіз жоғалып кетпек емес. Бәкейдің қайғылы, аянышты өлімінің өкініші көтеріліс күндеріндегі ашу-ызаға, қайнаған кекке толы көңіл-күйге қосыла келіп, Ұзақ батырды соңғы қадамға, ақырғы шешімге, ұлы тәуекелге бастайды.  Батыр өзінің бұл көтерілістен аман қалмасын ішкі түйсігімен, бар болмысымен сезеді, біледі. Соны біле тұра, алған бетінен қайтпайды. Нық бекінген сеніммен, ұлы ниетпен барды. Кешегі күндері жойқын қара күштің иесі, буырқанған батыр бола тұра, Ұзақ та ет пен сүйектен жаратылған адам, жар сүйген, перзент қызығын көрген аяулы әке. Жүрегі, жаны жаралы, бойында қайғы мен қасірет табы сақталған сезімтал жан.  Бәлкім, сондықтан да «бұл күнге шейін қорғаншақтап, жалтақтап, тіршілікті жабысып сүйіп келген қомағай тілек енді лап етіп жанып, сөніп қалғандай. Өлім, өлімді ғана тілегендей. Өмірінде жасырып, тығып келген іштегі уынан қазірде масайғанша семіргендей болып: «Дайынмын, ал мені... қалқамның алдына қара жүзді болып бармайтын қылып, көп ниетінің құрбандығы қылып ал...» -деп, аласұрған батырдың бейнесін Мұхтар Әуезов ерен ерік-жігердің, терең сезімнің, зор қасиеттің, кіршіксіз тазалықтың иесі ретінде асқақ баяндайды.

«Қилы замандағы» Ұзақ батыр образының тереңіне бойлай отырып, біздің ойымызға «Қараш-қараш оқиғасындағы»  Бақтығұл бейнесінің келуі заңдылықтай.  Бір қарағанда, Ұзақ пен Бақтығұл бейнелерінен көп ұқсастық көрінер еді: екеуі де ер азамат, батыр, намысшыл, өр тұлғалы, ойлы, саналы; екеуі де іс-әрекеттің адамы, адал еңбекқор, мал жисам, байысам деген таяз ойлардан жоғары тұрған парасатты жандар; балалы-шағалы, әудетінің асыраушы-тірегі. Әсіресе Бақтығұл қауырт еңбек, ширақ қызмет үстінде көбірек көрінеді. Алайда Ұзақ пен Бақтығұлдың образдарында осындай сыртқы ұқсастықтар болғанымен, түп негізінде барынша үлкен, концептуалды айырма бар.

Бақтығұл қаншама намысшыл, батыл, санасы сергек азамат болғанымен, өзі өмір сүрген заманның деңгейінен аса алмады. Соңғы сәттерге шейін Саймасай болысқа сеніп, оның ар жағында жатқан арам пиғылын аңғаруға дәрмені жетпеді. Тек, әбден басы кетейін деп тұрған соңғы сағатында ғана есін жиып, шұғыл шешім қабылдап, қашып шыққан. Оның жасаған қайраты да өз заманында болып көрмеген қайсарлықтың, ерекше ерліктің, көзсіз тәуекелдің үлгісі бола тұра, айналып келгенде жеке басының кегін алумен ғана шектелді.

 Ал, Ұзақтың ауқымы, ой-өрісі, іс-әрекетінің мазмұны бұдан әлдеқайда терең әрі жоғары. Ұзақ саяси көзқарас тұрғысында биікке көтерілген тұлға. Ол бір ауылдың, бір рудың айналасында ғана емес, барша елдің басындағы бұғалықтың кейпін, одан келетін қауіпті анық біледі. Отарлық билік жүргізіп келе жатқан қиянат пен зорлыққа қарсы - Ұзақ бұрыннан күресуші. Сол үшін кезінде абақтыға отырып шықса да, қайтпаған, жасымаған қайсар жан. Айналасындағы береке-бірлігінен айрылған елдің барлық қиянатты үнсіз ғана көтеріп, көніп келе жатуына іші қазандай қайнайды. Осындай тұйыққа тірелгендей қапас кезде Жарлықтың шығып, енді осы аласапыран күндерде ғана Албан баласының жиылғандығын көріп, мысқыл араласқан тәубешілігін айтқаны бар. 

 

***

 

Бұған дейін «айтқанына көндіріп, айғырсып қамшы үйіріп, ысқырып» ықтырып үйреніп қалған момын елдің бір-ақ сәтте жат мінез танытып, қарсылыққа бет бұрғанын байқаған ұлықтар енді елдің арасына тыңшыларын жіберіп, «жұлдызы ыстық сенімді тілші, пайдалы атарман болған» Рақымбай болыс тәрізді сатқындардың Ұзақ, Жәмеңкелер жайынан жеткізіп тұрған мәліметтерді жинақтауда. Приставтың жанында өзгелерден гөрі ширағырақ, білім шалымы артық, қазақ бабын көп бағып,  байқап көрген айлакер тергеуші де бар. Ол «...мұндайда қазақтың сенетін кісісін алдымен қысып, өзге топтан жырып алса, арты су құйғандай басылып қалатынын» білетіндіктен, алдымен ел басшыларын қамауға алуға кеңес береді.  Патшалық билік қазақты ішінен әбден барлап зерттеп, осал тұсын тауып алып, бұл халықты басындырудың, бағындырудың осындай ішкі айла-тәсілдерін, психологиялық амалдарын ойлап шығарып, соны ұдайы жүргізіп келсе, кейін кеңестік, большевиктік билік те дәл осы жолды айнымастан қайталады. Халықтың бетке ұстар, жол бастар оқыған зиялы қауымын жою әрекеті сол отарлық жүйенің ежелден келе жатқан жымысқы, зұлым, қаныпезерлік саясатының айнақатесіз жалғасы болғаны анық. 

Жәмеңке аулындағы жиыннан соң, ұлыққа жауап беретін күн жеткенде қалың Албан рулары «бала бермейміз» дегенді айту үшін, жаппай атқа қонып жәрмеңкеге аттанады. «Ұшы-қиыры, шегі жоқ тасқын сияқтанып төгілуде, жиылуда. Басы қарлы, жат сырлы қалың таулар бұл заманға шейін қатпарлы қойнына тығып келген сырын ашқандай, қойын-қойнының барлығынан лек-лек аттыны дәмілсін-дәміл тау құсығындай ағызып, көк даланы бастырып жатты. Тау алғашқы рет етегінде жазылып жатқан далаға қабағын түйіп, қасын сілкіп, қолын жайғандай еді».

Кеңсе алдына жиналған ұлықтар мұндайды күтпесе де сыр бермеген пішін танытып, араларындағы әккі, зәлім тергеуші пәтерінен сурет тартатын аппаратын алғызып, Ақжелке кеңсесінің алдына қара шұға жауып, дайындап қойды, өйткені «ішкі есебінде білмеген қазақ зеңбірек пе, әлде не дер. Білгендері – алдыңғы қатардағылары суретімді басып алып қойып, артынан қудалар деп жасқанар деген есебі бар еді». Таңқаларлығы 1916 жылғы көтерілістен кейін тура 70 жыл өткен соң, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде кеңестік қауіпсіздік мекемелері тап осы әдісті, тек бұрынғыдан айырмашылығы - әбден жетілген фото-бейне техникаларды пайдалана отырып, алаңға шыққан жастар мен студенттерді жаппай суретке, бейнекамераларға түсіріп алып, артынан жазалау кезінде куә ретінде пайдаланғаны мәлім.  

«Қилы заманның» әдеби туынды ретіндегі көркемдік қуаттылығын, және әлеуметтік, саяси еңбек ретіндегі маңыздылығын білдіретін жарқын тұсы – қалың Албан руларының еркек кіндіктісінің барлығы атқа қонып, жәрмеңкені бетке алып аттанатын кезі – «Шаңқай түс кезінде Айттөбенің айналасы жыбыр қаққан қара бөрікке сіресіп толып, қалың жыныс қарағайдай болды. Ит тұмсығы батпайтын, самсаған сары қол, түйілген жалпақ қара бұлттай болып, көк даланы қаптай басып, жәрмеңкеге қарап бет қойды.

Салмақпен басқан қара топыр шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы  қаптап алған көптігімен түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды. Жәрмеңке жайлау сырын, қара бөрік түрін, қорқынышты айдынын жаңа ғана анықтап танығандай.

