Сейiтқали ДҮЙСЕНОВ.ЖАҢЫЛТПАШ ОҚУЛЫҚ, ЖАЛЫҚҚАН ОҚУШЫ
Мектеп оқулықтарының iшiнде «Қазақстан тарихының» алар орны өз алдына бiр төбе. Оған жүктелетін мiндет те, жауапкершiлiк те көп. Себебі, «Қазақстан тарихы» ұлт болашағын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше үлес қосатын пән.
Қазiргi қолданыста жүрген «Қазақстан тарихы» оқулықтары оқушылардың рухани қажеттiлiгiн толық қанағаттандыра ала ма, деген сұрақ туындайды. Ендеше осы бір сұрақ төңiрегiнде ой өрбiтiп көрейiк.
Әуелі Кеңес Одағы заманында Қазақстан тарихы КСРО тарихы құрамында оқытылды. Соған арнайы бөлiнген аз ғана уақыт есебiнен қосымша курс есебiнде ғана оқытылып келді.
Дербес пән ретінде алғаш рет 1989-90 оқу жылынан бастап енгізілді. Осы шамадан бастап 5-11 сыныптар арасында «Қазақстан тарихы» пәнi оқытылып, жаңа бағдарламаларға сәйкес жаңадан оқулықтар жазыла бастады. Содан бергі 20 жылдың iшiнде мектепте оқытылатын тарих пәнiнiң құрылымы мен мазмұны да үлкен өзгерiстерге түсті.
2000 жылдан бастап жаңа бағдарлама бойынша оқушылар негiзгi мектептi яғни 9-шы сыныпты бiтiргенде барлық пәннен аяқталған бiлiм алып шығатын үрдіс іске қосылды. Арада тағы да алты жыл өткенде немесе 2006 жылдан бастап 10-11 сыныптарға «Қазақстан тарихының аса маңызды кезеңдерi мен ғылыми мәселелерi» атты бағдарлы курс енгiзiлдi.
***
Мектеп оқулықтарының iшiнде «Қазақстан тарихының» алар орны өз алдына бiр төбе. Оған жүктелетін мiндет те, жауапкершiлiк те көп. Себебі, «Қазақстан тарихы» ұлт болашағын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше үлес қосатын пән.
Қазiргi қолданыста жүрген «Қазақстан тарихы» оқулықтары оқушылардың рухани қажеттiлiгiн толық қанағаттандыра ала ма, деген сұрақ туындайды. Ендеше осы бір сұрақ төңiрегiнде ой өрбiтiп көрейiк.
Әуелі Кеңес Одағы заманында Қазақстан тарихы КСРО тарихы құрамында оқытылды. Соған арнайы бөлiнген аз ғана уақыт есебiнен қосымша курс есебiнде ғана оқытылып келді.
Дербес пән ретінде алғаш рет 1989-90 оқу жылынан бастап енгізілді. Осы шамадан бастап 5-11 сыныптар арасында «Қазақстан тарихы» пәнi оқытылып, жаңа бағдарламаларға сәйкес жаңадан оқулықтар жазыла бастады. Содан бергі 20 жылдың iшiнде мектепте оқытылатын тарих пәнiнiң құрылымы мен мазмұны да үлкен өзгерiстерге түсті.
2000 жылдан бастап жаңа бағдарлама бойынша оқушылар негiзгi мектептi яғни 9-шы сыныпты бiтiргенде барлық пәннен аяқталған бiлiм алып шығатын үрдіс іске қосылды. Арада тағы да алты жыл өткенде немесе 2006 жылдан бастап 10-11 сыныптарға «Қазақстан тарихының аса маңызды кезеңдерi мен ғылыми мәселелерi» атты бағдарлы курс енгiзiлдi.
