Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8321 0 пікір 27 Қаңтар, 2016 сағат 15:54

ТАБИҒАТ ПЕН ТАЗАЛЫҚ ЖЫРШЫСЫ

Өз құрбың туралы жазу әрі жеңіл, әрі қиын екен. Әдебиет көшіне шамамен бір мезгілде келіп қосылған адамдардың талай қырлары өзгеше болғанымен, тағдырларында ұқсастық бар.Ең алдымен олар әдебиеттің бірдей кезеңдерін бастан кешеді. Алдына қараса – ағалары, артына қараса – інілері бар.Көрер қызықтары мен тартар тауқыметтері, мойындағы жүгі мен мұң-шерлері де ортақ.Сондықтан бірін-бірі басқалардан гөрі жақынырақтан таниды, көбірек біледі. «Жеңіл» деп отырғанымыздың мәнісі де осында.Екінші жағынан, өз тұстасыңның творчестволық өсу жолы туралы сөз қозғауға тура келгенде, бейне бір өзіңнің мұң-мұқтажыңды айтатын адамдай қысылып, қиналатының да рас...

Бұл күндері көзден бұлбұл ұшқан сонау алпысыншы жылдардың аяқ шенінде жас жазушылардың республикалық екінші кеңесі өткені есіме түседі. Ол сол кездегі әдебиетіміздің жеткен биігін межелеп, бағыт-бағдарын ойластырған, проблемаларын сарапқа салған өзінше үлкен бір мәжіліс болған еді.Қазір мұндай жиналыстарға етіміз үйреніп кеткен бе, ал ол кезде әлгіндей бас қосуларға ат арқасы қияннан тайлы-таяғымыз қалмай жиналатынбыз.Әсіресе, Әдебиет Ордасының қасиетті босағасынан жүрегіміз лүпілдеп, имене отырып кірген біздер үшін мұндай жиындар үлкен бір айтулы оқиға ретінде қабылданып, естен шықпас мерекедей сезілетін. 

Иә, алпысыншы жылдары... Қазақ поэзиясының тарихына көз жіберсек, ол әрбір он жыл сайын жаңарып, түлеп отырыпты.Сонау жиырмасыншы жылдары барлық гүлін ашып, өкінішке қарай  мезгілсіз оталып кеткен Мағжан, Ілияс, Сәкендер шоғыры; одан отызыншы жылдар көшін бастап шыққан Тайыр, Әбділда, Ғалилар тобы; бұған іле-шала қырқыншы жылдары соғыстың от-жалынында оянып, «арыстанның айбарын, жолбарыстың жүрегін» иемденген, қырқадан шыңға көтерілген Қасымдар легі; одан соң елуінші жылдардың екінші жартысында есімдері естіле бастап, алпысыншы жылдар ішінде қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген қуатты толқын – Қадыр, Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Сағи, Төлегендер; бұлардың ізін баса шығып, бір буын боп араласып кеткен Қастек,Сәкен, Мұхтар, Фариза, Дүйсенбектер; содан кейін алпысыншы жылдардың орта шенінде балауса үндері естіліп, жетпісінші жылдары ақын ретінде толық қалыптасқан  буын – біз әңгіме етіп отырған Кеңшіліктің құрбы-құрдастары, тетелестері, ақыр аяғында соңғы он-он бес жыл бедерінде поэзиямыздың тағы да бір жаңа белесінен көрінген, айқын талантты жас буын – Ұлықбек пен Есенғалидың қатарластары мен сапарластары.Әрине, бұлайша бөлу тіптен шартты нәрсе.Әйтпесе, «ұрпақтар» арасында ешқандай да айқын қатаң шекара болған емес. Олар бәйтеректің ілгерінді-кейінді біткен бұтақтарындай жалғаса тармақталып, жарыса жапырақ жайып, биікке өрмелей береді.Кеңшіліктің  «ұрпағы» да сол алып ағаштың тарамдала біткен салалы бір бұтағы іспеттес...

Жоғарыда айтқанымыздай, бұлардың алды жыр сапарына алпысыншы жылдардың орта шенінде келіп қосылды. Тағы бір бес-алты жылдың ішінде бұл топтың да қарасы көбейе түсті.

         «Біз бала едік елде өскен,

         Жар жағалап, көл кешкен.

         Тұлымымызды күн сүйіп,

         Тұсауымызды жел кескен...» - деп Кеңшілік бір өлеңінде айтқанындай, бұлардың бәрі де туған поэзиямызға қасиетті мекеннің соғыстан соңғы соны самалын өздерімен бірге ала келген еді.

