Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5189 0 пікір 25 Сәуір, 2016 сағат 10:51

ПЛАГИАТТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ БА?

Бастауыш сыныптан бастап ұстаздар оқушыға  реферат жазып келуге тапсырма береді. Бұл тапсырманың дұрыс жағы да бар, бұрыс жағы да бар. Дұрысы – бала  мектеп бағдарламасымен шектелмей, қосымша ізденеді,  ғылымға бейімделеді.  Бұрыс жағы – оқушы ғаламтордан дайын мәліметті көшіріп алады, қосымша әдебиеттерден тың мәліметтер қарамайды, кітапханаға бармайды.  Тоқ етері еңбектенбейді.   

Мәселе рефератта емес,  оның орындалуында болып тұр. Оқушылар сол рефератты «қорғайды». Қалай қорғағанын сұрасаңыз,  көшіріп алған «еңбегін» тақтаға шығып оқып береді. Ол мәлімет оқулықтарында тұр. Қайталап бергені үшін бала «бес» алады.  Ғаламторға енгізілген мәліметтер энциклопедиялардан алынады,  ал оқулықтардағы  мәлімет те сол мәлімет.   Оқушыларға реферат жаздыруға еш қарсылығым жоқ. Алайда соны жазуға деген талапты күшейткен дұрыс секілді. Ғаламторда, оқулықта жоқ, кітапханалардағы әдебиеттерден тың деректер, соны мәліметтер тауып, тапқанын сыныптастарына көрсетсе (слайд жасап М.М.) әңгімелеп (қағазға қарап оқымай М.М.) берген оқушы ғана  «бес» деген бағасын алсын.            Рефератқа тақырып бергенде  ұстаздарға ізденіс керек.  Мәселен  бір сыныптағы отыз баланың бәріне «М.Әуезов өмірі мен шығармашылығы»  деп тақырып береді, отыз оқушы рефератын жинап алады, бір-екеуіне оқытады.   Ұстаз тапсырманы  бір тақырыпты әр қырынан зерттейтіндей етіп бергені жөн. Мәселен «М.Әуезов – жазушы», «М.Әуезов – ұстаз», «М.Әуезов – публицист» т.с.с. Рефератты жан-жақты ізденіп жазған болса, оны  талдап-тарқатса, өзіндік сараптама жасаса,  сыныптастары да толыққанды  мәлімет алады. Сонда ғана мұғалім баланы жастайынан ғылымға бейімдеп, бағыт беретін еді.  Рефератты  «қорғату» қажет емес, сыныпта рефератты талқылау, сараптау, пікірталас өрбіту керек секілді тартымды формаларын пайдалануға оқытушы ұйытқы болғаны абзал.  Ғылым-білімде ұстаздар үшін  бағаға кеңдік, балаға жұмсақтық болмайды. Байқасаңыздар балалар «қатал» апайлардың тапсырмасын мұқият, уақытымен орындап, сабағынан кешікпейді.  Ал, білім берудің ең маңызды мәселе әділ бағалау, талап қоя білу екені белгілі.   Балаға қойылған өтірік «бес» өрге жүргізбейд,  ертең ҰБТ кезінде сүрініп кететіндері де содан. Арқасынан қағып, бестік қойғанымызбен, ертең сынақтардан сүрінгенде кім жауап береді? Көшіріп алып, оны оқып беріп «бес» алса, ол «бестің» құны бола ма? Бес демекші  бала білімін әділ, шынайы бағалау мәселесі білім беру жүйесінде өте маңызды. Он бір  жыл бойы «беске» оқыған бала ҰБТ-да неге төмен бал алып қалады?

Баланың алдында ҰБТ-дан кейін   жоғарғы білім, екі алақанын ысқылап «кел бермен, ширатайын» деп өндіріс тұрады, өндірістің талабы тым қатал, екбек кодексімен екшеліп, осалдық танытса жұмыссыз қалады. Қала берді  «өмір мектебі»-нің  тезі мен сынақтары қыр соңынан қалмайды. Сондықтан баланы бастауышта ширатып, үлкен өмірге кез-келген қиындықты, кедергіні жеңіп, ғылым-білім шыңына жететіндей шынықтырып жіберсек, ұстаз абыройы деген де сол емес пе? Қазақ «білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейді. Қабілет-қарым, бейім  бастауышта анықталып, қалыптасады. Бастауыш сынып  ұстаздарының арқалар жүгі  жеңіл емес,  ұлт алдындағы жауапкершілігі де орасан. Абай ғұлама: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп тегін айтпаған. 

