Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Билік 6446 0 пікір 19 Сәуір, 2016 сағат 15:00

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ. БІЗ ҚАЙ ОРЫНДАМЫЗ?

Халықаралық «Freedom House» ұйымы 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша дүниежүзі мемлекеттеріндегі адам және сөз бостандығы туралы баяндамасын жариялады.


Аталған ұйымның биылғы жылғы баяндамасында 195 мемлекет және мемлекеттік статусқа ие емес территорияларды қамтыған. 1973 жылдан бері қарай жыл сайын жүргізіліп отыратын зерттеу бойынша, елдердің өз азаматтарына көрсетіп отырған саяси-азаматтық бостандықтарына сәйкес үш топқа бөлген. Бұл зерттеуде «азаматтар бостандығы қамтамасыз етілген», «аз қамтамасыз етілген» және «бостандық шектелген» деген категорияларға сәйкес, 0 ден 100 баллға дейінгі шкаламен бағаланған. Биылғы тізімге 195 мемлекет енген. Соның ішінде 85 мемлекетте (бұл дегеніңіз жер шарының 40 пайыздан астам тұрғыны) адам құқықтары толық ескерілетін әм азаматтардың саяси-азаматтық бостандықтары қамтамасыз етілген болып шыққан. Бұл тізімде әдеттегідей Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдері көш бастаған.

Ал пост-кеңестік елдер ішінен сөз бостандығы мен адам бостандығы толық қамтылған елдер тізіміне Балтық елдері (Эстония, Латвия, Литва) еніпті.

Адам құқықтары мен бостандығы аз қамтылған елдер тізімінде биыл 57 мемлекет (Планетаның 24 пайыз тұрғындары) тіркелген. Бұлардың қатарында Армения (131-орын), Грузия (99-орын), Қырғызстан (146-орын), Молдова (106-орын) және  Украина (105-орын) бар. Бұл тізімде Ресей құрамына қосылған Абхазия мен Әзірбайжан территориясына тиесілі Таулы Қарабақ та кірген.

Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтары шектеліп отырған елдер тізіміне 53 мемлекет (бұл ғаламшардың 36 пайыз тұрғыны) кірген. Тіпті, бұлардың басым бөлігі Қытай еленің азаматтары болып табылады.

Бұрынғы кеңестік елдер ішінде бұл тізімге Қазақстан (165-орын), Ресей (167-орын), Әзірбайжан (178-орын), Беларусия (175-орын), Тәжікстан (181-орын), Түркіменстан (190-орын) және Өзбекстан(193-орын) қосылған. Сондай-ақ, ресми статусы жоқ – Оңтүстік Осетия мен Қырым да бар.

Ал аталған ұйым зерттеулерінің қорытындысы бойынша дүниежүзіндегі адам құқықтары мен бостандықтары ең жиі шектелетін елдер – Эритерия, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Сомали және Сирия болып табылады.

Ағылшын тілінен аударған - Нұргелді Әбідғаниұлы

Abai.kz

0 пікір