Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 10999 1 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 09:25

БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ (жалғасы)

(Басы http://abai.kz/post/view?id=7271http://abai.kz/post/view?id=7292 сілтемелерде)

Әуездiң ата мекенi  Бөрiлi – Орта Азия мен Сiбiрдi жалғастыратын керуен жолының үстiнде, Арқат бекетiнiң шығысында. Арлы-берлi кiре тасып, көпестiк жасаған Береке жол шетiнде отырған Әуезбен танысады. Ол – Алматының түбiндегi Байсерке ауылының азаматы. Сол Берекенiң немересi Нұржамалды Омарханға айттырады. Омархан – Ақылбайдан бiр жас үлкен. Демек, Омархан 1860 жылы туған. Нұржамал күйеуiнен алты жас кiшi, яғни, 1866 жылғы. Мұхтар әкесiнiң 37 мүшелiнде, шешесiнiң 31 жасында жарық дүниенiң есiгiн ашқан. Бұл К. Оразалиннiң дерегi. Екiншi естелiк былай:

“Омарханның үйленуiне және сонау Жетiсудан қыз айттыруына немере ағасы Самарханның септiгi тиген екен. Самархан Семейде iрi сауда жасайтын Сәбiкей дейтiн өзбекпен танысып, оның Рақымжан, Мұқаш атты балаларымен достасады. Сөйтiп жүрiп Сәбiкейдiң Мәдина деген қызына үйленедi. Құдандалы болған Омархан Сәбiкеймен бiрге Алматыға кiре тартып, 20-30 арбамен шiлде айында аттанады да, күзде Семейге алма әкелiп сатпақ болады. Сонда Әбсәмет деген қазақ көпесiмен танысып, екi-үш жылдан соң оның Нұржамал атты қызын айттырып, алма керуенiмен бiрге елге алып қайтады. Нұржамал нұрлы, қара торы, келбеттi әйел едi. Нұржамалдан үш қыз, бiр ұл – Мұхтар туады. Омарханның баулап өсiрген ағасы Самархан қайтыс болған соң, кейiн жеңгесi Мәдинаға әмеңгерлiк жолымен қосылады. Разақ пен Зура Самарханның балалары, бiрақ, Омархан тәрбиелеп өсiрдi” (М. Диханбаев).

Екi естелiк те бiр-бiрiн жоққа шығармайды, тек Береке – Әбсеметтiң әкесiнiң аты болуы керек. Ендеше бәрi орнында. Ал Әуез бен Самарханның қайсысы құдалыққа жүредi, бұл пәлендей шешушi мiндет атқармайды. Ол – екеуiнiң де парызы. Жол екеуiне де ортақ. Біз осы деректерге сүйене отырып және оны Саяқыптың әр өлкедегі жөн білетін көне көз бұтақтарына сынақтан өткізе отырып, 1997 Мұхтардың ата шежіресін жасап едік. Кейін, бұрын бейтаныс шежірешілер шығып, он аңыз деңгейіне дейін көтеріп, «шынның көзін бояпты». Болжамның бәрі де мәтқапының ісі ғой. Тек сол шежірешінің бірінің қатты қолқалауына қапыда түсіп қалып: «Тұрсын! Омарханның бойына өнер бітіріп, Мұхтар да тегіннен тумаған шығар – деген болжаммен, оның бойына ақындық өнер де қонған. Қисса да шығарған – деп айтып қалғаным. Тегінде сенің алдыңнан өтіп отырмын. Қалай түсіндірсең де өз еркің. Кейнгіге шындық қалсын», – деп еді аса қымбатты, жаны жақын, қара тілдің шешені, сол тұқымның сөз ұстаған силы дегдарының бірі. Біз де бетінен алмай, осы сөзінің өзін келтірумен емеуірін бере шектелеміз. Омархан – жалған қиссасыз да қазақ руханиятының тарихындағы ұлы әкенің бірі болып қала береді. Ал: «Қысқа жіп күрмеуіне жетпей жүрген соң, ұшына кендір жалғап жіберген» кедей дәменің өз кешірімі өзінде.

