БИЛІК ЕЛ ҰСЫНЫСЫН ЕСКЕРЕР ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ
2016 жылдың 20 наурызында кезектен тыс Парламенттік сайлау өтетін болды. Осы сайлауға шеттен келген 1 миллионға жуық қандастар арасынан депутаттық мандат беруді сұраған Үндеулер әртүрлі баспасөзде жарияланып жатыр. Қоғамдық талқыға түскен бұл ұсыныстың астарында қандай мән бар? Тарихи маңызы не? Шеттен келген және болашақта келетін қандастарымыз үшін бұл ұсыныстың қандай пайдалы тұсы бар? Біз осы сұрақтар төңірегінде ой қорытуды құп көрдік.
Біріншіден, шетелден қазақтарды жинау – елдің егемендігін нығайту үшін негізгі ұлттың саны басым болуы тиіс екендігін ерте аңдаған Елбасының бастамасы. Міне, 25 жылдың ішінде 1 миллион қандасымыз көш артып, елге жетті. Олар Тәуелсіздік тұсындағы қиын күндерді де, мерейлі сәттерді де атамекеніндегі халықпен бірге өткеріп келеді. Осында көшіп келіп, өсіп-өнді, қоғамның әр саласында еңбек етті.
Жуырда «Көші-қон туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар еніп, Президент қол қойды. Бұл заңның қабылдануы ұзаққа созылды. Себебі, сырттан келетін көштің алдында қандай кедергілер тұрғанын заң шығарушы органдардың, тікелей көші-қонмен айналысатын мекемелердің өздері де жіті білмей, шатасып келгенін қандастар арасынан шыққан белсенді топ дәлелдеп, жаңа заңның толымды болуына үлес қосты. Енді, Алла бұйырса, көштің екінші толқыны басталады деген зор үміт бар. Демек, шетте жүрген 5 миллион қазақтың ішінде Отанына үлес қосуды армандайтын, осында түтін түтетуді, еңбек етуді бақыт санайтын азаматтар шоғыры әлі-ақ елге келіп, халық санын арттыра түседі. Олардың осы елмен үйлесіп, жергілікті жұртпен бітеқайнасып, бірге өмір сүруі үшін шеттен келер ағайынның да, осындағы ел ахуалын да жақсы білетін азаматтардың Парламент қабырғасында отыруы – бүгінгі күн талабы.
Мұндай ұсыныс жайдан-жай шығып отырмағаны белгілі. Өзінің негізгі ұлтын шақырып отырған Израиль, Германия елдерінде шеттен келген қандастарына түрлі саланың негізгі қызметтерін сеніп тапсыру үрдісі бұрыннан бар. Бұл елдерде шеттен оралғандар суырылып шығып, министр, депутат мандатын алып, өз мүдделерін ғана емес, жалпы отандастарының мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүр. Біздің де сырттан келген ағайындарымыздың ішінде қандай қызмет берсе де, алып кетуге қауқары жететін білікті азаматтар баршылық. Олардың биік мінберден көрінуі – алыстағы ағайынға демеу. Сырттан бақылап отырған саяси топтар үшін де ұлтымыздың беделін арттыра түсетін жақсы үрдіс.
Үшіншіден, қандастарымыз арасында ұлттық мүдде, мемлекеттік мақсат үшін жандарын қиюға даяр патриот жастар көп. Олар Елбасы саясатына қалтқысыз сенеді, өздерінің білімін ел дамуы үшін жұмсауды көксейді. Егер қандастарымыздың арасынан бірер депутат шықса, бұл отаншыл жастардың жігерін қайрап, алыстағы ағайындарының тезірек елге келулеріне себепші болады. Көш тоқтамаса, қазақ көбейсе, еңбексүйгіш халық саны артса, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз!
Біз осы мәселе жөнінде қоғамға белгілі тұлғалар мен саясаттанушы, қоғам қайраткерлерінің пікірін ұсынып отырмыз. Ортақ уәж – ортақ мәміле. ҚР Президенті Әкімшілігі, Үкімет, «Нұр Отан» партиясының басшылығы газетімізге жарияланған пікірлерді жіті саралап, оңды шешім қабылдар деген үміттеміз.
