КӨГАЛДЫ ҚУЫП ГӨЛАЙТТАП...
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
– Елбасымыз тек ертегіде ғана болатын ғажайыптарды шынайы өмірде де көрсете білді. Айналдырған 25 жылдың ішінде еліміз зор табыстарға қол жеткізді. Тұңғыш Президентіміздің «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағиданы басшылыққа ала отырып жұмыс істеуінің нәтижесінде еліміздің экономикасы жедел қарқынмен өсті. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы деп есептеймін. Аумалы-төкпелі алмағайып заманда мың өліп, мың тірілген қазақ үш ғасыр бойы іздеген мұратына да, арманына да Назарбаев тұсында жеттік. Билік тізгінін қолына ұстаған жылдардағы Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретінде көсемдік қасиеттерін бүгінгі ұрпақ жақсы білуге тиіс. Елбасымыздың арқасында елімізде ынтымақ пен келісім сақталып, халықтың берекесі артып келеді.
Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, композитор, Қазақстанның Халық әртісі:
– Нұрсұлтан Назарбаев – қатқыл да қарапайым, сұңғыла да кемеңгер қайраткер. «Қатқыл» дейтінім, қатаң талап қоя біледі. «Қарапайым» деуім, кез келген адамның көңіліндегісін дөп баса біледі, оңай тіл табыса алады. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктерге жетуінің барлығы, ең алдымен, оның ерен еңбегінің, айрықша қамқорлығының арқасы десек, артық айтқандық емес. Мен Президентімізге Қазақстанның рухани-мәдени, жасампаздық әлеуетін одан әрі нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегі, өнер адамдары мен таланттарға деген ерекше ықыласы үшін шексіз алғысымды білдіремін.
Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Елдің дамуына, халықтың әлем алдындағы беделінің артуына ең бірінші Тұңғыш Президентіміздің қосқан үлесі орасан зор. Халықтың әл-ауқатының көтерілуі, жағдайының жақсаруы, өнер болсын, спорт болсын, тіпті қай салада болмасын, еліміздің мерейінің үстем болуы – Елбасының жемісті еңбегінің нәтижесі. Шүкір, талай нәубет кешкен қазақтың маңдайына халықтың бағын ашар Елбасы бұйырды. Оның еткен еңбегін, Тәуелсіз мемлекет құрудағы рөлін қазір әлем мойындап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырды. Сондықтан мен Елбасын қазақтың басына қонған бақыты деп есептеймін.
Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші, продюсер:
– Қазір көрші елдермен салыстырсаңыз, Қазақ елінің жағдайы қай жағынан алып қарасаңыз да көшілгері. Қазақстанды әлем таныды. Мұның барлығы – мемлекетіміздің дұрыс саясат ұстанып отырғанының жемісі. Қазақстан экономикасы қарыштап өсе бастады. Өндіріс ошақтарының тамырына қан жүгірді. Бір кездері белең алған жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер өсті. Халыққа ең бірінші не керек? Әрине, тыныштық, жайлы өмір, тұрақты жұмыс қажет. Қазақстанда қазір осының барлығы бар. Мұның барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дұрыс саясат жүргізуінің арқасы деп білемін. Сондықтан біз мемлекет басшысына алғыс айта отырып, бәріміз «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып», ол кісінің саясатын қолдауымыз керек. Өнер адамы ретінде мен ол кісінің ән мен жырға әуестігіне қатты риза боламын. Тіпті Нұрағаң қазақтың көптеген әнін жатқа біледі. Айтып қана қоймай, айтылу нақышына дейін кәсіби маманша түзеп отырғанын көрдім. Сондықтан Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасымызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, көк туымызды биіктерге желбірету жолындағы еңбегіне табыс тілеймін. Елбасымыздың айқындап берген бағыт-бағдарларын басшылыққа алып, еліміздің ертеңі еңселене беруі үшін еңбектене берейік!
Дереккөзі: alashainasy.kz
Abai.kz