РЕСЕЙЛІК АРНА, ҚАЗАҚТЫ ОТҚА ИТЕРМЕ!
ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!
«Cасқан үйрек артымен жүзеді» деуші еді қазақ. Жер мәселесіне қатысты алаңға шыққан қалың бұқараны «АҚШ-тың долларына бола Отанын сатқандар» деп айыптаған «Евразия» арнасы сол сасқан үйректің кебін киіп, тағы да шулы сюжет көрсетті. Бұл енді, айтып сөзбен жеткізе алмайтын – арандату. Басқаны қайдам, біз солай ойлаймыз.
Әрине, Қазақстанда сөз еркіндігі бар. Бірақ, сөз еркіндігі деген осы екен деп ойдан ақпарат туғызып, өтірік видео түсіріп, оны арна арқылы алақайлап тарату ақталудың төте жолы емес екенін Евразия арнасы жақсы білсе керек. Мұндай күмәнді 5-6 секунттық видео атышулы арнаның күнәсін жуып-шая алмайтыны бесенеден белгілі. Сонда, бұл сенсация не үшін жасалды? Шама шарқымызша, талдап көрейік.
(тікелей эфирде екінші рет хабар таратып отырған журналистер)
Алдымен видеоның жалғандығын неден байқауға болатынын айтайық.
Біріншіден, бұл видео сағат он бір, он екінің шамасында түсірілген. Аспаннан түскен күннің сәулесі мен адамдардың көлеңкесіне қараңыз. Күннің шығыс қапталда тұрғанын аңғарасыз. Яғни, түске дейінгі мезгіл. Алаңға шыққан барлық облыстардағы митинг түстен кейін болғанын ескерсек, осы бір дәлел-ақ, Еуразия арнасының пиғылын тас талқан етер еді.
Екіншіден, мұндағы адамдардың арасы тым алшақ, мыңдаған халық жиналған алаңға ұқсамайды. Егер де митинг кезіндегі видео болса, осы бір тұстың адамдары сирек болды дегеннің өзінде өзгелердің көлеңкесі видеодан көрінуге тиіс болатын.
Үшіншіден, видео-таспа монтаждалған. Қалған бөлігі қайда? Арна неге көрсетпей отыр?.
Қараңыз, алдымен ақсұр шалбарлы, шақпақ көйлекті жігітті сыртынан түсірілген. Сосын лезде оң жаққа ойысқан камера әп сәтте әлгі ақсұр шалбарлының дәл үстінен төніп тұра қалады. Мұндай шапшаң аппараттың әлемде жоқ екені белгілі. Бұл монтаждалғанның дәлелі дей тұралық.
Мұнан кейін шынтағы ғана көрінген сол ақсұр шалбарлы, шақпақ көйлекті жігіт қалтасына бүктелген ақша салып жатқаны байқалады. Сосын басқа жігіт қалтасына долларды салып тұрғаны беріледі. Таспаны түсіруші қайтадан ақсұр шалбарлы жігітке оралады. Қызығы ол бұл жолы бүктелген долларды жазып жатады. Оның артынша, сол баяғы ақсұр шалбарды артқы жағынан көрсетіп, бүктелмеген бір бумма доллардың қалтада тұрғанын көрсетеді. Сонда бұл жігіт бүктелген, умаждалған ақшаны таратып, бүктелмегенін «мынаны көрдіңдер ме?» дегендей артқы қалтасына салып қойған ба?
Ақыл есі түзу адам «көк қағазды» артқы қалтаға бір бөлігін шығарып салып қоймайтыны белгілі.
Төртіншіден, «Евразия» арнасы әдейілеп тұрып адамдардың жүзін көрсетпеген. Әйтпесе, мыңдаған адам жиналған митингте тым құрыса бір адамның жүзі анық көрінбей қалуы мүмкін емес.
Бесіншіден, ақша таратып тұрғандар мен алып жатқан адамдар мылқау ма? Неге анық сөйлемейді? Таспа өте жақыннан түсірілгендіктен олардың сыбырлап сөйлегені де естілуі тиіс. Керісінше, ту сырттан «мына кісіге ұқсап тұр» деген әйелдің үні ғана анық естіледі. Таспаның соңғы жағында «всем, привет» деген қыздың даусы жүр. Бұл алаңға шыққан адамның емес, өз әріптестерімен амандасып өтіп бара жатқан қыздың даусына ұқсайды. Себебі, алаң көңіл митингішілер бұлай көңілді амандаспайды?
Алтыншыдан, барлық митингілердің видеосын алып, дыбысын тыңдап көріңіз. Мына жерде жаймашуақ көңілді байқайсыз. Алаңға шыққан гуілдеген халықтың үні жоқ.
Жетіншіден, «ақша таратқыштар» алаңның шетінде жүрмейді. Ақшаны алған жан нақ қызу митингтің арасында тұруы керек. Мұны Евразия ойламай қалған.