Салиқалы сөз дегеннен шығады, осы буын әдебиетке келген кезде өздерінен ілкі буынның орта жасы отыздың үстінде ғана екен. Бірақ сол кездің өзінде-ақ, небәрі үш-төрт кітап шығарған Қадыр, Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай есімдерін қалың бұқара халық жақсы білуші еді. Олар туралы, жол бастаған ағалары да, артынан ерген інілері де ағынан жарыла пікір айтып, көпшілік қауымның білмесіне қоймайтын. Ал біз тоқталып отырған буынның орта жасы қырықтан асып кетті. Таланттан кенде деп айтуға ешкімнің аузы бармайды. Бірақ солардың көпшілігін оқырман қауым біле бермейтін секілді. Тіпті атын естімегендері де бар. Бұлардың ішіндегі «ә» дегеннен Жарасқанның ғана жұлдызы жарқырап шықты. Рас, Күләш, Иранбектер туралы дуалы ауызды ағалар бірді-екілі жылы лебіз білдірді, тіпті, Иранбекті қарапайым жұртшылықтың көбі білетін халге жетті, ал Темірхан болса, әдеби ортаға әбден танымал болды. Дегенмен , осы буынның танылуы өте ұзаққа созылды. Сонымен, ағалардың қолын, інілердің жолын ұзартуды мойнына алған қоңыр мінезді ортаншы ұлдай болып өскен қазіргі орта буын өкілдерінің өз өмірбаяны, өзгеше тағдыры бар. Орта кештің маңдай алдында арғымақтарын ауыздығымен алыстырып, су жорғаларын жарыстырып бір топ кетіп барады. Осы топтың ішінде ақын Кеңшілік Мырзабеков те бар.

Кеңшілік – «Іңкәр дүние» деген тұңғыш кітабымен-ақ оқырман қауымды елең еткізген болатын. Осы кітаптағы «Аманкелді қабірі», «Әкемді сағынамын», «Апа, сен қартайма», «Шалғында», «Балта», «Анар» сияқты өлеңдерінен жас ақынның жарық дүниеге деген іңкәр көңілінің отын, тазалық пен жақсылыққа ынтызар жүректің лүпілін сезгенбіз. Бұл ғана емес... Ең бастысы, жас ақынның жыр кестесінде сол кез үшін соны көрінген өрнектер мен тосын суреттер мол еді.

         ...Өліара мезгіл...

         Он алты жаста едік біз,

         Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз.

         ...Бозала таңда бозторғай әлі шыр етпей,

         Тып-тыныш дала тұмшанып шыққа сүмектей.

         ...Соңғы солқылдар созылып тұрып сіңірдей,

         Шарт сынды бұтақ шағырмақтарға ілінбей.

         .., Бұлдырап ұшып, буалдыр шақта кетті ме,

         Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан.

         Жапырақ жайқалғанда, саусағымен

         Шертеді шабытымның шанағын кеп.

         ...Жағасы көлдің бозқанақ, өлең,  

         Қоғасы көлдің қозғалады әрең.

         Лап етіп жанып, лып етіп сөніп,

         Лықсиды жүрек – бозбала денем!

         ...Жағамен желі жалбыздың

         Жас иісін маған үрлеп тұр.

Ақынның тұңғыш кітабынан алынған бұл жолдарға артық түсініктеменің қажеті жоқ. Сурет, бояу, теңеу – бәрі өзінде. Егер бүгінде жасы жиырмадан жаңа ғана асқан жігітосындай өлең жазып әкелсе, жерден кесек алтын тапқандай қуанып, жасымыз да, жасампаздығымыз да жарыса бас шұлғып, төбемізге хан көтеріп жік-жапар болып қалар едік. Бұл да болса «қолда бар алтынның қадірін» біле бастағанымыз шығар. Сөйтсек, осыдан ширек ғасыр бұрын Кеңшіліктермен оның тұстастары жыр-тұмасын тұнығынан шайқап ішіп жүріпті ғой.

Кеңшілік ақынның творчествосына жасаған шағын талдауымызға сөзді шашыратып алмау үшін, оның лирикаларын, балладаларын, поэмаларын шартты түрде бөліп қарастыруды жөн көрдік.

Кеңшіліктің ақын ретінде оқырман назарын айырықша аударған бір ерекшелігі – сонау Ілиястардан кейін Сырбай, Қуандық секілді қадау-қадау ақындарда ғана молынан қалып қойған, ал жалпы поэзиямызда алпысыншы жылдардың ортасына қарай тіптен сұйылып кеткен ұлттық тіл бояуын кейінгі толқын ішінен алғашқы болып қайтадан бір көрсетуінде еді. Бұл әсіресе, оның табиғат лирикаларында тайға таңба басқандай байқалады. Ақын табиғат сымбатына сырттай тамсанбай, оны бір тұтас организм ретінде, диалектикалық байланыс үстінде танып көреді.

         Қойлы ауылдың қою шаңы

         Ту сыртында тұтасқан.

         Екіндіде қоңыр сары,

         Түске енеді сүт аспан.

Бір қарағанда «қойлы ауылдың қою шаңы» дегенде тұрған ештеңе жоқ секілді. Бірақ бұл қалай дегенмен де жолдың шаңы емес қой...Зерделей қарасаң, «ауылдың шаңы» деген бейнелі тіркеспен алғаш рет ұшырасып отырғанымызды байқаймыз. Әрі бұл ұлттық ұғымға жақын, құлаққа жағымды, тілге жатық. «сүт аспан»туралы да осыны айтуға болады. Енді осы төрт жолды тұтас қайта бір оқып көрейікші. Екінді әлеті. Жаздың ашық шіліңгі күні. Бұл – ауылға қой қайтатын мезгіл. Өрісте шұбалған қою, қоңыр шаң ақ тақырланып қалған ауылдың ортасына дейін созылып, еңкейе бастаған күннің сарғыш сәулелерімен зерленгендей... Тегінде, бейнелі тіл орамдарын ешкім де, әсіресе талантты ақын ойдан шығармайды, оны бір жерден оқып та алмайды. Ақын көзбен көргенін қиялымен әрлеп, табиғаттың қанық бояулы, жарасымды суретін өзінше жаңаша кестелейді.Әлгі бір шумақты оқып, біз осындай әсерге келеміз. Бір шумаққа ғана емес, мұндай қарапайым да шынайы суретке құрылған өлеңдер Кеңшілікке көбірек тән.