Қыр қазағы үшiн ең құтты мекен – қыс қыстауы. Жайлау қызық пен қыздырманың у-дуымен бiлiнбей өте шығады.

«Әуез бен Самарханның қыстауы – Бөрiлi төбе. Оның қасиетi – қатты қыс, қалың қарда малын аман сақтап қалатын Аяққараған, Бүйрекқараған деп аталатын бұталы, қарағанды жерлерде. Аумағы отыз-қырық гектардай. Ол арада көктеме ылғалды көп ұстайды да бетеге, тепсең ұйысып шығады. Қыстыкүнi сиыр, түйе сияқты малдар сол қараған, тобылғының арасында жатады. Аяққарағанның ортасында 67 гектардай қара топырақты жерге Әуез үй-iшiмен егiн салып, жыл сайын астық бастырады».

Сол ауылдың өзiнде өскен Мәжит Диханбаев үшiн бұл жай естелiк қана емес, өзi басынан кешкен, көзiмен көрген және маңдайы терлеп жұмыс iстеген үйреншiктi тiршiлiктiн қам-қаракетi.

Енді ұлы жазушының өмiрiн өмiр бойы сарыла зерттеген, Мұхтардың көзi тiрiсiнде ықылас-пейiлi құлаған жазушы Кәмен Оразалиннiң жинаған дерегiне кезек беремiз:

«Нұржамал ескiше оқыған екен. Қала тәртiбiнде салынған Арқат бекетiнде туып-өскендiктен болар, басқа қыздардай бұйығы, ұялшақ болмайды, ашық-жарқын, турашыл, кiшiпейiл әрi ажарлы адам болған. Әуездiң үлкен үйiндегi Дiнәсiл сияқты беделдi бәйбiшенiң жалғыз баласының әйелi болғандықтан, еркiн өскен көрiнедi. Нұржамалдан: Қорлықа, Рахия, Күлсiм, Зұбайла, Мұхтар, Үмия туған. Үмия қазiр Алматыда тұрады. (1989 жылы қайтыс болды – Т. Ж.) Мұхаңның басқа апалары жастай қайтыс болады. Қазақ ортасында ең мәдинеттi саналатын Абай ауылының адамы болуға әркiм-ақ талпынған. Омархан да Абай ауылын жағалап, өнер қуған жастардың бiрi болған. Домбыра тартып, өлең айтуға, көрiп-бiлген, естiп қалған жайларды мәнерлеп, орамды баяндауға талпынған. Әуез Мұхтарды бес жасынан бастап өзi оқыта бастайды. Мұндай әдет Абай айналасындағы ақсақалдардың көбiне тән қасиет. Өйткенi, олар баласы ертең молда алдына барғанда ештеңе ұқпай жүрсе, “Абайдан ұят болады” деп қысылады екен.

Мұхтарды оқуға өзi әзiрлеген Әуез оны алғаш рет 1904 жылы күзде “Бұзылғантам” деген жерде оқуға бередi. “Бұзылғантам” – Жидебайдың терiстiк жағында, Есенбай жырасымен қатар жатқан қоныс аты. Жазғытұрым және күзде Құнанбай ауылы мекен ететiн бұл жерден Зере өз балаларының қара суықтан тоңбауы үшiн ерсiлі-қарсылы етiп үш бөлмелi үй салдырған. Ел жайлауға шыққан кезде бұл үй иесiз қалады да, жүргiншiлер, ұры-қарылар оны бүлдiрiп кетедi. Жылда түзетсе, жылда солай бұзылып қалады. Сондықтан да ол қоныс – Бұзылғантам аталған. Ең алғаш Абай да осы Бұзылғантамда сабаққа барды. Содан кейiн жыл сайын Бұзылғантамға келгенде балаларды оқуға беру тәртiпке айналып кетедi.

Мұхаң да сол арада Мұрсейiт Бiкi баласынан сабақ алады. Мұрсейiт – Абайдың хатшысы, жан-жақты өнер иесi болған адам. Ол өз шәкiрттерiнiң қолын жаттықтырушы үшiн оларға үнемi Абай өлеңдерiн көшiрткен және сол өлеңдердi жаттатқан. Қазiр Абай ауданы Мұхтар Әуезов совхозында тұратын Мұрсейiттiң баласы Рақымбай ақсақал (1886 жылы туған) былай дейдi: “Жасымның есейгенiне қарамай әкем менi жылда оқытатын. Мұхтармен де бiрге оқыдым. Мұхтар басқа балардай әкемнен қашпайтын. Әлi есiмде, әкем жылда алғашқы сабағын бастағанда “Абайды бiлесiңдер ғой. Абай деген сөздi жазып үйренемiз”, деп бастаушы едi» («Семей таңы», 17. 11. 1967 ж.)

Жердiң де, елдiң де жағдайын жатқа бiлетiн ұстаз ағаның Кәмен Оразалиннiң Мұхтардың өмiрi туралы “Абайдан соң” атты ұштаған романы жазушының бейнеттенiп жүрiп тапқан зейнетi. Көркем шығарма болғандықтан да бiз бұл шығармаға ешқандай сiлтеме жасамадық. Екiншiден: Кәмен Оразалиннiң бiрiншi кiтабына қатты қиянат жасалып, “Алашорданың” мүшелерi, соларды жақтады деген байбаламның нәтижесiнде Тұрағұл, Көкбай, Шәкерiмнiң аттары өзгертiлдi, оқиғаны өзгеге телiп жазуға мәжбүр болды. Тәуелсіздіктен кейiнгi басылымында қалпына келтіруге дәрмені жетпеді. Сондықтан да К. Оразалиннiң мақалаларына ғана жүгiндiк. Жоғарыдағы пiкiрiне орай, мынадай сұрақ қойғымыз келедi. 1904 жылы Абай қаза болды. Бұл қаралы жыл. Сондықтан “Бұзылғантамдағы” мектепке шәкiрттердi жию күмәндi жай. Екiншiден: Жидебай мен Бөрiлiнiң арасы 100 шақырымдай жер. Жетi жасар Мұхтардың барып қайтуы қиынға соғады. Үшiншi: Рақымбай Мұрсейiтұлының ауылы – Қасқабұлақтың маңында, Бөрiлiге жақын. Сондықтан да Мұхтар сауатын Бұзылғантамда емес, өз ауылында ашқан. Осы туралы жазушының өзi:

«Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзiмнiң үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кiсiнiң алдынан хат танып, түбi оқитын болған соң 9-10 жасымда әкеммен бiрге туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бiр жыл Семейдегi Қамали деген хазiреттiң медресесiнде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға бердi. Орыс оқуына әуелi өзi дайындады. Содан кейiн бiр қыс ел iшiндегi ауылнай школдан, Әбiш Қасенов деген Семей семинариясын бiтiрiп шыққан қазақ учителiнен оқып, келесi жылы Семейдiң “5 класный городской училищесiне” түстiм. Содан әрi мектептегi оқу тәртiппен кеттi. Қалаға барып оқи бастағанға шейiн ауылда өткен балалық уақытында әкелерiмнiң үнемi оқытатыны Абай өлеңдерi болатын. Ол кезде елдiң басты адамдары балаларына оқыту үшiн Абай кiтабын, белгiлi кiтап көшiргiш молдаларға ақша берiп әдейi жазғызып алатын.

