ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ. ТАТЫР МЕН ҮРПЕК АРАСЫ
(тарихи ӨЛЕҢ –хикаят)
Сценарийін Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, В. Иванов жазған "Амангелді" фильмінен көрініс.
1-хикаят
1916-жылғы Ақ патшаның «қазақтан соғысқа адам алу туралы» июнь Жарлығы шыққаннан кейін, Амангелді Иманов бастаған көтеріліс елдің жаппай қолдауына ие болған еді. Міне, сол Ұлт азаттық көтерілісінің басталғанына 100 жыл. Қазақ тарихындағы осы атаулы жылға орай мен «Татыр мен Үрпек арасы» атты тарихи өлең хикаят жаздым. Бұл өлең -хикаяттың басқалар жазған өлең, жырлардан ерекшелігі- Амангелді сарбаздарының Ақ патшаның жазалаушы отрядтарымен айқасқан, шайқас өткен жерлерді қысқа, әрі нұсқа сипаттап, бейнелеп баянмен көрсеткендігім. Амангелді сарбаздарының алғашқы айқасы өткен жер «Татыр» көлінің маңы. Тарихта ол «Татыр шайқасы» деген атпен белгілі.Торғай көтерілісшілерін басу үшін жазалаушы отряд Қостанайдан Қызбел арқылы Торғайға бет алады. А.Иманов бастаған көтерілісшілер патша әскері «Қызбелден бері өтті» деген хабарды естіп, оларды Татыр көлінде күтеді.
ҚЫЗБЕЛ
=======
Қызбелім -Қостанайдан орта жолда,
Бел- белестен асасың алда жалда.
Қыземшек екі төбе түсер көзге,
Жанында тұр ескерткіштей, Ерім қобда.
Шым- шым етіп ағып жатқан тас бұлағы,
Қандырар ед шөліңді ұзақ жолда.
Қызбелден жол асады Торғайыма,
Бозторғайы жетімсіреп шырылдай ма,
Алаштың ұран салған даласы еді,
Ақ шаңдақ жол тарихымның талайы ма!
2-ХИКАЯТ
Қызбелден Ақ патшаның жазалаушы отрядтары қазіргі Албарбөгет ауылына таянғанда, Амангелдінің екі мыңға жуық сарбазы Татыр көлінің қопасында жасырынып, жауды күтіп тұрған...
Татыр
=======
Татырым жарқыраған айдынды еді,
Жағасы тұмсық батпас қоғалы еді.
Амангелді, Кейкі батыр бастаған ер,
Жауды күтіп қопада жатыр еді.
Төбеден бір топ әскер шыға келді,
Мергендердің көздегені осы ау еді.
Қос мерген шүріппені басқан кезде,
Бірнеше ат адамынсыз шаба берді.
Қопа өртеніп, бір шайқас басталғанды,
Патша әскері шыққандай ед тас талқаны,
Жаудың бетін қайтарған, ер сарбаздар,
Қырға қарай бет алды, бас қалқаны.
3-ХИКАЯТ
Жақсы қаруланған жазалаушы отряд (зеңбіректері, пулеметтері бар) Амангелдінің сарбаздарынан біршама қарсылық көріп, оншақты адамына айрылғаннан кейін, Торғайға қарай бет алыстары бәсеңдеді. Жолда Шұбалаңға соғып, елге зорлық зомбылық жасаған.
ШҰБАЛАҢ
=========
Шұбалаң жері -шұбар көк,
Жанында өзен ақ ирек.
Шұбалаңда туған Мерген көп,
Айқаста туған Ерлер көп.
Алмас қылышы жарқылдап,
Мыңбасы болған Сейдахмет.
«Амангелдіге жақын» деп,
Қуғын көрген Хакімбек.
Шұбалаң ауылы мазасыз,
Қырғында болған мұнда көп...
Шешен де мұнда туған жер,
Ақын да мұнда туған жер.
Бәйгеде озған Сұлтан көк!
