Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4888 0 пікір 19 Сәуір, 2016 сағат 13:22

БАУЫРЖАН БАБАЖАНҰЛЫ. «ЕЛШІНІҢ БАЛАСЫ»

 — Масқара болдық, Бәуке, — деді Ербол. Өңі қашып кетіпті.

— Не боп қалды?

— Не болмады деп сұрасайшы, Бәуке.

— Бүйтіп қызға барғаны құрысын...

...Ербол мен Нәлібай кеше нархоздың жатақханасында тұратын қыздарға баратын болған. Өткенде бір вешірде көргеннен кейін, кіл сұңғақ бойлы, аппақ, әдемі қыздар Ерпоштың түсіне кіретін дәрежеге жеткен. Әсіресе анабір нәркес көзді ару... Қалтаның жұқалығынан біраз уақытқа дейін бара алмай жүрді. Кеше бір ыңғайын тапқандай болған. Тапқанда... Біз жоғары курста оқып жүргенде Керім деген жігіт жиі келгіштеп жүретін. Ақкөңіл еді. Біздікілер ол келгенде Керім брат келді деп бір жырғап қалатын. Толық, тершең, сөйлегенде ысылдап сөйлейтін Керекең юрфакта сырттай оқиды деп еститінмін. Мақтаншақтау көрінген... Ербол Нәлібайды араға салып, сол «братты» сындырады ғой. Әдемі қыздарға барамыз дегесін, Керекең де көп бәлсінбесе керек. Қымбат коньяк, конфет алып барған жігіттерді қыздар да құрақ ұшып қарсы алыпты. Әңгімені де, әнді де әдемі айтатын Ербол, үндемей отырып, анда-санда әзіл тастап қоятын сырбаз Нәлібайдың қалжыңдары әйәйларға ұнаған. Тек әп-әдемі басталған әңгіме көп ұзамай сұйыла бастапты. Кінәлі — «брат». «Мен мектепті Германияда оқыдым ғой...» — депті бауырымыз. Елшілікте қызмет еткен адамның баласы екен. Басында немісше тіл сындыру қатты қиын болыпты. Елді ойлап жылап алады екен. Қыздар сенген. Сенгені былай тұрсын, көздеріне жас ала отырып, елти тыңдапты. Керекең өзінің өте ірі фирманың директоры екенін мәлімдеген. Алматыда төрт бөлмелі үйі бар екенін айтқан. Жақында ғана шетелден су жаңа автокөлік алып келгенін айтқанда, қыздар «құлаған». Тіпті «Офиске дәл сендердей әдемі қыздар керек...» деп аруларды еліктіріп қойыпты. Олар жұмысқа тұратындарын елестетіп, мәз болған. Біздің екі жігіт бір-біріне ұрлана қарап қойып, коньяктан ұрттай беріпті... Осыны айтқан Ербол бір ауыр күрсініп алды.

— Е, жарайды, — дедім мен. Онда тұрған не бар? Келесі жолы барғанда Керім брат бізге де хабарласпай кетті дей саласыңдар...

— Е, ей, Бәуке, хас масқарасы бар. Уһ... Ербол орнынан тұрып кетті.

— Не масқара?

— Браттың папкісі қалып кетіпті қыздарда.

— Онда тұрған не бар?

— Масқарасы сонда боп тұр ғой. Қас қылғанда, бүкіл құжаты папкіде екен. Аттестатта қайда оқу бітіргені жазылып тұр. Біздің брат осы сабақты да қарық қылмаған екен ғой. Кіл «3». Ербол күйіп тұр.

— Ал қызық. Содан?

— Ең сорақысы, папкіде 10-жатақханаға уақытша тұруға берілген рұқсат қағазы және проездной бар екен...

— Ха-ха-ха. Содан?

— Бүгін барсам, қыздар күліп, қолыма ұстатты. Ой, ұялғаным-ай. Жерге кіріп кете жаздадым. Қайдан ғана жолап едім сол пәлеге...

— Мүмкін, олар ашып қарамаған шығар?

— Өй, Бәуке, сен де... Қарамақ түгілі, мазақтап, сәлем айтып жіберген жоқ па братқа...

Ішімді басып домалауға Ерболдан қысылып тұрмын. Оның дәл осындай күйге түскенін бірінші рет көруім... Содан кейін жігітіміз нархозға баратын жолды ұмытты... ...

«Елшінің баласымен» дос болған жоқ па едіңдер-ей?

0 пікір