Мен берi келiп, ес бiлген заманға шейiн көшiрушiлiкпен күн кешкен кiсi – Мұрсейiт деген молда едi. Ол соны кәсiп қылып алған. Абайдың қара сөзi мен өлеңiн түгел көшiрiп бергенiне бес теңге ақы алушы едi. Бiр жыл жазғытұрым өз әкем “Абай кiтабы келдi деп өзiмдi көп уақыт бiр үлкен қызық сый беретiндей дәмелендiрiп жүрiп, аяғында қар кетiп, ақ шығып келе жатқанда сол кiтапты әкелдi. Сонда ел қыстаудан көшкенше күндiз-түнi өзi үйде болған уақытта Абай өлеңдерiн жаттатып, соны ылғи айтқызып, тыңдап, жақсылап жаттап алмаған жерлерiмдi қайтадан отырғызып, қайта жаттатушы едi. Абайдың өлеңiн жақсы көрдiм. Бәрiн ұқпасам да ұйқасының өзi де қызықтырғандай әсер ететiн. Бiрақ әкем ылғи жаттауға бергенде қайдағы ұзақ, қиын сөздерiн беретiн. Соның iшiнде “Ат сынынан” бастап “Алланың өзi де рас, өзi де рас” деген өлеңдерiн жаттағаным есiмде бар. Бiр уақыт “Масғұтты”, “Ескендiрдi” де жаттатты. Сол жазғытұрымдай ауыр салмақ көрген уақытым жоқ едi. Бұрын шаруа iстеп, мал бағып, тәртiптi еңбекке салынған жерiм де жоқ болатын. Үйткенi бiр шешеден жалғыз еркек бала болып, үлкен шешемнiң қолында өскен еркелеу бала болдым. Өзiмiздiң дәулетiмiз орта, яки, ортадан гөрi жоғарырақ болатын. Өз әкем де бiр шешеден жалғыз болған, оның үстiне еркек баланы қырыққа таман жақындаған кезiнде, зарығыңқырап барып көрген. Соның бәрi маған бейнетсiз, тоғышар, үй тентек бала болып өсуiме құрық бергендей болып едi.

Сонымен, ең алғашқы “тiзенi” Абайдан көрдiм. Өлеңiн күндiз де, түнде де жаттадым. Әкем жаттатып тыңдағаннан басқа ештеңе қоспайды, көп мақтамайды да, бiрақ бiлмесем ұрсып та қоятын болды. Анда-санда аса үлкен өлеңдi күн-түн жаттап, зорлықпен ғана бiрдеме қылып айтып шығатын болғанда, сүйсiнiп мақтаған болады. Кейде шын ырза болғаны ғой деймiн, өзi құс атуға шыққанда қасына ертiп алып, атқан құстарын берiп үйге қайтарып: “Өзiм келгенше пәлен өлеңдi жаттап қой” деп тағы да жүк артатын. Сонымен бiр қыс, бiр жаз Абайды түгелге жаттап шығып едiм. Берi келiп, орыс оқуына келген соң Абай алыстап қалды», дейдi.

Бұған қарағанда бiздiң пiкiрiмiз орынды сияқты. Сондықтан да “Мұрсейiт Бiкеұлының мектебiн бiтiрдi” – дегеннен гөрi, сол кiсiнiң дәрiстi оқыту әдiсiн қолданған әке мектебiнде оқыды деу дұрыс сияқты әрi шындыққа да сол жақын. Сонымен Абайдың хатшысы, оның көшiрген өлеңдерi қыздың жасау басының орнына жүрген, ұлы ақынның шығармаларының сақталуына бiрден бiр еңбегi сiңген Мұрсейiт Бiкеұлының оқу тәсiлiн игеру барысында Мұхтар үлкен сыннан өттi. Әуез қарт немересi Мұхтарды дала данышпаны өлерден бiр жыл бұрын, сәуiр айында алып барып, Абайдың батасын алады. Абай отырған үйге: “Дiнәсiл әженiң “Қоңыр қозысы ғой бұл” – деп Мағауия ертiп кiрсе керек. Абай Мұхтарды өзiне шақырып, маңдайынан сипапты. Иiскемеген, сипапты. Балаға суық болған ұлы ақын. Бiрақ Мұхтарға жылы ұшырап, ықыласын аударыпты. Оған Әуез атасының “миын ашытып” жаттатқан өлеңдерiнiң де шарапаты тиген және Мағауияның тiлегiн екi етпейтiн көрiнедi.