***
«Атамұра» баспасынан шыққан 6-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы бұрынғы оқулықпен салыстырғанда едәуiр жақсы деңгейде жазылған. Дегенмен олқылықтар бұдан да байқалады. Оқулықтың «Шығыс Қазақстан» (§27) атты параграфында «Шiлiктi патша қорғандары», «Берел қорғандары» деген тақырыпшалар археология мамандығын арнайы оқып жүрген студенттерге арнап жазылғандай. Мұнда қорғандардың, обалардың, қабiрлердiң көлемi, биiктiгi, тереңдiгi цифрлармен тәпештелiп сипатталады. Бiр ғана осы тақырыпта 20-дан астам сандық мәлiметтер бар. Бұлар 6-шы сынып оқушыларының есiнде сақталмайды және соншама цифрдың қажетi де шамалы.
Педагогика ғылымының қағидасына сүйенсек, оқушы күнiне 2-ден 20-ға дейiн ғана жаңа сөздердi, ұғымдарды жадында сақтай алады екен. Тарихшы ұстаздардың пiкiрiнше, осы оқулықтағы «тарих антропология», «қола дәуiрiнiң антропологиялық сипаттамасы» деген ұғымдар осы сынып оқушылары үшiн қабылдауы, түсiнуi қиын, тым ерте берiлген материалдар екені сөзсіз.
Оқулық дегеніміз оқушының түсiнiгiне сай, оңай әрi қарапайым тiлмен, олардың жас ерекшелiктерiне лайық жазылуы керектiгiн оқулық авторлары әрқашан ескере бермейтiнi байқалады.
«Атамұра» баспасынан 2003 және 2007 жылдары жарық көрген 7-сыныпқа арналған «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» атты оқулыққа сын айтпаған адам қалмады. Тіпті айта-айта «жауыр болған» тақырыптардың бiрiне айналғанын ұстаздар қауымы жақсы бiледi. Атап айтқанда, «Қазақ тарихы» журналының 2006 жылғы 4-шi санында атыраулық ұстаз Жанұзақ Ғизатов, 2008 жылғы 2-шi санында қарағандылық тарихшы мұғалiм Мақсат Арунов осы оқулықтың құрылымын, бiлiм мазмұнын, кемшiлiктерiн талдап көлемдi мақалалар жазған болатын. Сондықтан бұл жерде оларды қайталап жатуды жөн көрмедiк.
Одан кейін 2007 жылы «Атамұра» баспасынан жоғардағы оқулықтың авторлар құрамы да, оқулық мазмұны мен құрылымы да өзгертiлiп, жетiлдiрiлiп шыққан нұсқасы жаңадан тағы бір дау-дамайдың өршуіне алып келді. Бұл жайында «Қазақ тарихы» журналының 2007 жылғы 6-шы санынан оқуға болады.
***
Оқулықтарда бiлiм мазмұны тым көп. Тіпті 12,5 беттен тұратын материалдар кездеседi. Атап айтқанда, Сырым Датұлының көтерiлiсi (§6) жайлы жазылған параграфты басынан аяғына дейiн оқып болғанша алдыңғы оқығандарды ұмытып қалатындай тым көлемді. Оқушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес емес.
Сол сияқты Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiске де (77-88 бет) 11 бет, «1836-1838 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалар көтерiлiсiне» де 15 бет (89-105 бет) бөлiнген. Сонымен қатар оқу материалы бар-жоғы 2 бет болатын параграфтар да (§17-18) кездеседi. Бұл оқулық авторларының әр тақырыпқа оқу материалын тең бөлмегенiн көрсетедi. Ғылыми педогогикалық сәйкестік бойынша 8-сынып оқулығы үшiн әр параграфта шамамен 4-5 беттiк оқу материалы болуы керек.
Оқулықтағы «Аңырақай шайқасына» қатысты мағлұматтың та басы даулы. Оқулықтың 13-бетiнде бұл шайқас «1730 жылы Балқаш көлiнiң оңтүстiгiнде болды» деп жазады да, сол беттегi шағын ескертуде шайқас «Балқаштың оңтүстiк-шығысында болған» деп жазады. Ал, 2008 жылы қыркүйекте қолымызға тиген оқулықта: «Аңырақай шайқасы 1730 жылы Балқаш көлiнiң оңтүстiк-батыс жағында болды» деп мүлде басқаша жазады («Атамұра» баспасы, 29-бет).