         ...Жазға салым жер жіпсіп бу шығады,

         Жауыр қырға жауқазын гүл шығады.

 

         ...Жазыққа тіреп табанын

         Шымырлап ағар толқыны –

         Мойнына салған даланың

         Мойылдай қара елтірі.

         ...Бір найзағай келе жатты тұтанып,

         Көк аспанның көк етін бір жыртуға.

         ...Баланың ойы – бал қиял,

         Бұйдасыз бұлттай жөңкіліп.

         ...Алмастың жүзі шарпыдай,

         Аударып салсаң жанады.

         ...Сықыр да сықыр сары аяз,

         Сына алмай сыздап тұр аспан... 

Біздің поэзимыздың түрі қашанда ұлттық. Ол сонысымен де басқалардан ерекше, құнды. Ақындық қуат нені жазғаннан гөрі, қалай жазғанына қарай бағаланбақ. Ілияс Жансүгіровтің самолеттен қарағандағы ирелеңдеп аққан өзен суын «жатқан жыланның қабығындай» деп теңеуі құлаққа тосындау естілгенімен көңілге қонымды-ақ емес пе. Ұлттық поэзияның дәстүрін жаңғырту, жаңартудың үлгісі осындай болса керек. Жоғарыдағы «мойылдай қара елтірі» де бізді осы ойға жетелейді. Кейде ақын талантын, оның көркемдік ізденістерін ерекше «бірдеңелерден» іздеу тенденциясы қылаң беріп қалады. Соны өзінше ұғып алған біреулер, «ерекше» көрінгісі келе ме екен, көпе-көрнеу жасанды тіркестер құрауға әуес. Содан да барып, сырты жылтыр, іші бұлдыр өлеңдерді «сырты күміс, іші алтын» деп ұғынатынымыз да бар. Шынайылықтың табиғилығы мен қарапайымдылығын тани білу жағы тапшы секілді. «Екі өзен» деген өлең былай деп басталады:

         Көктем. Көлдер ұлғайып ұласып кетіпті,

         Белдер ырғалып гүл басып кетіпті.

         Дүние дін аман.

         Төбеде шөкім бұлт та жоқ,

         Шалғында шашырап жылаған

         Жетім шық та жоқ.   

         Бейбіт бір күнге

         Сүйінші сұраған баладай,

         Сәскеде сағым жүгірді

         Сіңірдей созылған қайың, қарағай...

Мұнда көзге ұрып тұрған жалтырақ бояу жоқ. Өлеңнің құрылымы, сыртқы сымбаты жұпыны ғана. Қарапайым, бірақ табиғи, сондықтан шынайы. Бұл жолдарды оқып отырғанда, көзден алыс, көңілге таныс, құбылыстар сана түкпірінен қайта жаңғырығып, тірі табиғаттың өзімен тілдескендей әсерде боласыз. Өйткені мұнда өлі дүние емес, адам тіршілігімен айтысқан кәдімгі өмір бар. Сол тіршіліктің күйініші мен мұңын «шалғында шашырап жылаған жетім шық» сездірсе, қуанышы мен ләззатын – «сүйінші сұраған баладай» сәскеде жүгірген сәуледен, ал қиындығы мен қайсарлығын «сіңірдей созылған» қайың мен қарағайдың тұрпатынан танығандаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ақын сыртқы дүниеге өзінің тұспалдары мен тұжырымдарын таңбайды, керісінше табиғат пен өмір құбылыстарының талшық сәулелерін суыртпақтап жіп тартқандай талғап, сұрыптап ала біледі. Бұл екінің бірінің қолынан келмесе керек. Өйткені талантты былай қойғанда, бұл үшін шынайы өмірдің табиғи болмысын түйсіне білерліктей зерде керек. Сонда ғана ақын қайда сілтесе сонда барып қона кететін бес аспап теңеулерден бас тартып, әр сөздің өз орнында ғана «сөз» бола алатынын түсінер еді. Бұл кездері декларациялық, дидактикалық сарындардың сарыны қатты тиген поэзиямыз, өкінішке қарай, бүгінде танымай тұрып тамсанып, талғамай жұтуға да көндігіп қалғандай... Кеңшіліктің табиғат лирикаларын оқып отырып, біз оның тау суындай таза, жайлау көркіндей тартымды ажар-сымбатына тәнті боламыз. Өлең бояуын табиғаттың өзінен сүзіп алу, оның әрі мен нәрін со қалпында сақтап қалу – Кеңшіліктің басты көркемдік ерекшелігі... Қазақ лирикасының қара топырағын эрозиядан қорғау күресінде Кеңшілік секілді таза ақындардың орны айрықша екенін барған сайын айқын сезіне түсудеміз. Біздің қашаннан да қабілетті де қағылез поэзиямыз жаны сүйген жаңалық атаулының ешқайсысынан да кенде қалмас, доданың да, моданың  да неше түріне төтеп берер, бірақ түптің түбінде бәрінен де тазалық қымбат болар.