Кiм бiлсiн, Мұхтардың – Мұхтар болуына басынан сипаған сол бiр мейiрiм-қайырымы мол, ыстық алақанның жылуы да әсер еткен шығар. Батаны алған соң, iс бiттi деп ойлаған бала содан кейiн мiнез көрсетсе несi айып. Қалай дегенмен де үстiне үлкен адамның өзi рұқсатсыз кiре алмайтын Абайдан бата алуы, алты жасар бала үшiн ұлы олжа едi.

Дана мен бала бiр-бiрiн осылай көредi.

«Мұхтар Абайдың өзiн де босағадан сығалап көрген емес. Абайдың өз балалары мен немерелерiне ере жүрiп, еркiн көрген. Кең маңдайлы, көзi бақырайған, жуан шал сегiз-тоғызға (алты-жетi болуы керек – Т.Ж.) келген жас баладан әлдеқандай өнер күткендей үмiттi көздерiнен мейiрiм төге жылы қарайды екен. Абайдың өзi шығармаларымен, Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларымен Мұхтар бала жасынан таныс. Ел iшiнде қолжазба күйiнде тараған, жастар арасында әнмен айтылатын. 1905 жылы бiрiншi рет Қазанда басылып шыққан, ұзатылатын қыздар жасауының басы болып та тарай берген Абай шығармалары (қазiр Петербургтегi басылымнан бұрын Абайдың Қазан қаласында шыққан кiтабы бар екенi анық болып отыр – Т. Ж.) болашақ жазушының ыстық жүрегiне құйыла берген, құйыла берген. Бұл “Айттым сәлем қаламқас” пен “Тәңiрiм қосқан жар едiң сен” (Татьянаның әнi) бүкiл Арқа елдерiне кең тарап кеткен кезi. Мысалы, қиыр шетте жатқан бiздiң елдерге осы өлеңдi өз әндерiмен таратқан Беке деген әншi қарт әлi тiрi, осы күнi Қызылжарда тұрады» (Ғабит Мүсiрепов).

Мұхтар ұлы ақынның батасын алғаннан кейiн бiр жыл өткен соң Абай дүниеден қайтты. Балашақпақтың қара жамылған адамнан қабырғасы қайысты. Солардың арасында ат қойып, бауырымдап келгендердiң iшiнде Әуез ата да, Омархан әке де бар едi. Ол көрiнiстi қозы көш жердегi дөң басынан жетi жасар Мұхтар да қамыға көрiп тұрды. Абай ауылы қара жамылды. Ендi ол үйдiң балалары тайға мiнiп жарыспайды, өзендi бойлап үйрек-қаз қумайды, ертегi айтпайды, асық ойнамайды. Оның себебi, былтыр басынан сипап: “Әжесiнiң қоңыр қозысы осы екен ғой. Атаңның көңiл қуанышы, елiңнiң ұлы бол” – деп бата берген, өзi өлеңiн жатқа бiлетiн Абай атасының қазасы екенiн бiлдi.

Абай сияқты ұлы адамның өмiрiнiң әр көрiнiсi – үлкен тағылым. Ол туралы айтып беретiн адамдар келмес сапарға аттанған. Сол бiр аяулы ақынның бейнесi емiс-емiс елес күйiнде есiнде қалған Ақылия (Ақыш) және Мәкен Тұрағұл қыздарының естелiгi – Абай қазасы мен оның себептерiн ашатын ең соңғы куәлiк сөздiң бiрi. Сақара төсiндегi ең бiр ауыр оқиға туралы әңгiменi толықтай ұсынып отырмыз. Бұл жайды бiлмей Мұхтардың таным жолын таразылау да мүмкiн емес.