Өз-өзіне сенген сияқты сабырмен сызданып алып, түндей басып келе жатқан қалың қолдың алдында жәрмеңке бүрісіп, шоңқиып, жермен-жексен болып, бәсеңдеп бара жатқандай».

Осы үзіндіден егер елдің «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тізе қосып, бірлік, тұтастық танытар болса, алмайтын қамалы, жеңбейтін қиындығы болмастығын аңғартады. Повестегі кейіпкер бүкіл ел болып көрінетін осындай сәттердегі эпизодтарды автордың өзі де асқан шабытпен, ерекше сүйсініспен, жоғары пафоспен суреттейді. Алаш көсемдерінің қасынан табылып, қазақ халқын елдікке, азаттықа жеткізуді барша ғұмырының, бүкіл шығармашылық, еңбек жолының мәуелі мағынасы, күрескерлік рухының асқақ жалауы етіп өткен ұлы М.Әуезовтей кемеңгердің елдің тұтасқан, біріккен сәтін егжей-тегжейлі баяндауының мәні айқын, әрине. Туған халқын жанындай жақсы көретін суреткер оның мақтанарлық даналығын да, кері тартып, алға бастырмай келе жатқан балалық мінезі мен бейқамдығын да қабағы түйіліп, жүрегі сыздай отырып жасырмай жариялайды. Мәселен, жәрмеңкеге қара «қалың жыныс қарағайдай болып» қаптап келе жатқан аттылы самсаған сары қолдың алдынан қылыштарын шошаңдатып бес-алты солдат шығып «аттан түсіңдер» деп арлы-берлі шапқылағанына алдымен Рақымбай сияқты жалдаптар тез көніп, атынан түсіп, онысымен қоймай, «Ал түс, түсіңдер, - деп, айғайлап айтып, қасындағы бесті-онды өз кісілерімен ұйлығып аттан түсті. Бұрын бұл жайды ақылдасып байласпаған ел кім түскенін білмесе де, әйтеуір түсіп жатқандар болған соң, әр жерден үйіріліп түсе-түсе бастады. Аяғында топ-топтың бәрі аттарын түйіп-түйіп тастап, жаяулап қалды.

Бағанадан бағып аңдып тұрған ұлықтарға жаяу қазақ баяғыдан өздері танып, біліп жүрген жуас қазақ сияқтанды. Кескектен босанған аюдай, құбыжықтай көрініп тұрған қара жиын енді дағдылы таныс пішінді қара бөрікті қазаққа ұқсады».  

Қазақстан тарихында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр, қырғын, қасіретке толы күрделі кезең болғаны мәлім. Сол күндердегі құрбандықтың басым бөлігі қоластындағы халықтарға нағыз жауыздық, дұшпандықпен қараған патшалық империяның мақсатты түрде жүргізген басқыншылық саясатынан болса, ендігі көп шығын елдің ұйымсыздығы мен бейқамдығынан, аңғал-аңқаулығынан, ақыры сенгіштігі мен барынша тәртіпшілдігінен де болды дейміз. Әсіресе осы «тәртіпшілдік» ұғымына арнайы тоқталу лазым. Бұл арада күнделікті өмірдегі, тұрмыс-тіршіліктегі т.т.с. техникалық тәртіптілік емес, қазақтың жаратылысындағы, ұлттық салт-дәстүрі, әдет институтына сай туғаннан бойына сіңірілетін тәртіптілік, қалыптасқан қоғамдық құрылысты қабылдау, құрметтеу, үлкенді, лауазымды сыйлау, қарсы сөз айтпау, ала жіпті аттамау, біреуге қиянат жасамау сынды болмысындағы, жан-дүиедегі, санадағы тәртіптілікті айтамыз.     

Бұл орайда, М.Әуезовтың алғашқы кезеңдегі өзге шығармаларынан «Қилы заманның» басты айырмашылықтарының бірі – мұнда жекелеген кейіпкерлердің ғана емес, тұтас халықтың бейнесі, әсіресе бүкіл елдің басына төнген сын-сынақ кезіндегі іс-қимыл үстіндегі мінезі мен ерекшелігі суреттеледі. Яғни, шығарманың басты кейіпкері – Халық. Зерттеуші Л.Әуезова жоғарыда аталған еңбегінде повесте «халықтың ұдайы көрініп отыруы айқын сезіледі. 1916 жылғы көтерілісті зерттеу барысында М.Әуезов көптеген фактілерді талдай отырып, халықтың тарихи процестегі прогрессивті, жетекші рөлін типтендіруге ұмтылды», - деп жазды. (Л.Ауэзова История Казахстана в творчестве М.Ауэзова, Алматы «Санат», 1997 ж., 293 бет.)

«Қилы заманда» әдеттегі, жайшылықтағы уақыт қана емес, тіпті бүкіл тағдырдың өзі қыл үстінде тұрғандай қиын, күрделі кезеңнің өзінде жалпы қазақ халқының, тіпті отарлық билік тарапынан шығарылғандығына да қарамастан, барлық ереже-тәртіпке, бұйрық пен заңдарға бағынуды міндет санайтын, қоғамда қалыптасқан қағидаларды бұзбауға тырысып, соның жолымен жүруді парыз деп есептейтін қоғамдық, саяси тәртібі өте жоғары қауым екені айқын көрінеді. Мәселен, бірнеше мыңдаған аттылы қалың қол болып, бар-жоғы он шақты ұлықтың үстіне келіп трұып, олардың «бір тал шашын да түсірмеген» бейбіт жағдайда қайта тарап кете барады.  Ал сол заңға бағынғыш елге арналған заңдардың өзі адамды, тұлғаны құрметтеуге, онымен санасуға, мүддесін қорғауға емес, керісінше адамды қорлауға, оны мүлде дерлік қақысыз қорғансыз етуге бағытталуы - бұл басқа мәселе. Ежелден көшпелі өркениетке тән демократиялық сипаттағы заңдармен өмір сүріп келген қазақ және өзге де орталық азиялық халықтар Ресей құрамына кірген кезден бастап, патшалық билік алдау мен қанау, қиянат пен зорлыққа бағытталған, парақорлық пен сатқындықты енгізіп өршіткен, бөліп-жаруға, арандатушылыққа итермелеген қитұрқы заңдар мен жүйені орнатты. Егер, тым болмағанда, демократия ұғымдарының ең қарапайым белгісі бар заңдар жүйесі қолданылғанда, табиғатынан тәртіппен, заңмен өмір сүруге бейім қазақ елінде сол 18-19 ғасырлардың өзінде қуатты, өркениетті мемлекеттің негізін қалыптастыруға әбден болар еді.

Повесте көпшіліктің, тіпті, адамша сөйлесуді білмейтін ұлықтың қамшы үйіруіне де «билік иесіне қарсы шығуға болмайды» деген түсінікпен амалсыз көніп келгендігі көрінеді. Осындай бұлғақ кезеңде Жарлықтың шығуы ұзақ жылдар бойында жалғасып келген әділетсіздік пен қиянаттың, қорлық пен мазақтың әбден шегіне жеткендігін, бітеу жараны жарып жібергендей факторға айналды. Тым алыстан басталған отарлық, бодандық жүйені қарапайым көп ел анық ұғына бермейді, «басыңа бұғаулықтың түскені бүгін бе еді» деген Ұзақ сынды көкірегі ояу, сондықтан да ашық әділетсіздікке қарсылық көрсетуге барып, сол үшін жазықсыз жаза тартып, патшалық ұлықтардың түпкі ниеті мен нағыз бейнесін жақыннан білген азшылық, зиялы қауым өкілдері ғана сезінеді. Көпшілік, сол бұрынғысынша, айтылған сөздер мен берілген уәделерге сеніп, қалың қол болып жиналып келіп тұрып, ең соңғы, шешуші сәтте аттарынан түсіп, келіссөздерге уәкіл жіберіп үміттенеді. Бұдан қазақ халқының жалпы патшалық билікке, екі арада келісілген келісім-шарттарды толық сақтай отырып, адалдықпен, аяғына дейін сеніммен қарағанын көреміз.