Әділ АХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері:
Партия басшыларына байланысты...
– Мен мәжіліс депутаттығына шеттен келген қандастардың ішінен білімді де білікті, шеттегі қазақтың да, еліміздің де жағдайымен жіті таныс азаматтардың өтуін қолдаймын. Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы саясатының негізгі бөлігінің бірі – көші-қон саясаты. Жаңадан егемендік алған елге сырттағы қандастарын шақыруға ұран тастап, «құйылсын көшің» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдары шеттен келген қандастарын бауырға басып, елдің уығын бірге қадасуларын сұрап, желеп-жебеп келді. Сондықтан, бұл мәселеге біздегі тиісті органдар, партиялар енжар қарамайды деп ойлаймын.
Ең әуелі, халықтың қолдауына ие болып жүрген «Нұр Отан» партиясы өзінің үміткерлерінің тізіміне сырттан келген ағайындардың ішінен іріктеп, елдің жөнін, жұрттың жағдайын білетін азаматтарды қосады ғой деген сенімім бар. Менің білуімше, сырттан келген ағайындардың зиялыларының бірсыпырасы осы партияның құрамында. Және бізде партиялық тізім бойынша бірнеше партия депутаттық мандаттан орын алу үшін таласатынын ескерсек, онда өзге партияларда құрамына қандастардан үміткерлерді енгізуге құқылы.
Бұл жерде бір нәрсені естен шығармаған дұрыс. Қазақстан республикасының азаматтығын алған кез келген қазақ «оралман» мәртебесінен айырылады, оның құқы барша қазақстандықтармен тең. Олар партиялық тізімге еніп, өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, депутат болуына мүмкіндік бар, ешкім кері итермейді. Тек партия тізгінін қолға алып отырған азаматтарға байланысты.
Өз басым, Тәуелсіздігіміздің еңселі, іргеміздің берік болуы үшін бар қазақтың бір-бірімен жұмыла жұмыс істеп, кез келген салада ынтымақта болуын тілеймін.
Дулат ИСАБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы:
ОСК ойланар сәт туды
– Қазіргі заң бойынша жекелеген адамдардың ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына қатыса алмайтыны белгілі. Сондықтан еліміздегі қандастардың мүддесін көздеп, ақпарат құралдарында ой-пікірін ашық айтып жүрген азаматтардың бірден сайлауға түсіп, депутаттық мандатқа ие болуы өте қиын. Алайда, елімізде тіркелген партиялардың қатарында депутат атануға кез келген Қазақстан азаматының толық құқы бар. Осы тұрғыдан алғанда Атажұртына "оралман" мәртебесімен келген азаматтардың қоғамдық-саяси өмірімізде белсенділік таныта бастауын табиғи құбылыс деп есептеймін.
Меніңше, бұл сайлау қарсаңында көтерілген ет пен терінің арасындағы желік болмауы керек. Мұндай мақсатқа бел буып, білек сыбана кіріскен азаматтар ең алдымен еліміздегі саяси партияларға мүше болып, саяси ұйымның тұғырнамасына оралмандар мәселесін көтеретіндерін ашық көрсетуі тиіс. Бұл іспен жүйелі түрде айналысып, оң нәтижеге қол жеткізулері керек.
Сайлауда жеңіске жеткен саяси ұйымдардың тізімі бойынша ұсынған кандидаттарын Орталық сайлау комиссиясы жан-жақты қарастыратыны жасырын емес. Ал мұндай сыннан кез келген кандидаттың сүрінбей өтуі қиын. ОСК-нің өзі де ойланып, оңды шешім қабылдауы керек. Шеттен келген ағайынның мәселесін көтеріп жүрген азаматтар осы жағын да ойласып, білікті кандидаттарын дайындағандары жөн.
Сонымен қатар, бір-екі азаматты Мәжіліске өткізіп, қандастарымыздың мәселесі түбегейлі шешіледі дегенге өз басым сене алмаймын. Дегенмен де, билік басына шетелдерден көшіп келген азматтардың тартылуын саяси өмірімізде маңызды құбылыс деп бағалауымыз керек. Бұл мәселе билік басындағы азаматтарды ойлантуы тиіс. Олардың мол іс-тәжірибесін мемлекет мүддесіне тиімді пайдаланған абзал.
Бүгінде шеттен келген қандастарымыздың арасында ел мүддесіне қатысты жайттарды ашық айтып жүрген азаматтар бар. Олардың саяси көзқарасы, ой-пайымы толықтай жетілген. Мұндай азаматтарды мемлекеттік қызметке тартып, оралмандардың әлеуметтік мәселелерін оң бағытта шешуге күш салу – бүгінгі күннің талабы.
Өз басым соңғы уақыттары ҚР азаматтығын алған бауырларымның саяси белсенді әрекетке көшкенін көріп, құптап жүрмін. Сырттан келген қандастарымыз сын сағатта оралмандардың мәселесінен бөлек, ұлт мүддесіне қатысты кез келген талқылауға түскенде табандылық танытарына сенімдімін. Бұл тұрғыдан алғанда, белсенді азаматтар осыған дейін Мәжілістегі жайлы креслода отырып, билікке айбат шеккен кейбір депутаттардан артық еңбек етеді деп кесіп айта аламын. Сол себепті, сырттан келген қандастарымыздың депутаттық мандатқа қол жеткізуге талпынуын орынды іс деп есептеймін.
Жүрсін ЕРМАН, ақын, қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:
Бір ауылдан бір ауылға көшудің де машақаты көп...
Байқап жүрмін, қазір қазақ баспасөзінде, әлеуметтік желілерде «Қазақстан Парламентіне оралмандардың өкілдерін кіргізу қажет» деген бастама қызу талқыланып жатыр.
Әрине, бұл бастаманы құп көргенімен, оның мәнін, мақсатын түсінбей жатқандар бар. «Онсызда жүз-жүзге, ру-руға бөлініп болған қазақты енді іштегі қазақ, сырттан келген қазақ деп бөлудің қажеті қанша?» дейді ондайлар. Иә, бір қарағанда, бұл да жөн шығар. Бірақ, шын мәнісінде олай емес.
Тәуелсіздік алғалы аумалы-төкпелі заманда туған жерін тастап, бөтен ел, бөгде жерге көшуге мәжбүр болған қандастарды Қазақстанға қайтару қарқынды жүрді, негізі. Көш басталғалы бері Қазақстанға 1 млн-ға жуық қазақ келген екен. Бұл 1 млн біздің жердегі халықтың кеміндегі 7-8 пайызы. Демек, оралмандардың мүддесін қорғап, олардың мәселесін Мәжіліс мінберінен көтеретін адам, былайша айтқанда, өкіл керек. Себебі, қандастарымызға қатысты қордаланған, әлі күнге шешімін таппаған проблемалар шашетектен.
Қазіргі күні бір ауылдан бір ауылға көшсең де белгілі бір мәселелермен бетпе-бет келесің. Ал бір елден бір елге көшкен адамның жайы бұдан да ауыр. Отаның болса да алдымен орнығу, ортаға сіңісу, жұмыс табу қажет. Азаматтық алу, баспана алудың машақаты өз алдына. Бұлар басқа уақытта емес, дәл осы уақытта шешілуі керек. Бірақ, осы мәселелер жоғарыға жетпесе, мұны жоғарыдан айтатын адам болмаса, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады. Бұлардың шешілмей жатқанын халық көріп-біліп отыр...
Меніңше, қандастарымызға Мәжілістен бір емес, бірнеше орын берілуі керек. Жалғыздың үні шықпайды, себебі. Сырттан келген ағайындардың арасында білікті мамандар, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары бар. Кәсіпкерлер де келіп жатыр. Бұлар – елге сөзін өткізе алатын беделді азаматтар. Өз басым осы ұсынысты қолдаймын.
Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Қауымдастық араласуы керек
– Қоғамдық өмірімізде оралмандарға деген көзқарас өзгеруі керек. Оны өзгертудің жолдары көп. Бұл ретте сырттан келген ағайындардың Парламентте және биліктің түрлі салаларында қызмет етуінің маңызы зор. Саналы ғұмырының жартысын атамекеннен жырақта өткізген адам елге келгеннен кейін түрлі жайттарға тап болып, мұндағы жағдайға тосырқай қарауы заңды. Сондықтан қоғамдық өмірімізде оралмандарға қатысты орын алған мәселелерді олардың өздерін араластырып шешуді орынды деп есептеймін. Дәл қазір қазақ қоғамында оралмандарға қатысты оң шешімін таппаған көптеген мәселелер бар. Сондықтан бұл мәселелерді сырттан келген ағайынның күшімен шешетін кез келді.
Біз күнделікті араласып жүрген ағайындардың мәселесін толық білмейміз. Өз басым оралмандар мәселесін толық білемін деп айтпас едім. Ал қоғамдық өмірімізде қандастардың әлеуметтік мәселесі, квота алуына қатысты түйткілді дүниелер бар екені жасырын емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда оралмандардың әлеуметтік мәселесін реттеуді атқарушы билікке қадап тұрып тапсырды. Алдағы уақытта өзекті дүниелер оң шешімін табатынына сенімдімін.
Енді оралмандардың өкілі депутат болуы тиіс пе деген мәселеге келсек, өз басым бұны қолдаймын.
Бүгінде арамызда оралмандар мәселесін көтеріп, көпшілікке танылған азаматтар бар. Солардың бірі – Ауыт Мұқибек. Еліміздегі саяси жағдайға қанық басқа да азаматтар баршылық. Алдағы Парламент сайлауында осындай белсенді азаматтар еліміздегі саяси партиялар атынан депутаттық мандатқа ие болуы тиіс.
Жалпы, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде оралмандардың сойылын соғатын партия құрудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы еліміздегі халық мүддесін көздейтін үлкен саяси ұйымға айналғаны баршаға мәлім. Партияның көтеріп, қозғап жүрген мәселелері ауқымды. Сондықтан еліміздегі белсенді оралмандар «Нұр Отанның» маңайына топтасып, өздерінің мақсаттарына қол жеткізуі керек.
Меніңше, бұл іске оралмандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бастамашы болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары қауымдастықты марқұм Қалдарбек Найманбаев басқарып тұрғанда белсенді түрде жұмыс істеді. Ал кейіннен Талғат Мамашев келгеннен кейін ұйым жұмысын саябырсытып алғаны жасырын емес. Сондықтан Талғат мырза қауымдастықтың жұмысын жастарға тапсыруы қажет. Керек десеңіз, қауымдастықтың басшылық жұмысына оралмандар арасынан белсенді бір азаматты тартуға болады. Осылайша, қандастарымыз қауымдастықтың жұмысын жандандырып, «Нұр Отан» партиясымен арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, заң шығарушы органға өтудің жолдарын қарастыруы керек. Тіпті, еліміздегі саяси партиялардың арасында белсенді жұмыс істеп жүрген қандастарымыз да болуы мүмкін ғой. Партия басшылары алдағы уақытта солардың халықтың алдына шығуына мән берсе игі.
Біз оралмандардың депутаттық мандатқа ие болуын бірлігімізді нығайтудың бір көрінісі деп қабылдауымыз керек. Тәуелсіздік жылдары ондаған мың қандасымызды елге шақырдық. Олардың арасында өз ісін жетік білетін түрлі саланың білікті мамандары жетіп артылады. Билік оларды статистикалық көрсеткішті жақсарту үшін елге шақырғаны анық. Бүгінде олардың білімі мен білігін тәуелсіз еліміздің саяси-экономикалық хал-ахуалын нығайтуға барынша пайдаланатын кез жетті деп есептеймін. Сондықтан ел мүддесі үшін жан аямай күресіп жүрген азаматтардың Мәжіліске өткенін қалаймын.
Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:
Қандастарымыздың даусы Парламент мінбесінен естілуі тиіс
Әрине, шетелдегі және өз Отанына оралған қандастарымыздың даусы парламент мінбесінен де естілуі тиіс! Бірақ біз бұл мәселенің екі аспектін ескеруіміз керек.
Біріншіден, бізде Парламент тек қана партиялық негізде құралады, яғни баяғыдай, бір мандаттық округтерден дербес депутаттарды сайлау деген атымен жоқ. Сондықтан да елге оралған отандастардың мұң-мұқтажын Парламентте жүріп айтқысы келетін кез келген үміткер белгілі бір саяси партияның тізімінде болуы шарт.
Екінші мәселе, қазіргі Қазақстанда қалыптасқан нақты саяси ахуалға келіп тіреледі. Бізде отандастардың нақты проблемаларын көтеру, оларға тиісті құқықтық мәртебе беру, жағдай жасау, олардың алуан түрлі мәселелерін мейлінше жария ету ісі атқарушы билік тарапынан қолдауға ие болып отырған жоқ! Сондықтан да дәл осы жайт болашақ Парламент құрамында отандастар туралы ашық айта алатын депутаттар бола ма, болмай ма деген сауалды анықтап отырады...
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Құлшынысқа қарай іс-әрекет керек
Жалпы, «оралмандар» деп айтпау керек. Айқындамасы дұрыс емес. «Қандастар» дейік. Бірінші, осы түсінікті өзгертсек. Қандастардың қаншама мәселесі шешілмей жатқанын көріп-біліп жүрміз. Қайталамай-ақ қояйын.
Қытайдан, Моңғолиядан, Түркиядан қоныс аударып келген қандастарымыздың саны 1 млн-ға жетіпті. Бірақ, әлі күнге дейін билік оларды «екінші сортты» санайтын сияқты ма, қалай? Иә, көпшілігі орыс тілін білмейді. Білмеуі де керек еді. Бірақ, Қазақстан – айыртілді ел. Амал жоқ... Осының кесірінен жұмысқа тұра алмайды. Ресми қызметке алмайды, оларды. Ұят па? Ұят. Осының өзі биліктің қандастардың мәселесіне атүсті қарайтындығын көрсетеді.
Қандастардың арасынан шыққан бірде-бір облыс әкімі, бірде-бір министр болмаса бірде-бір Парламент депутаты жоқ. Шындығында, мұның өзі жеткіліксіз. Бірақ, бір нәрседен бастау керек. Өйтпесе, болмайды. Бұл бастаманы қолдаймын.
Бастама жүзеге асса, болашақта тікелей қандастардың мәселесін шешетін, үйлестіретін министрлік құру керек. Мұны бұрын да айтқанмын. Бұл да – қажеттілік. Мұндай министрлік халқы репрессиядан жәбір көрген көптеген елдерде бар.
Жарайды, қандастардың бірнеше өкілі Парламентке өтті екен. Бірақ, бұдан оларға деген ресми көзқарас өзгере ме?
Сосын сайлау саяси партиялардың арасында өтеді. Жеке дара ешкім сайлауға түсе алмайды. Бұл үшін не істемек керек? Демек, Парламентке өткісі келген қандастарымыздың өкілі алдымен сол сайлауға қатысатын партияның мүшелігіне енуі қажет.
Бұл жағынан қандастарымыздың белсенділігі қандай? Құлшынысқа қарай іс-әрекет керек сияқты.
Өз басым Парламентке шын мәнісінде халықтың қамын ойлайтын азаматтар өтсе деймін. Себебі, қандастардың арасында, жалпы қазақ ұлтының мәселесіне бей-жай қарамайтын ұлтжанды азаматтар өте көп. Олар қазақты бөлмейді. Іштегі қазақ та, сырттан келген қазақ та бірдей олар үшін. Мұндай азаматтар Мәжіліске өтсе, ұтылмаймыз.
"Қала мен дала" газеті
Abai.kz