Ақылия Тұрағұл қызы: « Әкем өлгенде мен төрт жарым жаста болатынмын. Есiмде қалғаны: ұзақ уақыт бойы қаралы жылау, бауырымдаған дауыс үзiлмедi. Содан 40 күн бұрын Мағыш (Мағауия) қайтты ғой дүниеден. Сонда Абай әкем таңертең ел келгенде басын көтерiп отырды да, кешке жұрт тарқағанда терiс қарап, керегеге бетiн берiп жатып алатын. Тұраш ағам: “Арғы-бегi тұқымымызда құсалы ешкiм болған жоқ едi. Абай ағамды қайғы әкеттi” – дейдi. 1904 жыл жалпы жұртқа ауыр болыпты. Елдi жұт жайлапты. Бауырым Жебiрейiл сонда бесiкте. Ол туғанда Тұрағұл, Мағауия ағаларым Ақшоқыда екен. Разақ (Мұхтардың ағасы – Т. Ж.) сүйiншi сұрайын деп барса, Мағыш жоқ. Төрдегi үйде бүркенiп сырқаттанып жатқан Маржан тәтемдi (Мағауияның әйелi) көрмей шығып кетiптi. Ол кiсi соңынан қатты ренжидi. Жолдан Ережеп деген етi тiрi жiгiт қосылыпты. Оның әкесi Құнанбай тұсында Кавказдан келiптi де Қазақбай атанып кетiптi. Жидебайға келгенде Абай әкем “сүйiншiге” ат атапты. Сонда Разақ:

Еңбек – Ережептiкi. Атты соған арнаңыз. Жолымды бердiм. Мен өзiңiздiң атыңызбен шауып хабарладым. Өлсе құны жоқ. Ал, мына Ережеп, өз атымен шапты, – дегенде:

Жоқ, қуаныш сенiкi. Ал Ережепке тай атадым, – дептi.

Бiрде дастарқан басында отырғанда Жебiрейiл тырбаңдап әкеме ұмыты-лыпты. Абай әкем қуанып:

Осының кеудесi өзiме тартқан. Көрдiң бе маған ұмытылады, – дептi. Сонда:

Жоқ, дастарқандағы кәмпитке тырбаңдайды, – дегендерге:

Жоқ, оған емес, маған қарап тұр. Менiң көзiме бала тура қарай алмаушы едi. Мынау сескенбейдi, дептi. 

Өмiр деген қилы-қилы, қатпар қатпар. Мағыштың қырқында Абай әкем қайтты. Оның қырқын Семейде бердi. Ескi Семейдi айтамын. Сол күнi Ақылбай ағам да мәңгiлiкке көз жұмды. Тұраш ағам әңгiмесiнде айтушы едi. Абай әкемнiң қырқын Тоғалақ руына сiңген негiзгi керей Бекбайдың үйiнде өткiзген. Сонда Ақылбай Зiкәйiл, Тұрағұл ағаларым сергу үшiн моншаға түсiптi. Ақыл аға:

Монша жақсы екен ғой. Етiм босап, сергiп қалдым, дептi.

Түнде бiр бастығырлыққан дыбыс шығып, Тұрағұл аға оянса, Ақыл аға жантәсiлiм берiптi. Ол кезде ескi Семейден – жаңа Семейге паром арқылы адамның сүйегiн өткiзбейдi екен. Соған қарамастан, таңғы бiрiншi кезекпен Ақылбай ағаның сүйегiн бергi жағаға өткiзгенде, қалың ел таң қалыпты.

Абайдың арты әлi өлмеген екен-ау, – дептi.

Содан Абай әкемнiң артында Тұрағұл шаңырақ иесi болып қалды».