Кеңшілік секілді іштегі жалыны сыртына лапылдап шығып тұратын қызу қанды, нәзік жанды ақын махаббат лирикасының аулына да ат ізін салмады десек, жалған айтқан болар едік. Бұл тақырыпқа ерінбей жалықпай тұтас кітаптар жазған ақындар да бар. Жарқырауық қоңыздың түнгі жарығы секілді суық жымиятын жылтырақ жырлар да жеткілікті. Өліп-өшіп, өртеніп-жанып, алас ұра аһ ұрып, ант-су ішіп жататын бастықтар да жоқ емес. Кеңшіліктің махаббат лирикасы бұлардың біреуіне де ұқсамайды. Оның махаббат жырлары қашан да қоғамдық мән алып, туған жер мен елге деген ыстық сүйіспеншілікпен, өмірге деген іңкәр сағынышпен ұштасып, философиялық астарға ие болады. «Философия» демекші, Кеңшілік бірде: «Мен философияға жолаған ақын емеспін... – дегені бар еді. Бұл оның дерексізденген бірыңғай дүниеәуи пәлсапаға үйір еместігін меңзегені болса керек. Әйтпесе, ақынның өмірге, табиғат пен тіршілікке көзқарасының өзі эстетикалық фонда айтылған философия емес пе.

Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,

         Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар.

         Мехнаты жарық боп жанған жылдар,

         Махаббаты қарық боп қалған жылдар...

         Астарлап айтып, алысқа меңзеп тұрған жоқ па. Екі келмес жастық шаққа деген ынтызар көңілдің ыстық табы лапылдап тұрған бұл өлеңді ғашықтық жыры емес деп кім айтады! Төрт жол өлеңге махаббат, арман, сағыныш, өкініштің жұбанышы, мұңның қуанышы – бәрі сыйып кеткен. Бұл оқырманға өзінің жаттанды, жасанды сезім-күйін зорлап танытатын өлеңдерден мүлдем өзгеше. Тегінде, жалт-жұлт еткен әсіре қызыл теңеулер жасанды сезімге лыпа бола алмайды. Керісінше, қарапайым тілмен айтылған шынайы сезім де адам жанының қалғыған оқшау түкпірлерін оятып, жүректің ең нәзік қылдарын шертіп өтеді.

         Жолдас жиырма бес,

         Саған не дейін...

         Сенің жолыңды қайтіп бөгейін.

         Дәм-тұз жарасқан тату күндерді

         Егер тіл жетсе айтып көрейін...

Бір оқығанда-ақ көкейге жатталып қалатын осы жалғыз шумаққа қамшы сабындай адам ғұмырының жұмыр басты пендеге қаншалықты арман жүктеп өтетінін түсінгендейміз. Адамның өмірге деген арманды базынасы, өлшеусіз махаббаты жырдың ақ қайнарына айналып, ақын өзегін жарып шыққан.

Кеңшілік лирикалары, әсіресе махаббат лирикасы дегенде оның «Анар» деген өлеңіне тоқталмай кету күнә болар еді. Байсалды жігіт ағасының балаң махаббатын еске алуы қандай әсерлі. Бір кездегі құлын мүшесі бұзылмаған құралай қыз арада жылдар өткенде ақ төсін аңқита ашып қойып, сәбиін емізіп отырса, оған қадалған көз басқанікі емес, ғашықтық көз болса, оның қандай сезім құйынына тап боларын шамалаңыз. Осы тамаша жыр қазақ ақындарының махаббат тақырыбына арнаған өлеңдерінің ішінде ең шұрайлыларының бірі екені даусыз. Өкінішке қарай, кезінде автордың өзі талай-талай аудиториялардан тамылжыта оқып, жастар аузында жатталып кеткен бұл өлең кітапқа («Іңкәр дүние», 28-бет. «Жазушы» баспасы, 1972 жыл) небәрі төрт-ақ шумақ болып енген. Ал 1969 жылы «Жұлдыз» журналына басылған вариантына қарасақ, өлең он үш шумақ. Сол нұсқамен салыстыра келіп, бірінші шумақ пен екінші шумақтың ортасында өлеңнің тұп-тура отыз жеті жолы қиылып кеткенін көрдік. Не үшін?.. Оған енді ешкім де жауап бермейтіні белгілі. Қырсыздыққа қынжылып, қиянатқа қиналғаннан басқа не шара?! Мұны да «тоқырау кезеңіне» жауып құтыламыз ба? Қалай дегенмен де ақын мұрасын халқына тұтастығын бұзбай қайтарып беру – парасаттылық парызы. Ақынның қисынсыз қиянатқа ұшырап, қиқымдалған өлеңдері бір бұл емес, басқа да кітаптарында ұшырасады. Халқымыз «Ештен кеш жақсы» дейді. Кезінде кеткен кемшілікті түзетіп, орнына келтіргеннің айыбы жоқ.Кеңшіліктің қайта басылымын, таңдамалысын дайындау үстінде бұл жай баспа редакторларының есінде болса екен дейміз. Осы игі мақсатқа жасалған алғашқы қадам ретінде «Анар» деген өлеңнің журналда басылған толық нұсқасын оқырмандар назарына қайталап ұсынып кетуді артық көрмедім.

АНАР

Бар ма екен сенің есіңде,

Балқаймақ күндер шайқаусыз.

Бұлтиып бір зат төсіңде

Булығып өсті байқаусыз.

Қақпақша жағаң күн қағып,

Қадалған түймең қатарлай.

Кеудеңе кейде ұрланып

Қарайтын едім бата алмай.

Бойың да өсті булығып,

Ойың да өсті булығып.

Тамырын тартпай бәйшешек.

Шыға ма жерге сурылып.

Омыраудың даусын шығарып,

Алқа мен шашбау тағынбай.

Талшыбық бойың бұралып,

Тәнті етпес қимыл табылмай.

Томардан түскен шоққа ұқсап,

Томсарып көзің жанғанда.

Тай-сезіміңе ноқта сап,

Тулатпай ұстап алғанда.

Жалғанда ешкім жоққа ұқсап,

Жайлауға бірге барғанда

Кезіккенімізді білмеппін

Қадір түн – қайран арманға!

...Екінді құлай еңкуге

Елгезек самал елпілдеп.

Жаға мен жеңнен жел гулеп,

Жел тиген етек желпілдеп,

Ақ тезек тердік, арқаға

Алаша қапшық төркіндеп.

Көбенің түбі қараңдап,

Кіреуке тартты нарт іңір.

Жалқыаяқ жалқын талаурап,

Жуасып жатты жалқы қыр.

Қапшықты қозғап бар дене

Көтере берген сәтіңде,

Дар ете түсті әлдене,

Көйлегің болар нәтінде.

Секемсіз тұр ем алдыңда,

 Сескеніп менен қалдың ба,

Айдындай төсің мөлт етті,

Қос шабақ көлге шолп етті

Оралып өскен балдырға.

Он екі мүшең керіктей

Қымсындың неге алдымда.

Айыпты тозған көйлек пе,

Айымыз басқа тағдыр ма?

...одан соң талай жыл өтті,

Аулыңа талай барғам да.

Сәбиіңді көрдім алдыңда,

Аңқытып төсіңді иітіп,

Разы боп сонда отырдың

Айымыз басқа тағдырға.

«Жүректен кіріп бойды алар» жыр құдыретін тілмен айтып жеткізу қиын. Қазақ лирикасының мерейін өсіретін де осындай біртума, ақжарма жырлар болса керек. Сөз орайы келгенде айта кетейік, соңғы жиырма жылдай уақыт ішінде күні кешелерге дейін кейбір баспа редакторлары он екі мүшесі сау өлеңнің мүшесіне пышақ жүгіртуге тым әуес болып келгені жасырын емес. Осындай солақай «операциялардан» әсіресе, талантты  ақындардың, соның ішінде, бұғанасы дәл сол жылдары беки бастаған, «әй дер әжесі, қой дер қожасы» көп болған Кеңшілікпен тұрғылас ақындардың өлеңдері көбірек зардап шекті. Солардың қай-қайсысынан да әлгіндей әлімжеттікке ұшырап, көзі шыққан, аузы-мұрны шұнтиған өлеңдер көп табылады.

Ақын талантының сынға түсер бір тұсы – азаматтық лирика. Лириканың басқа салаларында ұтқарлық танытып жүрген ақындардың өздері де бұл тақырыпқа келгенде  кібіртіктеп қала беретіні бар. Тақырып қанша беделді болғанымен де, жадағай ұран мен жарамсақ қолпаштауға, құрғақ баяндауға негізделген өлең ешкімді де қызықтырмайтыны белгілі. Қоғамның мұңы мен қуанышын өз жүрегіне жеткізген ақынның азаматтық дауысын айғай алып кететіні ақиқат. Сұлулықтың анасы – шынайылық. Көптеген өлеңдерге көңіліміз көншімейтіні де осы шынайылықтың кемдігінде. Қаншама егіліп жылағанмен, езу жимай күлгенмен жалған қайғыны да, жасанды қуанышты да бесенеден тануға болады. Кейде талантты ақындардың өздері осы шынайылықтың жетіспеуінен тосырқап жатқанда, сүйген қызына декларациялық жаттанды өлең арнайтын ақындардан не үміт, не қайыр?! «Азаматтық лирика» дегеннің өзі белгілі бір жағдайда шартты ұғым болса керек. Әйтпесе,  ақынның кез-келген өлеңінде оның азамматтық болмысы, ой-пікірі көрінбей қалмақ емес. Әдетте біз «азаматтық лирика» дегенде ә дегенде партия,отан, елдік пен ерлік тақырыптарына жазылған жырларды межеге алатынымыз бар. Көркемдігі көңілден шықпай, оқырмандарды тебірендірмей жататын, жақсы ақындардың өздері  де сынды көбірек естуіне тура келетін жағдай осы тақырыптар төңірегінде жиі ұшырасады. Ақынның «әлеуметтік белсенділігі» дегенді бірыңғай әсіре дәріптеу тұрғысында түсініп келген жайымыз бар да. Егер шындықты тура айтсақ, мұндай кемшілік «мен» деген ақынның кез-келгенінен бірсыпыра табылады ғой деп ойлаймын. Әрине, бұл «әттеген-айдан» Кеңшілік те сырт қала алмады. Кезінде сын да естіді.