Сегізіншіден, жаңалықтарды жүргізіп отырған Руслан Смыков арнаның өтірігін өз сөзімен әшкерелеп қойды. «Бұл видеоны қазір ғана жабық ақпарат көздерінен алдық» деп алып, артынша «дұрысы біз мұны бұрынырақта алғанбыз, қазір ғана көрсетіп отырмыз» деп сарнады. Жүргізуші бір мезетте неге екі ұшты ой айтып отыр? Бұл бұрыннан бар ақпарат емес екенінің нақты дәлелі бола алатын – абыржу.
Қош! Осымен тоқтайық.
Енді Евразия не үшін «ақталып» отырғанына келейік.
Евразия бұл қадамға «бізді жауып тастайтын болды» деген қорқыныштан барып отырған жоқ. Керісінше, жер комиссиясы құрылып, енді ғана билік пен халық диологқа келе бастаған кезде ортаға тағы от тастап көрмекші.
Алаңға шыққан әр адамның наразылығы мына сенсациядан соң күшейетіні сөзсіз.
Сол себепті осындай арандатуға барған арнаның ісін ҚР Бас прокуратурасы қарау қажет деп ойлаймыз.
(журналист Аймира Шаукентаева)
РЕСЕЙЛІК АРНА АРАНДАТУЫН ТОҚТАТАР ЕМЕС
Үкіметтің жерді сату мен оны жалға беру туралы бастамасына наразылық білдіріп, демократиялық бейбіт шеруге шыққан әрбір азаматқа АҚШ пен Батыс елдері, қала берді белгісіз бесінші калонна басшылары 50-150 доллардан ақша таратқан деген ақпарат таратқан ресейлік «Еуразия» арнасының Қазақстандағы бөлімшесі дезинформациялық саясатын доғарар емес.
Күні кеше ғана про-путиндік әм геббелдік-жалған ақпарат таратқан ресейлік арна (Еуразия арнасы – ред.) өздері таратқан мәлімдеменің дәлелі ретінде бейне жазба жариялады.
Еуразия арнасының «Аналитика» бағдарламасының жүргізушілері Руслан Смыков пен Аймира Шаукентаева түсініксіз жағдайда түсірілген әлгі бейне жазбаны нұсқап (тіпті бұл арнаның ақталуы үшін қолдан ұйымдастырылған жазба болуы бек мүмкін, оны жоғарыда дәлелдеген болдық – ред.), оны «бесінші калонна» белсенділерінің шерушілерге АҚШ ақшасын (әр адамға дәреже-деңгейіне қарай 50 доллардан 150 доларға дейін – ред.) үлестіріп тұрған сәті деп көрсетті. Ресейлік телеарна таратқан дезинформациялық сарындағы бұл ақпараттың Тәуелсіз еліміздің территориялық тұтастығы мен халықтар арасындағы ынтымақтастыққа төндіретін қауіп, Қазақстанның толыққанды азаматтарының ар-ұжданы мен демократиялық құқығын аяққа таптап, көпе-көрнеу жала жапқанын ескере келе, ҚР Бас прокуроры мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің назарына төмендегі негіздерге сүйене отырып, геббельдік ақпаратты таратушы және ұйымдастырушы арнаны жауапкершілікке тартуды ұсынамыз.
(журналист Руслан Смықов)
Әуелі ҚР Қылмыстық кодексіне сүйене отырып, «Еуразия» арнасының сюжетіне талдау жасайық.
- «Бейбіт митингке шыққан әрбір азаматқа дәл сол «бесінші калонна» басшылары 50 доллардан 150 долларға дейін АҚШ ақшасын үлестірген» дегені үшін – «көрінеу жалған ақпарат тарату» ҚР Қылмыстық кодексінің 242-1 бабының 1-2 тармақтарына сәйкес, Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы тиіс. Аталған баптың 2-3 тармағына сәйкес, 3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Жалған бейне жазба жасап, таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 227-3-бабында көрсетілгендей «Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру» бойынша,3 тармақта көрсетілгендей ақпараттық жүйеде қамтылатын немесе ақпараттық-коммуникациялық желімен берілетін, заңмен қорғалатын ақпаратты қасақана құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру, сол сияқты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соқса, - екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады. 2) адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша жасаған дәл сол іс-әрекеттер – үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) ұйымдасқан топ жасаған;
2) ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. - Жерді сату мен оны жалға беру туралы Үкімет бастамасына қарсы наразы топтың бейбіт митингке шығуына ҚР Конституциясынде көрсетілгендей құқыңы бар екенін ескере келе ҚР Қылмыстық кодексінің 151-бабында айтылған «Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткiзуге,пикет жасауға немесе оларға қатысуға кедергi жасау» туралы баптың 1 тармағында Жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткiзуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға кедергi жасау не оларға қатысуға мәжбүрлеу, егер бұл әрекеттердi лауазымды адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып не күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытумен жасаса - бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Дайындағандар: Қанат Бірлікұлы, Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz