Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Әдебиет 5789 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 11:14

ҒАЛЫМ-ТАКСИСТ


Әңгіме 

Білдей ұлттық унверситеттің оқытушысы Алмас амалсыз жетпеген ақшаны жеткізу үшін такси болуға кешкі тамағын ішіп, ымырт жабыла үйден шықты. Жайшылқта жолда қол созып тұрған адамдарға қарамайтын профоссордың беті аз қызарды, ақша деген осы бір жетпейтін дүниені кім шығарды екен деп көлігінде көлдей ойдың ортасында келеді, сансыз ғылыми мақала мен он екі кітаптың авторымын, мына жүрісім не деп өзінде өзгелерді де жек көрді.

Жазған кітабаңды тегін шығарып бердік деп көк тиын төлемей, өздері сататын баспахана мен жазған әр мақалаңа өзінен ақша сұрайтын журналдар  есіне түсті, ғылымды қор, ғалымды қайыршы жасаған өз ортасына налыды, тапқаны тамағына бірде жетіп, бірде жетпей, қалт-құлт етіп көтерем күйде өмір сүретін ғалымдардың  күні осы дейді өзіне-өзі, басында саудаға кету керек еді, анау ұйғырдың балалары сияқты деп өзін одан сайын сыбап келеді. Қырсыққанда соңғы екі жылдан бері айлықтарын да уағында бермей бір айлықты бір айлықтың уағында беретінді шығарды...

Жол шетінде бала көтерген келіншек қол созып тұр, бала мінген көлікті көрсе қырғидай тиетін жол сақшыларының әңгімесінен хабары бар ол зулап өте шықты.

Алмастың әйелі айлық алған сайын, өтірік жоспарлар құрып болмашыдан ұрыс шығарып, отбасының шырқын бұзады, соны ойлағанда  адам алғысы келмей,  үйіне қайтқысы келді, қара домалағының есіктен кірісіне еңіреп жылағаны есіне түскенде, келесі адамды қалай болса да алуға бекінді, бір қыз бен бір жігіт жол тосып тұр, дереу тоқтай қалды.

 – Қайда?

Қалаға.

Қандай мекен-жайға.

Бірінші Алматы темір жол бекетіне.

Қою қараңғы түн барған сайын түнеріп, белгісіз бір бұлдыр елестер көліктің алдында бұлдыраңдай шабады, апақ-сапақта перілер көшеді деген сөз есіне келді, өне бойы дір етіп көлігінің терезесін қымтап жапты. Күрделі жасау тұрмақ, жамау көрмегеніне көп жыл болған тесік жолдан, ары қашса да, бері қашса да әйтеу зырқ-зырқ етіп бір түсіп бір шығып келеді. Қарсы келе жатқандардың жарығы көлікке түскенде ғана жаңағы қыз бен жігіт тілін бір бірінің аузына тығып жабысып отырғанын көрді, тіпті тас болып қатыпты, құшырланып ыңыранады, не  істерін білмеген Алмас тежегішін сәл басып барып, қайта зулатты, бірдеме деуге тіл жоқ, балталасаң ажырата алмайтын батысқа еліктеген жастыр ғой дейді ішінен, дода додасы шыққан екеуі сасып көліктен түсті, вокзал, тізілген таксилер жүнін жейді, шулаған жүргізушілер жаңағы қыз-жігітті қоршап қайда барасыңдар десе, кеудесіне квартира деп жазып алған орыс кемпірлер де жақындады оларға, батыстан шығысқа салынған еңселі құрлыстың еңсесі түсіп тұр, қайыр сұраған апалар алақан жаяды, темекісін сала құлаштап тартқан қыз-жігіттер топ-топ болып жаңа жылдың құрметіне қарашада қолдан жалған самырсынның төңірегінде кісінеген жылқыдай шұрқырасады, вокзал іші сірескен адамдар шоғыры, біреуі қалғып-мүлгіп отырса, біреуі қолфонын шұқып шұқияды, енді бірі көрінгенге қарап тесіледі, сырттағы бүгіннің соңғы автобустары бебеулеп сигнал беріп түтінін будақтата жылжып барады, дүңгіршіктегі тышқан аралаған еттен «самса» сатқан жасамыс әйелдер мен қолфоныңа ақша құйғыш қатындар саған қиыла қарайды, адал-арамына қараған жүргіншілер жоқ, аузына түскен асты асап тұр.

