СЕНАТТЫ ДА МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТАРАТУ КЕРЕК!
Тәуелсіз Қазақ Елінің ең жоғарғы заң шығарушы құрылымы - Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тіліне қарсы аса оғаш әрі тарихи оқиға орын алды. Бірақ, мұндай өте өрескел заң бұзушылыққа Конституциялық кеңес те, Президент Әкімшілігі де, Бас прокуратура да селт еткен жоқ.
Қазақстанның мемлекеттілігіне қарсы еліміздің Негізгі заңы - Конституцияны бұзу әрекеті былайша көрініс тапты.
Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВ бұдын 56 жыл бұрын Парижде қабылданған Халықаралық конвенцияның Қазақстан үшін де ауадай қажет екендігін дәлелдеуге тырысып, елімізде білім алып жатқан өзге мемлекеттің азаматтарын кемсітуге қарсы құжатты таныстырды. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілінің конституциялық құқын табанға таптап, жат елдің мемлекеттік тілінде, яғни, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі - орыс тілінде баяндама жасады.
Аслан СӘРІНЖІПОВ, Білім және ғылым министрі:
- Бұл заң Қазақстанда тұратын шетел азаматтарының балаларын қорғайды. Яғни, елімізде оқып жатқан кез-келген адамды нәсілі, түрі, жынысы, ұлты мен діни сеніміне қарай бөліп-жармай, кемсітпеуге тиіспіз. Бәрі бірдей білім алуға құқылы.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты:
- Сіздің мемлекеттік тілде баяндама жасауыңыз сиреп барады, тіпті жоқ деп айтуға болады. Мұны ескеру керек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Сенат төрағасы:
- Депутат Еңсегенов, заңға байланысты сұрақ қою керек. Сіздің сұрағыңыздың заңға ешқандай байланысы жоқ.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты:
- Мен төртінші сауалмен шатастырып алдым. Кешірім сұраймын...
Яғни, Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілінің конституциялық құқын бұзған министрге араша түсіп, сенатордың беделін түсіруге тырысқан қылық жасап қана қойған жоқ, сонымен қатар, ашық та айқын түрде Қазақстанның ресми мемлекеттік тілі - қазақ тіліне қарсы қылық көрсетті.
Осындай өрескіл қылығы үшін Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының алдында жауап беруі керек, ресми мәлімдеме жасап, Қазақстанның Негізгі Заңы - Конституцияның баптарын бұзғандығының себептерін түсіндіріп, халықтан кешірім сұрауы керек.
Конституция бойынша қазақ билігіндегі екінші лауазымды тұлға мемлекеттік тілдің мәселесін «заңға қатысы жоқ» деп түсініп, қазақ тілінде баяндама жасауды қажет санамаған министрге жақтасса, қазақ билігіндегі екінші лауазымды тұлғаның мәселесін қоғам болып қарастыруымыз керек.
Өйткені, жер бетіндегі кез келген саяси шиеленістердің дәп осындай, бір қарағанда, майда-шүйде көрінетін түсінбеушіліктерден туындап, арты лапылдаған отқа айналатындығын тарих талай мәрте дәлелдеген.
Ең алдымен, өзінің бес тілді меңгергендігімен мақтанатын, бірақ, анасының тілінде әрең сөйлейтін Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ мемлекеттік тілді неге жете меңгере алмағандығын және мемлекеттік тілге неге қарсы шыққандығын түсіндіріп берсін!
Екіншіден, баяндамасын орыс тілінде жасаған Білім және ғылым министрі Аслан СӘРІНЖІПОВ Қазақстанның ресми мемлекеттік тілі - қазақ тілін менсінбей ме? Ендеше, Қазақстанның ресми мемлекеттік тілі - қазақ тілін менсінбейтін адам қалайша мемлекеттік жоғары лауазымды қызметке тағайындалып, БҒМ министрі атанып жүр? Еліміздің бас педагогы, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мемлекеттік тілді неге меңгермегендігін қазақ қоғамына түсіндіріп: «Осындай оғаш жағдайда өзін министр лауазымына лайықта санай ма?» - деген сауалға жауап берсін!