Бір қызығы, мен Кеңшілікті алғаш рет ақын ретінде өз тануымда қабылдаған кезімде, оның қамшының өріміндей ешқашан да өзгермес тақырыптары  - табиғат пен адам тағдыры, махаббат пен тазалық құдыретіндей болып көрінген еді. Менде Кеңшілік басқаша жазбайтын сияқты түсінік болмады. Мұның себебі, оның ең алғашқы, өзі айтқандай, «бояуы сіңбеген, ояуы сөнбеген» жырларының маған ерекше әсер етіп, санамды сиқырлап тастағанынан болса керек. Бірақ Кеңшілік «басқа тақырыптарға» да батыл бара алды, әрі көп ретте «бояу мен ояуын» жоғалтқан жоқ. Мұнда туа біткен ақындық болмыстық табиғаты жатыр. Кеңшілік, әсіресе, 1982 жылы шыққан «Замандас сыры» жинағынан бастап тақырып аясын ғана кеңітіп қоймай, талантының белгісіз қорларын да еркін аша білді. Партия, Отан, ел мен жер тарихи және тағдыры, революция жеңісінің ұлы өзгерістері талантты ақын жырларының өрісін ашып, өресін биіктете түсті. Азаматтық лирика «құлақтан кіріп, бойды алып» жатса құба-құп. Бірақ ол деңгейге екінің бірі жетпегенін былай қойғанда, қадау-қадау ақындарымыздың жақсы өлеңдері де қадау-қадау екенін амалсыз мойындап жатамыз. Тіпті, кейбір ақындар бұл тақырыптан бедел алмасын біліп, қашқақтайтындай, одан гөрі оқырманды «тебірентетін», «сезім қылын шертетін», «өтімді» тақырыптарға көбірек ден қоятын секілді. Бұл, әрине, дұрыс тенденция емес. Дей тұрсақ та, азаматтық тақырыптағы жоғымызды іздеп табу қандай қажет болса, барымызды екшеп, салыстырып, саралап, бағалай білу де бүгін ерекше мәнге ие. Соңғы кездері шындықты шымбайға батыра, соның өзін де образбен айту есебінен бұл тақырыптың беделі әжептеуір өсті. Әсіресе, жастар творчествосында өзге шетел поэзиясының соны үлгілерінің ықпалы байқалғандай. Поэзиямыздағы осындай жаңа бетбұрыстар өз потенциялын шеттен ғана алып қойған жоқ, туған әдебиетіміздің сілем-сілем тамырларынан да  бойына нәр жинап өскені анық. Алпысыншы, жетпісінші жылдардың өзінде-ақ қуатты ақындардың батыл үнді өткір жырларын жиі ұшыратуға болатын еді. Мұндай бейнетке қанық беймаза жырлар Кеңшілікте да аз емес-тін. Қазақстандағы тың игеру туралы ең көп жазған ақынның бірі – Кеңшілік. Ақын сол тыңның ерлерін ғана жырлап қоймай, оның болашағына да алаңдай білді. Атап айтқанда, таяп келіп қалған табиғат экологиясы мен тыңдағы эрозия ақын қолына еріксіз қалам алдырды. Егер Кеңшілік бір кездері:

Қопа қалса бір жақта қамсауланып,

Қорық қалса бір жақта қоршауланып, -   деп, қаймағы бұзылмаған табиғат көрінісіне сүйсіне көз тіккен болса, («Замандас сыры», 1982ж.)  арада біраз уақыт өткенде:

Сары жотада біз иіскеген селдірепті боз жусан,

Сары қопада сыбызғыдай сидиыпты сары қамыс, - деп сұлу табиғаттың сүреңі қашқан кейпіне қынжылады.

(«Ауыл мен астана», 1984).

Жонынан жаздай таспа алған

Жалаңаш жайдақ қалды-ау қыр, - деп өкінеді. Неге осылай?... Ақын бұл сұраққа да жауап іздейді. Оның ой-зердесі алыста қалған балалық шағының ақ шаңдақ күндеріне қарай жетелейді:

... Тың көтерген жыл төбенің түбіт көдесін

Тарап әкетті тарақ табанды трактор.

(«Замандас сыры»).

Осының бар салмағы жүрегіне түсіп, көзбен көргені көңіліне сыймай ширыққан ақын «тал түсте шырқаған торғай» тәрізді жанын қоярға жер таппайды.

Біздің жаққа бұлт аумай, жаңбыр жаумай құрғап тұр,

Күнде шығып күлән күн, көп бояуды ұрлап тұр.

Бір бозторғай төбеге қаңырақ түтер мезгілде

Боз көдеден биіктеп, буынғандай жырлап жүр.

Ақынның әр жинақтарына енген «Боз бие», «Киіз үй», «Прометей», «Өзен» т.б. өлеңдері – оның азаматтық тұрпатын танытатын парасатты туындылар. Жалпы, Кеңшілік Мырзабековтің лирикалары ұлттық колоритінің молдығымен, бояуының тазалығымен, ойының образдылығымен дараланатынын айтпай кетуге болмайды.

Қазақ поззиясындағы баллада жанрын қалыптастыруда, жетілдіруде Кеңшілік ақынның өзіндік орны, үлесі бар. Бұл ретте ол шаппай бәйге алатын жүйрік. Күні бүгінге дейін осы бір нәзік те кірпияз жанрға тиіп-қашып болмаса, құлшына кірісіп жүрген ақындар саусақпен санарлық қана. Ал Кеңшілік творчествосында лирикалық әуен мен балладалық әуен бастан-ақ домбыраның астыңғы ішегі мен үстіңгі ішегіндей үндесіп жататын. «Дүбірлі дәурен» атты екінші жинағында-ақ бірегей-бірегей бірнеше баллада берген ақын бұл жанрдағы ізденісін кейінгі кітаптарда тереңдетіп, желісін ұзарта түсті. Оның қаламынан туған «Құмдағы аршалар», «Тал бесік туралы баллада», «Ақ көйлек», «Төлеутайдың төрт қызы», «Ұя», «Боз бие», «Көшу», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Тай бәйге» т.б. көптеген балладалар – қазақ баллада жанрына қосылған елеулі табыс. Егер елуінш жылдар табиғатын білгіңіз келсе, сол кездегі судың тұнығын, топырақтың құнарын, шөптердің бояуын қаз-қалпында көргіңіз келсе, онда сөз жоқ Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдерін оқу керек. Ал бүгінде, ақынның төл сөзімен айтқандай, талайлардың  сарыөзек сағынышына айналып, жылдардың алыс қырқаларында арман сағымындай бұлдырап қалған елуінші жылдар балалығы ше? Егер сол шақтардың балдай тәтті сырларын поэзия құдыретімен қайтадан бір бастан кешкіңіз келеді екен, тағы да Кеңшіліктің балладаларын басыңызға жастап жатасыз. Тегінде, қырқыншы жылдар балалығы қазақ прозасында белгілі бір дәрежеде өз бейнесін тапты. Ал елуінші жылдар балалығының ұшы-қиырсыз кең жазирасына алғашқы бороздаларын түсіргендердің бірегейі – Кеңшілік дер едік. Оның қай балладасын оқысаңыз да қилы-қилы адам тағдыры, үмітін ертеңнен күткен елдің мұңы мен намысы, қуанышы мен сүйініші, кіндігі туған жерге байланған лирикалық кейіпкердің – тұтас бір ұрпақтың көзге ыстық бейнесі алдыңнан шығып, осы фонда қабырғасы қатпаған қаршадай баланың шырылдаған дауысы үздіксіз естіліп тұрады. Жаңағыдай қаршадай бала жеңешесінің қасында өгіз жеккен қос арбамен қырға тұқым салып келе жатыр. Сәскеде қос басында болуы тиіс. Басқарманың тапсырмасы солай.

Қол созым қоға көлдер құстар қонған,

Күршектің күпшегіндей ысталмаған.

Жағадан апыл-ғұпыл көшкенде ауыл,

Омырауы алқа-салқа қыстау қалған...

Қаршадай бала майданға кеткен ағасын, жас келіншек сүйікті жарын ойлайды... Кенет :

Көтеріп көк бестінің құйысқанын,

Кезеніп жетіп қалды салт атты адам.

Келген бетте:

- Топырақ кеуіп кетті тулақтай боп.

Ырғалып жырғаласың сен екеуің...

деп, қорғансыз қос мұңлықты табаға салған тарыдай қуырып бір алады да, енді артқы арбада шоқиып отырған балаға шүйлігеді:

-Әй бала ештеңе жоқ жасқанатын,

 Сенен кем бе басқа ұл, басқа қатын,

Бар, күркеңді тіге бер қосқа апарып...

Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау,

Тұқым жинап қайтамыз кешке жақын...

Жанындай көретін сүйікті жеңешесін бұқаша одыраңдаған пенденің қасына амалсыз жалғыз тастап, қосқа қарай жылыстай берген бейкүнә сәби жанары жасқа толып, артына жалт қарады:

...Жан-жағымда иен қыр, дала жатыр,

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.

Ала өгізді атты адам жетекке алып,

Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр.

«Көшу» деп аталатын баллада, міне осылай аяқталады. Балладада соғыс туралы бір ауыз сөз жоқ. Бірақ осы бір кішкентай деталь соғыс апатының трагедиялық суретін алдыңызға тартқандай. Сол бір жылдардың жан сыздатар жарасы жүрегіңізді тырнап өтеді.

Кеңшілік тек өзінің жеке творчествосына ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясына бір шоғыр шоқтықты туындылар сыйлаған ақын. Жоғарыда айтып өткен «Анар» өлеңі – сол шоғырдың ішіндегі шоқ жұлдызды жырлардың бірі. Ал бәйгеге түссе, біріне-бірі жол бермейтін балладаларының көш басында өзгелерден оқшау, озық тұрғаны – «Әубәкір туралы эллегия». Әлі есімде, алпысыншы жылдардың аяқ шенінде ақын осы бір үзік жырын ақ жарыққа малынған, қара көздер қадалған аудиториялардан талай рет оқыған болатын. Тамсана, тәнті бола тыңдағанбыз. Кейін бұл өлең ақынның екінші жинағына енді. Мұнда да абзал жанның аянышты да аяулы тағдыры сай-сүйегімізді сырқыратады, санаңызға салмақ түсіреді. Адамдарға жақсылық қана жасауды білетін жомарт жанды ауыл ұстасының артынан ерер қара жоқ – кіндігінен бала жоқ. Өзі «қара туырлықты құйын ұрғандай қлзғалтатын» күйші. Оның шебер қолынан шыққан небір асыл бұйымдары әр үйдің игілігіне жарап, таралып кетсе де, өзіне мал да бітпеген. Өйткені қолына түскенін со бойда жұртқа таратып қарап отырады. Тіпті:

Табиғат берген шашып та төкпей тартуды,

Келешегіңнің игілігіне   иелен,

деген Жаншора секілді қамқор қарияның ақылы да кәдеге аспайды. Сөйтіп, дүйім елдің алғысына ие болған арда жан бір күндері дүниеден өтеді де шығады. Сөйтіп:

 

Сәбилік күннен санамда қалған бұл бір жай,

Алыстап кетті алдымнан қашқан бұлғындай.