Плагиат мәселесі мектептен басталып, жоғарғы білімде де жалғасады. Жоғарғы білімде аралық бақылауды, өзіндік жұмысты, рефератты көшіріп алып қана қоймай, тіпті дипломдық жұмыстардың ішінен «көшіріп алу» құбылысы  қылаң береді. Заманауи техноголиялардың мүмкіндігі зор. Антиплагиат деген бағдарлама бар. ЖОО-лардағы дипломдық жұмыстар осы бағдарламаға салынып, тексеріледі. Көшірінді дипломдық жұмыстарды «антиплагиат» қызыл ала қойдай етіп шығарады.  Бұл да болса, олқылықты түзетуге бір сеп.  Жоғарғы білімде де студент білімін бағалау мәселесіне қатысты түйткілді мәселер де баршылық. Жоғарғы оқу орындарындағы студенттің білімін бағалау, яғни аралық бақылаумен  мен  сынақтарда 70-80 пайыз студент «5» алады (балдық жүйемен). Мемлекеттік емтихандарда да өкінішке орай алдымыздан осы көрініс кесе көлденең шығады.  Ұстаздар студентке  жоғарғы бал қоярда әбден екшеп-текшеп барып қойса.  Әрине студенттің сабаққа келуін, тапсырманы орындауын, шығармашылық ізденісін ескереді. Дегенмен осы бағалау мәселесі сергек қарамасақ болмайды. Студентке  көзінің майын тауысып оқымай,  еңбектенбей, тер төкпей  алған «бестіктердің» қадірі бола ма?  Ол ертең өндіріске барғанда ештеңе білмесе, оқытушының ғана емес жоғарғы оқу орнының атына да сын.   Бізге аты аңызға айналған  Темірбек Қожакеев деген профессор дәріс берді.  Ғалымның «Сатира негіздерінен» қойған «үштігін» басқа он бестікке айырбастамайтынбыз.  Себебі,  профессор  аралық бақылаудың өзінде  жан-жақты сұрап, бір ширатып алатын. Ол кісінің емтиханына күндіз-түні көз ілмей дайындалып, үштік алсақ қуанатынбыз.  Себебі, бір топтан  он-он екі  студент емтиханнан өте алмай қалатын.  Жазда қайтадан тапсыратын,  одан өте алмаса, оқудан шығатын.   Профессор білім беретін, соған сәйкес талап қоятын. Реферат жазуға тапсырма бергенде  ұстаз тақырыпқа қатысты қарастыратын теориялық әдебиеттерді, заңдарды, мерзімді басылымдарда жарияланған материалдарды  толық оқып шығып, сосын талдап, сараптап жаз деп талап қоятын. Жазған дүиемізді  тексеруге бергенде: «Мен қара деген кітапты қарамағансың,  мақаланы талда дегенмін ол қайда? Мынауың шикі, толықтырып, дұрыстап жазып кел деп» қайта-қайта жаздырып, жұмысты әбден пісіріп,   өзі  жалықпай оқып-тексеріп  барып бағасын қоятын.  Ұстаз терең білім беретін, талап қоятын. Қазір бізге екіншісі жетпей жатқан секілді. 

Қоғамда «ғылымда плагиаттық көп, ғылыми еңбектердің көбісі көшірме» деген пікір де жоқ емес.  Бірақ барлық диссертациялар «көшірме» деуге болмайды. Мықты ғалымдардың  сапалы ғылыми ізденістері   әрдайым сұранысқа ие.  Жас ғалымдар (магистранттар) ондай  еңбектерді іздеп жүріп  оқып, ғылыми еңбектеріне  сілтеме жасап, пайдаланады, жас оқытушылар дәрістеріне, семинар сабақтарына негізгі материал ретінде ұсынады.        Қазақтың «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»  дейтіні содан болар...

Мәрия Майлықұтова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385