Мысалы, көрші Ресей елінде мемлекеттік орыс тілін меңгермеген адам немесе басқа қоңсымыз Қытай елінде мемлекеттік қытай тілін білмейтін кісі министр лауазымын атқара алар ма еді?!. Фейсбук әлеуметтік желісінің бір белсендісі айтпақшы: «Мысалы, Жапонияның Білім министрі жапон тілін білмесе, өзіне-өзі харакири жасайтын еді...». Ал, Еуропаның кез келген елі жер көлемінің аса аздығына қарамастан, барлық іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Біздің биліктегі еуропашылдар мұны неге ескермейді?..
Үшіншіден, Қазақстанның Конституция бойынша қазақ билігіндегі екінші лауазымды тұлға - Сенаттың төрағасы өзінің әріптесі, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновке едіреңдеп-зекіп, өз лауазымын асыра пайдаланып, мемлекеттік қызметкер әдебінен (этика) асып кетті. Сөйтіп, әлемнің алдында Қазақстанның тұтастай заң шығару құрылымын үлкен ұятқа қалдырды.
Қазақ тілінің құқығын қорғап қойған сауалы үшін сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің кешірім сұрағаны - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басқарып отырған Сенаттың шынайы бетпердесін ашып, Сенат құрылымындағы өзара қарым-қатынастың «науқасқа шалдыққандығын» айқын дәлелдеп берді.
Қазақтың қазіргі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бұрынырақ жазған мәтіні сауатсыз мынадай диктанты да елдің есінде: «...Аулдағы атамыз 100 жылға толды. Ұстаз, мектептін директоры болған. Поздравляем со 100 летним юбилеем аташку, учителя сельской школы…»
Масқара! Бір елдің Білім және ғылым министрі 8 сөзден 3 қате жіберді, сөйтіп, толық «2» деген баға алды. Сондықтан, Білім және ғылым министрі мемлекеттік тілді білмейтін елде – «мемлекеттік тілді сөйлейміз» деп тыраштану - бос әурешілік!
Ең жоғарғы заң шығарушы құрылым - Парламент Сенатының төрағасы «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп жазылған елдің Негізгі Заңы - Конституцияны «заң емес» деп түсінетін елде мемлекеттік тілдің өркендеуіне дәмелену - «құмға су құйып, гүл өсіремін» дегенмен тең берекесіздік!
Қазақ қоғамы қазіргі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осыдан 15-20 жыл бұрын: «Қазақ тілін іс-жүзінде қолдана бастасақ, шет елде оқып жүрген балалар елге қайтпайды» - деп қорқытқысы келгендігін ұмытқан жоқ.
Тіл үшін күрес - ең ұлы күрес. Тілі жоқ ұлт та, мемлекет те болмайды. Тағы бір фейсбуктің оқырманы ақиқатын айтып, қара қылды қақ жарыпты: «Қасым-Жомарт Тоқаевты ана тілін қайта үйренген орыстілді қазақ ретінде жақсы адам деп ойлаушы едім. Сөйтсем, «қой терісін жамылған қасқыр» екен. Қазақ тілін ұлтын жақсы көргенінен емес, халықтың көзіне жақсы көріну үшін «үйренген» екен...»
Қазақ қоғамында шиеленіс тумауы үшін келесі парламент сайлауында әрбір депутаттың қазақша таза сөйлейтіндігін басты критерий етіп, ана тілін меңгергендерді ғана сайлау қажет. Ел билігінің барлық салаларындағы басшылыққа мемлекеттік тілді білетіндер тағайындалсын!