Жәрмеңке кеңсесіне жақындап келіп тұрған қалың қолдың алдын тосқан ұлықтар: «Олай болса, сайлаған кісілерің жүрсін. Бәрің сонда да бармайсың, кәне, кім сайланған, жүр! – дегенде, алғашқы уақытта бір секунд жұрт жым-жырт болды. Бұл тәртіпсіз (техникалық мағынада М.К.) қалың топтың бұрын басқару, баулу көрмеген, ұйымдасып реттеліп көрмеген ыңғайсыз, дайынсыздығын көрсеткендей болып еді».

Ұлықтардың шексіз, тежеусіз билікке ие болып, соған ісініп-семіріп сенгендігі сонша, алдында мыңдаған адам тұрса да, түк көрмегендей, сезбегендей, елемей Ақжелке: «мыналар кім?» дейді. Осы бір сәттің өзінен патшалық билік өкілдері қарамағындағы халықты ел құрлы есептемегенін, тек қана қанауға, талауға ғана болатын жабайы, иесіз тобыр ретінде ғана қарап келгендігі тайға таңба басқандай көрінеді.

Халықтың шегіне жеткен наразылығы, ұзақ жылдар бойы жалғасып келген ашық қанау, әділетсіздікке қарсылығының нақты себептері ел атынан сөйлеуге шыққан Тұрлығожаның аузымен айтылды: «Хан әділінен тайса, қарашысы бұзылады» деген. Бұл күнге шейін бізді билеп келген патша мына жарлықты шығарамын деп елге екі сөз айтты. Әділінен тайды. Біз ақ патшаға қарағалы елу жыл толған жоқ, елу жылға шейін солдат алмақшы емес еді. Одан танды, бұл – бір, - деп, оң қолымен сол қолының бармағын басты. – Бір сом жиырма тиыннан артық түтіннен рамат алмақшы емес еді, биылғы жыл жиырма бір мен қырық бестің арасына келгеннен алым алды, артық алды. Бұл – екі. Жерді алды, қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды. Бұл – үш. Өз жерімізді өзімізге сатты... Біз өгей бала есепті болдық... ұлықтың әділмін деген патшаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен бері наразы болатын».

Көтеріліс басшыларының бірі, кейін өзгелермен бірге елі үшін жазықсыз қаны төгілген құрбандық Тұрлығожа жариялаған осы сөздерде отарлық езгіге түскен қазақ халқының басындағы төмендегідей бірнеше күретамырлы жайттар аталады:

-                Біріншіден, патшалық биліктің жүргізіп отырған екіжүзді саясатын әшкерелеу үшін жекелеген адамдар емес, бүкіл ел бірікті. 

-                Соның ішінде - артық алым-салықтардың жиналуы; жерді алуы; қонысты алуы; суды алуы; өз жерін өзіне сатуы; елдің өгей бала, яғни империя үшін жат, керексіз, жау ретінде қабылданатыны ашық айтылды; 

-                Барша елді, жерді, халықты қанауға ұшыратып отырған мұндай отарлық саясатқа қарсы елдің атынан ашық саяси талаптар қойылды;

-                «Қилы замандағы» Албан руларының мыңдаған адамдарының отарлық саясатқа қарсылық көрсетуі тұтас қазақ халқының қоғамдық-саяси  өміріндегі биік белес, жауапты және күрделі кезең.  

-                Патшалық билік қазақтардың байырғы ата-мекенінен, мал бағып, күн көріп отырған жерлерін тартып алып, өздерін шөл далаға, тау-тасқа қуды. Тартып алынған жерлер Ресейдің ішкері аудандарынан көшіріліп әкелінген шаруа-крестьяндарға бөліп берілді. Мұның салдары қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дүңген және басқа да Орта Азия халықтары мен орыс крестьяндарының арасын араздатты.

Бұл арада жалпы мағынадағы орыс мәдениеті мен орыс билігінің арасындағы айырманы бөліп айтудың жөні бар. Зерттеуші Н.Анастасьев «Трагедия триумфатора» еңбегінде «Адамгершіл, ізгілікті, шеберлікті рухтандырушы сабақ тәрізді- орыс әдебиеті бар.

Және орыс мемлекеттік билігі бар. Бұл, керісінше, шет аймақтардың рухани және ақыл-ой жағынан өсуіне мүлде мүдделі емес, отарлық халықтардың ұлттық ерекшелігін сақтауды ойламайды, кез-келген мемлекет-метрополия сияқты, оларды төмен нәсіл деп қарастырады. Бір ғана сөз - бұратана», - деп нақты айтады (Н.Анастасьев «Трагедия триумфатора» Алматы, «Атамұра», 2007 ж., 87 б.).

Егер көшіріліп әкелінген күннің өзінде, орыс шаруаларын жергілікті халықты ата-мекенінен қудаламай, олардың арасына сіңістіріп орналастырғанда,  қарпайым еңбекші жұрт бір-бірімен тіл табысып, бір-біріне шаруашылық ерекшеліктерін үйретісіп, бейбіт, ынтымақта өмір сүріп кете беруі талассыз еді. Мұндай жағымды мысалдардың өмірде кездескендігі, қазақтар арасына сіңген орыстарды «тамыр» деп атап,  айрықша достық қатынастар орнатқаны мәлім. Соның бірі «Қараш-қараш оқиғасындағы» Бақтығұлға жалғыз мылтығын беретін оның орыс тамырын айтар едік.

Расында, «Қилы заманда» Албан басшыларының абақтыға қамалып, жазықсыз жазаға ұшыраған жауыздықты естігенге дейін қазақтардың орыс қалаларына, крестьян поселениелеріне шабуыл жасауы, олардың тұрғындарына жасаған қандай да бір жамандығы туралы бірауыз сөз жоқ. Керісінше, жәрмеңке ұлықтары солдаттармен бірге маңайдағы бейбіт шаруаларды жинап алып, олардың барлығына қару таратып беріп, қарусыз жергілікті халықтарға қарсы арандық әрекеттерін ашық жүргізеді.

Повестегі - «Қазірде жәрмеңкенің жүздей қарулы солдаты бар. Араларында жауыға өршеленіп, құлшынып, тісін басып тұрған старосталар, көрші елдермен жерге таласып жүретін жуан байлар да бар-ды. Барлық әскерге осылардың жайған уы бар. Сондықтан жәрмеңкедегі Ақжелке әскері асығып, іс күтіп, қазақ ауылдарына ойран салып, шауып-шаншатын кезін мейрам күніндей күтулі еді», - деген үзіндіден империялық биліктің солақай саясаты салдарынан ұлтаралық қатынастардың түпкілікті ушыққанын көреміз. Ендеше, 1916 жылғы патша жарлығы бұған дейін бір-бірімен бейбіт, тату тұрып келген ұлттардың арасына от тастап, бір-біріне қарсы қойғандығын айту қажет. Көтерілісті басу кезіндегі ұлы қырғын халықтардың арасына түсінбестіктің терең орын қазып, өкінішке қарай, бұл кейінгі ұзақ уақыттарға дейін ұрпақтардың генетикалық жадында сақталып қалды. Мұның ең бір жиіркенішті жаңғырығы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде өзге ұлттың қарапайым жұмысшыларының қолына темір, арматура кесінділерін таратып берген кеңестік партократиялық жүйенің қылмысынан, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Солженицын тәрізді атағы бар өкілдерінің арандатушылық әрекеттерінен байқалды.  

Барлық қиянат атаулының ордасындай болып, әншейінде айбар шашып, асып-тасып тұрған жәрмеңкені басқан қалың шоғыр ел біріксе, ынтымақ танытып, бір тудың астына жиналса, «ұсынса қол жеткісіз бәйтеректей болып тұрған зор кеуделі тәкаппар пішінді, жат сырлы ұлық та жалпайып жерге түсіп, абыройы ақтарылып, жүні жығылып қалғандай болмақ!».

Алайда бүкіл Албан баласы жиылып келген қалың қол, қайнаған ашудың нәтижесі жәрмеңке басындағы бес-алты ұлыққа «бала бермеймізді» айтумен ғана шектелді.

 

***

 

«Бермеймізді» айтумен тоқталып, бейқамдықпен артын күтіп жатқан қазақ жайлауларына «қырғыз соғыс бастапты» деген хабар жетеді.  

Қырғыз соғысса, қаруы бар шығар?!. Онда да қару бар деймісің, бірақ өжет, қайратты, ашулы ел. Бастаса, бастағаны-ақ. Тек солай болғай-ақ та... Албан Бұғы тізе қосатын шағың жетті деп, олар ерте бастан қамданып жатыр деген жаңалықтар тарай бастады.