Мәкен Тұрағұл қызы: « Шырағым, қанша дiлмар болсам да, саған әкем туралы (Абай), оның өлең патшалығындағы өнегесi жөнiнде, өнер қуған ұрпақтары жайында туған әкемдей сезiлетiн қамқор да асыл аға Мұқаң барысында “көңiлiмде кiр қалдырмай” түгел сөздiң түбiн қосып айтып бере алмаймын-ау. Оның өзi бiр әлем ғой. Бiр-бiрiне ұқсас та, ұқсамайтын да жандар емес. Әрқайсысының жүрек тереңiне үңiлiп, ыстық лебiн сезiну бараң тартып, егiлгiш болған кәртең көңiлге де осал тимес. Айтса – сөз де, үзiк-үзiк оқиға да табылады. Бiрақ оқиғасы да, мән-мазмұны да, тақырыбы да “қиыннан қиысып”, бiр-бiрiн толықтырып, өзара сабақтаспаған соң әңгiменiң шырқы бұзылып, қиюы қашады. Адамға да ала-құла әсер етедi. Сондықтан да, мен өзiмше iштей жүйелеп алайын. Сабыр ет, шырағым...

Осы әңгiмемiздi басынан, яғни, әкемнен Абайдан суыртпақтасақ қайтедi. Сонда уақыт iзiмен жүрiп отырамыз. Бәрi де рет-ретiмен жол-жөнекей әңгiмемiзге қосылып, не қалып отырады. Мен, шынын айту керек қой, әкемдi көрген жоқпын, ол туралы Тұраш (Тұрағұл) ағамыздың айтып отырған әңгiмесiн көп тыңдадым. Ол кiсi менiң көңiлiмдi қалдырмайтын. Ән үйретiп, жанына жақын тартатын. Бiраз әңгiме Ақыш әпкемнiң баяндауымен оқырмандарға таныс қой. Сонда да...

Рас, Ақыш әпкем айтқандай, әкем (Абай) алты айлық Жебiрейiлдi ерекше ұнатыпты. Тiптi, Мағауия ағаның қазасы кезінде дастарқан басында Жебiрейiл әкеме ұмытыла берiп, талпыныс жасапты. Сонда әкем:

– Өжетiн-ай. Менде қанша ғұмыр қалды дейсiң. Ақылымды тыңдамаса да, алдымнан дәм татсын. Тiлiм дарысын, деп бөбектi қолына алып, мейiздi тiлiмен талғап, Жебiшке берiптi.

Әкеме бала емес, үлкен адамдар тура қарай алмайды екен. Сол күнi Мағауияның қырқын берерден бiраз бұрын:

– Тұқа, (Тұрағұлды әкемнiң ауылы солай еркелетiп атаса керек) сен бел шешпегелi ай болды. Үш күн мұрсат. Ауылыңа бар, дептi Абай атамыз.

Сол сәтте Тұрағұл ауылға аттанып кетiптi де, екi күн өткенде көңiлi елегiзiп, мазасызданып, әлденеге елеңдей берiптi. Әкемнiң үйiне желе жортып келiптi. Есiктен кiре бергенде, тұла бойына дiрiл жүрiп, тiтiркенiп кетiптi. Әкемнiң бетi қызарып, жанарының жиегiндегi қызыл сызығы қан қызылданып, басы мойынымен тұтас iсiнiптi. Ауыр күрсiнiп, ерекше бiр назбен Тұрашқа:

– Тұқа, сағындырдың, зарықтырдың, дептi.

– Өзiңiз үш күнге мұрсат еттiңiз. Мен екi-ақ күнде оралдым, әке!

– А, дерттi болдым ғой, деп күрсiнiп бетiн бұрып әкетiптi.

Соңынан сұрастырғанда аяқ астынан ауырып, көзi қанталап, басына iсiк жүрiптi. Денсаулығы мықты, қуатты адам тосын дертпен арпалысып үш күн жатыпты. Бетi нарттай қызарып, от-жалын шашып, тақиясы басына симапты. Тұраш ағам, кейiннен сол оқиғаны есiне алып: “ Өй сол бiр атаусыз тосын дерт қазiргi қан қысымы ғой деймiн. Мағауияны қатты назаланып аза тұтты. Миына қан құйылған ғой. Дәл осы дерт. Дәрiгерлiк сыпаттардағы жазған белгiсi ұқсайды”, дегенi есiмде.

