ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫН ҚОРҒАП ЖҮРГЕН ТЕГІН АДВОКАТ КІМ?
2014 жылы 10 наурыз күні Қазақстан Республикасының азаматшасы Тұрлыбай Ақжарқын
Малайзиядан «есірткі тасымалдады» деген күдікпен Қытай шекарасында ұсталған-ды. Cол Ақжарқынның 2 жылдан бері қорғаушысы кім болып келе жатқанын көп ел біле бермейді.
Осы мақсатта Ақжарқынның əкесі Ерғали жəне анасы Зухрамен телефон арқылы сөйлесіп, өз ауыздарынан адвокат С. Нұрмағанбетов туралы өте жақсы ой-пікірлерін естіп, заңгердің нағыз азаматтық ісіне қатты риза болдым.
Кім болса да, мейлі ол үлкен, не кіші болсын, оның жақсылары, жайсаңдары және жақсы істері болады ғой. Ел азаматтарының жақсы қасиеттерін сөз ету қандай ғанибет!
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші Алматы қаласының тұрғыны, халықаралық дəрежедегі кəсіби білікті адвокат Сұңқар Нұрмағанбетовтың азаматтық ісін айрықша атап өткім келеді. Ұлтжанды, жас жігіт Сұңқардың үлгі-өнегесі өзгеге сабақ болса екен деймін. Ақжарқын ата-анасының айтуы бойынша, оқиғаны естігеннен кейін қыздарына жақсы заңгер іздеген. Алдымен бір адвокатқа жолыққан, бірақ ол көп мөлшерде ақша сұраған. Ол адамнан бас тартқасын, таныстары "өте білімді, ағылшын тілін жетік білетін, ата-əже тəрбиесін көрген иманды Нұрмағанбетов Сұңқар есімді адвокат бар, соған жолығыңдар" деп кеңес берген. Кейін Сұңқарға барып қызының жағдайын жəне адвокаттық қызметке төлеу үшін қаржылық жағынан қиналып жүргендерін түсіндіріп айтқан. Сұңқар інім намыстанып, "қазақ қыздарын шет жерге тастатпаймын, Ақжарқынды алып шығу үшін бар күшім мен білімді саламын, азаматтық ұстаныммен тегін көмек көрсетемін" деген. Осы сөзін естіген олар қатты қуанып, "түсіміз бе, өңіміз бе түсінбей қалдық" дейді. Қытай елінің адвокатына ғана ақша төлегендерін айтады. Бір еңбекақыға қарап отырғасын, отбасылық жағдайымызды түсініп, Сұңқар Нұрмағанбетов тіпті өз қаржысына Қытай елінінің Гуанчжоу қаласына бірнеше рет барып, 2 жылдан бері қызымызды сот процесінде қорғап жүр дейді. Сұңқар біздің отбасының бір мүшесі жəне туған ініміздей болып кетті. Осындай ұлды өмірге əкелген ата-анасына жəне тəрбиелеген атасына көп рақмет. Атасы көпті көрген, қайырымды ақсақал екен, "тегін көмек берсең, ол түбі Алладан ырыс-берекемен өзіңе қайтады" деп немересіне ақыл-кеңесін бергенін айтады. Қазіргі заманда шетелді айтпай-ақ, өз елімізде үлкен қылмыстық іске қатысу үшін адвокаттар ең кемі - бір-екі миллион теңгеден бастап сұрайды.
Ал енді əлем бойынша заңы өте қатал Қытайдың сотына барып қатысу, барып-келу мен уақытша орналасу қаншама қаржы мен шығынды қажет ететінін білесіздер. Сұңқардың нарық заманда Ақжарқын қарындасымызға берген тегін көмегі ерлікпен бірдей. Ақжарқынқа қатысты сот үкімі жақсы жағынан шығып, елге тезірек оралсын! Сұңқардай жаны жомарт, иманы мықты азаматтар көп болсын!
Талғат Қатауов
Abai.kz