Осы тақырыпты жазған келесі бір оқулықта («Мектеп» баспасы, 2004 жыл, 14-бет) тағы бiр даулы дүние бар. Онда: «Аңырақай шайқасында талқаны шығып жеңiлiп, күңiренген қалмақтардың хабарын алған қонтайшы Сабан-Рабдан қайран қалды» деген сөйлем бар. Бұл мүмкiн емес. Сабан-Рабдан 1727 жылы марқұм болған (БСЭ, 18 том, 325-бет. СИЭ, 15 том, 790-бет, ҚСЭ, 4 том, 476-бет). Аңырақай шайқасы кезiнде жоңғардың қонтайшысы Сабан-Рабданның үлкен ұлы Галдан Церен (1727-1745 жж) еді ғой.
Орта мектептің 9-сыныбына 2005 жылы «Атамұра» және «Мектеп» баспаларынан шыққан екi оқулық қатар қолданылады. Авторлары елiмiзге танымал тарихшы ғалымдар. Екi оқулықтың да оқушыларға тарихи бiлiм беруде өзiндiк пайдалы жақтары бар. Бірақ кемшiн тұстары да көзге ұрып тұр. Оқулықтарда грамматикалық, стильдiк қателер, қарама-қайшы фактiлер, даталар көп кездеседi. Ойымызды нақтылы деректермен дәйектейiк.
«Мектеп» баспасынан шыққан оқулықтың 25-шi және 238-беттерiнде: 1917 жылы Орынборда екі дүркін өткен қазақ съезiнiң бiрiн «Жалпықазақ», екiншiсiн «Бүкiлқазақ» съезi деп әртүрлi атпен жазыпты. Оқушылар бізден мұның қандай айырмашылығы бар деп сұрайды. Екінші съезді 25-бетте: желтоқсан айында өттi десе, 238-бетте: қараша деп көрсетедi. Авторлар съездiң өткен айын дәл анықтап, сипатын «Бүкiлқазақ» немесе «Жалпықазақ» деп бiр iзге түсiруге болады ғой.
Сол сияқты 46-бетте: «Астана Қызылордаға 1924 жылы көштi» дейді де, 239-бетте: «1925 жылы көшкен» деп екінші бір бөтен деректі көрсетедi. 95-беттегі: Ұлы Отан соғысы кезiнде Алматыда «Қазақ мемлекеттiк педагогика институты ашылды» деген сөйлемнiң дұрысы «Қыздар мемлекеттік педагогикалық институты ашылды» болатын шығар. 240-бетте: «1954 жыл, ақпан айы - тың және тыңайған жерлердi игерудiң басталуы» деген сөйлем тұр. Тың игеру елiмiздiң солтүстiк, орталық облыстарында жүргенi белгiлi. Солтүстiк өңірде қақаған ақпанның аязында жер жыртып, егiн еккендi кiм көрген? Сөйлем дұрыс құрылмаған. «КОКП-ыны», «КОПК» деп қате жазып жiберген. 241-беттегi: «1989 жыл - «Невада-Семей» экологиялық қозғалысының құрылуы» дегендi «антиядролық қозғалысы» деп жазған дұрыс сияқты. Елiмiздегі Семей ядролық полигонын жабуға тiкелей атсалысатын осы ұйым ғой. 242-бетте: «1998 - жыл Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» депті. Дұрысы «Халықтар бiрлiгi...» емес пе еді.
Осылай айта берсеңіз қатеден аяқ алып жүре алмайтын қалге жетесіз. Оны көріп отырып айтпайын десең ұрпаққа қиянат. Ары қарай кеттік: 104-бетте тарихшы Е.Бекмахановтың кiтабының атын «ХХI ғасырдың 1920-1940 жылдарындағы Қазақстан» деп мүлде қате жазған. 158-бетте: «Шығармаларын орыс және қазақ тiлінде бiрдей жазатын қазақ жазушыларының шоғыры дүниеге келдi. Олардың көрнектiлерi Ә.Әлiмжанов, О.Сүлейменов, Б.Момышұлы болды» деген сөйлемдер бар. Авторлар бұлардың аражiгiн ашып көрсетулерi керек еді ғой. Мысалы, О.Сүлейменов шығармаларын тек орыс тiлiнде ғана жазады. Оқушылар кiм бiр тiлде, кiм екi тiлде жазатынын қайдан бiледi? Сондықтан нақтылаған жөн.