Әріптесіміз, өткір тілді журналист Серік ЕРҒАЛИ ағамыз өзінің Мұхтар ШАХАНОВпен Мәжілісте бірге жұмыс істегенін еске алып: «Халықаралық комитеттегі кілең ығай мен сығайлардың арасында жұмыстас болуға тура келді. Тоқтар, Мұхтар, Серік ӘБДІРАХМАНОВ, Төлеген МҰХАМЕТЖАНОВ... Отырыстарының өзі қым-қиғаш тартыс еді. Сол жылдары Тіл мәселесіне тарихта бөлінбеген миллиардтар бөлініп, жұрт қарық болған-ды... Өйткені, ол кезде бірмандатты сайлау жүйесі болатын, халық өз қалаулысын өткізе алатын. Қызылорда жұртының сол жол Тоқаң мен Мұқаңды сайлап алғаны бар-ды. Енді бәлду-бәлду бәрі өтірік...» - деп жазды. Сол себепті, Қазақстанның тәуелсіздік алған 25 жылында жалғыз тілді меңгере алмаған адамнан үміт күтудің қажеті жоқ.
Бір ұлтшыл бауырымыз былай депті: «Қырғызстанда діни білімі таяз қариялар: «Шаштарын алмайтындардың барлығы уахабистер, оларды мешіттерге жұмысқа алмау керек» деп пәтуа жасапты. Қырғыздың діншіл жас жігіттері: «Біз шашымызды алсақ, мешіттерге қабылдайсыздар ма?» деп сұрапты. Ақсақалдар келісіпті. Сонда жас қырғыз жігіттері: «Халқымызда ата дінімізге қайтару үшін шашымыз емес, басымызды алса да дайынбыз!» деп, жаппай шаштарын алып, мешіттерде жұмысқа кіріскен екен. Сол арыс азаматтардың себебімен қырғыздар жаппай Ислам дінімен қауышып, соның ықпалымен бала тууы көбейіп, қырғыздың саны жылдам артып барады...»
Ал, біздің Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым АХМЕДИЯРОВ шетелде емделіп жатқан «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Бақыт Қайырбековке ұялы телефонмен хабарласып: «...Нужна помочь развитию казахского кинематографа, рынок развивать...» - деп, басшының келісімін сұрамай-ақ, Ресей кинематографистер одағының мүшесі, орыстың кинопродюсері Владимир БАЖИНнің «Қазақфильм» АҚ-ның Атқарушы директоры болып тағайындалғандығымен құлақтандыра салады. Қазақ кино өнерінің дамуына тікелей жауапты Бақыт Қайырбеков түкке түсінбей: «Зачем нам их помощь нужна и в чем она заключается?» - деп, екі қолымен басын құшақтап қала береді. Бұл дегеніңіз - бүгінгі таңда қазақ қоғамында - соның ішінде саясат пен өнерде - орыстандыру саясаты қайта күш ала бастады деген сөз!.. Осындай ызғарды сезген қазақ елі шарап жасау ісінің майталманы, ұлты армян Артуш Караптеянның өзі: «Прежде чем быть - интернационалистом, надо быть маленьким - националистом» - деп қалды...
...Айтпақшы, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев деген кісі қазақтілді жазушы болған екен. Сенаттың бүгінгі төрағасы, ең құрығанда, қазақ тілінде жазған әкесінің әруағын сыйлай алмады. Осыдан кейін Кемел Тоқаевты кім оқиды, туған баласын дұрыс тәрбиелей алмаған?!.
P.S.
...Өздерін мерзімінен бұрын тарқату туралы ұсыныс жасаған Мәжілістің депутаттарынан - Мемлекеттік тілдің мүддесін қорғау үшін Сенат төрағасына бір ауыз қарсы уәж айта алмаған сенаторлардың еш артықтығы жоқ. Негізгі бөлігін жергілікті Мәслихат таңдаған сенаторлар халықтан жоғары емес. Сенаторлар дағдарысқа ұрындырған заңдарды Мәжілістің депутаттарымен бірге қабылдағандықтан, бірдей жауапты! Сондықтан, Сенатты да мерзімінен бұрын тарату керек!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz