Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6057 0 пікір 24 Қаңтар, 2016 сағат 20:52

НАСЫБАЙ


Менің Райыс дейтін нағашы атам болды. Өзі сондай керемет бағбан еді. Бақшасында жеміс-жидектің бәрі бар. Алма дейсің бе, жүзім дейсің бе, самсап тұрады. Жесең аузыңнан дәмі кетпейді. Барсаң жерге түскен жемістің бір-екеуін қолыңа ұстатады, ағаштағының біреуіне тигізбейді. Біз оған қанағат-танбаймыз, сосын ұрлыққа түсеміз.

Бір күні бес-алты бала жорыққа аттандық. Түс әлеті болатын. Жаңа ғана атамды ауыл орталығындағы дүкен жақтан көргенбіз. Келе кірісіп кеттік. Ағаш басына өрмелегеніміз өрмелеп, өрмелемегеніміз төменнен жұлып алып, жегенін жеп, жемегенін бір тістеп лақтырып жатырмыз. Мен бірден үлкен алма ағашының басына шығып алдым. Бір кезде төмендегі балалар тым-тырақай қаша жөнелді. Төмен қарасам, нағашымның тайыншадай төбеті арс-арс етіп, ағаштың түбіне келіп қалыпты. Мұндайда қашу түгіл, түсу қайда?! Отырмын ағаш басында. Біраздан соң Райыс атам келді. Екі қолы артта. Жоғары қарап: 
– Е, қызталақ, түспеймісің, – деді.
– Ит қауып алады ғой…
– Қорықпа, мен бармын ғой. Сөйтті де тайыншадай төбетін әрірек апарып байлап қойды. 
Түстім. Райыс атам аяғым жерге тиер-тиместен лып еткізіп көтеріп алды да, анадай жердегі ағашқа апарып, діңін құшақтаттырып, екі қолымды байлап тастады. Ыңылдап ән айтып қояды. Менде үн жоқ. Содан кейін кішкентай тастың үстіне жайғасып отырды. Қалтасынан шақшасын алып, алақанына бір шөкім насыбай салды. Оған «тіф» деп бір түкіріп алды да асықпай отырып бармағымен езді кеп, езді. Мен сүмірейіп ағашта байлаулы тұрмын.
– Ал, балам сенің мына ысырап жасаған алмаларың үшін құйрығыңа насыбай саламын, қорықпа, – деді.
Жүрегім дір ете түсті. Атам ешнәрсеге қараған жоқ, сыр еткізіп шалбарымды түсірді де, тоңқайтып қойып, езілген насыбайды бармағының басымен құйрығыма тықты да жіберді. Құлындағы даусым құлақты жарды. Ол асықпай мәйкімді шешіп, беліме байлап, оған толтырып алма салды. Содан кейін қолымды шешіп, құйрығымнан шарт еткізіп салып қалып:
– Ал, айда, шап! – деді. Жүгіре бергенім сол, әлгі насыбай тызылдатып ала жөнелді. Алғаш шытыр-шытыр етіп қышығандай болған. Содан кейін ал кеп ашысын, дызылдатып әкетіп барады. Шыдатар емес. Бағана мені тастап қашып кеткен достарымды қуып жетіп, басып оздым. Алманың қайда, кімнің қайда қалғанын білмеймін. Құйын-перін зымырап келемін. Құйрығын көтеріп, бөгелектен қашқан танадай тапырақтап шауып келіп, үйге кірдім. Тыныш отыру қайда? Сыртқа шығып, қораны айналып шауып жүрмін. Ара-арасында:
– Ойбай, ойбай, насыбай, насыбай, – деп қоямын. Есік алдында жүрген әжемнің есі шықты.
– Әй, мынаған не болды? Насыбайы несі? – деп артымнан ербеңдеп қуып жүр. Ол қораны бір айналғанда, мен бес-алты мәрте айналып шығамын. 
Әжем әкеме айқай салды.
– Әй, өкпесі өшті ғой, мына баланың. Ұстасаңшы, ойбай!
Әкем мені қуып жетіп ұстай алмасын білген соң, жылқыға салатын құрықты ала салып, мен тұсынан өте бергенде шалманы лақтырып кеп жіберді. Мен қалың топырақтың үстіне жалп ете түстім. Аяғымды тыпырлатып, ойбайлап жатырмын. Әжем:
– Не болды, көкем, өкпең өшті ғой, жарығым, – деп жатыр.
– Насыбай, насыбай!!!
– Әй, мынау насыбай дейді ғой. Насыбайын карашы, біреу-міреу қайтадан сүндетке отырғызып жібергеннен сау ма? – деп әжем әкеме айқайлады.
Әкем ышқырымды түсіріп жіберіп үңіліп жатыр.
– Насыбайы сап-сау, орнында, – деді әкем.
Мен артқы жағымды көрсетіп әлекпін.
– Райыс атам, құйрығыма насыбай салып жіберді. 
– Сауап, қызталақ! Ұрлыққа түскенсің ғой, шамасы. 
Әкем кеңк-кеңк күлді.
Содан кейін бір қолына шыбық алып, басына дәке орады да, май жақты. Мені екі аяғының ортасына қысып алып, құйрығымды шұқылай бастады. Кәдімгі қойды құрттағандай. Шұқылаған сайын тызылдайды…
Содан бері де көп жыл өтті. Есейдік. Ауылдан алысқа кеттік. Жолым түсіп, ауылға барғанымда Райыс атама сәлем беруге бардым. Қартайыпты. Ол маңдайымнан иіскеп тұрып:
– Насыбай қалай екен, – деді.
Мен үндемедім.

Қыдыралы ҚОЙТАЙ

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373