4-ХИКАЯТ
Ақ патшаның жазалаушы отрядының 140 қарулы жауынгері бар, Сужарған, Шұбалаңды басып өтіп, Торғай гарнизонына қосылған. Амангелді Иманов шамамен он мың сарбазбен қазіргі Көкалат ауылы жағынан, Торғай өзенінің арғы бетіндегі Торғай қаласына шабуылдамақ болып келеді. Бергі беттен Оспан ханның қарамағындағы сарбаздармен бір мезгілде Торғай қаласына шабуыл жасау үшін уағдаласады. А.Имановтың сарбаздары тұрған жер мен Торғай қаласының арасында өзен бар. Қаланың тұсында көпір бар. Көпірге қала гарнизонының солдаттарынан күзет қойылған. А.Имановтың сарбаздары осы көпірге шабуыл жасап, олардың көбі қалаға осы көпір арқылы үлкен шайқаспен өтеді. Кейбір сарбаздар өзеннен аттарымен жалдап өткен. Көтерілісшілердің шабуылы күнімен, түнімен болған, бірақ, қаланы ала алмаған. Менің «Көк көпір» атты шағын өлеңім, осы тарихи шайқасты еске түсіруга арналған.
КӨК КӨПІР
---------------
Көрінеді анадайдан көк көпір,
Ескерткіші ертегінің бұл көпір.
Торғайменен арғы бетке жол болған,
Жаяу, атты,арбада көп ағылған,
Тынбайтын еді бұл көпірден бір нөпір.
Сол көпірдің астында мен отырмын.
Тас лақтырып, қызық көріп кей кейде,
Ескі кезді еске алып жатырмын...
Қайран көпір, көк көпір, ескі көпір,
Ақ пен Сардар айқасып, жан берісіп,
Қан ағызып, таласқан ағаш көпір.
Солдаттарды қалдырып аяқ асты,
Сарбаздар өтті Торғайға апыр топыр.
Отқа оранды анадайда қарт Торғай,
Азаттық үшін көтерілді бар Торғай!
************
Су түбінде жатыр әне, винтовка,
Куәсі болған сонау кездің -қыл көпір!
Қарт Торғай, әне,
көк көпір міне, көк көпір!
5-ХИКАЯТ
Торғай қаласы үшін шайқастан кейін, көтерілісшілерді жазалау үшін, Қостанайдан бірнеше мәрте жазалаушы отрядтар шығарылған. Солардың екінші тобы «Оспан хан маңайындағы сарбаздарды құртамыз» деп Тосын бойына жорыққа шыққан. Ақ әскер Қазіргі Шеген, Қарғалы ауылын көктей жүреді. Тосын құмы бойындағы сарбаздармен бір айқас «Тоңқайма» деген жерде өтеді.
ТОҢҚАЙМА
==========
Тоңқайма Торғайдағы ерекше жер,
Шақырғандай анадайдан "мұнда" деп "кел!,
Еңкейген өзенге қарай бір жартасы,
Ыстықта аққандайын маңдайынан тер.
"Тоңқайма" тарихымда жазылған жер,
Аңыз ғып айтатын ед кезінде ел.
Амангелді,батырдың атой салып,
Ақ патшаның әскерімен айқасқан жер.
6-ХИКАЯТ
Ақшығанақ Ырғыз жерімен қолтықтасып жатқан жер. Көтерілісшілерді жазалаушы отряд осы Ырғыздан да келген. Сол жазалаушы жақсы қаруланған отрядпен көтерілісші сарбаздар Ақшығанақтада кездесіп, сұрапыл шайқас болған. Жазалаушылар ауылдағы барлық үйге өрт қойған екен.
АҚШЫҒАНАҚ- ҚАРСАҚБАСЫ
------------------------------------
Ақшығанақ мынау алда,
Анау тұрған Қарсақбасы,
Басында бар ма екен -ай, үйген тасы.
Ырғыздың ақ тақырдай жолы жатыр,
Жүрмеген адам бар ма, кіші жасы.
Иіріліп Торғай өзен жалғап жатыр,
Ақшығанақ Түйемойнақ екі арасы.
"Әу" деген сәлем жетсе, бір ауылдан,
Салт атпенен жетер еді ел баласы.
Торғай еді Алаштың бір қаласы,
Ақшығанақ -тарихтың бір жарасы.
Ақ пенен қазақтың кеп айқасқан,
Болып еді тірескен бір шайқасы.
7-ХИКАЯТ
Түйемойнақ Көртоғай 1916-жылғы көтерілісте айтулы тұлғаның бірі болған Оспан ханның қыстауы, әрі жайлауы болған. Жазалаушы отряд Көртоғай, Түйемойнақ ауылдарының тұрғындарын қатты жазалаған.
ТҮЙЕМОЙНАҚ
=============
Түйемойнақ -құдайдың берген жері,
Жылқыға құлын тайдың ерген жері.
Өзен мен Көшек таудың ортасында,
Тосынға ене бойлап кірген жері.
Түйемойнақ аңызға болған желі,
Хайролладай болған ед жыршы пері,
Әбіқай, Нұрхан, Жұмабай ақындары,
Небір шіркін асылдардың жүрген жері.
Түйемойнақ Тосынның ортасы еді,
Оспан хандай асылдың қонысы еді.
Бой бермеген жасанған ақ әскерге,
Сарбаздардың жасанған қосыны еді.
Кешегі бір тарихты еске салсам,
Ақ пен қызыл әскердің өткен жері.
Бейбіт жатқан елімді жәй қалдырмай,
Жанына жара салып өткен жері.
8-ХИКАЯТ
Көтерілісші сарбаздармен жазалаушы отрядтың арасындағы ең үлкен шайқастардың бірі Доғал -Үрпек шайқасы болды. Доғал мен Үрпек А.Имановтың сарбаздарының топталған жері еді.
ДОҒАЛ- ҮРПЕК
Доғал -Үрпек шайқасы,
Ақ пен Ерлердің айқасы.
Зеңбіректің гүрсілі,
Винтовканың дүрсілі,
Мылтықтардың түтіні,
Садақтардың зуылы,
Солдат пен сарбаз айқасып,
Қылыштардың шаңқылы,
Солдаттар болды кер қашқан,
Күркіреп кетті қара аспан.
Бәрі болды!
Жеңді бәрібір,сарбаздар,
Ерлік пен намыстан жаралған!
9-ХИКАЯТ
Аумағы Ырғыз,Ұлытау, Көкшетау, Қостанай аймақтарын қамтыған 1916-жылғы А.Иманов бастаған ұлт азаттық көтерілісін басуға келген генерал Лаврентьев пен подполковник Тургенев бастаған жазалаушы отрядтары жүріп өткен жолдарындағы Қызбел, Албарбөгет, Сужарған, Шұбалаң ауылдарындағы бейбіт жатқан елге адам айтқысыз зорлық зомбылық көрсетіп, кейбіреулерін жазықсыз атып кеткен.Ақ патша Ырғызға дейін салдырған телеграф бойындағы Шеген, Қарғалы, Тоңқайма, Түйемойнақ, Ақшығанақ қоныстарының тұрғындарында жазалап, қынадай қырған.
Қазіргі Амангелді ауданына қарасты Батпаққара, Доғал, Үрпек, Күйік, Ағаштыкөлде болған Амангелді Имановтың сарбаздарымен болған ірі шайқастардан кейін, жазалаушы отряд Қостанайға қайтып бара жатқан жолда кездескен ауылдарды өртеп, қарауылына іліккен адамдарды атып кетіп отырған.
Ақырында, Торғай жерінде басталған Ұлт азаттық көтерілісі 1917-жылы Ақ патшаның тақтан құлауына жалғасты.
Одан кейін атаман Дутовтың жасақтары Торғайға келді. Бұл тұста да Торғай елінің көрген қиыншылықтары мен азаптары айтатындай ақ болды...
16-жыл. Көтеріліс,
Сарбаздар,
Ерлік,
Сілкініс.
Ақ патшамен айқасқан,
Торғайда болды,
Серпіліс.
Ақ бандымен де айқасты ел,
Алаш келді бағыма,
Тәуелсіздік үшін шайқасты ел,
Ақыры болды қайырлы,
Мемлекет болдық Тәуелсіз!