Көрші қырғыздардың іс-қимылы қазақтарға серпін беріп, үміттендіріп, енді жан-жақтағы болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыру үшін  ақсақалдар кеңесі жәрмеңке басынан жансыздап хабар әперетін адам іздестірген. «Ол – жәрмеңке басында тұратын өзбек саудагері Сұлтанмұрат. Бұл – епті, есті адам. Қазақ, қырғыздың патшаға арналған наразылығын ішінен бұ да қостайды. Сондықтан жәрмеңке басына жан-жақтан келіп жатқан жүргіншілердің барлығымен әңгімелесіп, керекті хабарды мезгілімен толық қылып алып, Ұзақ, Жәмеңкелерге ұдайы жеткізіп тұрған».                         

Сол Сұлтанмұраттың айтуынша «бұл Жарлық қазақ, қырғыз, ұйғырдың барлығын да түгел көтерген көрінеді. Лепсі, Талдықорғаннан бері қарай қазақ көтеріліпті. Ауамыз, көнбейміз, бермейміз деп, маңайындағы қалаларға шабуыл жасап, қару жиып, қарсылыққа қамданып жатыр дейді.    Әскер шығып, соғысып қалғандар да болса керек. Одан бері Пішпек,  Алматы, Қарақол айналасындағы елдер көтерілуге бас қойды. Қырғыздар казак-орыс қалаларына шабуылды түгел бастапты. Жызақта үлкен қарсылық болып, қаланың үсті түгел қырғын майдан дейді. Ұйғыр мен қырғыз қазақтан озған көрінеді. Бұлар шапқан қалалар жетім-жесір болып, өртелгені өртеліп, қырылғаны қырылып, Пішпекке, Қарақолға, Тоқпаққа шұбап жатыр дейді. Ұлықтан үрей кетіпті. Қырғыз Пішпектен Қарақолға мылтық, жабдық әкеле жатқан солдаттың обозын талап алыпты. Осы күні бар қырғыз мылтықты, қарулы дейді».

Алматыдан тізім алуға арнайы жіберілген, ел арасына қаталдығымен аты мәлім Хлыновский бастаған ұлықтарға алғашқы ашық қарсылықты Асыдағы Ыбырай тобының жігіттері көрсетіп, тізімді алғызбай ұлықтың солдаттарын өлтіргенін өлтіріп, олардың қолынан Хлыновский мен бір-екі солдат қана қашып құтылған-ды.

Асы жайлауларындағы жігіттерді осы елдің Дәулетбақ сынды байлары сатып жіберуге дайын еді.  Кең, мол жерлерді иеленіп, онда мыңғырған малдың иесі, Алматы уезіне қараған Қызылбөрік руын билеп келе жатқан жуан, ықпалды қария Дәулетбақ қаладан келген, шала-пұла орысша оқыған баласының айтуымен бүгінге шейін артынан еріп келген ел кісілерін ұлық алдына аударып, жығып бермек ниетінде. Осылай ел сенген кісілердің кейбір опасыздары өз қара басының қамы үшін халқын орға жығып беруге дайын отырған кезінде, Ыбырай сынды қарапайым кедей, ержүрек азаматтар атқа қонып азаматтарға араша түскен еді.   

Жан-жақтан естіліп жатқан хабарларды ескере отырып, алдағы күндерде атқаратын істерді кеңесу үшін Албан руларының басшылары Ұзақтың аулында бас қосқан. Осы жиын үстінде ел-жұрт, оның бұрынғы, қазіргі ахуалы, жинақтай айтқанда, қазақтың басындағы тағдыр-талайы жайында ел ағаларының аузымен көп келелі әңгімелер айтылады:

«Осы ұлықтан айналса да болады-ау, әншейінде жырым-жырым болып жүрген Албан баласын шоқтай иіріп, бір тілеудің жолына түгел қосып берген жоқ па?!, - деп мысқыл араластыра - Ақ патша тоз-тоз қылып әкетіп еді, құдайға шүкір, қартайған шағымда болса да, елдің бір әкенің баласындай жасырап табысқан күнін бір көрдік. Жалғыз арман: жас  шағымызда кездеспеді, не керек!.. Тепсем темір үзбеймін деп, екі иінді жұлып жеп, құтырып жүрген тентек заман еді ғой... талай ұлықты талай жерде ит қылып едік. Бірақ соның бір де бірі берекелі іс емес, керегі не? Жұлқыласып, сілкілескенің ылғи өз бауырың, өз Албаның. Соны жеңдім дегенге мәз болып, сандалып адасып өттік... Киіз туырлықты қазақтың бүгінгідей ынтымақ тілегі қосылып, ел болам деп ту көтерген, ұран салған бір күнін көре алмай өттік. Енді міне, сойған қойдай бұзып-жарып, он екі жілікке бөліп боршалап тастаған заманда  шығып, біз де кісі болдық дейміз. Мақтанар, жұбанар жер бар ма?», - деген Ұзақтың қайратты жастық шағының арманда кеткендігіне көкірегі қарс айырылған өкініші, немесе «бәсе, соны айтсаңшы, біресе партия деп жұлысып, бірде ұлыққа пара беруге таласып, итшілеп жүріп күн өткізіп, енді мына күнге келгенде өлімтігін сүйреген бір қуарған шал болып отырмыз, - дей келе, Жәмеңке қарт жалынмен «аһ» ұрған арманын ақтарады.

Көтеріліс күндерінде жекелеген бір аймақ, жеке бір рулардың қоғамдық өмірінде  үлкен, ірі өзгерістердің орын алуы, бұған дейінгі уақытта патшалық биліктің жымысқылықпен жүргізген ыдырату саясаты салдарынан тоз-тоз болып, өзара алысып, бастары бірікпей жүрген халықтың, енді ел басына күн туған қатерлі заманға келіп тірелгенде ес жиғандай болып, бас қосып біріге бастауы Ұзақтың жоғарыдағы ой-толғаныстары арқылы таратылады. Әлбетте, бұл арада автор жеке бір Албан баласының төңірегіндегі жағдайды ғана емес, тұтас қазақ ұлтының басындағы жайтты түгел жеткізіп отырғаны кәміл. Бүкіл елге ортақ ұлы қатердің ендігі жақындағы ағайыннан емес, сырттан  сонау Патшаның өзінен келіп отырғандығын көріп білгенде барып, елдің бірігуі – бұған дейін өзара қырқысып жүріп, қайран уақытты, жастық шақтағы күш-қуат, қайрат жігердің барлығы зая кеткендей, қатты адасып келгендігіне енді ғана көз жеткен.

Демек, 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының бір ел, бір ұлт болып, қайта бірігуіне, елдікті, мемлекеттікті сақтау жолындағы қайғылы, қасіретке толы орасан ұлы оқиға болды деген тұжырым жасаудың негізі бар.

Ұзақ аулындағы жиында көтеріліс басшыларының өкініш пен торығу сипатындағы сөздері, шын мәнінде, алдағы апатты күндерден, қабырғаны қайыстырып, өзекті өртейтін орны толмас трагедияның хабарын жеткізгендей.

Майданға керек адам алу үшін бұратана халықтарға қаталдықтың қандай түрін жасауға түбегейлі рұқсат, әскери бұйрық алған Ақжелкелер қарулы қимылмен қатар жымысқы айла-шарғының бәрін, әсіресе қазақ арасынан хабар жеткізіп тұратын Рақымбай болыс тәрізді сатқын тілшілердің қызметін шебер пайдалануда болатын. Ақыры, сол Рақымбайдың жеткізуімен Ұзақ аулына кеңеске жиналған бүкіл Албан руларының барлық басшыларын бір-ақ жерден, бір сәттің ішінде түгел тұтқындап, байлап жәрмеңкеге әкеліп, артынан жасырын, шұғыл жағдайда Қарақол түрмесіне жөнелтеді.

«Жазалыларды Қарақолға жеткізетін айдауыл Қарқара жазығының жым-жырт түнін сара тіліп, салдырлаған  арба, сатырлаған қарумен дабыл қағып жөнеле берді. Пар-пардан жегілген семіз жарау аттар тығыз бұйрықтың қыспағымен тоқтаусыз жортып, сар желіп, кейде шауып, асығыс тартып келеді. Қарқараның Қарақолға қарай беттеген жағы көпке шейін созылатын көгалды жазық болатын. Жиырма-отыз шақырымдай жер жүрген соң ғана Алатаудың қырғызға қараған бет бөктеріне барып ілінеді. Тақыр жолда асығып шапқан көп аттың дүбірімен бірге темір қару-жарақ та сатыр-сұтыр қағады. Айдауыл дамыл алмай, тыным таппай жортады».