Қаладан алысқа жол тартқан жолаушылар пойызы да екінші вокзалдан бірінші вокзалға келіп тоқтай қалды, жарыққа үймелеген көбелектей шелектерін көтерген  алмұрт пен алма сатқыштар ыдысының аузына ғана алмасын тізіп бетіне таудай етіп үйіп аларманды алуға асықтырады, салапанға салғанда ғана оның ойлағанынан аз екенін байқағандар асығып, одан қалса жол амандығын тілеп «садақа» деп кете барады, отарба алысқа ұзап кеткенше артынан жүгіре сататын сан түрлі сатқыштар терезеден қолын ала алмай біразға дейін зулап барады.  Шыңғырып алыстан алпауыт отарба келіп тоқтады, асылын күткен адамдар вагон есіктеріне жетім қозыдай тырағайлап шауып барады, жүндері жидіп ұзақ жолдан келген жолаушылар аспай-саспай түсіп келеді, сумкаларын сүйреген сапырылысқан сан жолаушы түнелдің астында жөңкілген топан судай ақтарылып қалаға шықты, есіктен шыға жаңағы карта ойнаға таксистер жап-тармағай лап қойып: «такси, такси, горад, горад» деп безектейді, тіпті адамдарды шеңгелдеп ұстайды, енді бірі жүгіне жармасып жарбақтап затын сүйресіп келеді, жасамыс шыршаның түбіндегі күзгі суықты елемейтін ашық төс, жалтыр сан қыздар мен мұрны тесік, құлағы кесік жігіттер темекісін аспандатып әлі тұр. Алмасақа да біреу тиді жаңағы қара нөпір жолаушыдан, артынып-тартынған жүгі бар Оралдан келген орыс кемпір, «дәукес, заңкес» деп таксистер қашса керек, ешкім алмапты, қолында жазылған әдірісті ғалым таксистке ұстатты, «ул.Ши Шиңхай, дом №2, кв 58» деп жазылыпты, ақырындап  Сейфулин даңғылымен көтеріліп келе жатып бағдаршамда тосылғанда тездетіп қала картасын ашып Алматыдағы Қытай көшесін көріп үлгірді Алмас. Көше шырақтары сығарайып сараң жанады, жол бойында тән саудасы қызып тұр, жүйткіген көліктер жол жиегіне келіп отқа түскен көбелектей тоқтайды, темекісін ширатқан, ұзын сирақ, жалтыр сан бойжеткендер шыр айналып көлік терезесіне жармасады, ауылдан келген туысына қарамайтын ғалым Алмас тауға қарай өрлеп, орыс апасын алып барады, бір екі жерде тоқтап, жолаушы алуға ниет етіп еді, әмені алып келе жатырсың ғой, адам алма" деп тамағын қырнай қырқылдаған әженің жалғыз өзін жетер жеріне жеткізді. Еңіске кері айналып құлдағанда сағат тілі ел жатар мезгілді көрсетті, күні бойы көп қағазбен жұмыс жасайтын ғалымның қашан ұйықтары белгісіз, түнгі жүргіншілер дерлік Сейфулин даңғылына қарай бағыттай берді, көшенің екі жағындада әлі қыз саудасы, қала амандығын бақылайтын сақшылар қыздарды өтірік қуған болып қояды, жолдан аз алыстаған салдақылар қайтадан өз орындарына келеді. Алматты енді вокзал маңынан екі алпамса жігіт тоқтатты, «Саяхатқа» деген олар аз жүрген соң пышақ шығарып бізді Жаркентке апарасың, болмаса басқаша сөйлесеміз» деп зәресін алды, тісі-тісіне тие қалшылдаған ғалым Алмас бас изектеді, қаладан шыққан бұлар қараңғы түнді жарып ұшып келеді, таусылмас жолдар алдына түсіп қашып келеді, оны қуған ғалым тасистің көзі бақырайып ұйқысы шайдай ашылып гулеп келеді, артындағы екі қарақшы қақиып қоқиланып қояды, жол жиегіндегі тал-теректер түн жарымда «құйын» болып бара жатқан бұл кім дегендей шошына қарайды, бір кезде бұлардың алдын түлкі кесіп өте шықты. Бұндайда миға маза бермейтін шайтандарда «уәс-уәса» салудан қорқатын сияқты басында ештеңе келген  жоқ,  бұлар жер бетіне жарық бағыштап, адамзатты қараңғылықтан құтқаратын жұлдыздай ағып келеді, алыстан өлез жарық жақындап жандарынан гу етіп өтті, оның неге асығып бара жатқанын білген жан жоқ, жолдан тасбақаны көрді. Алмас, газын аз азайтты, періштелер жақындады ма? Алмастың денесі сәл жылынды, Байсейіт ауылына келді, қара кешке дейін қақпалары ашық тұратын ұйғыр ағайындар түнде есіктерін жапса да тамақханасын  жаппапты, тамақтануға тоқтатты, әбден шегелеген жігіттер Алмасты да алдарына салып «Шырынгүл» кафесіне айдап кірді,  даяшыларда тезден тапсырыс алды,  артынша бір құмыра ащы су мен бір тақсы салат стол үстіне қоқия қалды, іргелес столда бөгіп отырған бұйра шашты, екі мұртты, екі мұртсыз төрт жігіттің біреуі темекісінің тұқылын бұларға қарай аспандата шертіп жіберді.

Ей шоқайлар шіренбеңдер, деген екі жігітке төртеуі қоңқыбай маңқа қазақтар деп лап қойды, «топалаңда тоқаш ұрлағандай» ғалым Алмас қазақтығына да, басқасы да «адырам қал» деп далаға безді...

Нұрхалық Абдурақын

Abai.kz

0 пікір