10-хикаят СОҢҒЫ ІЛМЕК
(Амангелді сарбаздарының қаруын соққан, белгілі ұста Аяған туралы сөз)
А.Иманов бастаған көтеріліске кемінде отыз мыңдай сарбаз қатысқан.Көтеріліске қатысушылар сайлаған Абдіғапар хан мен Оспан хан сарбаздарды азық түлікпен қамтамасыз етуді Торғай, Батпаққара аймақтарындағы болыстықтарға міндеттеген. Көтерілісшілерде шамамен екі жүздей винтовка, қолдан жасалған мылтық, қылыш, найза мен бірге садақ та болған. Амангелді арнаулы қару соғатын ұстаханалар ашқан. Сол ұсталардың бірі Амангелдінің өз ағасы Бектепберген мен Аяған деген кісі болған.Аяған жасаған мылтық қысқа ұңғылы, шағын құндақты деуші еді. Аяғанның соққан мылтығы Арқалық қаласындағы Торғай облыстық мұражайында болған. Аяған ұстаны мен Ақшығанақта көрдім. Менің әкем маған арнатып, мүйіз сапты күміс пышақ соқтырып алып еді. Сол керемет күміс пышақ әлі бар...
АЯҒАН ҰСТА
Қоңыр үйлер,
Көтерілісшілердің ордасы.
Кіріп шыққан жұрттың бәрі әбігер,
Жақын екен үйлердің тіпті арасы.
Шаң шұқ еткен
шығады дауыс бір қостан,
Ап, құдайым,
екі ұстаны бір қосқан,
Бектепберген, Аяғандай ұлы ұста,
Өнерлері ел мақтаған, ең асқан!
Алмас қылыш соққан еді осылар,
Мергендерге мылтық соққан осылар!
Амангелді, Кейкі мерген атқанда,
Кез келген жау, анадайдан, тосылар!
16-ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІСТІҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
(ҚОСЫМША СӨЗ)
11-хикаят
1916-ЖЫЛҒА ДЕЙІН ДЕ Торғай жерінде отаршылдыққа қарсы ел есінде қалған жеке наразылықтар болып тұрды.
Соның бірі 1885-жылы Қарғалыда Тосын болысында ел жиналған үлкен жиында болған. Сол жиында Ақөл болыстығын құру туралы ұсыныс айтқан Байтұрсынға ояз Яковлев жекіп, ұрысқан. Оны Байтұрсын Шошақұлы көтере алмай, оязды қамшысымен сабап жіберген. Сол үшін Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ Сібірге 17 жылға айдалған. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы небәрі он үш жаста еді...
ҚАРҒАЛЫ
Қарғалы жиделі байсын, тоғайлы еді,
Суы терең, жағасы қоғалы еді.
Ақкөлден Торғайға өтер өткелі бар,
Тосынның берекелі ортасы еді.
Елі үшін ерлерімнің айқасқан жер,
Бел шешіп,орыстармен шайқасқан жер,
Ақтас пен Байтұрсынның беті қайтпай,
Оязды қамшымен сабаған жер!
ТАҒЫ ДА БІР НАРАЗЫЛЫҚ
12-ХИКАЯТ
1911-жылы Торғай қаласындағы базардың қызған кезінде төбелес болып, соны арашалауға келген бір жандарм дөрекілік көрсетіп, жұртқа қамшы сілтеген. Сол жерде казак солдаты қаза болып, арты шуға айналған. Қылмыстық іс қозғалып, ақырында көзі ашық азамат Хакімбек Токин, Омар Тынымов сотталған. Амангелді Имановта осы қылмыстық іс бойынша күдіктілер қатарына ілінген. Бірақ, «Амангелді төбелес кезінде болмады» деген куәлер болған.
Кейін, 1916-жылы Торғай көтерілісі кезінде Хакімбек Токинде, Омар Тынымовта Амангелді Имановтың қасынан табылды.
ТОРҒАЙДАҒЫ ТӨБЕЛЕС
Торғайда үлкен, мал базар,
Қатарлы дүкен, сан базар.
Қиқу да шу, жаңғырық,
Саудаға түскен жан салар.
Қиқу да шу, төбелес,
Әр жерден шыққан бір егес.
Жандарм үйіріп, қамшысын,
Айқайлы болды бір тірес.
Ақыры өліп, бір солдат,
Жұрт жинады сонда ес.
Хакімбек жүрді кісенде,
Омар айдалды Сібірге,
Өтті тарих, сондай кез...
Abai.kz