79-бетте: «Капитан А.Маслов жанған жау тобына ұшағын бағыттады» деген мағынасыз сөйлем жүр. Дұрысы «А.Маслов жанған ұшағын жау тобына бағыттады» емес пе. 74-бетте: Шымкент қорғасын зауытын «қорғаныс» деп тағы да қателескен.
***
Келесі «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықта да артық-кем дүниелер жетерлiк. «Д.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiн 1986 жылғы желтоқсанға дейiн атқарды» деген сөйлем тұр. Тағы да нақтылық жетiспейдi. Арасында «үзiлiс» болғанын, бұл қызметтi 1962-1964 жылдары И.Юсупов атқарғанын көрсету керек едi.
205-бетте: «Темiртауда 1958 жылы жазда үлкен наразылық болды» дейді де, 244-бетте: «1959 жылы Темiртауда толқулар болды» деп басқаша жазады. Жалпы осы «Темiртау наразылығының» қай уақытта болғанын тарихшы ғалымдарымыз бiр iзге түсiре алмай-ақ қойды. Қоғамдық-гуманитарлық бағытқа арналған 11-сыныптың оқулығында «1959 жылы болған» (286-бет) деп көрсетедi. Бұл оқулықты жазған бес автордың үшеуi елiмiзге танымал тарих ғылымының докторлары. Ал, 9-сыныптың екi оқулығын жазған бес автордың екеуi академик. Сонымен дұрысы мен бұрысы қайсысы? «Темiртау наразылығының» қашан болғанын анықтау соншалық қиян ба? Бұдан мыңдаған жыл бұрын болған оқиғаларды да анықтап жүрген жоқпыз ба? Әрі осы оқиғаны авторлар «наразылық», «толқу», «көтерiлiс» деп әртүрлi жазады. Тағы да бірізділік жоқ.
***
Оқулық сапасын жақсарту үшін не істеу қажет?
Жалпы бір дүние туралы сыни пікір айтқанда оны түзету жолдарында қоса айтып өткен жөн тәрізді. Сондықтан біз «Жақсы тарих оқулықтар жазу үшiн не iстеуiмiз керек?» деген сауал төңiрегiнде тарихшы - педагог ғалымдармен, ұстаздармен, бiлiм беру саласында еңбек етіп жүрген адамдармен пiкiрлесе отырып төмендегiдей ұсыныстарды айтуды жөн көрдiк.
Біріншіден, оқулық жазатын авторларға алаңсыз еңбек етулерi үшiн ақылы еңбек демалысын беру керек. «Жұмыс арасында» жазылған оқулықтарда кемшiлiк көп болады.
Екiншiден, оқулық жазған авторларға еңбек үлестерiне қарай жақсы еңбекақы төлеу керек. Мектеп оқулықтарын шығару маңызды мемлекеттiк iс болғандықтан, бұл iстен ақша үнемдеудiң ретi жоқ.
Үшiншiден, оқулық жазған авторлардың жауапкершiлiгiн арттыру үшiн оқулықтың арнайы бетiнде қандай бөлiмдi, тарауды, параграфты кiмнiң жазғанын көрсету керек. Бiрлесiп жазған оқулықтағы бiр автордың кемшiлiгi үшiн басқалары «күйiп кетедi».
Төртiншiден, оқулық авторлары құрамында мiндеттi түрде бiр тәжiрибелi мектеп мұғалiмi болуы керек.
Бесiншiден, тарих ғылымы пәнi бойынша арнайы терминдер керек. Әзiрге әркiм шет тiлдерiнен өз бiлгендерiнше ұғымдарды, түсiнiктердi аударуда.
Алтыншыдан, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi оқулық жазудың ғылыми-практикалық мәселелерiмен арнайы шұғылданатын педагог-ғалымдарды қалыптастыруды қажет.
Сейiтқали ДҮЙСЕНОВ,
тарих пәнiнiң мұғалiмi
«Намыс.kz» сайтынан