Мағауияның қырқын берген күнi Абай әкем қайтыс болды. Жас шыбықтарды қиып арбаға салып, әкемнiң сүйегiн жайлаудан Құнанбай зиратына қою үшiн етекке түседi. 30 жiгiт қосшы алған Тұрағұл аға Жидебайға жете бергенде арбада, сүйекке қарайлап отырған ел “кiшкене молда” атап кеткен кiсi жұртты тоқтатып:

– Шырақтарым, Абай ағаны осы Жидебайға Оспан зиратының қасына қояйық. Басына толған iрiткi қан ақыретке тама бастады, дейдi.

Отыз жiгiт қабiр қазыпты. Астынан жақпар тас шығыпты. Соны қашап отырып сүйектi қойыпты. “Басының бiр тамыры жарылып, ет пен терiнiң арасына қан ұйып қалса керек”, деп Тұрағұл аға өзiнше болжал жасайтын.

Мен анау жылдары әкемнiң (Абайдың) басына ескерткiш тұрғызамыз дегенде Семейге бардым. Мұқаң да бiзбен бiрге жүрмекшi едi, Мәскеуге шұғыл шақырумен жүрiп кеттi. Сонда қабiрдiң жан-жағы шынында да тас екен. Зады, ауаны iшке жiбермесе керек, iшi құрғақ екен. Тұраш ағайдың әкеме тiкелей қатысты айтқан сөздерi осы, шырағым.

Көзi тiрiсiнде Абай әкем жас жеткiншектердiң аяқ алысын бақылап, iлтипат бiлдiрiп отырады екен. Әсiресе, Кәкiтай Ысқақовқа ерекше ықылас қойыпты. Ол орысша хат танып, Семейге банкi мекемесiне орналасыпты. Оның бұл қуанышына ортақтасып әкем де (Абай) Семейге келiптi. Кәкiтай қызметтестерiн ресторанға қонаққа шақырып, Тұраш ағамды кiсi күтiсуге сұрапты. Сонда:

– Балалар! Тұқа, бұл ауыл қонағы емес. Қол қусырып, табақ ұсынатын. Олар сыншыл, тәкәппар. Өзiңдi ұста, тосылма. Қызметкерлер шампан, коньяк iшедi. Екеуiң де, өз қонағың болған соң дәм татарсыңдар. Әйтпесе, мәдениетсiздiкке саналады. Тек, ақылың орнында болсын. Араласып өскендерiң жақсы, дептi.

Қонақтан түнгi үштiң мөлшерiнде Кәкiтай мен Тұраш ағам қайтып оралса, әкем қазақ үйде шамның жарығымен кiтап оқып, анда-санда жазып отыр екен. Әкем қазақ елiнiң шығу тегi “қазақ” деген сөздiң атауы, көне мәдениетi, тiлi, шежiресi жайында көп iзденiп, соңына түскен. Семейден қолына нақты, кең мағлұмат беретiн тарихи деректер iлiкпеген. Шағатай, парсы, араб тiлiндегi жазбалардың сүрлеуiн көп суыртпақтаған. Ақыры бұл сұраққа жауап беретiн деректер Орта Азия, Грек, Түркия, Араб, Үндi елiнде кездесетiнiне көзi жетiп, өнер ғылымға талпынған, зерек, адал iнiсi Шәкәрiмдi қажыға баруға жұмсап тұрып:

– Мен сенi пайғамбар жолына жұмсағанда, ғылым жолына нұсқаймын. Жолда көнеден жазба мағлұматы бар көне қала, ежелгi ел көресiң. Қазақ халқына қатысты дерек жина. Саяхат – ел тану. Меке мен Бағдадта ғылым ордалары бар. Сонымен таныс. Шежiре iзде, деп өсиет етiптi.

Кенеттен килiккен Абай қазасы Шәкәрiмдi бiрер жылға бөгейдi. Шәкәрiмнiң де Мұхтарға әсерi өте күштi болды”.

Сол бiр қаралы жаз Мұхтардың бала зердесiне қатты әсер етiптi. 

(жалғасы бар)

Тұрсын Жұртбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052