Атаусыз шаңырақ, ақаусыз қаңырап қалды ғой,

Атын бір қосып ешкім де оны жыр қылмай.

Әр үйге тарап құсауызы мен қышқашы,

Әйелін алды әйелі өлген тұстасы.

Жаншора шалдың сөзі еске түссе ойлаймын,

«Пышаққа қашан жарыған қазақ ұстасы»

Осында жарық дүниедегі жалған-тіршіліктің, бейнетке жаралған адам тағдырының қаншама философиясы жатқанын түсіну қиын да емес, оңай да емес. Сонымен бірге бұл баллада – қазақ халқының ұлттық характерін, адамгершілік концепциясын жарқырата ашатын өзінше бір полотно іспеттес туынды.

«Ұлттық характер» демекші, Кеңшілік творчествосына айрықша тән дара қасиеттің бірі – оның өлең балладаларында қазақ халқының тұрмыстық әрекеттерін әлеуметтендіру тенденциясын баса ұстануы дер едік. Халқымыздың салт-дәстүрлерін,тұрмыстық психологиясын поэзияда Кеңшіліктей қанық бейнелеген тұстас замандастары кемде-кем. Ақын жырларындағы философиялық сарындар да дәл осы мүддедентуындап жатады. Екіншіден, Кеңшілік поэзиясының күллі бояу-сөлін, тілдік нәрін халық поэзиясының терең қатпарларынан алып, бойына сіңіріп отырады. Сондықтан да оның тілі барынша құнарлы, үні қуатты. Ақынның қазақ поэзиясының ритмдік нюанстары мен канондарына қосқан өзіндік өрнек-нақыштары да дербес әңгіменің делбесін ұстауға тұрарлық. Бұл айтқандарымызға ақын творчествосынан толып жатқан мысалдар, дәлелдер тауып айтар едік. Өкінішке орай, бұл мәселелер сөз арасына қыстыра кететін жеңіл-желпі іс емес, өз алдына үлкен де арналы сала болғандықтан, әзірге осы ишарамен ғана шектелеміз.

Кеңшілік – поэма жанрында да жемісті еңбек еткен, көп тер төккен ақын. Оның «Иманжүсіп», «Дүние дәнекерлері» поэмалары – туған тарихымыздың тұтас бір кезеңдерінің кесек сырларын қозғаған, қоғамдық-әлеуметтік биіктен ой тербеген, автордың шеберлік тұрпатын танытатын толыққанды туындылар. Революция тақырыбы – Кеңшілік творчествосындағы салалы бір желі. Ақын революция қарсаңындағы және одан кейінгі қазақ қоғамында қалыптасқан күрделі ахуалды халқымыздың Біржан сал, Амангелді, Иманжүсіп тәрізді қастер тұтқан азаматтардың күрескерлік, қайраткерлік бейнелерімен сабақтастыра, шендестіре суреттейді. Сөйтіп, ұрпақтар жалғастығымен байланысып жатқан дәуір сипатын полотнолық кең ауқымда ашып көрсетеді. Автордың 1988 жылы жарық көрген соңғы кітабын «Дәуір дастан» деп атауы да осы мақсаттан туған болса керек. Бұл кітап жөнінде «Жұлдыз» журналында жақсы пікір жарияланды. Онда ақынның позма-дастандарына қысқа да болса пайымды талдау жасалғанын айта кетейік. Сондықтан ондағы айтылғандарды қайталағым келмейді. Тек Кеңшіліктің қазақ  поэзиясында алпысыншы-жетпісінші жылдары сұйылыңқырап кеткен сюжетті поэмаларды – кең тынысты дастан жанрын берік орнықтыруға көрнекті үлес қосқан ақын екенін қадап айту керек. Екіншіден, Кеңшіліктің осындай үлкен профессионалдық деңгейге көтерілуіне өзінің табиғи талантымен, поэзиямыздың арғы-бергісін зерделеген тынымсыз ізденісімен қоса Нұрхан Ахметбеков, Ілияс Жансүгіров, одан бергі Ғафу Қайырбеков тәрізді тарлан дүлдүлдердің творчествосынан алған тәлімінің игі әсері болғаны да сөзсіз.

Қатал тағдыр арамыздан ерте жұлып әкеткен ақын Кеңшілік Мырзабеков өзінің творчестволық кемелдену шағына енді ғана аяқ басқан еді. Туған әдебиетіміздің алтын қорына оның қосатын үлесі де қомақты болатын. Оның көзі тірісінде жарық көрген он кітабының өзі ақын есімін поэзиямыздың тарихына өшпестей етіп жазып кетті десек, ешбір артықтығы жоқ. Біз бұл мақалада маман сыншы ретінде емес, ақынға ақындық пікірімізді ғана айттық. Ал Кеңшіліктің сан қырлы творчествосын түбегейлі зерттеп, саралау, таңдамалысын оқырман қолына табыстау – келешектің ісі екеніне сенеміз.

Ғұсман Жандыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289