Қамалғандардың Қарақолға жіберілгендігі туралы басынан бастап ереуілшілер жағында болған адал жан, кейін өзі де осынау ұлы іс жолында құрбан болған өзбек ұлтының өкілі Сұлтанмұраттың мәліметін естіген Қартбай елді хабарландырып, жігіт атаулыны дүркіретіп шауып еді. «Бірақ бұрын түн баласында аттарын арқаннан шығармайтын бозбала, ер азамат бүгін әлденеден қамсыз, дайынсыз қалыпты. Жәрмеңкеден түнделетіп келген асығыс бұйрық, тығыз хабар көпшілікті  қамсыз күйінде тапты».   Сондықтан Қарқарадан Қарақолға айдалған тұтқындарды жау қолынан босатып алуға да шамалары келмеген. Осылайша, барлық басшыларының қамауға алынғанын естіп біліп отырған елдің қамсыз, дайындықсыз күйін көреміз. Ұйымшылдықтан, реттіліктен, тәртіптен жұрдай,  әбден босаңсыған, бос елдің бейнесін байқаймыз. Автор елдің елдігін әлсіреткен, соның салдарынан ақырында ата мекеннен де үдере көшуге мәжбүр еткен берекесіздікті әшкерелейтін қатаң да әділ бағасын повестің өн бойында ұдайы айтып отырады. Осындай ұйымсыздықтың, тәжірибесіздіктің салдарынан ел басшыларынан бастап жалпы халықтың қырғынға ұшырағандығына бүкіл жан-дүниесімен, бар болмысымен қапаланған күйі аңғарылады.

Патша жарлығы ортаазиялық халықтарды тұтас қамтығандықтан, бұл кезде қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дүңген ұлыстары түгел наразылық үстінде болатын. Әсіресе қырғыздардың қимылы ширақ, екпіні қатты. Бұлардың крестьян поселениелеріне шабуылы кең ауқым алып, қарапайым шаруалардың арасында шығын көбейген. Қарақол қаласының өзі кекшіл, мықты, ер қырғыздың қимылынан шошынып, оның үстіне көтерілісшілердің шабуылына ұшыраған айналадағы крестьян, казак-орыстың ұсақ қалашықтарынан жетім-жесір болып, қатын-қалаш, бала-шағаның босып келіп жатуы ұлықтарды одан сайын үркітіп, қала ерекше әскери дайындық пен қаталдыққа көшірілген. «Не қылса да талай жылдан бері үндемей жымдай қатып, мелшиіп тұрған қарлы Алатау қойын-қонышы, құз-құзынан ашулы кектің отын шашқандай болып тұр. Талай жылғы патшалық ұлықтың арамға былғанған саясаты көптен бергі жайып келе жатқан уымен тау қойнын тоздырып шапқа түртіп тулатып алып, енді сол кесірінің салдарын көрші отырған еңбекші елдердің арасына араздық оты сияқты қылып, шығарып тұр».

Сондықтан Қарақол қаласы мен маңайы тұтас соғыс даласына айналып, төтенше жағдайға көшкен. Албан басшыларын қамап тергеуге әкеле жатқан «кішкене қаланың кішкене абақтысы ақыр заман болғанда жер дүниені бір өзінің ішіне сыйғызатын тарының қауызындай болып, күндіз-түні топырлаған адам бұлағын өз ішіне сыйғызып сіміріп жатыр. Обырдай обып, үнін шығармай жұтып тұр. Түн асса, абақты іші кеңейіп қалады.

Оның есесіне қала маңындағы қиын шат, ұры сайлар қазақ, қырғыз ереуілшілерінің жемтігіне толады. Қасқыр, суыр, борсықтар, шаңқылдақ сары, тазқара, ала қарға, құзғындар сияқты аспан мен жер тағысы түгел мерекеде. Неше алуан тілмен қуанышты жиын қаракөз, қызыл жүздерден түстік жейді.

Кешегі бір болымсыз тыныштық, амандық күнінде ата-анасы үйіріліп айналған алма бет, бүгінгі күнде иістенген бір жапырақ ет болып, жайын тісінің арасында жұлынып, сыдырылып асалып жатыр».

Атылып, кескіленіп, айдалаға, шатқал-сайларға жемтік сияқты  тасталғандардың барлығы – ереуіл құрбандары еді.

Қарақол түрмесіне жекізілген қазақ тұтқындарды Алматыдан арнайы келген «жастау, семіз, зор сары ұлық дәрежеге, тоқтыққа семірген асқақ, есіріңкі тәкаббар» әскери прокурор тергеуге алады.

«Елдерің жігіт бермеймін дегені рас па? Неге бермеймін дейді, ол сөзді елге кім үйретті, басшысы кім?», - деген прокурордың дөрекі, топас сұрақтарына алдымен жауап алынған Жәмеңке қария жан-жақты, негізді, түпкілікті жауабын береді: «Ел: ұлық бізге әділетсіздік қылды. Жерімізді, суымызды алып, өзімізді шөлге тастап қамап, тауға қуып шығып отыр. Шығынын, алымын алып отырып, не айтқанының бәріне көніп, істеп отырсақ та, бізді әлі күнге өз елім, дос елім санамайды. Жау деп біледі. Бізге екі сөз айтса, ол жалған болады-ау деп те ойламайды. Баяғыда солдат алмаймын деген, солдат алғысы келеді, жерді алмаймын деп еді, оны алып отыр. Наразылығымызды айтсақ, тыңдамайды. Сөзімізді жеткіз деген кісімізді айдайды. Абақтыға алады. Жазалайды. Өзімізді ренжітсе, өзіміздің арызымызды тыңдамаса, сөйлетпесе, ол ұлықты жақсы ұлық деп қайдан айтамыз? Оның айтқанын қалай істейміз? – деген Жәмеңке қарияның жауабынан патшалық биліктің қоластындағы бұратана халықтарға, соның ішінде қазақтарға түпкілікті теріс көзқарасы, ешқашан дос ретінде, емес жауындай қарағаны айтылған.

Прокурордың бұдан кейінгі сұрақтарына Жәмеңке елдің баланы берсек, қара жұмысқа бермейміз, алса нағыз солдат қылатын қызметіне алсын, біз де өзге солдат болып жүрген ел сияқты елміз. Біздің де еркегіміз -  еркек, ұрғашы емес. Сондықтан жұрт қатарлы тең орында боламыз. Қолымызға қару берсін деген тілегін де жеткізеді. Демек, қазақ және өзге де ортаазиялық халықтар Ресей құрамында бола отырып, орталық билікке бағынбаушылық немесе орынсыз қарсылық көрсетіп, жаулық әрекетке барып отырған жоқ, қайта қажетіңе жаратып әскер ал, азаматтардың қолына қару бер, әскери іске, тәртіпке үйрет, одан кейін керегіңе жарат, мемлекетті қорғасуға дайынбыз  деген патриоттық ниетін білдіреді.

Алайда, «не айтқанының бәріне көніп, істеп отырса да, әлі күнге өз елім, дос елім санамайтын, жау деп білетін» патшалық режімнің мұндай қадамға бармасы анық-тұғын.

Тергеуінен түк шықпаған ұлықтар ақырып, тепсініп жігіт бермеймін деген ел мүддесі үшін бір ғана айыппен жасы жетпістен асқан Жәмеңке ақсақал мен бірге ұзын саны он сегіз адамды бір камераға апарып қамайды.

Албан басшыларының тұтқындалып, бірден ел ішінен алыстатылып Қарақолға айдалуынан-ақ олардың тағдыры алдын-ала шешілгені мәлім. Ұлықтардың ойында көтеріліс басшыларын босату, аман жіберу жоқ-ты. Сондықтан олар Жәмеңкедей елдің қадірлі ақсақалын ашық жазалаудан жасқанып, оны өлтірудің ең сорақы, арам түрін ойлап тауып, асына у қосып береді.

Камерада отырған жолдастарының барлығы, соның ішінде Ұзақ та баяғы заманнан бері тізесі айрылмай келе жатқан үзеңгі жолдасы, жан серігі Жәмеңкемен үнсіз қоштасады. «Өзге жерде, кең байтақта, ауылда болса, Ұзақ, Жәмеңкенің басын құшақтап отырып жылар еді. Барды айтып арылып, арыздасар еді. Егіліп отырып арманын ағытар еді. Бірақ қазір соның қайсысын істесе де, Жәмеңкенің де, өзінің де намысына тиетін сияқты. Досын риза қылмай ренжітетін, күйдіретін сияқты.  Жәмеңке, Ұзақ ниеті – үлкен ниет, екеуіне бірдей ортақ ниет болатын – сол жолда бүгін Жәмеңке өлсе, ертең Ұзақ та өледі. Жәмеңкеге сен өлесің-ау деп жыласа, онысы Жәмеңкенің ниетін толымсыз көрген, қата тапқан кемсінгеннің белгісі болар еді. Екеуі де көре, біле тұра кіріскен. Неге болса да шыдаймыз, көтереміз десіп, нық уәделесіп алып кіріскен. Және тұтқында, жау қолында отырып жыласа, екеуінің де сүйегін сындырғандай, өздерін өздері қорлап, кішірейіп жасытқандай болар еді». Бұдан Ұзақтың нағыз зор намыстың, биік парасаттың иесі екендігін тағы бір көз жетеді. Түрмеде жау қолында отырғандықтан, жауларының алдында намысты бермеуді, жеңілгендей, күйрегендей болып көрінбеуді ұстанады. Осылайша, жеке өз басының, адам көргісіз азаппен қиналып өлім үстінде жатқан үзеңгілес жолдасы – Жәмеңке қарияның ғана емес, барша қазақ баласы қатерге басын тігіп отырған ұлы істің мәнін төмендетпеу мұратынан өмірінің соңғы сәттеріне дейін айнымайды. Нағыз елдің ішінен шыққан халық батырын, ұлт арысын, мақтанышын, сонымен бірге жүрегі таза зор адамгершілік үлгісін танимыз біз Ұзақтың бейнесінен.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Қилы заман» повесіндегі Жәмеңке ақсақал жалғыз Албан руының қадірлі қариясы, сөз ұстар шешені ғана емес, ол жолайрыққа, тығырыққа келіп тірелген барша халықтың жол көрсетер басшысы, данагөй ақсақалы, абызы. Повестің ең бір трагедиялы, ауыр кульминациялық сәті - Жәмеңке қарияның жау қолында, алайда қан майдан үстінде емес, абақтының тар камерасында, отаршылардың аярлықпен ішкен асына у қосып беруінен адам айтқысыз азаппен, қазақ баласы естіп көрмеген қиянат өліммен көз жұмуы, ендеше, басшысынан, көсемінен айырылған елдің қорғансыз, жетім қалуы. «Басшысы жоқ ел жетім, иесі жоқ жер жетім»!

Ұзақтың жан дүниесіндегі арпалыс осынау ұлы қазаны, үлкен өлімді, орны толмас қасіретті бар болмысымен, ой-санасымен сезінуінде. Жау қолында, тас құрсауда отырғандықтан, өзі де келесі құрбандық екенін сезеді.  Өзегі өртеніп, жан-дүниесін өкініш қанжары аямай тілгілеп жатса да, сыртқа шығармай, өзге жолдастарымен бірге жау қолында өліп бара жатқан қарт-көсемнің, ел басшысының соңғы сәттерге дейінгі намысын ойлайды, арыстың биік, зор тұлғасын төмендетпеу мұратын ұстанады.         

Жәмеңкенің қазасын естіген ел тағы да атқа қонып кісіміздің сүйегін бер деген талаппен жәрмеңкедегі ұлықтың үстіне жиналады. Бірақ «бәрі де жиыларын жиылып алып: «Енді қайтеміз? Неден бастаймыз? Көптен күткен ниетті енді іске асырамыз ба, жоқ па? Әлі де тосарымыз, күтеріміз бар ма?» дегендей дел-салда еді». Бірақ елдің бұл жолғы беті бөлек, екпіні күшті болғандықтан, Ақжелке қулыққа салып «Алматыға телеграм берейік. Жәмеңкенің сүйегін жоғарғы ұлықтан сұрайық. Бермегені теріс деп жатыр, - дескен сөздеріне көніп, жиын ешбір ерекшелік, тентектік істемей, ұлықтың жылпылдатқан сөздеріне алданып, жуасып бәсеңсіп, момын күйде тарасты.    

Ардақты қариясын, ел ағасы, басшысы болып жүрген көсемін тікелей қаматып, аяусыз түрде жауыздықтың ең ашық, сұмдығын танытып өлтіртіп отырған ұлықтың нақ өзі екенін біле тұра, оның арам аузынан шыққан бірауыз сөзге алданып кешіреді, тіпті аяйды. Бұдан асқан жомарттықты, бұдан асқан кешірімшілдік пен пацифистік мінезді, бейбіт ұстамдылықты кездестіру қиын.

Жәмеңке сынды елдің қадірлі қариясының сүйегін де саудаға салып, ол аздай, енді оны арандатудың, арамза пиғылдың құралына айналдырған отарлық билік өкілдерінің адамдық қасиеттен әбден безінген сорақы, жиіркенішті бейнесі шығармада боямасыз бейнеленген.   

Телеграм деп жазылған қағаздың толық сөздерін ел кісілері өзі оқып, анықтап танысқан жоқ. Ел арасында орысша хат білетін қазақтан бір де кісі жоқ болатын. Иә, тіл мәселесі сол отарлық заманның орасан залалы боп қалыптасты, орыс тілін білмеген қазақтар өз тағдырына қатысты жазылып жатқан осындай мың-сан құжаттың мазмұнынан мүлде бейхабар. Сондықтан, бұратана ұлттарды қапаста ұстау билеушілер үшін бөтен тілді, халыққа түсініксіз тілді пайдалану тиімді болды. Жат тіл отарлаудың, қанап-талаудың, жазалаудың құралына айналды. Кеңес одағы кезінде жалғасын тапқан өзге тілдің үстемдігін орнату арқылы қазақ тілінің тамырына балта шабу, сөйтіп елді өз мүддесін өз тілінде қорғау мүмкіндігінен айыру саясаты жүргізілді және бұл кеңес одағы күйреген сәтке дейін үзбей жалғасып келді. Сол арқылы халықты тарихи жадынан айыру үрдісі жалғастырылды. «Қилы заманда» ресей құрамындағы ұлыстардың тілдік тұрғыдан да құқықтық шектелгендігінің, одан кейінгі билік жүйелерінің сырты өзгергенімен, ішкі мәні өзгермеген ұзақ жылдар бойында ұлт басына орнаған түнектің осындай мысалдары айқара ашылған.

Жергілікті ұлықтардың ел ішіндегі күрделі жағдайды баяндап, қалың ел абақтыдағы кісілеріне ғана бөгелгендей, егер олардың отыруы созыла берсе, иә оларға істелді деген бір жазаны естісе, жалпақ ел тұтас ереуілге шығуы мүмкін деген сыңайда Қарқара, Қарақол жағынан облыстық қаланың ұлығына дүркін-дүркін хабарлар  жеткізіліп жатқан.

Алайда өкімет саясатының анық беті белгісіз. «Бір есептен жаз ортасынан бергі бетке қарағанда, қырғыз, қазақ сияқты мол жерге ие болып, отырған жабайылар көтеріліс, ереуіл жасаймын десе, жасап көрсін. Кішкене еркіндетіп жіберіп, кінәні  өз мойнына артатындай ұпай салып алып, өздері істеген істі өздеріне кінә қылып қатты қырғын ашу  керек. Бостырып тоздырып, тұқымын құртып жіберіп, олар отырған шұрайлы жердің барлығын қазынаға алу, қалаған кісіні отырту керек. Сондықтан бұл елдер көтерілісті ойласа ойласын;  істесе, істесін. Бөлінеді, жарылады, өкіметке жауығып қарсылық ойлайды деп сескену, қорғану керек емес. Қайта астыртын шабақтап, сондай қимылға өздерін айдап салу керек. Көпке білдірмей, сездірмей отырып, түртпек салып, шапқа  түртіп ашындыру керек те, содан кейін істеген қимылына қарап тұрып, бас салу, талқан қылу, орнымен жоқ қылу керек дейтұғын.

