Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 5096 0 пікір 10 Мамыр, 2016 сағат 12:07

"ЖЕРІМ БАР-АУ, БІРАҚ, ИЕСІМІН ДЕП АЙТА АЛМАЙ..."

Қызғалдағы Торғайдың

Қызғалдағы Торғайдың,
Таң нұрымен бүр жарды.
Сәуле шашқан бір сезім,
Сәнге бөленді қыр алды.

Қасқалдағы Ақкөлдің,
Ән салып жүр таң атпай,
Мазасы кеткен бір адам,
Мұңданып жүр, тіл қатпай!

 

Бір перне

Жаңғырығы ма бір күйдің,
Бір пернесі домбыраның
Дың етті.
Дың етті, тағы дың етті,
Шалқып даланы күй кетті.
Қиялда бар қиянда,
Қиялмен дүниеге сиям ба,
Кешегі күнмен сыр кетті,
Жүрекпен шерткен жыр кетті.
Келмеске кеткен күндерді
Сағындым ба, әлде мұң ба,
Жүрегім сәл дір етті.

 

Диалог

- Кімсің, балам?
- Азаматпын, ата!
- Елің бар ма?,
- Елім бар ау,
Ерім бар деп айта алмай...
- Жерің бар ма?
- Жерім бар ау,
Бірақ, иесімін деп айта алмай...
- Үйің бар ма, қарағым?
- "Үйің" дейсіз бе, ата,
Жүрмін сол, Астананың шетінде,
Бір қос салып, 
еркін көсіліп, 
жата алмай...
Шал байғұс әлсіздігіне күйінді,
Балаға жұбату айта алмай,
Көзі тоймаған байларға
тоқтау айта алмай!

Иттің диалогы

- Бұралқыдай жүрмесем,
Ит болам ба,
- Әрнәрсеге үрмесем,
Ит болам ба,
- Үру басқа,
Арсылдау басқа,
Азуымды көрсетпесем,
Ит болам ба,
- Сарымасам түбірге
Ит болам ба,
- Жағынбасам, иеме,
Ит болам ба,
- "Қасқыр" деп мені ойласын,
Әйтпесе,
Ит болам ба!

Сұрқылтай

Сұрқылтай құс,
Сүйкімсіз құс.
Ақылы жоқ,
Түйсіксіз құс.
Біреудің жемін қағып алып,
Арам өмір сүретін құс.
Бәлелі құс,
Жалалы құс,
Адалдықтан арамдықты өргіш,
Тұмсығы сүйір,
Боқты сүзгіш,
Иісі жаман,
Сасық құс!

 ***

Мұңымды саған шағам ба
Шындықты айту қиын,
Әділ де болу қиын,
Сынға түскен заманда.
Әділдікті сүйсем, егер де,
Шындықты қаласам, егер де,
Қыл көпірден өту жазам ба!
Әділ заман болса, егер,
Шыншыл қоғам болса, егер,
Мұңымды саған шағам ба!

 

Сүйіп алсам...

Айтып салсам, 
жүрегімді толғаған бір шерімді,
айтып салсам.
Баяғыда жазылған бір хатымды,
қайтеді, қайтып салсам!
Бір сезім,
күйігінен ыстығы көп,
жайып салсам.
Сағынамын мен сені,
алыстасың,
Әдейі барып,
бір сені, сүйіп алсам!

 

Не дүр?
Дана болып туған соң,
даналармен жүрген дүр.
Ақылды боп туған соң,
Ақылман боп жүрген дүр.
Білімді боп танылсаң
Шәкіртіңді көрген дүр.
Шайқы болсаң егерде,
Күлдіргенің және дүр.
Ақымақтығын білмесе,
Ақыл айту кімге дүр.
Заманның сын шағында 
Ақылды да -дүр,
Ақымақ та- дүр,
Жағымпазда- дүр,
Ұры да -дүр.
Кімнің кім екені білмесең,
Сандалған құр!

 

Қара өлең - жан саям

Алматыға келгенде,
әлі баламын.
Даланың тағысы-
дарамын.
Автобуста "плати за дорогу" десе,
Жұдырықпен жүретін "сарамын".
Сонда да заманмен жарыстым,
жақсыға жұғысып,
жаманмен алыстым.
Сонда да жетелеген бізді
Арманы еді Арыстың.
Содан ба, орысша түсінбесем де,
Пушкинді оқыдым,
Ұқпасамда,
Маяковскийді талдадым,
Есенин мен Мандельштамды жаттадым.
Ал, Блокты хаттадым.
Бірақ, бәрі еліктеу екен,
Бәрінен біртіндеп, аттадымда,
Қазағымның қара өлеңіне тоқтадым.
Қара бұлттың арасынан
Жарқырап шықса, бір сәуле,
ол да -қара өлең!
Таудан аққан мөлдір бұлақ та-
қара өлең!
Қара өлеңі қазақтың,
Жүрегімнің сәттік дүрсілі,
Жан сырымның дірілі.
Елдігімді ойласам,
Көңілімнің бір күйі!
Күн мен Айы ғой ол -
ұлтымның!
Бүгіні мен мәңгіліктің жалғасы!
Ей, қазақтың қара өлеңі!
Күнде оқимын мен сені,
Төрдегі жастықта шынтақтап жатып,

Түн мен таңды атырып!


Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060