Жаз ортасынан бері уездегі ұлықтар мен солардың аудан-ауданға шығаратын приставтары да 25-ші июнь жарлығымен қатар естіген үлкен сарын сол еді».

Жоғары жақтың басқыншылық, жаулық бет-әлпеті осындай болған соң, жергілікті ұлықтар сол бетпен екіленіп, жаланып, «шаш ал десе, бас алып», қазақ, қырғыз ішін ойрандап бүлдіріп, қолдарынан келген жаманшылықтарды істеп тұрса, ...ең алдымен баяғыдан ұлықтың атарман-шабарманына айналған казак-орыстар қазақ еліне жауша бөріктіріп, үркіте қимыл қылатын болды.

Бұлар алғашқы кездегі әрекетті өз беттерінше жасауын жасап, енді бұдан ары не істеп не қою керек, әртүрлі арандату әрекеттерінің салдарынан аралары әбден ушыққан жергілікті халықтар мен ұлықтардың, сонымен бірге  крестьян-шаруа переселендері арасындағы шиеленісті ахуалдың ақырын аңғара алмай отырған сәтте, жоғарыдан Алматы ұлығынан бұл мәселені шешіп берген пәрмен келеді.

«Шешкенде, бұл күнге шейін соңғы уақыттағы бағыт, саясат туралы толық хабар ала алмай, алғашқы қара дүрсінмен келе жатқан жергілікті ұлықтарға бет нұсқап, бағыт бергендей болып шешті. Ол, әуелі, Жәмеңкенің сүйегі берілмесін деген. Екінші, елдің бүліншілігіне бастық болған басшылар абақтыдан босамайды. Олар кепіл есепті. Егер ел осы күндерге шейін бұзықтық, бүліншіліктен тыйылмаса, абақтыдағы кісілер түгелімен ұлы жазаға тартылсын. Бірін қалдырмай жоғалту керек. Қазаққа, қырғызға, ұйғырға да – барлығына да істейтін іс осы. Егер содан әрі ел көтерілісі болатын болса, оны да аямай, өз қолдарыңдағы барлық күштерді жұмсап, еріксіз бағындырып, басып мойындатып алыңдар. Ешкімді де аяу керек емес. Қандай қаттылықтан болса да қорғану керек емес».

Осындай барып тұрған нағыз агрессорлық, террорлық жоспарға қарағанда, Патша билігі Орталық Азияның байырғы халықтарын жер бетінен жоқ қылып, олардың мекендеп отырған жерін, оның асты-үсті байлығын тұтас басып қалуды ғана ойлаған зымияндығы әшкереленеді.

Қарсылық көрсетіп жатқандарға аяныш, рақым, кешірім болмасын, тентекті жуасытып, асауды көндіріп, жөнге салу керек. Бұл күнге шейін істелген бассыздықтың кегі күшті болу керек деген нұсқаулар айтылған. Жергілікті ұлықтарға орталық биліктің нақты қолдауын білдіру үшін Петербордан келген кәрі жандарал барлық ұлықтарға белгілі қатал бұйрығын береді. «Әмірдің әр жерінде жандаралдың тапсыруын, бұйрығын атап-атап келіп, ең аяғында: «патша солдатының қаны тамған жерде ешбір бұратана ел тіршілік етпесін» деген кәрлі сөзін құран сөзіндей, туға байланған ұрандай қылып келтіріпті».

Билік мекемелеріне келіп түскен пәрменнің мазмұны осындай болса, оның зәрлі ызғары қарапайым тұрғындарды да шарпып, «жақында қырғыздың жаулығын көріп, не өздері жаралы болып, не туған-туысқандарынан айрылып келгендер болса, көшеде қазақтың, қырғыздың түсін көргенде ақырып боқтап, жабылып қуып сабап, кейбіреулерді тобының ортасына әкеліп кергілеп, өлтіріп те тұрғандары болған», анығын айтқанда, азаматтық соғыстың нағыз өзі жүріп жатқан. 

Жандаралдың бұйрығына сүйенген Қарақол абақтысының басшылығы енді қолдарына түскен ереуіл басшыларына қатысты өздері көптен күткен ең соңғы зұлымдық, нағыз айуандық қылмысын жүзеге асырады: «есіктің тесігінен үш-төрт бесатардың ажал иісті көк мойындары камера ішіне жылмаң-жылмаң кіріп алды. Кіре сала үзілмей тасырлаған дауыстарымен бірге жарқ-жұрқ еткен көкшіл қызыл оттарын шашып, бұр-бұрқ түтіндерін шығарып, оңды-солды қайшыланып нар үстіне оқ жаудыра бастады... алғашқы оқтармен бірге ұшып-ұшып, бүктетіліп-бүктетіліп түскен денелер де бар еді. Олардың бәрінің де үні бір-ақ өшкендей... кейбір оқ тиген денелер жатқан жерінде ыршып-ыршып түсіп, бір сіресіп, бір жиырылады. Оңды-солды аунап, бүктетіліп, шиыршық атып жатқаны да бар. Нар үсті жосып, сырылдап аққан қан болып кетті. Кейбреулерінің кеудесінен, маңдайынан ытқыған ыстық қан осы айналасының бәрін бояп, шапшып жығылып жатыр, мылтық тоқтамай, толас қылмай күрсілдеп, дозақ күнін тудырып тұр».

Осылайша, Қарақол абақтысында қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дүңген және басқа да ортаазиялық халықтар өкілдерінің сотсыз, тергеусіз, үкімсіз атылуы олардың тағдырларының, империялық ресей құрамындағы орнының бірдей, бірге екендігін көрсетуімен қатар, тіпті соңғы сағаттарының, ажалдарының да ортақ екендігін білдірді. Боздақтардың ұлт азаттық көтеріліске тізе қосып қатар шығуының да саяси және әлеуметтік себептері бір, бұл ұлттардың басына төнген жойқын қауіп-қатердің сипаты ұқсас болғандығын бүгінгі азат ұрпақтарға кешегі қасап қырғынды басынан кешкен жазалылардың қасіретті тағдыры ұғындырады. Демек, қазақ халқының кемеңгер перзенті М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі Орталық Азия халықтарының барлығына ортақ ХХ ғасыр басындағы ең ауыр, қилы заманның, бетбұрысты кезеңнің ащы шындығын боямасыз нақты суреттеген, сөйтіп бүгінгі ұрпақ назарына жеткізген гуманистік, жаһандық, адамзаттық ауқымдағы ұлы туынды екендігін айтуымыз парыз.

Елдің мүддесі жолында құрбандыққа шалынып отырған азаматтардың еш кінәсіздігі мен жас баладай тазалығы, олардың жазықсыз оққа байланып отырғандағы өмірлерінің соңғы сәті, осындай ажал қаупін сезіп-біле отыра Әубәкірге еркелігін білдірген Нүке екеуінің арасындағы айрықша сезімтал сәттен көрінеді.

Түрмедегі жүздеген тұтқындар арасынан санаулы ғана адам құтылып шығады, денесіне оқ тиген Ұзақ Әубәкірмен екеуі камерадан қашып шыққанымен, жарасы тым ауыр болғандықтан жүруге шамасы келмей,  жолда көз жұмады.

Жау қолынан құтылып далаға шыққан соң, қырғыз, қазақ, ұйғыр демей төрт қашқын далада отырып, не маңғаз, не қасқа жайсаң жусады ғой мынау ұлық, мынау дұшпанның сұмдығынан. Әттең! Әттең! – деген арманмен бірге туған бауырын жоқтаған туысқандардай болып, осындай жалынды армандарын айтып отырып, ботадай боздасты.

 

***

 

Қарақол қырғыны туралы естіген ел өре көтеріліп, жаудан қанды кегін алып, сонымен бірге бұл араны мекен етпей, талақ қылып, барлық өткен дәуренге, баяғыдан бергі момын тірішілікке қош айтып ауа көшу, - ендігі қалған ажарсыз күннің, адыра қалған күннің барлық қамы да, тілегі, мұраты да соған ғана арналды.

Тұңғатар, Дәулетбақтай бірен-саран малын қимаған дүиеқоңыз байлар және ұлықтарының ішкі жай-күйін ұқса да, соңғы сағатқа шейін бұлардың көзінен таса болмай, алдарына көлденеңдеп, құйрығын бұлғаңдатқан ауыл итіндей, бұлаңдап көрініс беріп жүрген Оспан, Жебірбаевтар сияқты тімаштар болмаса, өзге елді барлығы бір тілек, бір ниет, ортақ істің жолында бірікті. 

Ел басына түскен қиындық халықтың бірлігін, ынтымағын туғызды. Не көрсе де бірге көруге, аман қалса бірге аман қалып, қырылатын болса бірге қырылуға ант етісті. «Жас-кәрі, жақсы-жаман түгелімен осындай ақ тілеудің үстінде төбемізге құй қазса да шыдадық, енді келіп барлық ер азаматты қырғынға салам дейді. Оның айдауында барып қырылғанша, осы туған жерімізде қалың еліміздің алдында осы елдің намысы, елдігі үшін қырылайық. Біріміз қалғанша қасарысып, шыдап бағайық. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Тіпті өлсек, осы ниеттің үстінде өліп-ақ қалайық, еркек тоқты – құрбандық біз өлсек, ертең тағы бір ұл туады. Түбінде ел туы жығылмасын. Алыспасақ, атар таң, шығар күн жоқ. Енді шыдар да, тоқтар да жайымыз қалған жоқ. Өлсек, мынау өлгендерден артық емеспіз. Осындай жолда бұрын қазақ баласы іс қылып та, өліп те көрген жоқ. Бетімізден жарылғасын, - деген ұранмен ел атқа қонған еді.

1916 жылғы Патша жарлығының салдары қазақ халқын атам замандардан бері мекендеп келе жатқан жерінен, суынан, малынан, байлығынан айырылуға әкеп соқты. Босаған жерлердің барлығына ішкі ресейден көшіріліп әкелінген крестьян шаруалар отырғызылды. Осылайша Қазақстанда демографиялық ахуал мүлде кері бағытта, жергілікті халық үшін зиянды сипатта өзгере бастады. Ал, мұның салдары саяси, экономикалық қисапсыз зардаптар әкелуімен қатар, мәдени-гуманитарлық тұрғыдағы үлкен апатқа әкеп соқтырды.

Жәрмеңкедегі ұлықтар қазақтардың шабуылына алдын-ала дайындалып, қарулы солдаттар шығарып, маңайдағы ауылдардың жылқы,  қойларын айдатып алдырып, азық үшін деп жаппай қырғын жасатқан. Көп қойлар құр ғана бауыздалғаны болмаса, сойылмай, сойылған болса, бұзылмай, асылмай да  рәсуа болып, қып-қызыл ала күйінде теңкиіп-теңкиіп жатты.

«Тілмаштардың ойындағы барлық қазақшылық, «елшілдік» сол күйді көргенде ғана шыққан сияқтанып еді. «Мына мал рәсуа болды-ау» деген болып, өзгеге батпаса да, саудагерлерді жағалап келіп, бірдеме айтып еді, бірақ ешкім де ол сөздерін елеген жоқ». Тілмаштардың адамдықтан шығып, өздері де малға айнала бастаған мәкүріктігі осы арада тағы бір көрініс береді. Бұлар анау майдан даласында мал емес, ондаған, жүздеген адамдар, ең алдымен өзінің қандас туыс, бауырлары оққа ұшып қырылып жатқанығын сезінбейді, оған басы ауырып, жаны ашымайды. Тек қана босқа сойылып рәсуа болған малды көргенде іштерін тырнап өткендей. Өйткені бұлардың бар болмысы, ой-санасы малға, мал жинауға, дүние-боққа түбегейлі біржола, үмітсіз бейімделген. Осы күндердегі кейбір тойымсыз жемқорлардың елге істеген залалы естілгенде, сол ауру анау патшалық билік баулыған тілмаштардың ұрпақтарынан-ұрпағына жұққан індет болып кетпеді ме деген күдік те келеді ойға.

Барлық әскерді, оған қоса маңайдағы қалалардың бейбіт крестьян-шаруларын түгел қоластына жинап әкеліп қаруландырған, соның ішінде пулеметке дейін құрғызып, сақадай сай тұрған жәрмеңке қазақтардың дүркін-дүркін шабуылына алдырмайды. Тек қолында аздаған қарулары бар Ыбырай тобының жігіттері солдаттардың бірнешеуін атып жығып отырды. Түнге дейін ұласқан шабуылдан екі жақ та қалжырап, түн ауған соң жәрмеңкедегілер қотарыла көшкен. Ұлықтар қашып бара жатып, өздерімен бірге жәрмеңкеде қамалып жатқан тұтқындарды ала кетеді. Алайда олардың барлығын жол бойы атып өлтіріп кеткен екен. "Әр жерге әрқайсысы шашылып, әр күйде жығылған екен. Кейбіреулерінің аралары төрт-бес қадам. Бір арада еку-үшеуден жатқаны да бар. Он-он бес қадамдай жерде жатқандар да көрінеді. Киімдері мен қарайған тақыр бастарына қарағанда, бәрі де қазаққа ұқсайды. Шынында тегіс қазақ екен. Осылардың ішінде шалқасынан түсіп, бетін бұрып құбылаға беріп, өліп жатқан Серікбай көрінді. Бұның аузы қисайып ашылған. Оқ шекесінен тиіпті. Ұзындау болып өскен, қайратты шашын оң жақ самайының тұсында үрпитіп, күйдіріп кетіпті. Теңгедей жерде қара күрең қан ұйысып, тегістеліп тұрған жара бар – оқтың орны. Сол жараның айналасындағы шаштары тегіс тікірейіп, жан-жаққа бытырай қашқандай болып, шашылып, үрпиіп тұр.

Жүзінде қорыққан, үріккеннің белгісі жоқ. Екі қасының арасында жоғарыдан төмен қарай ұп-ұзын болып созылған жіңішке әжім бар. Қабақтары түйіліңкі. Барлық бет ажарында суықтық, бекінгендік көрінеді. Сонымен бірге ақтығына, жазықсыздығына сенген салқын сабыр, кең сенім, тазалық ажары бар. Біреу үстіне бір сұр шапанды айқара жауып кетіпті. Рақыммен иіп, жаны ашыған қолдың істеген ісі сияқты».

«Қилы заман» авторының ашық майданда, тең жағдайда емес, қолы байлаулы қайраны жоқ тұтқынды сотсыз, үкімсіз атқан қанішер жауыздардың оғынан қаза тапқан Серікбайдың өлімін баяндауында терең мән бар. Оның бет ажарында суықтық, бекінгендік, ақтығына, жазықсыздығына сенген салқын сабыр, кең сенім, тазалық ажарының белгісі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде шейіт болған барлық құрбандардың ешқандай жазығы жоқтығын, олардың өлімінің өзі таза, бұл қатерлі де қасиетті іске әрбір жан саналы сеніммен барғандығын білдіреді. Жәмеңке қария, Ұзақ батыр, Серікбай, Тұрлығожа және өзге жекелеген тұлға құрбандар, сол бір дүрбелең шақта елдің ар-намысы, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін бастарын тіккен барша азаматтардың символы. Барлығы да ұлы ниеттің, елдің ұранының құрбаны. өз көңілдерінде «шейітпіз, ақпыз, ел тілегінің жолына шалынған «еркек тоқтымыз» деп өмірлері қиылған жандар. Ой, жүрек батырлары, тегіс намыс құлы еді.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Қилы заман» повесіндегі ел үшін күрескен кейіпкерлері – ұлт азаттығы жолындағы барлық құрбандарға қойылған мәңгілік ескерткіш, ұрпақтардан-ұрпақтарға аманат ретінде жеткізіліп отыратын  ақиқат үні.

Атылған адамдардың арасында ереуілге қатысы жоқ бір де бір жанның болмауы - бүкіл елдің, халықтың бір ғана іске жұмылып, бір мұрат жолында анттасқандығын мәлімдейді. Олай болса, кез-келген қиындық туғанда, ұлы қазақ халқының бір жұдырықтай жұмылып, бір тілек, бір мақсат жолында бас біріктіріп, қандай қатерден болса да ұлы абырой, парасаттылықпен өтуге дайындығын көреміз. Мұндай ұлттың, халықтың тамыры терең әрі мықты, өткені намысқа, ерлікке толы өнеге, болашағы жарқын болуы кәміл!

Мұхтар Кәрібай, ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкері

Abai.kz

0 пікір